Тәуелсіздікке тарту: Керекудегі 23 көшенің атауы қазақшаланды
Кереку (Павлодар) қаласындағы 23 көшенің атауы қазақшаланды. Бұл туралы ақын, тіл жанашыры, қоғам қайраткері Арман Қани редакциямызға хабарлады.
Арман мырзаның айтуынша, қалалық мәслихат депутаттары бұл бастаманы бірауыздан қолдаған.
«Сүйінші! Павлодар қалалық мәслихат депутаттары әлгі әзірде 23 көшенің атауын егемен елдігімізге лайық атауларға ауыстыру жөніндегі мәселені дауысқа салу барысында 100 пайыз қолдады! Қуаныш ұзағынан болсын!»,- деп жазды Арман Қани.
Сонымен, Керекудегі кейбір кеңестік атаулар енді Тәуелсіз ел болмысына сай өзгермек.
Сонымен:
1. Мир көшесі - Олжабай батыр,
2. Ермаков көшесі - Мұстафа Шоқай,
3. Набережная - Шон би,
4. Урицкий көшесі - Генерал (Үкімет) Смағұлов,
5. Циолковский көшесі - Бауыржан Момышұлы,
6. Роза Люксембург көшесі - Қазақ радиосы,
7. Теплов көшесі - Бөгенбай батыр,
8. 1-я Южная көшесі - Бірлік,
9. 2-я Южная көшесі - Кәукен Кенжетаев,
10. Парковая көшесі - Мұқағали Мақатаев,
11. Донецкая көшесі - Мағжан Жұмабаев,
12. Кубанская көшесі - Қалмұқан Исабаев,
13. Совхозная көшесі - Рафиға Нұртазина,
14. Таганрокская көшесі - Қазанғап би,
15. Ангарская көшесі - Нағымбек Нұрмұхаммедов,
16. Читинская көшесі - Аманжол Шәмкенов,
17. Декабристов көшесі - Қамар Қасымов,
18. Молодежная көшесі - Жастар көшесі,
19. Юннатов көшесі - Дихан Әбілов,
20. 1-я Советов көшесі, 2-я Советов көшесі - Генерал Бәкіров,
21. Зыряновская көшесі - Қабдыкәрім Ыдырысов,
22. Саянская көшесі - Алма Ажибаева,
23. Лесная көшесі - Ағайынды Дүйсембиновтер болып қайта аталатын болды.
Біз аталған өзгеріс туралы Арман мырзаға хабарласып, пікірін білген едік.
Бұл - Павлодар үшін үлкен жеңіс!
Арман Қани:
- Қала көшелерін өзгерту туралы қалалық мәслихаттың отырысы бүгін өтті. Оған санаулы ғана азаматтар қатысты. Олардың дені мәслихат депутаттары. Сөйтіп, қаладағы 23 көшенің атауын Тәуелсіздікті әспеттейтін, қазақи атауларға беру туралы шешім бірауыздан қабылданды. Негізі жоспарда 30 көшенің атын қазақшалау ұсынылған. Бірақ, мәслихат депутаттары бірауыздан 23 көшеге келісті. 7 көшені кейінге қалдырды. Себебі, көше атауына ұсынылған азаматтардың есімін жалпы көпшілікке насихаттау жұмыстары жүруі керек, ал, кейбір көшелер тым қысқа болғандықтан тұлғалардың есімін беруге лайық емес деп танылды. Сондықтан бұл мәселе кейінге қалдырылды.
Бұл жұмыстың өзі үлкен күреспен жасалғанын айта кету керек. Себебі, бұған қарсы топтар болды. Олар әкімдікке арыз жазып, қарсылық білдірді. Былтыр 13 көшенің атын қазақшалағанда да осындай үлкен дау болған.
Жалпы, Павлодар, Қостанай секілді өңірлерде мұндай процестер өте күрделі жүреді. Сондықтан, 23 көшенің атын қазақшалау Павлодар үшін үлкен жеңіс.
Ал, Павлодар қаласының атын өзгерту туралы Тәуелсіздік алғалы бері айтылып келе жатыр.Тек Павлодар емес, орыс атауларымен аталатын Өскемен, Семей, Петропавл секілді қалалар да өзгеруі тиіс еді. Өкінішке қарай бұл мәселе әлі шешілген жоқ. Дегенмен, 30 жыл өтті, енді шешілер деген үмітіміз бар.
Айта кетейік, бүгінде Павлодар қаласындағы 335 көшенің 62-сі (бір деректе 85-сі) ғана қазақ тілінде екен. Енді оған 23 көше атауы қосылмақ. Ал, қаладағы көше аттарын қазақшалауға қарсы топтар бар екенін бұған дейін де жазғанбыз.
Нұрбике Бексұлтанқызы
Abai.kz