Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2965 0 пікір 12 Сәуір, 2012 сағат 08:55

«Табыл өлді» дегенше, дарын өлді десеңші...»

25 сәуірде Ғазиза Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясында Қазақстан Жазушылар одағының және Журналистер одағының мүшесі, Мәдениет қайраткері Табылды Досымовты еске алуға арналған «Мен қазақпын» атты кеш өтеді.

25 сәуірде Ғазиза Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясында Қазақстан Жазушылар одағының және Журналистер одағының мүшесі, Мәдениет қайраткері Табылды Досымовты еске алуға арналған «Мен қазақпын» атты кеш өтеді.

- «Табыл өлді» дегенше, дарын өлді десеңші,
«Асқар тауың құлады, алып өлді» десеңші.
«Сабалы көл сарқылып, сарқырама тартылып,
Сағым басты сарыуайым сары белді» десеңші.
«Қазанатын сақтамай, қан құсатын қазаққа
Тажал өлім құрығы тағы келді» десеңші.
«Бұ дүниеде ешкімге бастырмаған кеудесін
Әзірейілдің ұлыңа әлі келді» десеңші...
Бұл - Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мү­шесі Рахат Қосбармақтың қазақ бард өнерінің негізін қалаушы Та­былды Досымов дүниеден өткен­нен кейін жазған өлеңі. Әнші-ком­позитордың көзін көрген, сы­рт­тай білетін жанкүйерлерінің қай-қайсысы болмасын, тау тұл­ғалы тарпаңынан айырылғанда ту­ра осылай жер бауырлап жылаған еді. Жан дүниелері өкініштен егіле отырып, алаш­тың арда ұлын ендігі жерде ұмыттырмауға бел байлаған. Қолдан келгенше кон­церттер ұйымдастырып, шығар­ма­ларын келешек ұрпаққа қаз-қалпында жеткізуге уәде еткен. Соның айғағы ретінде Табылды Досымов өмірден өткен бір жа­рым жыл ішінде өзінің туған жері Дендерде, Маң­ғыстау облысында еске алу кештері қолға алынды. Сол игілікті шаралардың жалғасы енді Ақтөбе қаласында жүзеге ас­пақ. Әрі сауапты, әрі жауапты іс­тің бастамашысы - ақынның до­сы, «ЗапКазСтройИнвест» ЖШС құ­рыл­тайшысы Бижан Қалмағам­бетов. Сондай-ақ кезінде өнер ие­сінің ән жи­нағын шығарып, ри­з­ашылығына бөлен­ген - Ғазиза Жұбанова атындағы Ақтөбе об­лыстық филармониясының ди­рек­торы, әнші-композитор Қанат Айтбаев.

- Біздің байтақ республикамыз бір ғасырда бір туатын талантты адамдардан кенде емес. Әсіресе, өнер саласында дара тұлғалар көп­теп кездеседі. Солардың біре­гейі біздің бауырымыз, жан до­сымыз, сырласымыз, қапияда көз жазып, айы­рылып қалған қима­сы­мыз Табылды До­сымов еді. Та­былды десек, ешкімге ұқса­майтын то­лағай бейнелі ақынымыз көз алдымызға келеді. Оның бард өне­ріндегі фило­софия­лық тұжы­рым­дары қазақ поэ­зиясына үлкен құбылыс әкелді. Бірақ көзі тірі­сінде аз зерттелді, қолдаушылары аз болды.
Табылды екеуміз соңғы үш жылда жақсы жолдас, ағалы-інілі болып араласып кеткен едік. Мен оның өнеріне шексіз ғашық бол­дым. Ақтөбеге әр келгені - біз үшін мейрам, үлкен той еді. Сах­нада шапан сыйламасақ та мей­рамханаларда шағын кештерін өткізіп, думандатып жіберетінбіз. Соның бәрі бір-ақ күнде сарғайған сағы­нышқа айналғаны өте өкі­ніш­ті. Табыл­дының концертін Ақ­төбеде өткізу арма­нымыз еді. Бірақ өзі барда үлгере алма­­дық.
«Ұйықтап кетіп, оянбай қал­ғаннан» кейін шығармаларын на­сихаттау - біздің мойнымыздағы парыз болып қалды. Сол себептен, осы кешті ұйымдастырып жатқан жайым бар. Жан-жақтан арнайы қонақтар шақырып отырмын. Өнердегі ұстазы Қора­бай Есенов, Алматыдағы студенттік шақ­тарды бірге өткерген курстастары Серік Жанболат, Арман Сқабылұлы, Серік Абас-Шах, Ерсайын Жапақ, Маңғыстау облыс­тық Мәдениет басқармасының бас­тығы Майра Омарова, бір бөлмеде бір үзім нан­ды бөліп жеген Жұмабай Құ­лиев, Әбубәкір Смайылов, аста­налық ақын Елена Әбді­халықова, атыраулық өнердегі ағасы Қали­долла Ізекенов, талантына тәнті болып Оралдан іздеп барып, ас­тындағы көлігін сыйлап кеткен жа­нашыр ағасы Мұхтар Сапар­ғалиев сияқты достарының басын қоспақпын. Сондай-ақ кейінгі толқын інілері де жан-жақтан ат арытып келмек. Артында қалған жарын, ұл-қыздарын алдырамын. Баласы Абыл әкесінің әнін орын­дайды. Әрине, Табылдыны білетін жұртты тегіс Ақтөбеге жинау мүм­кін емес. Кезінде аралас-құралас болған, мен өзім білетін, елден ес­тіген жақын достарын, заман­дас­тарын, өнерін құрметтейтін, наси­хаттап жүрген іні-қарындас­тарын ғана шақырып отырмын. Жергілікті басшылық, зиялы қау­ым өкілдері келіп қатысамыз деп уәде етті. Билет сұрап, хабарласып жатқан елде есеп жоқ. Өз басым «Табылдыны Ақ­тө­беде ешкім біл­мейді» деп айта алмаймын. Білме­се, халық сұрамайды, іздемейді. «Концерті болады» дегенге қуанып, қайта-қайта хабарласып жатыр. Шығармашылық мәселелердің барлығын Қанатжан өз қолына алды. Светаның да еңбегі көп.
«Кеш жақсы өтсін» деп демеп жатқан достарымыз бар. Олар аты-жөнін атауды жөн санамады. Әрі қарай деректі фильм түсірер­міз, кітап шығарармыз, әйтеуір Та­былдының өнері өлмейтіні, өлтірмейтініміз анық.
Тек Табылдыға тағзым ету осымен тоқталып қалмауы тиіс.
Астана, Алматы қалалары да іліп әкетсе деген тілегім бар, - дейді кештің ұйым­дастырушысы әрі досы Бижан Қалма­ғамбетов.

Қаншайым Байдәулетова

"Айқын" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5502