Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2202 0 пікір 16 Сәуір, 2012 сағат 04:40

«ЖАҢАӨЗЕН ІСІ»: КІНӘСІЗ «КІНӘЛІЛЕР», МИРОШНИКОВ ЖӘНЕ ПРЕЗИДЕНТКЕ ХАТ

Халықаралық «Жаңаөзен-2011» комитеті мүшелерінің бүгін Ақтаудан жеткізген қосымша хабары бойынша, 12-ші және 13-ші сәуір күндері өткен 13-ші және 14-ші сот отырысында сотталушылар тергеу кезінде өздерінің көрсетулерінің барлығын азаптаулар нәтижесінде бергендерін мәлімдеп, айтқандарынан жаппай бас тартқан.

13-ші сот отырысы

Осыған орай анықтай кетелік: кешегі репортажда сотталушы Нарын Досмағамбетов өзін ұрып-соққан үш тергеушінің аты-жөнін атады деген болатынбыз, ал бүгінгі түскен толығырақ мәліметке сәйкес, ол өзін алты полицей, яғни - Нұржан Жандарбеков, Әбдірасул Өтешев, Қалдыбай (Каманбай емес) Әуезов, Асылан Төлебаев, фамилиясы есіне түспеген Мақсат деген біреу және тағы бір бейтаныстың қинағанын айтқан екен. Нақтылай түссек, қабырғаларын сындырған, бүйрегін зақымдаған және тағы басқа дене жарақаттарын келтірген.

Халықаралық «Жаңаөзен-2011» комитеті мүшелерінің бүгін Ақтаудан жеткізген қосымша хабары бойынша, 12-ші және 13-ші сәуір күндері өткен 13-ші және 14-ші сот отырысында сотталушылар тергеу кезінде өздерінің көрсетулерінің барлығын азаптаулар нәтижесінде бергендерін мәлімдеп, айтқандарынан жаппай бас тартқан.

13-ші сот отырысы

Осыған орай анықтай кетелік: кешегі репортажда сотталушы Нарын Досмағамбетов өзін ұрып-соққан үш тергеушінің аты-жөнін атады деген болатынбыз, ал бүгінгі түскен толығырақ мәліметке сәйкес, ол өзін алты полицей, яғни - Нұржан Жандарбеков, Әбдірасул Өтешев, Қалдыбай (Каманбай емес) Әуезов, Асылан Төлебаев, фамилиясы есіне түспеген Мақсат деген біреу және тағы бір бейтаныстың қинағанын айтқан екен. Нақтылай түссек, қабырғаларын сындырған, бүйрегін зақымдаған және тағы басқа дене жарақаттарын келтірген.

Одан кейін сотталушы Нұрлан Асқарұлы сұралып, ол 16-желтоқсан күні қалтасында ұялы телефон бар күртеше тауып алғанын, ол күні оның иесін іздемеген себебі - қала бойынша ұялы байланыс жүйесі істемегендіктен, кейін іздемек болғанын, ал тұтқындалған кезде бұл жөнінде  полицияға өзі мәлімдеп, телефонның жатқан жерін көрсеткенін айтқан. «Сіз өзіңіздің тергеу сатысында Р.Төлетаева, Т.Сақтағанов, Н.Әжіғалиеваларға қатысты берген көрсетулеріңізді растайсыз ба?» - деген сұраққа: «Растамаймын, себебі мені басымнан трубамен ұрып, қорқытып, фотосуреттер көрсеткен соң шыдамай, көрсетуге мәжбүр болдым», - деген. «Кімдер ұрып-соқты?» - деген сұраққа: «Олар көп болды, маска киген ОМОН-дар, менің есімде қалғаны тек тергеуші Қалдыбай Әуезов», - деп жауап берген.

Сотталушы, бес баланың әкесі Шабдал Өткелов өзінің 15-желтоқсанда алаңда болғанын, сол кезде кейбір азаматтар өздерінің киіз үйлерін билік алаңға орнатқысы келетінін білген соң бұған келіспей, кетіп қалғанда олардың соңынан полицейлерді жіберіп, кері қайтарғанын өз көзімене көргенін, 16-желтоқсанда полицейлер шебі мұнайшылар киімін кигендерді өзге қалалықтардан бөліп алып, ереуілшілер ешқандай тәртіп бұзбаса да, оларды алаңнан ығыстырып шығаруға тырысқанын айтқан. Ал, өзінен тергеу кезінде «қажет» көрсетулер алу үшін Жаңаөзен ИВС-ының бастығы Рашид Құлыбаев және тағы төрт тергеуші 10 сағат бойы жауаптап, қашан есінен танғанша басына целлофан пакет кигізіп, одан соң «демалдырып» алып қайтадан кигізіп азаптағанын, ауызы-мұрнын қолдарымен жауып тұншықтырғанын, ұрып-соққанын мәлімдеп, бұрынғы көрсетулерінің барлығынан бас тартқан.

Ал сотталушы, «ҚазМұнайГаз» жұмысшысы Ертай Ермұқанов өзінің ереуілшілерге ешқандай қатысы болмағанын, 20-желтоқсан күні көшеде тоқтатып, мәшинасынан сүйреп шығарып тұтқындап (сірә, «мұнайшы киімін киіп жүргендіктен болса керек» деп ойлайды), полицияда «банкоматты тонағанын» мойындату үшін ұрып-соққанын айтып, ол да барлық бұрынғы көрсетулерінен бас тартқан. Және сұрау барысында айыптау тарабы оның «қылмысы» жөнінде ешқандай дәлел келтіре алмаған.

Сотталушы Мұратбай Жұмағалиев 25-желтоқсан күні шақырумен полицияға өзі барғанын, ҰҚК полковнигі Қыдырәлиев жауаптап, қайтарып жібергенін, бірақ келесі күні тағы шақырып алып: «Полицей Қызылқұлов қызмет бабында жүрген оған сенің қарсылық көрсетіп, тіпті қол жұмсағаның  жөнінде арыз жазды», - деп, жауапқа тартқанын айтқан. Алайда, осыған орай залға көрсетілген бейнетаспада Жұмағалиевтің ешкімге саусақ ұшын да тигізбегені, керісінше, шепте тұрған полицейлердің оны дөрекі итермелеген кезде оның оң қолын көтеріп: «Әділет қайда? Заң қайда?» - деп қайта-қайта сөйлегені анық көрініп және естіліп тұрған. Ал, айыптау жағының сұрақтарына қарағанда, оның осы сөздері... тәртіпсіздікке шақыру ретінде бағаланған!

Міне, қадірлі оқырман қауым, сотталушылардың «кінәлары» және айыптаушылардың «тергеу әдістері». Бағасын өздеріңіз беріңіздер...

14-ші сот отырысы

Бұл күнгі сот отырысы тағы да Мұратбай Жұмағалиевке қатысты бейнежазбаны талқылаудан басталған. Айыптау тарапының пікірінше, адамның қол қимылдары мен айқайлап сөйлеуі (мейлі ол... әділет пен заңды талап етсе де!) оны «жаппай тәртіпсіздіктерге қатысушы» ретінде айыптау үшін толық «негіз» болады екен! Керек десеңіз, ол үшін тіпті адамның тек... алаңда болғаны да жеткілікті-міс!

Одан соң адвокаттар Жуаспаева мен Сәрсенбинаның сотталушы Досмағамбетовтің бұлтартпау шарасын өзгерту жөніндегі талап-тілектерін судья қараусыз қалдырған.

Ал бұдан кейін, сот отырысының аяғына дейін, алты сағат бойы сотталушы Талғат Сақтағанов сұралған. Әлбетте, оның барлығын репортажда бүгелі-шігелі баяндап беру мүмкін емес, сондықтан тек кейбір маңызды тұстарына тоқталар болсақ, олар мынаған саяды.

Біріншіден, оның алдында «мұнайшылар құқықтарын қорғаймын» деп уәде берген Киікбай Ешманов 2010 жылдың наурыз айында «ӨзенМұнайГаз»-дың директорлігіне тағайындалған бойда ол уәдесін ұмытқан. Керісінше, айналасына спортшыларды жинап алып, мұнайшыларды қорқыту-үркіту әрекеттерін жүргізген. Ал, ереуіл кезінде бір топ жұмысшы гаражда отырған кезде күтпеген жерден 10 мәшина үлкен жылдамдықпен келіп тоқтап, іштерінен жүгіре шыққан спортшылар оларды тиеп алып, қала сыртына апарған да, аяусыз ұрып-соғып: «Егер Ешмановқа проблема тудыратын болсаңдар, оңдырмаймыз!» - деп ескерткен.

Екіншіден, өткен жылдың қараша айында Жаңаөзенге үкіметтік комиссия келген кезде оның мүшелерінің бірі, индустрия және жаңа технологиялар министрінің орынбасары, Сақтағановтың әкесінің танысы болып шыққан Владимир Мирошников президентке хат дайындау жөнінде Талғатқа ұсыныс жасап, оны «адресіне жеткіземін» деп уәде берген. Ал, 2-желтоқсан күні Мирошников Сақтағановқа телефон соғып, Маңғыстау облысының әкімі Қ.Көшербаев пен президент Н.Назарбаевтың атына бір мазмұндағы екі хат жазып, сонда жалақының төленбеуі, ереуіл барысы, оған жергілікті билік, соның ішінде Ешманов қалай және қандай кедергілер келтіргендігі жөнінде баяндап беру керек екенін айтқан. Сол күні қара ВМW-мен келген бейтаныс біреу жүзін көрсетпей, мәшинаның қара әйнекті есігінен: «Бұл Мирошниковтан», - деп, конверт беріп кеткен. Үйге келіп қараса, ішінен 900 доллар шыққан. Сол ақшамен Талғат 3-желтоқсанда Астанаға жүріп кеткен. Сонда қонақ үйге орналасқан кезде бір әйел ұялы телефон арқылы хабарласып, екеуі жолыққанда: «Хаттың бір данасын президенттің кеңсесіне өзің тапсыр, екіншісін маған беріп, хабарын күт», - деген. Сақтағанов солай істеген. Бір күннен соң оны сыртқа шақырып, есік алдында тұрған қымбат иномарканың жүргізушісі алдыңғы орынға отырғызған. Артқы орында отырған бейтаныс біреу оның артқа қарамауын өтініп, президентке хатты алған да, оны оған қолма-қол тапсыратынын айтып, хабарласып тұру үшін телефон нөмірін берген. Одан соң мәшина шұғыл жүріп кеткен.

«Детектив» хикаяға ұқсас бұл оқиғаның немен тынғаны әзірше белгісіз...

Жасарал Қуанышәлин,

Халықаралық «Жаңаөзен-2011» комитетінің

ақпараттық топ жетекшісі.

Алматы қаласы,

2012 жылдың 12-сәуірі.

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5502