Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 4067 0 пікір 16 Сәуір, 2012 сағат 05:19

Ерлан Төлеутай. «Титаник» трагедиясы

Биыл адамзат тарихында ең ірі кеме апаттарынының бірі -  "Титаник" трагедиясына 100 жыл толды. Содан бері ғасырға жуық уақыт өтсе де, осы апаттың тылсым сырлары адамзат баласын толғандырып келеді. "Титаник" туралы қаншама шығармалар жазылып, деректі дүниелер жарыққа шықты десеңші. Американ жазушысы Том Шейлз: «Бұл кемені жай ғана кеме деуге болмас, бұл - «алтын ғасырдың» бар  сән-салтанатын, мақтан мен мансапқа негізделген атақ-даңқын мұхит түбіне мәңгілікке ала кеткен уақыт сауыты еді», - деп жазды. Әйтсе де, осы бір «бақытсыз  кемеге» деген пенделер ынтықтығы бір басылған емес. Қайта елдің қызығушылығы арта түскендей.

Биыл адамзат тарихында ең ірі кеме апаттарынының бірі -  "Титаник" трагедиясына 100 жыл толды. Содан бері ғасырға жуық уақыт өтсе де, осы апаттың тылсым сырлары адамзат баласын толғандырып келеді. "Титаник" туралы қаншама шығармалар жазылып, деректі дүниелер жарыққа шықты десеңші. Американ жазушысы Том Шейлз: «Бұл кемені жай ғана кеме деуге болмас, бұл - «алтын ғасырдың» бар  сән-салтанатын, мақтан мен мансапқа негізделген атақ-даңқын мұхит түбіне мәңгілікке ала кеткен уақыт сауыты еді», - деп жазды. Әйтсе де, осы бір «бақытсыз  кемеге» деген пенделер ынтықтығы бір басылған емес. Қайта елдің қызығушылығы арта түскендей.

Күн қызара батып, Атлант мұхитының түн тылсымында тыныстап  жатқан шағы еді. Тек алыстағы Американы бетке алып, ақбас толқындарды қақ жарып, ақезулене жүзіп келе жатқан алып кеменің жолаушыларының айғай-сүреңі, көтеріңкі дауыстары мен көңілді музыка үні ғана осы тылсым тыныштықты бұзып, алып мұхиттың мазасын кетіргендей еді. Жолаушылар болса, кешкі астарын ішіп, бір тобы көңілді би билесіп, қайсібірі тәтті ұйқыға бас қойысқан. Кеменің апатты шағының жақындап қалғанынан бәрі де бейхабар-ды. Ал, «Титаник» болса, өзінің ажалды сағатына асыққандай, алып айсбергке қарай алып ұшып келе жатты. Қара түн құшағында қарақшыдай қылаңытқан айбарлы айсберг өзінің құрбандығын мұз мінезіне тән салқын сабырмен  үнсіз тосты.

Адамзат баласы есін біліп, етегін жапқалы мұндай алып кеме жасап көрмеген-ді. Дүниедегі ең үлкен, ең мықты, ең сенімді, ең салтанатты болып бағаланған бұл кеме затына аты сай болып, «Титаник» деген құдыретті есімге ие болды. Бірақ, осыншама ат қойып, айдар таққан, үкілеп үміт артқан «Титаник» тәңірдің тәлкегіне ұшырап, өзінің алғашқы жүзу сапарында-ақ апатқа душар болды. Құлақ естіп, көз көрмеген апат бүкіл әлемді дүр сілкіндірді. Корабль суға түсерден аз ғана бұрын кеменің аса беріктігіне нық сенімді иелері мен құрастырушы конструкторлары: «құдыретті күшті Құдайдың өзі бұл кемені батыруға күші жетпейді» - деп жаһанға жар салған-ды.

Даңғой даңққұмарлық меңдеген, арзан атақ пен мәнсіз мақтанға елтіген пенделерінің осы бір есірік сөзі үшін Жаратқан Ием өз құлдарын аяусыз жазалады. Жұлдызы жымыңдаған түнді жамылып, жеке шапқан жарау жүйріктей жүйткіп, жалғыз өзі лағып келе жатқан «Титаниктің» жолын қарақшы - ңөн11 (Ақын Шона Смақанұлының айтуынша қазақтар айсбергті - ңөн деп атаған) кесті. Қапысын тауып  қапияда балта сілтеген қарақшыдай айсберг өзіне арандаған кеменің қос қабатты құрыштан жасалған қабырғасын қас-қағым сәтте қақырата сөгіп жібергенде, мұхиттың мұздай суы әп-сәтте кеме отсектеріне лап берді.

«Тәңірінің өзі суға кетіре алмайтын» - «Титаник» санаулы сағатта су түбіне кетті. Көз көргендердің айтуынша, алып кеме суға батып бара жатқанда кеме оркестрі сол заманның атышулы шлягерін ойнап жатыпты.

«Алтын ғасырдың» символына айналған даңқты кеме  өзінің бар сән-салтанатымен, баға жетпес байлығымен мұхит түбіне мәңгілікке батқан сәтінде-ақ, дүниені дүрліктірген «ғасыр трагедиясы» туралы ой-пікірлер сан-саққа құбылды. Соның бірі- «Титаник»  жолаушылары қайткенде аман қалар еді, деген жалпы сұраққа зертеушілер бір ауыздан аман қалуға мүмкіндіктер болғанын алға тартады. Егер де, «Ақ жұлдыз» кеме қатынасының қожайындары кеме палубаларын құтқару қайықтары мен құрастырмалы салдармен теңіз талаптарына сай жарақтандырғанда мыңдаған адам құрбан болудан құтылады екен. Амал нешік, «Ақ жұлдыз»  атты кеме жолы қатынасының қожайындары «Титаник» апат болуы мүмкін емес деген қыңыр пікірге имандай сеніп, қауіпсіздік шараларын ескеруге мойындары жар бермеді.

«Титаниктің» тым қысқа, бірақ трагедияға толы тағдыры Солтүстік Ирландияның Белфаст аймағындағы Харланд және Уолф кеме жасау верфтерінің конструкторлық бюросында басталды. Кемені жасаушылар «Титаниктің» жүзу қауіпсіздігін қамтамасыз етудің орнына кеменің сән салтанаты мен жүзу жылдамдығының үлкен болуына айрықша мән берді.

Олар теңіз апаттарының қандайына болсын төтеп беретін, әрі апатты жағдайда теңіз бетінде жүзу белсенділігін сақтап қалатын керемет корабльдің «төңкерісшіл»  жобасын алға тартты. Жобада кеме корпусының өн бойында орналасатын он алты су өткізбейтін  отсектердің орналасуы қаралған-ды. Отсек қабырғалары өзінің айрықша беріктігімен ерекшеленді. Кеме қабырғаларына мұндай беріктік беру сол кездегі азаматтық флот түгілі әскери флоттарға да қолданылмағанын ескерсек, «Титаник», шын мәнінде өз заманының озық туындысы болатын. Лайнерді жасаушылар кеме апатты жағдайға тап болып, тіпті, екі отсегі бірдей суға кеткеннің өзінде корабльдің соншалық бір бүйірлеп ауып қалмайтындығына жұртшылықтың көзін жеткізіп, сендіре алды.

Әлемдегі таңғажайып кемені жасауға сол замандағы ең таңдаулы, ең тәжірбиелі кеме жасаушылар, дизайнерлер, инженерлер, темірден түйін түйген ұсталар мен ағашқа жан бітірген шеберлер жұмылдырылды. Олар алып кеме үшін бар өнерін салды. Кеменің кереметтігі талайға таңдай қақтырып, қызығушылардың аузын аштырып көзін жұмдырды. «Титаниктің»  ұзындығы 275 м, түтін тартатын төрт тұрбасының әрқайсысының диаметрі 6,7 м, бұл трубалар таудай «Титиниктің» үстінде аспанмен таласқан асқақ мұнарадай көрініп, менмұндалап тұрды. Кеменің биіктігі табан килінен мұржаларының ұшар басына дейін есептегенде он бір қабатты үйдің биіктігіне пара-пар, ал корабльдің жалпы салмағы 46 мың тонна тартатын. Оның арнайы жобаланған 50 мың ат күшіне тең алып двигателі кеменің сағатына 23 узел жылдамдықпен жүзуін қамтамасыз ететін. Кеменің бірінші класты жолаушылары тіпті рахатқа белшесінен бататын. Олар үшін кемеде барлық жағдай жасалды. Кемеде сол кездегі кеме жасау ісінде болып көрмеген жүзу бассейні салынды.  Мұнда жолаушылар жүзіп келе жатып-ақ бассейнге шомылуына, одан қалса түрік моншасына түсуіне, сәнді жарақтанған спорт залда гимнастикамен айналасуына толық мүмкіндіктер табылатын. Арнайы жабдықталған кордта қалағаныңша теннис ойнауға, «версальдық қонақжай» мен «париждік кафеде» демалып, көңіл көтеруге, пальма бақтарында серуендеп, музыкалық салондар мен ресторан барларда би билеп, сауық сайран құруға барлық жағдайлар  жасалған еді.

Әсіресе, бірінше класты жолаушылар үшін сәулетті бөлмелер мен  люкс-каюталар көз жауын алып жарқырап тұрды. Қалған жолаушыларға аса салтанатты болмаса да, екінші, үшінші класты каюталар бұйырды.

«Ақ жұлдыз» параход әкімшілігі «Титаникті» әлемдегі ең үлкен, әрі ең салтанатты, ең қауіпсіз кеме екендігін жаһанға жар сала жарнамалады. Содан да болар, Саутгемптоннан Нью-Иоркке  аттанған алып кеменің алғашқы рейсінің жолаушылары да ылғи шетінен «сен тұр мен атайын» дейтіндей өз заманының шынжыр балақ, шұбар төстері мен атағы әлемге белгілі «Атымтай жомарттары», зиялы қауым өкілдері еді. Олардың ішінде  атағынан ат үріккен  аса ірі қаржыгер, кейін есімімен Нью-Иорк қаласындағы өнер мұражайы аталған Бенджамин Гугенхейм, әйгілі «Мейсиз» әмбебап дүкенінің иегері Исидор Штраус, американдық белгілі суретші Фрэнсиса Миллета, тағы да басқа бай-манаптар мен даңқты тұлғалар болды. Олардың көпшілігі бұл сапарға өздерінің отбасыларымен бірге шыққан-ды.

«Титаникті» жобадағы талаптарға сай қылып жасау үшін бас аяғы төрт миллион фунт стерлингтің басына су құюға тура келді. Ол дегеніміз - бүгінгі күннің бағасымен есептегенде фантастикалық сома - жүз миллион фунт стерлинг еді.

1912 жылы 10 сәуір күні қос мемлекеттің - британ елі мен американ туын қатар желбіреткен «Титаник», өзінің алғашқы әрі соңғы саяхаты Саутгемптон -  Нью-Иорк сапарына аттанды. Кеме палубаларында 20 құтқару шлюпкасы сақадай сай тұрды. Әрі бұл көрсеткіш Британ теңіз сауда ісі  кодексі талап еткен нормадан төрт есе жоғары болғанның өзінде   олар алып кемедегі жыпырлаған жолаушыларды құтқаруға тым жеткіліксіз еді.

Сонымен, жолаушылардың ақырғы азапты сапары басталды. Алғашқы ашық теңізде өткен төрт күн «Титаник» командасы үшін тосын сәттер тарту ете қоймады. Көкектің 14-күні түнде де теңіз өзінің тыныш қалпынан тапжылмады. Тек, алыстан ақшаңқаңданып көрінген айсбергтер қылаңытып қалып отырды. Алайда, ағараңдап алыстан көрінген айсбергтерге кеме капитаны Смитт алаңдай қоймады. Кеме тұмсығын теңізге төсеген күйі тынымсыз алға тарта берді.

Кенет кешкі сағат 11-ден 40-минут кеткенде мачтадағы бақылау пункітінен «алдымызда айсберг» деген ащы айқай естілді. Сол мезет төніп келе жатқан қауіпті ескерткендей кеме қоңырауының күңгір-күңгір үні үш рет бебеу қақты. Арада 30-секунд өтпей жатып-ақ алып лайнер мен мұз таудың сатұр-сұтұр алапат соқтығысы естілді. Корабль ауыр соққыдан  дүр сілкініп, бір сәтке есеңгіреп кеткендей болды. Кеменің тик2 (Кеме жасауға пайдаланатын өте берік биік ағаш) ағашынан жасалған сәнді палубаларына ңөннің мұз жарықшықтары жарқырай шашылып, палуба үстін жайнатып жіберді. Жолаушылар болса, каюталарынан жамырай шығып, осынау көрікті  көріністі ертегі картиналарындай тамашалады. Әсіресе, электр прожекторларына шағылысқан мұз жарықшақтарының  жарқылы ғауһардай жарқырап көз қарықтырғаны түнгі палубаға тіпті әдемі рең берді.

Әлі де болса, не болғанын бағамдай алмаған жұрт, ажалдың аждаһа тынысының жақындап қалғанын сезбестен, шаттықты ойын-күлкімен мұз жарықшақтарын теріп, еш нәрседен қамсыз, алаңсыз күй кешті. Олар  қырсық шалған сапарларының азапты, әрі соңғы сәті басталғанын кейінірек естіді.

Кеме соғылған айсбергтің  су бетіндегі биіктігі шамамен 30 м шамасында еді. Мұзтаудың су үсті бөлігінің өзі осыншама зор болғанда, оның су астына шөккен бөлігінің қаншалықты үлкен болғандығын көз алдыңызға елестете беріңіз. Айсбергтің алапат соққысынан кеменің оң жақ бортында үлкен тесік пайда болып, соншама су өткізбейді деп әспеттеген отсектер  қағаздай дар айырыла жыртылды. Осыдан кейін-ақ, алып корабль көз ілеспес шапшаңдықпен мұздай суық мұхит суына бата бастады.

Алғашқыда кеменің бес бірдей отсегі бірдей суға толса, көз ұзамай су алтыншы, жетінші отсектері жайылып, ақырында кеменің бүкіл отсектері суға толып шыға келді.

Кемеде орын алған осынау адам сенбейтін сұмдықтар ақырындап кеме капитаны Смиттің құлағына жете бастады. Офицерлердің апат туралы алғашқы баяндамаларын тындаған ол өз құлағына өзі сенбеумен болды. Ал алтыннан қымбат уақыт болса, текке өтіп жатты. Тек түн ортасы ауа кеме  капитаны жолаушылардың шлюпкаларға отыруына бұйрық беріп, апатқа ұшыраған кемеге "SOS" дабылын қақтырды.

Жолаушыларды эвакуациялау кезінде де кемеде көптеген трагедияларға орын берілді. Мәселен, Ида Штраус ханым соңғы сын сәтінде шлюпкаға отыруға қатты қарсылық білдіріп, Құдай қосқан қосағын жалғыз тастамауға жанталасты. Ақырында алып лайнер суға батқанда өзінің сүйікті қосағымен су түбіне бірге кетіп, ажал құшты. Ал, «Ақ жұлдыз» кеме жолдары төрағасының ондай ерлік көрсетуге дәті жетпеді. Осыншама мыңдаған жолаушының алдында моральдік жауапкершілікті мойнынымен көтере  алмаған ол, адамдарды тағдыр тәлкегіне тастап, шлюпкаға секірді.  Оның соншама иттікке барып сақтап қалған ғұмырының мәні болмады. Өзін білетін жұрттың табасы мен наласы еңсесін езген «тірі өлік» ит қорлықта өмірден өтті. Керісінше, көмір королі Гугенхейм мен оның атқосшысы Виктор Джиглио болса, апатты естіген бойда  кешкі сәнді костюмдерін киіп, ажал алдында өздерін нағыз ақсүйектерше ұстап, ақ өліммен өлді. Мұхит түбінде он миллионер марқұм болды. Олар өздерімен бірге кейінірек 4 миллион фунд стерлингке бағаланған брилианттармен басқа да байлықтарды ала кетті.

Командалардың дәлдіксіз, ретсіз, жөн-жосықсыз берілгендігі салдарынан палубада әбігер басталды. Кеме бортында құтқару шлюпкаларынан басқа құрастырмалы салдар да бар еді. Алайда, ол қайықтар қолайсыз орында сақталғандықтан, оларды дер кезінде құрастырып, суға түсіру мүмкін болмай қалды.   Жолаушылардың құрбан болу мүмкіндігі арта  түсті.

Кеме бір бүйірге жантайып мұхитқа бата бастаған сәтінде, кеме капитанының соңғы үмітіндей түнгі аспанды тілгілеп, теңіз үстін ақ жолақ жарығымен нұрландырған белгі бергіш ракеталар атылды. Үмітке иек артуға кеш қалғандай еді. Дегенмен, Тәңірі сәтін салып, Титаниктен 19 милл қашықтықта кетіп бара жатқан жолаушылардың «Калифорния» вахталық пароходы аспанға атылған ракеталарды байқап қалды. Бірақ, тәлкекшіл тағдыр әдеттегідей құрбандықтарының үкілі үмітін үрлеп тұрып өшірді. Вахталық кеме көмекке шақырғандардың апатқа ұшыраған белгісін әншейін жарықтандырғыш от шашулар деп ұғып, аса мән бермеген «Калифорния» түн бойы осы мұзды мекенде алған бетінен ауытқып, айналшықтап жүріп алды. Тек таңғы бес шамасында ғана кеме капитаны күдікті аймақты барлап шығуға бет алды. Алайда бәрі кеш еді. «Титаник» әлдеқашан мұхит түбіне батып кеткен болатын.

Бәрінен де кеменің үшінші класты каютасына орналасқан иммигрант-жолаушылардың соры қайнады. Корабльдің төменгі қабатынан орын алған олар нағыз апанға арандап қалды. Өйткені, американың иммиграциялық қызметі тарапынан жоғары палубаларға көтерілетін бар есікті құлыптатқызып тастауға бұйрық берілген-ді. Кейінірек есіктерді тас талқан қып бұзып, сыртқа шыққан тобыр жанталаса қайықтарға лап бергенімен, құтқару шлюпкаларының көпшілігі теңіз суына түсіп кеткен еді. Апаттан соң, арада екі сағат отыз бес минут өткенде, «Титаниктің» бүйірлеу бұрышы 90 градусқа көлбеп, кеме шын мәнінде бір жағына жантайып, бата бастады. Сонан соң көп ұзамай суға батқан суперлайнер соңынан аса зор су иірімін тудырып, су бетінде жүзіп жүрген адамдар мен кеме қирандыларын жұта бастады. Су астында бу қазандықтарының жарылуынан жал-жал көпіршікті толқындар пайда болып, суға батқан жандардың жанталаса шыңғырғаны естіліп, теңіз беті біразға дейін бұрқ-сарқ қайнап жатты. Осыдан кейін бәрі де тынышталып, «Титаник» өзінің мәңгілік мекені - мұхит түбіне төрт километрлік тереңдікке тоқтаусыз түсіп кете барды.

"SOS" - дабылын қабыл алысымен апатты аймаққа бар бу күшімен арқырай жеткен «Карпатия» пароходы «Титаниктің» орнын сипап қалды. Ол апаттың алдын алуға бар болғаны бір сағатқа ғана үлгемеді. Әйткенмен де, құтқару қайықтарына мініп жан сауғалаған жандар осы «Карпатияның» арқасында аман қалды. Батқан кеме бейбақтарының аман қалғаны 705 адам болып шықты. Кемедегі бас аяғы 2200 жолаушының 1500 су түбіне кете барды.

Теңіздің терең түбін табыт қылған кеме, адамзаттың сансыз сәтсіздіктерінің бірінің куәсіндей 73 жыл бойы тұнғиықта жатты. «Титаник» сөзі сәтсіздікке ұшыраған авантюраның, ерлік пен ездіктің, дүниені дүр сілкіндірер  шытырман оқиғалардың символына айналды. Аман қалған жолаушылар ассоциациялар мен қоғамдар құрды. Батқан кемені су бетіне көтерумен айналысатын кәсіпкерлер суперлайнерді өзінің бар байлығымен су бетіне көтеруді армандады.

Тек, 1968 жылы американдық мұхит зерттеуші доктор Роберт Баллард жетекшілік ететін сүңгушілер командасы кеменің табылғандығын әлемге жария етті. Орасан зор су қысымына шыдамаған алып корабльдің үшке бөлініп батқандығы белгілі болды.

«Титаниктің» сынықтары радиусы 1600 метрлік   аймақта шашылып жатты. Баллард кеменің өз салмағымен жерге сыналап, шаншыла кіріп кеткен тұмсық бөлігін тауып алды. Ал одан сегіз жүз метрдей жерде кеменің құйрық бөлігі табылса, одан әріректе кеме корпусының ортаңғы бөлігінің қирандылары жатты.

Кеме қирандыларының арасында сол кездің материалдық мәдениетінің белгілеріндей әртүрлі заттар: мыстан жасалған ас-үй құралдары, тығыны ашылмаған шарап бөтелкелері, «Ақ жұлдыз» кеме қатынасының эмблемалары бейнеленген кофе ішетін шыны аяқтар, туалет бұйымдары, есік тұтқалары, шамдалдар, тамақ пісіретін плиталар, кішкентай балақайлар ойнаған қуыршақтардың керамикадан істелген бастары шашылып жатты.

Доктар Баллард кинокамерасы түсірген су асты сұмдықтарының бірі - корабль бортына еріксіз ілініп, сынып тұрған шлюп-балка3 (Құтқару қайықтары - шлюпкаларды суға түсіру және шығару қызметін атқаратын көтерме) болды. Ол, сол бір трагедияға толы түннің үнсіз куәгері мен дегендей жападан жалғыз құлази салбырап тұрды...

P.S. ХХ-ғасырдың соңғы жылдарында Голливуд жұлдыздары «Титаник» фильмін түсіріп, әлем экрандарына тарту етті. Қыруар қаражат жұмсалып түсірілген кино бас айналдырар табыстарға жетті. Голливуд жұлдыздары   Леонордо Ди Каприо мен Кейт Унислет, жас ғашықтар - Джек пен Розаның драмаға толы махаббатын шынайы бейнелеп, әртістер  әлем жастарының  сүйіктісіне айналды. Миллиондаған жандардың жүрегін жаулап алған жаңа туынды, өзіне жұмсалған миллиондаған доллар қаржыны бірнеше есе ақтап, шығарманы сомдаушылар пайдаға белшесінен батты. Ол ол ма, «Титаник» әлемдегі ең ірі киномайталмандарды анықтайтын «Оскар» бәйгесінің бас аяғы 13 номинациясының 11-ін жеңіп алып, айды аспаннан бір-ақ шағарды. Сөйтіп, американдықтар трагедиядан да табыс таба алатынын  тағы бір дәлелдеді. Ендігі кезек, тағы да бір «Америка трагедиясы», 11-інші қыркүйектегі теракті кезінде мыңдаған адамды өзімен бірге құрбан қылған қос сауда орталығы - «Егіздердікі» шығар. Кім білсін, көкейін атақ-даңқ пен ақша тескен «Голливудтың» қиялға елтіген белгісіз бір режиссері  «Егіздер трагедиясын» жазып жатқан болар. Иә, американдықтар аруақтардан да ақша жасай алады.

Мүмкін, «Американ трагедиясы» дегеніміз осы шығар...

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5498