Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3387 0 пікір 16 Сәуір, 2012 сағат 13:04

Қазақ руханиятының қайраткері

Көзі тірі болғанда биылғы сәуір айында Камал Сейітжанұлы Смаилов 80-ге толар еді. Оның өмірден өткеніне 10 жылдай уақыт болды. Бірақ осы бір қазақтың дарынды ұлының, журналист-жазушы, кино және телевизияның аса көрнекті маманы, аяулы азаматтың жарқын бейнесі менің көз алдымда, тірі кезіндегідей күлімдеп, жылы шырай танытып, «бауырым» деп тұрғандай көрінеді.

Көзі тірі болғанда биылғы сәуір айында Камал Сейітжанұлы Смаилов 80-ге толар еді. Оның өмірден өткеніне 10 жылдай уақыт болды. Бірақ осы бір қазақтың дарынды ұлының, журналист-жазушы, кино және телевизияның аса көрнекті маманы, аяулы азаматтың жарқын бейнесі менің көз алдымда, тірі кезіндегідей күлімдеп, жылы шырай танытып, «бауырым» деп тұрғандай көрінеді.

Алғаш рет онымен 1959 жылдың жа­зын­да Жамбыл облыстық «Еңбек туы» газетінде өндірістік тәжірибеден өтіп жүргенде таныстым. Газеттің жауапты хатшысы, жерлесім Сағат Адипов: «Мәскеу пойызымен батыстан іссапармен Алматыға оралып бара жатыр екен, Ақтөбеден Сұлтанғали Қадыров деген жолдасым телефон соқты, Камалды қарсы ал, саған хабар бер, кездесіп қалайық депті, менің университетті бірге бітірген жолдасым ғой, қазір «Білім және еңбек» журналын басқа­рады», - деді. Екеуміз вокзалға келдік. Жол бойы Сағат ағай Камалды мақтаумен болды. «Ішіміздегі жасымыз еді, бірақ са­бақ­ты күшті оқыды. Өте талантты, қаламы жүйрік, жазғыш еді. Оқу бітірісімен «Ле­нин­шіл жаста» қызметке қалды. Қазір жаңа журналды басқарып отыр. Келешегі мол, әлі ол ұзаққа барады» деп көпіртіп мақтау­мен болды. Мен басымды изеп, тыңдаумен болдым. Мәскеу пойызы да келіп тоқтады. Пойыз жарты сағат аялдайды. Ол кезде шығарып салу, қарсы алу рәсімін жасау әдет болатын. Сәкең жеңіл үстел дайын­датып қойған-ды. Үстелге бірден жайғас­тық. Камал екеуі сағынысып қалған екен, құшақтасып, сүйісіп, мәз-майрам болып қалысты. Екі достың қарым-қатынасына мен қызыға қараумен болдым. Кездесу құрметіне екі-үш рюмка шарап алдық. Асығыс болса да, жеңіл тамақтанып, өткен-кеткенді айтып отырғанда поездың жүрер уақыты да болып қалған екен. Сағат досы­на мені таныстырды. «Інім, өзіміздің ізімізді басып келеді, бізде практикада жүр, өзі - ақын, өлең жазады», - деп мені көтермелеп қойды. Ол кезде баспасөзде алғашқы өлеңдерім жарық көріп тұратын. Соны айтып, мені біраз жерге апарып тастады. Камал болса бас изеп, жатырқамай, ішке тартып: «Алматыға барғанда маған келіп тұрсаңшы», - деп жалпылдап жатты. Бірақ менен ақын шықпады. Кейін өлеңді қойып кеттім, газетке мәдениет, өнер, білім жайында мақала, суреттеме жазуға қарай ойысып кеттім. Кейін Алматыда кездескенде Сағаттың айтқаны есінде қалған болуы керек, Камал: «Өлеңдерің қайда? Берсеңші газеттерге», - деді. Мен күліп: «Өлеңмен қоштасқанмын, қара жаяу мақала жазуға көштім», - деп қысқа жауап бердім.

Камалмен сол алғашқы таныстығымыз кейін жалғаса берді, ағалы-інідей болып, көңіліміз жарасып кетті, бір-бірімізге деген тілектестігіміз артып, жақын болып кеттік. Орталық партия комитетінде біраз уақыт бірге қызмет істедік.

Камал ағамыз шығармашылық жағы­нан да, қызмет жағынан да кілең өсумен болды. Журналдан кейін комсомолдың Орталық Комитетінің секретары болып істеді. Жастық жалынымен осы жылдары жастар баспасөзіне басшылық етті, жастар­дың шығармашылық өсуіне, мәдениет пен өнерге атсалысуына мұрындық болды. Әрі өзі бұрқыратып газет-журналдарға жазу­мен болды. Біз, жастар, оның жазғандарын қызыға оқитынбыз. Тақырып аясы кең, ғылым мен өнер жаңалықтарын насихат­тау­ға, оны журналистік шеберлікпен қыз­ғылықты, көркем тілмен жеткізуге тырыса­тын, цифрларды ойнатып жіберетін.

Жоғары биліктегілер жас қаламгердің жан-жақты ізденістерін, ойлылығын, ұйым­дастырушылық қабілетін көре білді. Оны қазақ киностудиясын басқаруға жіберді. Кино саласына қызығушылық осы жылдары үстем болып тұр еді, ұлт кадрлары аз болатын. Комсомолдың көрігінде қай­нап-өскен Камалға қазақ киносына жас­тар­ды кеңінен тартып, жаңашыл жастарды осы іске жұмылдыру тапсырылды. Табиға­тынан жаңалыққа жаны құмар, ізденгіш, бастамашыл Камал киноға келгенде бір топ жаспен бұл творчестволық мекеменің жұмысын жандандыруға көп күш салды. Олжас Сүлейменов, Әкім Тарази бастап, достары арасында жеті тапал аталған жігіт­тер, Сайын Мұратбеков, Әбіш Кекілбаев, Асқар Сүлейменов, «Қо­ңыр күз» повесімен жас­тарға кеңінен танылған Қалихан Ысқа­қов және басқалар кинос­тудияны жастардың озық идеясы­ның ошағына, шы­ғарма­шылық айтыс-тартыс пен диспуттың қы­зу көрігіне айналдырып жіберді. Кілең қаламы ұшқыр, білімпаз жастар енді прозадан киносце­нарий жазуға машық­та­нып, жаңа жанрды иге­ру­­ге ойысып кетті. Кино өне­рінің табиғатын жете меңгеруге белсене кіріс­ті. Киностудияның жұ­мы­сы жанданып жүре берді. Жастар өз еңбек­терінің жемі­сін көріп, есейе, мар­қая түсті. Алын­байтын қамал жоқ, жастар кино саласын да тізгіндеп, мо­йындатып үлгерді.

Камал Сейітжанұлы аз уақыт Орталық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімі меңгерушісінің бі­рін­ші орынбасары болып істеді. Бірақ Камалдың жүрегі өз хоббиіне - шығармашылық жұмысқа оң иығын беріп тұрды. Мұны сезген жоғарғы басшылар оны Мемлекеттік кино комитетін басқаруға жіберді. Өзі сүйген, жанына жақын кәсіпке Камал зор ынтамен келіп кірісті. Өмірде, басшылық қызметте жинақтаған тәжірибе­сін іс жүзінде пайда­лануға бар күш-жігерін жұмсады. Бұл кино саласын басқарғанда өмірге жақсы туындылар келді. Қос серия­лы «Қыз Жі­бек», «Атаманның ақыры» фильмдері республика шеңберінен шы­ғып, одақтық, әлемдік деңгейге көтерілді. Бұл ұлттық кинотуындылар осы күнде классикалық өнер туындылары ретінде қазақ мәдение­тінің мақтанышына айнал­ды. Оларды қазірге дейін көрермендер қызыға көреді, тәрбиелік, танымдық маңызын әлі де жо­ғалтқан жоқ.

Көп кешікпей Камал Сейітжанұлы Теле­визия және радио хабарларын тарату жөніндегі мемлекеттік комитетке басшы­лыққа келді. Кино мен телевизияның тех­ни­калық жағынан да, мазмұндық жағынан да, танымдық-тәрбиелік жағынан да ағайындас салалар екендігі белгілі. Бұл саланы басқару Камалға жаңа кәсіп түрі болған жоқ. Бұрынғы игерген саланы жаңа талапқа, уақыт сұранысына сай ілгері бас­қа­ру болып табылды. Ең бастысы, ол өнер­лі, ізденімпаз, ойшыл, жаңалықты сезіне білетін жастарды маңына топтастыра білді. Жаңа тақырып, жаңа формат, жаңа шешім табуды ұжым алдына міндет етіп қойды. Телевизия мен радио көңіл көтере­тін, думан­ды кештер өткізумен ғана шек­тел­мей, қоғамның идеологиялық қарымды құралы екендігін де естен шығармау еске­рілді. Өйткені бұл ұжымның өкілдері билік­тің тікелей қадағалауында болды. Саясатты да насихаттау талап етілді. Осындай жағ­дай­да телевизия саясатқа да, халықтың болашағына да, ұлттық өркениетке де адал қызмет етуге тиіс еді. Мұны Орталық партия комитетінде қызмет істеп шыңдал­ған кәнігі маман иесі Камал Сейітжанұлы бір мезет те естен шығарған жоқ. Бәрін електен өткізіп, телевизияның қоғамның қажетін де, саясаттағы ұстанымын да са­бақ­тастыра, ұштастыра жүргізуге күш салды. Жадағай, ұраншыл саясаттың шоқ­пары­на айналмай, телебағдарламаның танымдық, тәрбиелік, өркениеттік құнды­лық­тардан сырт қалмауы жете ескерілді. Камалдың қолдауымен көгілдір экран арқылы «Қымызхана», «Тамаша», «Алты­ба­қан» сияқты бағдарламалар көрер­мендерге жол тартты. Ұлттық ойындар, салт-дәстүрлер насихатталды. Олардың көркемдік шешіміне де көп көңіл бөлінді. Сонымен қатар телевизия арқылы өндіріс­тік-индустриялық тақырыпқа, республика­дағы аса маңызды өндіріс ошақтарындағы еңбек адамдарының қажырлы еңбегін көрсетуге де көп көңіл бөлінді. Ауыр индуст­рия техникасы ғана емес, жаңашыл еңбек озаттарының мәнді өмірі, жасампаз тіршілігі көгілдір экранда көрініс тапты.

Радио мен телевизияда бірге істеген қыз-жігіттер оны мінезінің ашықтығы, қарым-қатынастағы қарапайымдығы, журналистік тапқырлығы, идея беруге шеберлігі үшін жақсы көрді. Оны нағыз демократ басшы деп таныды. Комитеттің төрағасына қызметтестері именбей кірді, ойындағыларын ірікпей, еркін жеткізді. Камекең оларды ықыласпен тыңдады, айтқандарының бағалы жерлерін түртіп алып, қажетті дәндерін есепке алып отыр­ды және оларды кәдеге асыра білді. Әріп­тестерінің қасы-көзіне, түр-түсіне, бет-келбетіне, ұлтына қарамастан, ешкімді ала­ла­май, іскерлігіне, жұмысқа жауапты­лы­ғына, тапсырманы орындаудағы тия­нақ­тылығына қарап бағалады. Соған қа­рай сый-құрметке, марапатқа ие болуына, әлеуметтік көтермелеу сыйлықтарын алуы­на қамқорлық жасап отырды. Сондықтан да оны қарауындағылар әділ басшы деп санады.

Шығармашыл еңбектің қыр-сырын ол жақсы білді. Бұл сала қызметкерлерінің еркелігі мен серілігін, асаулығы мен аңғал­дығын кез келген басшы түсіне бермейді, олармен тіл тауып жұмыс істеуге икемділігі де жетісе бермейді. Бұларға басшылық ету үшін солардың тілін білетін, мінез-құлқын, өнерінің құнын айыра алатын Камекең секілді маман-менеджерлер керек еді. Солар ғана өнер адамдарымен қоян-қол­тық араласып, жемісті жұмыс істей алды. Соны ескерген республиканың бірінші басшысы Дінмұхаммед Қонаевтың оған Орталық партия комитетінің мәдениет бөлімін басқаруды тапсыруы тегін емес. Бұл қызметте де Камал Смаилов тізеге басып, сойыл соғып, шоқпар ала жүгіруге әуестенген жоқ. Төзімділік, толеранттылық, мінезділік танытты, іскерлік, түсіністік көрсете білді.

Тоталитарлық жүйе кезінде билікке тым демократияшыл басшы ұнай бермейтін. Менің журналистикадағы тұңғыш басшым, «Социалистік Қазақстан» газетінің редак­торы Кенесбай Қосбаевтың бірде Камал туралы әңгіме болғанда «осы жігіт көңіл­шек, елгезек мінезін ең болмаса бір мыс­қал­ға азайтса, нағыз іскер басшы шық­қалы тұр» деп айтқанын естігенім бар.

Шығармашылық жолын журналисти­када «Лениншіл жас» газетінде - әдеби қызметкер, «Білім және еңбек» журналында бас редактор болып бастаған ол кеңес өкіметі тараған соң журналистикаға қайта оралды. «Ақиқат» журналын басқарды. Жоғарғы кеңеске депутат болып сайланды. Журналистер одағына ұзақ жыл басшылық етті. Көп кітап жазып, жарыққа шығарды. Ғылыммен де айналысты. Өнертану ғылы­мының кандидаттық дәрежесін алу үшін диссертация қорғады. Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясында кафедра басқарды, студенттерге дәріс берді.

Бұл сан салалы жұмыстарда ол өзін жақсы жағынан көрсете білді. Еңбектері бағаланып, көп марапат, наградаға ие бол­ды. Республика Жоғарғы Кеңесіне әлденеше рет депутат болып сайланды.

Камал Смаиловтың телевизия мен кино саласында, қазақ журналистикасында сіңірген еңбегі айтарлықтай. Жақсы кино­фильмдер мен телетуындылардың дүниеге келуіне де себепші, ұйытқы болды. Бұл салаларда көп шәкірт тәрбиеледі.

Ең бастысы, оның басшы ретіндегі, шығармашылық қайраткер ретіндегі ерек­шелігі кіммен болса да жұмыс істеуге бейімділігі еді, кіммен болса да әңгіме-дүкен құрып, ортақ тақырыпта сөйлесе білуге қабілеттілігі ерекше еді. Мынау - бала, мынау жас қой деп, ешкімді кемсіт­пей, оларды әңгімеге тартып, сөйлесе білетін. Кішіпейіл, ешкімді жатырқамайтын. Елдің бәрін өзіне дос көретін.

Оның өзіндік бір артықшылығы - кім­мен болса да тіл табыса білетіндігі еді. Ол кәрі тарлан Ғабит Мүсіреповпен де, асау, турашыл, бірбеткей Олжаспен де, білгір, ауыздыға сөз бермейтін шешен Мұрат Әуезовпен де, Батыс мәдениетімен дертті болған, энциклопедиялық білім иесі Асқар Сүлейменовпен де, жаңашыл модернист, технократ Ғаділбек Шалахметовпен де, арынды, арқалы ақын, қыңыр мінезді Өтежан Нұрғалиевпен де тіл табыса білуі осыған дәлел бола алады. Оның достары көп болды. Өзінің мектептегі парталас досы - академик Төрегелді Шармановпен достығы дүниеден өткенге дейін жалғасты. Араларына бір сызат түскен жоқ. Жалынды жауынгер, майданда ерлікпен қаза тапқан публицист ағасы Баубек Бұлқышевті көзі тірісінде пір тұтып, оған табынып, сиыну­мен болды. Өмір бойы кумир тұтты. Уни­вер­ситет бітірерде менің жазған «Баубек Бұлқышевтің публицистикасы» деген диплом жұмысымды кітапханадан алды­рып, оқып шығып, риза болып, маған ал­ғыс айтқаны бар. «Мұның аздап кеңейтсе, дайын тұрған кандидаттық диссертация ғой», - деп қолпаштағаны әлі есімде.

Мені Камалмен алғаш таныстырған Сағат ағайым бірде маған хат жазып жібе­ріпті. Онда ол Камал курстасына деген өкпе-ренішін білдіріпті. «Бірге оқығандағы ең жақын жолдасым еді. Наны жүріп, өсіп кетті. Екі рет министр тағына отырды. Жамбылдағыларға құлаққағыс етіп, жәр­демі тимеді. Беделі бар, облыстағыларға сөзі өтеді. Бірақ бізді ол ұмытып кетті. Содан арамыз суып кетті», - деп жазыпты. Камалға өкпе-назын жеткізсе деген болуы керек. Не деп жеткіземін?! Кездескен сайын Камалдың Сағаттың отбасын, жағдайын сұрап бәйек болып жататыны маған мәлім. Сағат туралы жылы сөзден басқа ештеңе демейтін. «Мінезі құрғырды қойсаңшы, біздің Сәкеңнің мінезі қыңыр, өз айтқа­ны­нан қайтпайды, дипломатиясы жоқ, әріптестерімен мәмілеге келуге бара бер­мейді, өз мінезінен тауып жүр ғой, әйтпесе қаламының жүйріктігінде, азаматтығында еш айып жоқ», - дейтін Камал маған кез­дес­кенде. Ал Сағат ағайымның болса, оған өкпесі қара қазандай, ренішін шұбата жөнелетін. Бар айтары: ескі достарын ұмы­тып кетті. Қол ұшын бермейді дейді. Камал болса ешкімді ренжітіп, өкпелетіп жүрмін деген ой қаперіне кіріп те шықпайды. Өйткені оның жүрегі достарына әрдайым адал. Ешкімді ренжітіп, көңіліне қаяу сал­дым деп ойламайтын. Ешкіммен жауласып, кеңірдек жыртыспайтын. Бекзат, биязы, иі жұмсақ азамат болатын. Кісіге қиянат жасауға бармайтын. Отбасына да жайлы болды. Жұбайы Надия Нажмеддинқызы Шманова КазГУ-дың орыс филологиясын өзімен бір жылда бітіріп, КазПИ-де сту­дент­терге орыс тілінен сабақ берді. Ғылым кандидаты болды, кафедра басқарды. Камалға екі ұл, бір қыз сыйлады. Тату-тәтті өмір сүрді. Өкінішке қарай, ұлы Нұрлан азамат болғанда сырқаттан ерте дүние салды. Отбасына көңіл айтып барғаны­мыз­да қазақтың белгілі қайраткер қызы, республиканың мәдениет саласын бас­қарған, Үкімет төрағасының орынбасары болып істеген Манура Мерғалиқызы Ахметова: «Кеше ғана Камекең бізде бө­лім­де болған еді, қызмет бабында сөйле­сіп, әңгімелескен едім. Сонда баласының қатты сырқаттанып жатқанын, жан күйзе­лісін сездірген де жоқ еді. Неткен төзімді адам еді!» - дегені әлі есімде.

Жұбайының да бұл ауыр қайғыны бастан кешуіне тура келді. Ол өзі қазақтың белгілі қайраткер азаматы Әнуарбек Наж­меддинұлы Шмановтың туған қарындасы еді. Әпекең болса, Мәскеудің халықаралық қатынастар институтының алғашқы түлек­те­рінің бірі болатын. Француз тілін, бұл елдің әдебиетін жақсы білетін. Комсомол, партия ұйымдарында ұзақ жыл қызмет етті. Сол­түс­тік Қазақстан облыстық партия комите­тінің екінші хатшысы, республика Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды. «Білім» қоғамын басқарды. Өте сауатты, зиялы аза­мат еді. Қарындасы да - аға үлгісін көріп өскен, тәрбиелі адам. Жұбайы дүние салғаннан бері оның үш томдық шығар­ма­лар жина­ғын жарыққа шығаруға, деректі кино­фильм­нің түсірілуіне ұйытқы болды. Марқұм жұбайы туралы мектептерде, студенттер арасында кездесу өткізіп, жылы естеліктер айтып жүргенін Қамекеңмен «Ақиқат» журналында бірге істеген жазушы Марат Мәжитов әрдайым сүйсіне баян­дайды: «Біздің апай Қамекеңнің отбасын өзі бардағыдай басқарып отыр. Ұлы Сәлім - бизнесте, қызы Зайра дәрігер болып істейді. Немерелері - әжесінің қамқор­лы­ғында», - дейді ол.

Біздің Камекең - қаламгер-қайраткер, киногер, тележурналист, жазушы-публи­цист. Сан қырлы дарын иесі, елгезек, елге қадірлі азамат еді. Тірі болғанда, бұл күндері 80-ге келер еді. Оның жылы жүзі, әрдайым күлімсіреген бейнесі - әлі көз алдымызда. Біз, оның достары, әріптестері Камекеңді ешқашан ұмытпаймыз. Оның есімі - біздің жүрегімізде!

Әбдеш ҚАЛМЫРЗАЕВ, философия ғылымының докторы, профессор

«Алаш айнасы» газеті

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5508