Жыл басынан бері азық-түлік бағасы 3,2% - ға өсті
Бүгін Үкімет отырысында Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаның өсуіне жол бермеу жағдайы туралы айтып берді.
Ағымдағы жылдың басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасы 3,2% - ға өсті. Бұл ретте, өткен жылдың ұқсас кезеңінде бағалар 4,8% - ға өсті, оның 4,1 пайыздық тармағы карантиннің енгізілуіне байланысты болды.
Министр айтып өткендей, ӘМАТ бағасын тұрақтандыру бойынша қабылданған Жол картасы шеңберінде жедел іс-шаралар нәтижесінде тұрақтандыру мүмкін болды. Соңғы үш аптада ӘМАТ бағасы 0,2% - ға өсті.
Бұл ретте, «Айналым схемасы» жыл басынан бері 30% - ға артып, 24,3 млрд.теңгені құрады. Сондай-ақ, ведомство басшысы қосымша 8,3 млрд.теңге бөлу жоспарланғанын хабарлады.
- Сонымен қатар, кейбір өңірлерде әлі күнге дейін жоғары өсім байқалады. 6 сәуірдегі жағдай бойынша ең жоғары баға Жамбыл облысында 4,2% - ға және Атырау облысында 3,8% - ға өсті. Ең төменгі өсім 2,9%-ға Шығыс Қазақстан және Ақмола облыстарында тіркелді, - деп атап өтті Бақыт Сұлтанов.
Бүгін отырыста Министр келесі шараларды ұсынды:
- Бағалардың барынша өсуіне жол берген әкімдердің жетекшілік ететін орынбасарларына тәртіптік шаралар қолдану;
- Бәсекелестікті қорғау және реттеу агенттігі үстем бизнес субъектілерінің бағалық сөз байласуына жол бермеу мәселесін тұрақты бақылауда ұстасын;
- Орталық және жергілікті атқарушы органдар карантиндік шараларды ескере отырып, бақылауды күшейтіп, әлеуметтік маңызы бар тауарларға, әсіресе импортқа тәуелді және экспортқа бағдарланған өнімдерге бағаның өсуіне жол бермеу жөнінде тиісті іс-қимыл жасауы қажет;
- Бұл бағаны тежеудің неғұрлым тиімді тетігі «айналым схемасы» болып табылатынын ескере отырып, оны қаржыландыруды 50 млрд.теңгеге дейін жеткізу қажеттілігі.
Айта кетейік, ағымдағы жылдың 11 наурызында Үкімет отырысында бағаны тұрақтандыру бойынша 45 іс-шарадан тұратын Жол картасы мақұлданды. Жол картасы мынадай іс-шараларды қамтиды: тексерулер мен комплаенс, сауда шаралары, өндірісті ұлғайту және кәсіпорындарды қолдау, сондай-ақ заңнамалық өзгерістер.
Abai.kz