Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 5811 4 пікір 13 Сәуір, 2021 сағат 19:01

Алтай Көлгінов екі жылда не істеді?

Covid-19. Coronavirus Outbreak Design with Virus Cell in Microscopic View on Shiny Light Background. Vector 2019-ncov Illustration Template on Dangerous SARS Epidemic Theme for Promotional Banner

Елордадағы тұрғындар тарапынан сөз болатын басты мәселенің бірі – жол сапасы екені рас. Жуырда Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов қаладағы жол салушы мекемелердің жұмысын сынап, қаланың инфрақұрылымын дамыту, соның ішінде жол сапасына қатысты 5 маңызды мәселе көтеріпті.

Әуелі: «Кейбір көшелерге жөндеу жұмыстары жүргізілгеніне 3-4 жыл да өткен жоқ. Қайта жөндеуді қажет етеді. Тұрғындардың шағымданатындай жөні бар. Жолға жауапты басқарманың міндеті тек қана жол құрылысына конкурс өткізіп қою емес, сондай-ақ, сол жолдың сапасын да бақылау! Қабылдап алынған жолдардың сапасы сын көтермейді», - деп жазды Көлгінов мырза өзінің желідегі парақшасында (Instagram).

Сосын, қаланың жол инфрақұрылымын жақсарту бойынша 5 талапты айтты. Олар:

1) Жол жамау жұмыстарын жеделдету,

2)Жолдарға орта деңгейлі жөндеу жұмыстарын жүргізу, ол тізімге жөндеуді шұғыл қажет ететін көшелерді енгізу. Әсіресе жаңадан құрылып жатқан аудандардағы жол құрылысын реттеу. Сондай-ақ, бұрын мүлде асфальтталмаған жолдарды да осы тізімге қосу. Қаланың ескі бөлігіне және тұрғын үй массивтеріне көбірек көңіл бөлу.

3) Жұмысты дұрыс жүргізбеген мердігерлерді сотқа беру және қара тізімге қосу.

4) «Қазавтожолға» ескерту жасау. Жол құрылысына сапасыз материалдарды пайдаланбауын бақылау.

5) Асфаль-бетон зауытының іске қосу.

«Мысалы, өткен жылы қалада 170-тен аса көшеге жөндеу жүргізілді. Оның 100-і тұрғын үй массивтерінде орналасқан. Биылғы жылы да осы шамада жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады», - деп жазды әкім.

Айтпақшы, сосын Алтай Көлгінов қаладағы жауын-шашын кәріз жүйесіне қатысты да жазба жариялап, қалада жаңадан суағарлар (ливневок) салынатынын айтыпты.

Бүйдейді: «Қазіргі жауын-шашынға біздегі кәріз жүйесінің қуаты жеткіліксіз. Сондықтан, осындай жаңа кәріз жүйелерінің құрылысын бастап, коллекторларды кеңейтіп жатырмыз.

Жуырда мен бірнеше нысанды барып, көрдім. Шешім қабылданды. Мысалы, Алматы ауданында (Ш.Қалдаяқов көшесі) біз сорғы станциялары бар коллектор құрылысын бастадық. Оның функциясын соңғы бірнеше жыл бойы кәдімгі тұрмыстық канализация атқарып келген. Ол жиі бұзылып қалатын. Ал мына жауын-шашынға арналған коллектор жиналған судың өту қуаттылығын көбейтеді. Осылайша, көшелер мен тұрғын үйлерді су басу қаупін жояды», - деп жазды Көлгінов.

Рас, кейінгі уақта қазақ қоғамы құдды атылғалы тұрған жанартау тәрізді. Еларалық һәм елішілік, ұлттық мәселелерден бастап тұрмыстық деңгейге дейінгінің барлығы қоғамның, онда да қазақ қоғамының қатаң бақылауында. Сол қатаң бақылаудағылардың бірі – әкімдер. Ел-жұрт олардың әр айтқан сөзі, әр басқан ізін аңдып қарап отыр. Бізде әкімдер көп. Әртүрлі деңгейдегі әкімдер бар. Біз бүгін солардың ішіндегі бас қаланың басшысы жайлы сөз етпекпіз.. Алтай Көлгінов жайлы...

Алтекең (А.Көлгінов) туралы айтар көп. Алтекең шалыс басып, шалт құлаған кемшіліктер туралы осыған дейін де жаздық. Қайталап жатпайық... Бүгінгі сөз басқа. Бүгінгі сөз – Көлгіновтің 2 жылда не іс тындырғаны жайлы болмақ.

2021 жылдың ақпаны. Елішілік саяси коньюктураны қалт жібермей қарап отырған қазақ қоғамы қызу талқы жасаған тақырып – облыс пен қала әкімдерінің есеп беру жиыны болды. Әкімдер өткен жылда атқарылған «қыруар» жұмыстың есебін түгендеп, келер жылға үйіліп-төгілген жоспарларын айтты. Солардың бірі Алтай Көлгінов. Көлгінов есебіндегі көп сөзден бөлек, назар аудара кететін бір жайт – Елорда әкімі «кішкене жеңістер» принципін, яғни, аты дардай болмаса да, маңызы өзекті мәселелерді шешу принципін басшылыққа алғанға ұқсайды. Әкімнің жыл бойғы жұмысына обьективті баға беруге, бұл дұрыс-ақ, тактика шығар.

Әсілі, бас қаланы екі жылға жуық басқарып келе жатқан Көлгінов өзіне һәм өзіне дейінгі әкім-қаралардың қамсыз тірлігі үшін халық сынына ұшыраған десек әділ болар. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігіне айтылып жатқан бүгінгі сынның дені Елорданы Алекеңе дейін де басқарған әкімдердің кем-кетігіне айтылған сын екені өтірік емес. Ен бастысы осы екі жылда Алтай Көлгінов командасы сол сыннан қорытынды шығарды ма деген сұрақ. Бізше болса, шығарды! Оны биылғы көктемдегі қала тазалығына қатысты Көлгіновтің қатқыл қимылынан байқауға болады. Алтекең, іске бел шеше кіріскенге ұқсайды. Көктемгі тіршілік басталысымен-ақ, аудан әкімдері мен ірілі-ұсақты басқарма-басшыларының шен-шекпендеріне қарамайтынын, қажет болса, қара тізімге қосатынын (әсіресе Алматы, Есіл аудандарының басшыларына) қатаң айтты.

Расымен де, Астана әкімдігі бұл жолы шешімі күрделі мәселелерді шешуге білек сыбана кіріскенін айтыпты. Ол – салымшылар мәселесі, кәріз құбырлары мен қаланы газдандыру мәселесі, қоғамдық көліктерді жаңарту мен тұрғын үй құрылысы мәселелері.

Астананың ең басты проблемаларының бірі - 2010 жылдан бері жалғасып, құрылысы әлі күнге аяқталмаған, алданған салымшылар дауы болған. Алаяқ мердігерлерге алданған қарапайым халық бұл күндері Қазақстан билігінің әділдігінен күдер үзе бастаған. Ал олардың саны – мың!

Жең ұшынан жалғасқан сыбайластық, бір-бірінің ізін жапқан дәу дөкейлердің қылмыстық пиғылдары мен әрекеттері, адам айтса сенгісіз алаяқтықты көзбен көрсетті. Баспанаға зәру халыққа мыңдаған шаршы метр салынбаған үйді сатқандардың әлі күнге лайықты жазасын алмауы Көлгінов әкімдігінің алдынан көлбеңдеп шыға беретін. Бұл дауды Көлгінов әкімдігі қалай шешпек деген сауал актуалдылығын жойған жоқ.

Алтай Көлгінов әкім болған екі жылдан аса уақыт ішінде аталған мәселені шешуге еш әрекет істемеді десек, және өтірік болар еді. Шама-шарқынша шаруа атқарды. Осы уақыт ішінде Астана әкімдігі ұзық жылдар бойы жалғасып келе жатқан құрылыстардың санын 52-ден 22-ге дейін қысқартыпты. Бұл деген миллион тұрғыны бар қала үшін әлеуметтік мәселе һәм оның оң шешіле бастағанының бір дәлелі.

Елордаға өңірлерден ағылған ішкі еңбек мигранттарының көптігі, қаладағы әлеуметтік мәселені екі есе ұлғайтқаны анық. Ал халықтың басты әлеуметтік проблемасы баспана. Демек, Көлгінов әкімдігі салуға тиіс тұрғын үй көлемі де ұлғаяды деген сөз. Әкімдік, мәселені толық шешіп тастамаса да, 10 мыңға жуқы баспана кезегінде тұрғандардың мәселесіен шешкен екен. Мұны да Көлгінов мырзаның жылдық есебінен ұқтық.

Көлгінов әкімдігінің тағы бір бас қатырар ісі – апаттық жағдайдағы тұрғын үйлер мен ондағы тұрғындарды көшіру мәселесі болған. Бұл істе де Көлгінов әкімдігі мәселенің кілтін тапқанға ұқсайды. Ол – бизнесмендер мен халық арасында диалог орнату. Рас, Көлгіновтің бұл шаруасына наразы жұрт та жоқ емес. Дегенмен, бұрғыдай емес. Ескі үйлерде тіршілік кешіп жатқан жұрт, әкімдік ұсынған жерлерге біртіндеп көше бастаған.

Алтай Көлгінов мырза әкім болған екі жылда ілгерілеу көрген тағы бір мәселе – жауын-шашыннан кейінгі қаланың тоған суға толып қалуы еді. Ілгерілеу көрді дегеннен гөрі, мәселе шешілді деген дұрыс болар. Өйткені, есеп беру кездесуінде елорда әкімі Алтай Көлгінов жауын-шашын кәрізі жүйесі мәселесі қалай шешіліп жатқанын айтты.

«Жауын-шашын кәрі жүйесіне байланысты «Elorda eco systems» кәсіпорнын құрдық. Ол дәл осы мәселемен айналысады. Қалада бірнеше проблемалы учаске бар. Олар: Бауыржан Момышұлы даңғылы, Ж.Тәшенов, Республика даңғылы жақтан А.Иманов көшелері, Тұран, Ұлы дала даңғылдары. Момышұлы бойынша жұмысты аяқтап, диаметрі үлкен құбыр төседік, қосымша сорғыш қойдық. Үлкен жұмс жасалды. Қазіргі уақытта ол жерде бұрынғыдай проблема жоқ», - деді Көлгінов.

Рас, Нұр-Сұлтан қаласының жауын-шашын кәрізі жүйесіне қатысты сын көп. Әйтсе де, қала жылдам өсіп келе жатыр. Тіпті, ең қарқынды дамушы қалалардың бірі десек те болады. Халық саны өсіп, жаңа жолдар, жаңа нысандар пайда болуда. Жаңа шағын аудандар да салынып жатыр. Сондықтан да, инженерлік инфрақұрылым мәселесі күнтәртібінде тұр. Ал енді кәріз құбырлары мен суағарлар мәселесін шешу үшін жаңа құрылған «Elorda Ecosystems» компаниясы қалай жұмыс істейтінін уақыт көрсетер...

Көлгінов әкімдігі жұмысына қатысты айтылып жүрегн тағы бір сын – былтырғы қар тазалаудағы қателіктер екені рас. Төтенше жағдайға дайын болмай шыққан елдорда коммуналдық мекемелерінің қателіктері үшін елден сөз естіген Алтай Көлгінов дер кезеінде тиісті шешімдер қабылдап, мәселені шешкенін көрдік. Тіпті, астананың ақ түтек боранында қар тазалау жұмыстарына Көлгінов мырзаның өзі де тікелей қатысқан еді.

Былтырғы жылғы сәуір айындағы әкімдер рейтингінде дәл осы Алтай Көлгінов көш соңында болған. Оның себептерін жоғарыда айттық. Осыған қарамастан, президент Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында (былтыр) «кереметтің» көкесін Көлгінов естіген. Президент Тоқаев оның жұмысына оң баға беріп, барлығының көзінше мақтады.

«Елорда әкіміне қатысты айтатын болсам, оның жүргізіп жатқан белсенді жұмысын оң бағалаймын. Қала тұрғындарымен, оның ішінде мәселесі бар аудан тұрғындарымен кездесу жұмыстары жақсы жүріп жатыр. Адамдармен кездесіп біздің саясатымызды, оның ішінде елорда тұрғындары атап өтетін мәселелер мен мүмкіндіктерді түсіндіріп жүрсіз», - деген.

Ал биыл ше? Астана әкімінің есебі туралы сарапшылар пікірі қандай? Қараңыз:

«Алтай Көлгінов ол – «Болашақтың» түлегі. Жаңа буын саясаткер деп есептеймін. Астана қаласында соңғы кездері оң өзгерістер байқалады. Әрине, кейбір проблемалар да жоқ емес. Мысалы, жол мәселесі, қардың тазаланбауы т.б. Ол әрине, бір адамға қарап қалған жоқ. Сондықтан, Көлгінов мырзаға тағы да 2-3 жыл уақыт берсе, нәтижелі жұмыстар атқарылады және осы басталған істер аяғына жетеді деп есептеймін.

Ал алданған салымшылар мәселесіне, өзім куә болған бір жайтты айтар едім. Біздің үйіміздің  дәл қасында жылдар бойы құрылысы бітпей келе жатқан тұрғын үй болды. Оның кейбір салымшылары тіпті, қайтыс болып кеткен. Солардың балалары келді. Соларды жинап алып, уәдесінде тұрғанын көрдік. Жалпы Көлгіновтің жұмысына қатысты, оң айтуға да, сын айтуға да болады. Ал обьективті бағалайтын болсақ, Көлгінов еңбекқор адам. Бұл менің жеке пікірім. Мен осы қаланың тұрғыны ретінде айтып отырмын», - дейді Самат Нұртаза.

«Біз өзіміз де осы Астана тұрғынымыз. Шынын айтқан кезде, жасалып жатқан жұмыстарды да, шешілмей жатқан мәселелерді де көзімізбен көріп жүрміз. Мысалы, қала тазалығы, сосын, базарлар жүмысын реттеу секілді мәселелерде әкімдіктің белсенді жұмыстары көрінеді. Онан кейін Көлгіновтің халыққа ашықтығын айтар едім. Түйткілді мәселелерде, елмен кездесуде ашық жұмыс жасайды. Белсенді, іскер азамат ретінде бағалаймын. Астана үлкейіп келе жатыр ғой. Жаңа көшелер қосылып жатыр. Соған байланысты жаңа проблемалар да көбейіп жатыр. Сол жағынан қарағанда, осыдан он жыл бұрынғы Астананы басқару жеңілірек болған шығар.

Кемшіліктері де жоқ емес. Мысалы, қала орталығындағы түзу жолдар қайта-қайта жөнделеді, жыл сайын. Ал қала шетіндегі жолдар, қала маңындағы кейін қосылған ауылдардың жолдары әлі күнге шешілген жоқ. Орталық көшелерді ғана емес, қала шетіндегі көшелерге де көңіл бөлген жөн.

Сосын, қаланы газдандыру мәселесі бар. Осы жұмыстар баяу жүріп жатыр. Рас, қазір қаланың біраз жерлеріне газ жетті. Дегенмен, әлі де толық шешілген жоқ. Бұл бас қала болған соң келімді-кетімді қонақтар бар. Астананың түтіндеп тұрғаны тағы бар. Осы мәселелерден дұрыс қорытынды шығаруы керек», - депті сарапшы Бауыржан Серікбаев.

Биыл жыл басталғалы бері әкімдік есігін күзеткен көпбалалы аналар дауы да Көлгіновтің кезек күттірмес мәселелерінің бірі болмақ. Ал бұл дауды Алтай Көлгінов қалай шешпек? Көлгінов биыл да мақтала ма, әлде...

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1475
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3249
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5458