Жалған Ресей тарих қойнына кетеді
Сонымен... Украина шекарасында не болып жатыр? Ең алдымен айтарым - үлкен соғыс болмайды. Қазір кейбір сарапшылар осылай деп айта бастады.
Александр Кушнарьдың айтуы бойынша үлкен соғыс болуы мүмкін.
Ресей бостан-босқа соншама техникасын сүйрелеп, тіпті кейбір хламдарын 1100 км жерден тасымалдап, бар болғаны Зеленскийді қорқытып Медведчукке санкция салуды тоқтаттыру үшін әкелген жоқ. Егер соғыс бастар алдында ақпарат кеңістігінде арт.дайындық жасайын демесең 2014 жылғыдай қол-аяғы керіліп тасталған бала туралы сарнай берудің де мағынасы жоқ. Кремльдің ойлау жүйесі қарапайым. Бұл қорқыту емес, бұл нағыз соғысқа дайындық, мұны Украина дұрыс түсінуі керек дейді Кушнарь.
Оның сөздерін Жириновский де қуаттай түседі. Оның айтуы бойынша алдағы мамыр-маусым айларында үлкен соғыс басталады, Украина тәуелсіздігімен қоштаса берсе де болады. Жириновский мем. думаның вице-спикері, лауазымды тұлға, яғни ол Путиннің ойындағысын жеткізіп отыр.
Дегенмен де осыншама дайындықтарға қарамастан үлкен соғыс болмайды. Неге? Бұған ең алдымен АҚШ-тың қатаң позициясы әсер етіп отыр. Ол ештеңеден де тайсалмастан Украинаны қорғайтынын ашық жеткізді. АҚШ-тың біржақты қатаң позициясы Еуропаның белді мемлекеттері Германия мен Францияның егер соғыс бола қалса олардың Украина жағында болатындығын еріксіз мойындатты. Брюссельде тіпті Ресейдің шекараға армиясын жақындатып, соғысқа дайындалғандығының өзі санкция салуға жатады деген әңгімелерге арқау болды.
Тағы бір маңызды көрсеткіш - Түркиенің позициясы. Түркие Қырымды деоккупациялау жоспарын біржақты қолдайтынын жеткізді. Ердоған Путинмен қанша дос болса да Қырым мәселесінде елінің мүддесін жоғары қойып отыр. Соғыс бола қалған жағдайда Түркиенің "Байрақтары" Украина аспанында "ойнақ салатыны" белгілі болып қалды. "Ни рыба, ни мясо" Еуропа елдерінің позициясынан да Түркиенің позициясы Путинның шымбайына батыңқырап кетті. Түркие сондай-ақ екі әмірикалық эсминецті Қара теңізге Украинаны қолдау үшін кезекшілікке өткізді.
Одақтас іздеп Қытайға барған сапарынан бос қайтқан Ресей ақыры жалғыз қалып, еріксіз өзінің бүкіл әлемге қарсы соғыса алмайтынын түсіне бастағандай. Оның үстіне оны аса ауыр санкциялар күтіп отырғаны да оның мысын баса түскендей.
Міне, Украина шекарасындағы жағдай әзірге осындай. Ерте ме, кеш пе, Украина НАТО-ға мүше болады, Батыс елдерінің тобына қосылады. Тарихтағы шын орыс мемлекеті біртіндеп өз тарихын қайтып алады, сонда күні кеше Петр патшаның Жарлығымен Ресей аталған жалған мемлекет біртіндеп тарих қойнына кетеді.
Қуаныш Еділхантегі
Abai.kz