Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3540 0 пікір 17 Сәуір, 2012 сағат 14:17

Шәкәрімнің кенже қызын танимыз ба?

Шәкәрім Құдайбердіұлының ұрпақ­тарының тағдыры туралы көп дүние жазуға болады. Олардың ішкі жан-дүниесіне, өмір жолдарына үңілсек, әрқайсы­сының ерекше дарын иесі болғандығын көреміз. Шәкәрімнің балалары да әкелерінің тегін адам еместігін жақсы түсінген. Сол себепті Шәкәрім мұрасын насихаттап, көзінің қарашығындай сақ­тап, келер ұрпаққа жеткізуші де ақынның ұрпақтары болып табылады. Абай мектебінің үлгі­сін алған Шәкәрімнің балалары Ахат, Зият, Қабышты былай қойғанда, он алты-он жеті жаста­ғы қызы Гүллар әке мұрасына айрықша адалдық танытқан. Бүгінгі әңгіме ақынның ең кен­жесі Гүллар Шәкәрімқызы хақында.

Шәкәрім Құдайбердіұлының ұрпақ­тарының тағдыры туралы көп дүние жазуға болады. Олардың ішкі жан-дүниесіне, өмір жолдарына үңілсек, әрқайсы­сының ерекше дарын иесі болғандығын көреміз. Шәкәрімнің балалары да әкелерінің тегін адам еместігін жақсы түсінген. Сол себепті Шәкәрім мұрасын насихаттап, көзінің қарашығындай сақ­тап, келер ұрпаққа жеткізуші де ақынның ұрпақтары болып табылады. Абай мектебінің үлгі­сін алған Шәкәрімнің балалары Ахат, Зият, Қабышты былай қойғанда, он алты-он жеті жаста­ғы қызы Гүллар әке мұрасына айрықша адалдық танытқан. Бүгінгі әңгіме ақынның ең кен­жесі Гүллар Шәкәрімқызы хақында.

Гүллардың, шын аты - Гүлнәр. Гүл­лар 1914-1970 жылдар аралығында өмір сүрген. Оның бізге жеткен өлеңі­нің біреуі - әкесі өлгендегі жоқтау. Осы бір өлеңнен ғана Гүллардың да­рын­дылығы анық көрінеді.
Кім біледі, сол зобалаң заман келмесе Гүллардың тума таланты, ақындығы ашылып, қазақ өнеріне, поэзиясына өзіндік зор үлесін қосар ма еді?! Дегенмен де әкесіне арналған ұзақ толғау өлеңімен-ақ Гүллар Шәкәрімқызы өзін­­дік қолтаңбасын қалдырып кетті. Дарынды, қазақтың қайсар қызы ретін­де де ол әкесінің бейнесін өлең­мен өрнектеп, сол зұлмат заманның ке­сапатын жазып, нақты дерек пен мәлі­мет­ті «Әкесі өлгендегі жоқтау» өлеңін­де тереңнен толғайды. Оның әкесі туралы толғауынан әкесінің жа­зық­сыз өлімі мен балаларының зұ­лымдыққа, әділетсіздікке тап келген­дігі жайлы жазған жанайқайының куәсі боласыз.
Гүллар - Шәкәрімнің екінші әйелі Айғаншадан туған кенже қызы. Шә­кәрім Гүлларды «Сарқыншақ кенжем Гүлларым» деп еркелеткен.
Гүллар бойында ақындығы бар, өт­кір, тік мінезді, жақсы көрген. Өнерлі, бірбеткей жан болған. Гүлларды әкесі өлгеннен кейін Шыңғыстау жеріндегі лагерьге қамап, қатты қинап жауап ала­­ды. Гүллармен бірге Шәкәрімұлы Қа­­быш, Абайдың Күлбадан деген қызы, т.б. қамалады. Соншама зорлық-зом­былыққа шыдай алмай Гүллар өлмекші болады. Ол жайында өзі былай дейді:
Арымды жойып бере алмай,
Қорлыққа салған көне алмай,
У іштім әкем өлгелі,
Бірақ та қалдым өле алмай.
Гүллар азаптан әзер құтылып, қа­шып, жасырын түрде Алматы жаққа кетеді. 1970 жылы Алматы облысында қайтыс болады. Шәкәрімнің «Сарқын­шағым, кенжем, Гүлларым» деп жақсы көрген қыз баласын зұлмат заман осылай қиналтып, бойындағы ақындығын тұмшалап, қорқытып, басып-жаншыған еді. Небәрі он жеті жастағы бұрымы беліне түскен, тал шыбықтай қыздың тағдырына зұлымдық ойран салған еді. Гүллардың өзі былай дейді:
Он жеті толар жасымда,
Айықпай көзден жасым да, - деп өзінің қайғылы жайы туралы дерек бе­реді.
Гүллардың баласы Фатих шешесі жай­лы мынандай естелік айтады: «Ме­нің анамда да мінез болған. Жасында өте ерке, тік мінезді, айтқанынан қайтпайтын өжет болыпты. Өмір бойы осы қайсар мінезінен танбаған ол, ешқандай мақтауды сүймейтін». Шә­кәрімнің тікелей тәрбиесін көрген, оның халық үшін жаралған айрықша жан екендігін, шығармашылығының маңыздылығын түсінген Гүллар былай деп толғайды:
Сарғайып ойдан азыпсың,
Қазақтың мінін қазыпсың,
Ар жүгін ауыр арқалап,
Келешек үшін жазыпсың.
Азапты лагерьде Гүллар әкесінің өлімін ести салып, ешкімнен қорықпай осы ұзақ толғау, жоқтауын айтады.
«Арымды жойып бере алмай» деген жас қыздың жанайқайынан әкесі Шә­кәрімнің «Ар ілімін» бойына тұтып, сол үшін табандылық көрсеткені өмір шын­дығы болып көрініп тұр. Гүллар «Ар жүгін ауыр арқалап» деген өлең жолдары арқылы әкесінің шығар­ма­шылық миссиясының мазмұнын ашады. «Хақиқат ар жолында» жүрген Шәкәрімнің замананың қиын құр­сауында тұрса да адалдықтың ақ жолынан ауытқымай осы жолдың барлық ауыртпалығын тартқанын Гүллар зор толғаныспен жырлайды.
Гүллар Шәкәрімқызы кейін қа­ра­­пайым тіршілік кешті. Кеңес өкіметі­нің репрессия машинасы оның дарынды талантын тұмшалап, тағдырын тап­тап өтті. Алайда Гүллар қазақ қызы­­­на тән қайсарлықпен әкесінің зор мұрасын құрметтей білді, әке өсиетіне адал болды. Қазақ халқына әкесінің қасиетті ойларының терең тағдырлық маңызын бір өлеңімен ғана айтып кетті.

Салтанат ІЗТІЛЕУОВА,
ҚазҰПУ-дың Абайтану
ғылыми-зерттеу
орталығының жетекші ғылыми
қызметкері, филология ғылымдарының докторы

«Айқын» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1475
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3249
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5458