Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3145 0 пікір 17 Сәуір, 2012 сағат 14:18

Қайым МҰХАМЕДХАНОВ: “Алаш арыстары аңсаған асыл арманыңыз осы”

Бүгінде жасы сексеннің сеңгірінен асып, тоқсанға бет  алғанмен, әлі де есті әңгімеден қалмаған, қолынан қаламы  түспеген "жазулы тұрған хатпен тең" қарттарымыздың бірі ғалым Қайым Мұхамедханов есімі қалың көпшілікке  ежелден танымал.  Кезінде ұлы Абай шығармашылығы жөнінде  өршіген дау-дамайда  оған араша түскен де, дана Мұхаңа рухани іні  ғана емес,  үзеңгілес жолдас бола білген де осы кісі. Ғылымда қорғап, қорғауды емес, шабуылдап қамал алуды ғана мақсат тұтатын  қадірлі ағамыз, әсіресе, еліміз тәуелсіздік алғалы өндірте еңбек  етті. Соның айғағындай, осы он жыл ішінде оның "Абайдың ақын шәкірттері" атты төрт томдық кітабы жарық көрді.

Мұның сыртында ғалымның Шәкәрім, Тұрағұл, Кәкітай, Көкбай, Әлихан, Ахмет, Мағжан, Жүсіпбек, Міржақып сынды  Алаш арыстарының өмірі мен шығаршамылығын  тереңнен қозғайтын "Абай мұрагерлері" атты құнды еңбегі және баспа  жүзін көрді. Кешегі ұлы дүбірлі Абай, Мұхтар тойларында Қайым аға атқарған, атсалысқан игілікті істерді санамаласақ, оған саусақ  жетпейді.

Бүгінде жасы сексеннің сеңгірінен асып, тоқсанға бет  алғанмен, әлі де есті әңгімеден қалмаған, қолынан қаламы  түспеген "жазулы тұрған хатпен тең" қарттарымыздың бірі ғалым Қайым Мұхамедханов есімі қалың көпшілікке  ежелден танымал.  Кезінде ұлы Абай шығармашылығы жөнінде  өршіген дау-дамайда  оған араша түскен де, дана Мұхаңа рухани іні  ғана емес,  үзеңгілес жолдас бола білген де осы кісі. Ғылымда қорғап, қорғауды емес, шабуылдап қамал алуды ғана мақсат тұтатын  қадірлі ағамыз, әсіресе, еліміз тәуелсіздік алғалы өндірте еңбек  етті. Соның айғағындай, осы он жыл ішінде оның "Абайдың ақын шәкірттері" атты төрт томдық кітабы жарық көрді.

Мұның сыртында ғалымның Шәкәрім, Тұрағұл, Кәкітай, Көкбай, Әлихан, Ахмет, Мағжан, Жүсіпбек, Міржақып сынды  Алаш арыстарының өмірі мен шығаршамылығын  тереңнен қозғайтын "Абай мұрагерлері" атты құнды еңбегі және баспа  жүзін көрді. Кешегі ұлы дүбірлі Абай, Мұхтар тойларында Қайым аға атқарған, атсалысқан игілікті істерді санамаласақ, оған саусақ  жетпейді.

Қарт  ғалымның бұл еңбектері елеусіз қалған жоқ. Қитұр­қы, қалтарысы мол ана заманда қуғын-сүргінді бір кісі­дей-ақ  көрген ол өз қолымыз өз аузымызға жеткен мына за­манда тәуелсіз елдің ең бір үлкен құрметін - Мемлекеттік сый­лықты  иеленді. Соның бәрі тәуелсіздік жемісі мен жеңісі де­меске болмайды.  Әйтпесе, кеше Абай мұрагерлері туралы жақ­  ашып, сөз қозғау мүмкін бе еді?  Сондықтан да, Қайым ағамен ел тәуелсіздігінің айтулы мерекесі қарсаңындағы әңгімеде өз-өзінен кешегі Алаш арыстары туралы қозғалып кеткен-ді.

-       Қасиетті Семей соңғы жылдары еліміздің рухани астанасының бірі деп жиі айтылып та, жазылып та жүр. Бұл орайда Абай, Шәкәрім, Мұхтар сынды ұлылардың жөні бір бөлек. Мұның сыртында еліміздегі алғашқы газет-журналдардың бірді-екісі де  театр, өлкетану мұражайы мен баспаханасы да осында ашылған ғой. Бәрін айт та бірін айт дегендей, Алаш туы Семейде  көтерілген. Соған орай, сонау 1917 жылдан бастап, қаланың  қазіргі Жаңасемей деп аталатын бөлігі Алаш деп аталған, - деп сөз  бастаған ғалым аға бір сәт ойға шомып үнсіз қалған. Сонан сол бір  тарихи  оқиғалар туралы бейне  олар күні кеше ғана болып өткендей, жолынан жаңылмай сөзін жалғастыра түскен. -              Бүгінгі әңгіме тақырыбына орай бар арман-мақсаты  ел тәуелсіздігі болған Алаш арыстары туралы сөз қозғайтын болсақ, әкем Мұхамедхан Сейітқұлов туралы айтпай кете алмаймын.  Мұны енді оқырман қауым дұрыс түсінуін өтінемін. Менікі кейбіреулер сияқты көрпені  өзіме қарай тарту емес. Ал әкем   туралы айтатын болсам, оған оның  Алаш арыстарымен жақын сыйластығы себепкер.

Әкем  Мұхамедхан соншалықты оқымысты кісі болмағанмен, заманына сай көзі ашық сауатты адам еді. Бойына біткен  кісілігінің  арқасы шығар, ертеден ұлы Абай төңірегімен аралас-құралас болған. Бергі төңкеріс кезінде Семейде шыға бастаған  Алаш үні "Сарыарқа" газеті мен Жүсіпбек пен Мұхтар шығарған "Абай" журналына  қазіргі тілмен айтқанда меценат ретінде демеушілік  көрсетуі сол ұлы ақын өнеге-тәрбиесі емес деп кім айтады. Әкем қойын дәптеріне бүгін ана газетке пәлен сом, мына журналға түген сом көмек жасадым деп тіркеп қояды екен. 1937 жылы әлгі дәптер өзімен бірге тәркіленіп, қамауға алынды.

Тегінде әкем 1870 жылғы, яғни Әлекеңмен, Алаш  көсемі Әлихан Бөкейхановпен түйдей құрдас. Әлекең 1938 жылдың   мамыр айында, ал оның құрдасы, жолдасы Мұхамедхан 1937 жылдың желтоқсан айының басында  атылған. Бұл жаза  ол қамауға алынған соң небәрі 45 күн ішінде орындалған. Ал бізге ол кезде ол он жылға сотталды деген хабар тиген-ді. Негізгі  шындықты еліміз тәуелсіздік алған соң, арада 55 жыл өткеннен кейін ғана білдік қой. Мұның  өзі бергі әңгіме. Ал әкем айтқан арғы әңгімелер   төмендегідей.

"Төңкеріс болған жылы сен аяғыңды енді ғана басқан сәби болатынсың. Сонда Семейге Әлекеңнің келгеніі ерекше салтанатты жағдайға ұласып еді. Бүкіл қазақ қауымы үлкен қуанышпен оны ханнан кем қарсы алған жоқ. Шындығында Әлекең ұлт көсемі еді ғой. Мұны енді, сол шақта Сұлтанмахмұт та келістіріп жырлады  емес пе!  Ахаң мен Жақаң - Ахмет пен Міржақыпты айтамын, сондай-ақ Мағжан мен осы Сұлтанмахмұттар  Әлекеңнің қасынан  табылатын. Біздің үйде қона жатып әңгіме-дүкен құратын, сөйтіп  ел болашағын алыстан болжайтын сол ұлылардың сен тізесінде отырып өстің ғой, шырағым! Соны ұмытпа!"- дейтін әкем жарықтық.

Біздің үй онда Мұхаңның ұлы ақын туралы ұлы эпопеясынан қалың оқырманға белгілі атақты Тінібай мешітінің іргесінде еді.  Иә, мақтанды деме, қарағым, сол еңселі шатырлы үйде кімдер болмаған десеңші! Айталық, Шәкәрім, Көкбай, Тұрағұл болып бұл тізім жалғаса береді. Алдыңғы ағалардың  асыл жүздері есімде  еміс-еміс сақталса, кейінгілерді есейіп қалғанда көрген­дік­тен бәрі де есте. Сонда да бұлардың қай-қайсысы туралы бол­масын, ең алдымен әкем айтқан естеліктерге жүгінсем деймін.

"Әлекең, Ахаңдардың бұл шақта елді еркіндікке жеткізу мақсатымен орталықтан заңды түрде автономия сұрап жүрген кезі,- дейтін әкем. - Сол мақсатпен бұлардың Мәскеудегі мықтылармен  телеграф арқылы сөйлесетіні де, Сталинмен ұлт мәселесі  жөнінде сөзге келісіп қалатыны да осы тұс. Содан бірде Ахаң Мәскеуге арнайы сапар шегіп, Ленинмен үш сағат әңгімелесетіні де шындық. Сол шақта біздер Ахаң сынды ғұламамен үш сағат бойы тілдесуге жараған орыстан да ұл туған екен деп күпінгенбіз".

Бұл енді бір жағы әзіл болғанмен, екінші жағынан шындығы да басым сөз. Айтты-айтпады, дәл сол шақта елім деп еңіреген, білімі де, білігі де жүрегі де, тілегі де мықты Алаш арыстары жеткілікті болатын. Бұларды Шыңғысхан тұқымы деп қана білетін Сталин өзі өкімет басына келісімен ең алдымен біздің сол асыл жүректі азаматтарымызға қырғидай тигені тарихи шындық. Тек сонымен шектелмей, отызыншы жылдардың басында бүкіл халыққа нәубет болып келген ашаршылықты қолдан ұйымдастырғанын қайтерсің! Кей мәселелерде әлі есімізді жинай алмай  отырсақ, мұның бәрі сол сұрқия саясат салдары.

Жаңа ғана Ахаң туралы, оның ғұлама білімдарлығы туралы  әкем айтқан әзіл әңгімені еске түсірдік, сол әзілдің өзінің шындығы басым дедік. Әкемнен естіген Шәкәрім қажы туралы  бір әңгіме де еріксіз  езу тарттырады. Ол біздің бабаларымыздан шенді шекпен иелерінің өзінің қаншалықты қорқып, жасқанғанын айғақтайды деп білемін.

Ойшыл ақындығы өз алдына, Шәкәрім ғылым мен дінді де жете меңгерген адам ғой. Ағасы Абайдың көзі тірісінде айтқан өсиетімен бір жағы ел көру, жер көру, екінші жағы білімін  толықтыру мақсатымен өткен ғасырдың басында Мекке, Мәдина, Ыстамбұлға дейін барып қайтқан ғой. Біреулер оны  осы сапарда  Парижде болған деседі. Мәселе онда емес. Әйтеуір, ол осы сапардан соң, яғни төңкеріс қарсаңында елден, ел сөзінен оқшау, оңаша кетіп, таза шығармашылықпен айналысуға бет бұрғаны анық. Десе де, ара-тұра Семейге соғады екен. Семейге келсе, ежелден аралас-құралас Мұхамедхандікіне соқпай кетпейді. "Содан көшеге шығып кеткен Шәкәрім қажыдан  айрылдық та қалдық. Бөгелген сайын алаңдаймыз. Адасып кетті ме дейін десең, бүкіл әлемді шарлап келген кісі өзінің Семейінен неғып жаңылсын. Сөйтсек, гәптің бәрі ол кісінің киім киісінде болып  шығады",- деп әкем жарықтық сол оқиғаны есіне алып, риясыз  бір күліп алатын.

Тегінде Шәкәрім қажы ойына бойы сай, тұлғасына кісінің көзі тоятын адам екенін өзім де көрдім. Және қалай киінеді десеңізші! еуропалық үлгідегі қазақы киімдер... Әрі ықшам, әрі әдемі. Солардың қайсысын болсын, өзі пішіп, өзі тігеді. Міне, осылайша  сән-салтанатымен көшеге шыға келгенде бұл Семейге  қайдан келген адам, әлде шетелдік пе деп қарсы жолыққан полицей мән-жайды анықтағанша деп апарып жауып  тастаған ғой. Содан бізге хабар тиген соң қажыны барып, босатып алып шықтық дейтін әкем.

Ел сөзінен қанша аулақ болуға тырысқанмен, қажының  төңкеріс кезінде елсіз далада шыдап жата алмағаны да рас. Сөйтіп, аз-маз уақыт Семейге келіп Алашорда үкіметінің әрі биі, әрі соты қызметін атқарған. Орталық  Алаш арыстары көтерген автономия мәселесіне қырын қарап, алакөздік танытқан соң ол  Шыңғыстаудың сыртында жатқан Бақанас өзенінің  бойындағы тошаласына қайтып кетеді. Онда барған соң: "Бостандыққа елім қана алмай. Әділет жолын таба алмай, Басшыға айтқан мұңдары, Есепке жатыр саналмай",- деп жазатыны отызыншы жылдардың басы. Обал, сауапты білмейтін жаңа өкіметтің жандайшаптары жасы 73-тегі қартымызды еш шімірікпестен оққа байлады ғой...

-       Қайым аға, мұндай жолсыз жазадан өзіңіз де қалыс қалмаған секілдісіз. Енді соның жайын айта кетсеңіз...

- Әкем Мұхамедхан қаһарлы  1937 жылы мұсылмандардың кеңес өкіметіне қарсы тобының  белсенді мүшесі деген жалған жаламен ұсталып кеткенде менің жасым жиырмадан енді ғана  асқан еді. Бұл шақта жоғарыда есімдері аталған Алаш арыстары түгел дерлік атылып, айдалып кеткен. Өз ажалымен өлгендер Сұлтанмахмұт, Көкбай ғана болар. Егер ауырып барып  дүниеден баз кешпегенде, сол кездегі өкіметтің ұзын құрығы  олардың да мойнына түсетіндігі сөзсіз еді. Соның   айғағындай, бұлардың аттарын атауға, шығармаларымен толықтай танысуға бертінде ғана мүмкіндік тумады ма?!

Осы орайда Мұхаң туралы әңгіменің жөні бөлек. Егер Алаш көсемдері оған ақыл-кеңестерін беріп, кінәң болсын, болмасын мойындап, жаңа өкіметтен кешірім сұра демесе, Мұхаң да қосақ арасында кеткен болар еді. Сол кездегі жас Мұхтардың болашағынан үлкен үміт күтіп, тым болмаса соны сақтап қалуға  ұмтылған Ахаңдардың бұл қарекеті асқан көрегендік  екендігіне   кім дау айтады?!

Мұхаң тегінде менің әкемнен 27 жас кіші болса, мен бұл кісіден жиырма жастай кішімін. Оны өз үйімізде алғаш көргенде небәрі алты-ақ жаста екенмін. Әкейдің тәрбиесімен дауыстап сәлем бергенім есімде қалыпты. Ал ес біліп, ат жалын тартып мінгеннен-ақ Мұхаңның қамқорлығынан кенде болған жоқпын. Дәлел керек пе, айтайын...

1943 жылы Алматыда Мұхаңның үйінде отырғанда Орталық Комитеттен үлкен кісіге телефон түсті. Осылай да осылай. Мәскеуден Сталиннің өзі қол қойған жарлық бойынша әр республиканың өз гимні болуы керек, онда әр республиканың өз ерекшелігі ескерілуі қажет... Соны  талқылауға келіңіз дейді ғой Мұхаңа. Мұхаң  "мен одан не аламын" деп тартыншақтағаныма қарамай, ертіп барды. Және сол күні осы сынаққа қатысуым қажеттілігін қадағалап  тапсырды. Әрине, оған менен басқа да ақындар көптеп барды. Және қандай ақындар десеңізші, әрқайсысының мүйізі қарағайдай дегендей... Ал сынақ нәтижесін талқылау бақандай екі жылға созылды.  Нәтижесінде мен жеңімпаз атаныппын. Тек қасыма екі үлкен  кісіні қосарлап қойыпты. Ал өзім ұсынған тексті байқастасам, бір-ақ  сөзде өзгеріс бар. Яғни, мен: "Ер қазақ ежелден, еркіндік аңсаған", - деп бастасам, өз көлеңкесінен қорыққан билік басындағылар "ер" деген сөзді "бізге" алмастырыпты. Орынсыз қосақталған  әлгі екі кісіге өкпем жоқ. Бірақ сөз иесі өзім екенімді еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген сәтте ғана дәлелдеуге мүмкіндік туды. Гимн авторы атанғанда небәрі 27 жаста ғана екенмін. Сондықтан осы іске себепші болған Мұхаңа қалайша разы болмаспын.

Бұдан кейін отыз жасымда Абайдың Семейдегі мұражайының директоры болдым. Бұл да Мұхаңның кеңесімен болған шаруа. Оның алдындағы бір жылдары Абай мұражайында ұлы ақынға қатысты дүниеліктер ысырылып тасталып, олардың орнына 11  Еңбек Ері - шопан, бақташылардың суреттері қойылғаны бар. Бұл енді бүкіл ғұмырын Абайға бағыштауға бел байлаған Мұхаңның  шымбайына батпады дейсіз бе?

Арада бірер жылдан соң, нақтылап айтқанда 1951 жылы  Мұхаңның ғылыми жетекшілігімен "Абайдың әдеби мектебі" деген  тақырыпта кандидаттық диссертация қорғадым. Сонда қайсы бір көкезулердің Маркс, Энгельс, Ленин мен Сталин мектебі дегенді білуші едік, мынау неғылған сұмдық. Ғылымдағы буржуазиялық  ұлтшылдық көзқарас дегеніңіз осындай-ақ болар деп бөрідей  шулады. Сол жылдың тамыз айында менің мәселем республика Ғылым академиясының Президиум мәжілісінде қаралды. Онда әсіресе мұражайда жүргендегі  "зиянкестілігім" қатты әшкереленді. Абай мектебі деген ұғымның  мұражай қызметінің негізгі діңіне алынуы, Кенесары көтерілісін, еңбекші таптың қас жауы Құнанбай сұлтанды "асыра  дәріптейтін" айғақтар қырағы көздер назарынан тыс қалмады.

Сөйтіп, мен республика гимнінің авторы екендігіме қарамастан Қазақ КСР Жоғарғы сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 1952 жылғы 29-31 мамырдағы үкімімен 25 жылға айдалып кете бардым. Арада  үш жылдан соң, яғни "кемеңгер көсем" Сталин о дүниелік болғаннан кейін ғана аталмыш соттың Президиум қаулысымен қайта  ақталдым. Мұның бәрі 1937 жылды елдің есіне салып қою үшін әдейі ұйымдастырылған екінші  толқын салдары еді. Сол шақта Мұхтар, Қаныштардың қашып барып Мәскеудегі достарының көмегімен аман қалғандығын, ал Бекмаханов, Сүлейменов сынды белгілі  тарихшылардың айдалып кете барғандығын  көзі қарақты оқырман жақсы біледі.

-       Сол көзі қарақты оқырман сіздің тәуелсіз елдің гимнінің авторы  болуға ұмтылғаныңыздан да хабардар... Бұл әңгіме  қайтадан көтеріліп жатыр ғой.

-       Өткен жолы бәйгеге атымыздың ілікпей қалғаны рас. Оның  себеп-салдары туралы "Қазақ әдебиетінде" жазылды да. Ал өз басым қартайған шағымда біреулермен бет жыртысып кінәласудан аулақпын. Егер жаңа гимн мәтіні туралы сынақ  жарияланса, тағы да, кейінгі өзгертілген сол мәтініммен қатысуға  әзірмін.

- Абайтанушы ғалым ретінде айтыңызшы, ұлы ақын туралы әлі де не айтылмай жүр? Тарихқа байланысты қандай мәселе қадалып тұрып айтылуға тиіс деп ойлайсыз?

-       Абайдың ақындық мектебі туралы жоғарыда айттық. Сол  ұстаз Абай ақын шәкірттеріне үнемі нақты тақырып ұсынып отырған ғой және оның бәрі дерлік тарихи тақырыптар. Ұлы Абай елдің  басын біріктірген Абылай хан есімі ескерусіз қала ма деп, шәкірттеріне тұтас қазақтың соңғы ханы туралы дастан жаздыруды аманаттаған.  Осы  орайда, Шәкәрім қажының  Абылай  туралы  көлемді дастанының  бізге толық нұсқасының жетпеуі өкінішті-ақ жағдай. Әйтеуір, бұл олқылықты Көкбай ақынның Абылай туралы  дастаны  толықтырып тұрғанына шүкіршілік етеміз.

Осы орайда, тарихшыларымызға азды-көпті ренішім бар екенін жасыра алмаймын. Ертедегі тарихымызды негізінен бас­қа  ұлт өкілдері жазды. Олар әдет-ғұрпымызға, наным-сені­­мімізге  экзотикалық тұрғыдан қарады. Яки, әдейі бұрма­лау­­шылыққа  барды. Сөйтіп қазақтың ханы да, биі де, бай-ба­­ғы­лан, батыры да жаман  болып шыға келді. Соның сал­да­рынан ең  мәдениетті, ең озық  ойлы деген Жәңгір ханы­мыз­дың бейнесі  басқаша сомдалды. Рас, бұл қателікті аға га­зетіміз Жәңгір ханды, оның айналасын жақсы білетін жас пуб­лицист-журналистің білікті мақалалар  сериясымен  тү­зе­тіп бағуда. Ал ғалымдарымыз болса, ауыздарына су тол­ты­рып алғандай әлі де үнсіз.  Апырым-ау, кезінде осындай мәселелерді   айта алмай қор болдық қой. Ендігімізге не жо­рық? Өз басым халықтың шынайы тарихын  әділет­тілік­пен түзіп болмай, халықтық рухын биіктету мүмкін  емес деп білемін.

Солай дей тұрып, сөз соңын өршіл рухта аяқтасам деймін. Міне, биыл ел тәуелсіздігінің он жылдығы. Осы жылдар ішінде қаншама тарихи кезеңдерді бастан өткердік десеңізші!  Еліміз  әлемдік деңгейдегі түрлі қауымдастықтар мен ұйымдардың заңды мүшесі атанды. Республикамыздың тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін бүкіл әлем жұртшылығы біледі. Елбасының қажыр-қайраты арқасында Абай, Жамбыл, Мұхтар, Қаныш және  Түркістан қаласының атаулы мерейтойлары әлемдік  деңгейде тойланды. Және сол тойлардың қай-қайсының болмасын ар­тын­да  тәлім-тәрбиесі, үлгі-өнеге боларлық белгісі қалды. Ай­талық, ұлы Абай тойында Жидебайда дала кемесі іспеттес Абай-Шәкәрім кесенесі,Семейде қала ішіндегі ақшаңқан қа­ла­шыққа айналған  ақын мұражайы ашылып, жоғарыда ай­тыл­ған "Абай" журналы  қайта шығарыла бастаса, Мұхтар той­ында "Алаш арыстары" атты  мұражай салтанатты жағ­дай­да бой көтерді. Мұның сыртында Семей картасында Әли­хан, Ахмет, Міржақып, Мағжан көшелері пайда  болды. Рас, со­ның қайсы бірі өз иесінің атынан олқы түсіп жатқаны да бар. Бірақ барға шүкір дейік, көш жүре түзелер  дегенге сеней­­ік. Осы орайда,жергілікті басшылардың құлағына алтын сыр­ға ретінде кезінде Семейде Алаш көсемдері қызмет  іс­теген, тұрған үйлерге белгі қоюды енді кешеуілдетудің жөні  жоқ деймін.

Соның бәрі елдігімізге сын. Тәуелсіз ел екендігімізді ең алдымен өзіміз  ескеріп, ең алдымен өзіміз марқаялық. Сонда қуанышымыздың ұзағынан сүйіндіретіні сөзсіз. Тегінде "өлі риза болмай, тірі байымайды" деп жататын халықпыз ғой. Ал Алаш арыстары ту тіккен жер осы Семей болғандықтан, оларға құрмет ең алдымен семейліктер тарапынан жасалып жатқаны игі. Қалай десеңіз де, Алаш арыстары аңсаған асыл арман -  ел  тәуелсіздігі осындай-ақ болар.

Әңгімелескен Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ

СЕМЕЙ

26 қыркүйек 2001 жыл.

«Егемен Қазақстан» газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1475
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3249
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5458