Лаң салған Ресей барлаушылары
Чехия мен Ресейдің арасы қатты ушығып кетті. Оған әсер еткен Чехияның ресейлік 18 дипломатты елден шығаруы болып отыр. Оларды Прага Ресей мүддесіне тыңшылық жасады деп айыптауда. Алайда жағдайдың тіпті күрделі, тіпті қауіпті екені 2014 жылғы жаралыстармен байланысты екенінен-ақ аңғаруға болады.
2014 жылы 16 қазанда және 3 желтоқсанда Чехияның Врбетице қаласында оқ-дәрі сақталған қоймада екі жарылыс болды. Бір қоймада 100 тонна, екіншісінде 7000 тонна оқ-дәрі болған. Жарылыстың жойқындығы соншалық, ауданды сілкіндіріп жіберген, 2 адам қаза тапқан. Бастапқыда жарылыс қоймадағы қауіпсіздік шаралары сақталмағандықтан орын алды деген болжам айтылды. Алайда тексерушілер тарапынан «қалайша екі қоймада араға екі ай салып жарылыс болды және онда сақталған зымырандар алыс қашықтыққа жететін зымырандар еді», - деген күдік туындайды. Көп ұзамай жарылысқа ресейлік барлау қызметінің азаматтарының қатысы бары анықталды.
Чехия қауіпсіздік органдары жарылысқа Ресейдің Барлау Басқармасының барлаушылары Анатолий Чепига мен Александр Мишкиннің қатысы бар деп отыр. Олар қоймаға кіру үшін рұқсатнамада аттарын Руслан Боширов пен Александр Петров деп жаздырған. Ал Чехияға Николай Поп және Руслан Табаров деген паспортпен кірген. Осылайша олар өздерінің шынайы есімдерін жасырған. Бұл туралы 17 сәуірдегі пресс-конференция барысында Чехияның премьер-министрі Андрей Бабиш хабарлады.
Бұл айыптауды Ресей тарапы «негізсіз және өтірік», - деп атап, Ресейдегі Чехия елшілігінен 20 дипломатты елден шығаратынын мәлімдеді. Олар 24 сағаттың ішінде елден кетуі тиіс. Ресейдегі Чехия елшілігінде 5 дипломат қана қалатын болды.
Алдын-ала болжамдарға сай, Ресей барлаушылары Чехияның оқ-дәрі қоймасынан Украинаға қару-жарақ тасымалы болуы мүмкін деген ақпаратты иемденіп, жарылыс ұйымдастырған. Бұл іс бойынша Прага ЕО елдерімен талқылау өткізбек. Сарапшылар Чехияның Ресейге санкция салуы мен дипломатиялық қатынасты үзу мүмкіндігін жоққа шығармайды.
Abai.kz