Путиннің жолдауы, халықтың «қолдауы»
2021 жылдың 21 сәуірі Ресей тарихында Путиннің жолдауы мен Навальный жақтастарының ауқымды наразылық акциясын ұйымдастыруымен қалды. Путиннің Федералдық кеңес алдындағы жолдауы 1 сағат 18 минутқа созылды. Онда Путин елдегі әлеуметтік жағдайға, сыртқы саясат пен пандемиямен күреске назар аударды.
«Бүгінгі күні демография бойынша жағдайымыз өте күрделі. Өкінішке орай, шындық осындай. Бұл шындықты мойындап, сол бағытта жұмыс істеуіміз керек. Біздің стратегиямыз халықтың өсімі қалыпты деңгейге жетіп, 2030 жылы орташа жасымыз 78 жасқа дейін жетуі тиіс», - деді Ресей басшысы.
Ресейде 2020 жылы өлім көрсеткіші туу көрсеткіші мен көшіп келгендердің санын қосқаннан екі есе көп деңгейге жеткен. Мұны демографияда «қара құрдым» деп атайды. Ресей 1990 жылдан бері демографиялық қара құрдымда келе жатыр. Демографтардың мәліметінше, Ресей халқының саны еңбек мигранттарының санымен сақталып тұр. Ал туу көрсеткіші Кавказ аймағы мен ислам дінін ұстанушылар арасында славян халықтарынан үш есеге жоғары. Демек Путин демографиялық өсімге қатысты ойы ең алдымен славян халықтарының өсіміне қарата айтылғаны анық.
Путин балаларды қолдауға көп көңіл бөлуде. Оны бұған дейін «Ана капиталын» арттырудан-ақ, түсінуге болады. Кешегі жолдауында да балаларға қатысты өзгерістер енгізгенін айтты. «Әкесі немесе анасы ғана бала өсіріп отырған отбасыларды қолдауымыз керек. Сондықтан, сондай отбасында өсіп келе жатқан 8-16 жастағы балаларға 1 шілдеден бастап арнайы жәрдемақа төленетін болады. Оның көлемі айына 5650 рубльді құрайды», - деді ол. Путин балаларды мектепке дайындау үшін мемлекет 2021 жылы бір реттік жәрдемақы беретінін айтты. Оның көлемі 10 мың рубль болмақ. Бұл біздің ақшаға шаққанда 56 мың теңгені құрайды. Бір реттік жәрдемақыны 17 млн баланың алуына мүмкіндік жасалатын болды. Балаларды қолдау саяси аренада үлкен саяси технологияның бірі болып табылады. Путин бұл әдісті соңғы жылдары жиі қолданып келеді. 2021 жылдың Жаңа жылында Ресейдегі әр балаға сыйлық ретінде 5 мың рубльден таратып шыққаны бар. Бұл да саясат.
Әдеттегідей Путин сыртқы саясатты да айта кетті. Сөздері бұл тұрғыдан нақты қадамдарға емес, эмоцияға толы болды. Оның сөздерінен ішкі аудиторияға бағытталғанын аңғару қиын емес. «Біз әлемдік қауымдастықтың барлық қатысушыларымен жақсы қатынас ұстанғымыз келеді. Алайда біз шынайы тұрғыдан не болып жатқанын көріп отырмыз. Ресейді еш себепсіз анда да, мұнда да кінәлап, соқтығып жатыр. Олардың маңында Шерханның маңына жиналған Табаки сынды «шакалдар» қаптап жүр. Тура Киплингтің ертегісіндегідей, басшысына жағыну үшін өзгені кінәлап жатыр. Киплинг ұлы жазушы болған», - деді Путин. Жалпы Киплингті Путин сыртқы саясатты және ішкі наразылық акцияларын сипаттау үшін жиі қолданады. 2011 жылы Мемлекеттік Дума сайлауынан кейін болған наразылық акцияларын сипаттау барысында да Киплингтің сөздерін қолданған болатын. Путин Ресейдің қысымға көнбейтінін, себепсіз соқтыққандарды өкіндіретін де айта кетті.
Осылайша Путиннің жолдауы аяқталды. Жолдауды халықтың «қолдауы» да ерекше болды. Мыңдаған Навальный жақтастары Қиыр Шығыстан Петербургке дейінгі аралықта «Путин ұры», «Путинсіз Ресей» ұрандарымен жолдауға өз «қолдауларын» білдірді. Жалпы Ресей бойынша ондаған мың адам наразылық акцияларына шықты. Рекордты Мәскеу мен Петербург қалалары көрсетті. Наразылық акциясын ұйымдастырып, Навальныйға бостандық сұрағандар акцияны алдағы таңда жалғастыратынын, күн жылығанда алаңға топтасып, шатыр құратынын жеткізді. 21 сәуір Ресей үшін осылай өтті.
Асхат Қасенғали
Abai.kz