Сенбі, 23 Қараша 2024
5296 24 пікір 26 Сәуір, 2021 сағат 13:34

Атом азабынан құтқарған Азаттық!

Қазақстан атом бомбасының азабын әбден шеккен ел, ал қазақ уранның уына әбден уланған халық. Әлемде ядролық қарудың зардабын қазақтай шеккен ұлт жоқ. Хиросима мен Нагасаки халқына тасталған ажал отынан мың есе қуатты қару түрлері біздің сайын даламызды сарғайтып, өкпемізді улап, қырық жыл бойы қан түкіртті. Азаттықтың арайлы таңы атқанша қазақ даласы сынақ алаңына айналды. 1991 жылдың 16-желтоқсаны тек қана тәуелсіздікті бекіткен күн емес, сондай-ақ атом уынан азаттықты мәңгі алған күн ретінде де тарихта қалады.

Алғаш рет қазақ даласында ядролық қару 1949 жылы сыналды. Кеңес билігі АҚШ-тың қуатты қаруға ие болғанын көргеннен кейін, жаппай қарулану бәсекелестігінде артта қалмау мақсатында ядролық қаруды жылдам жасап, Қазақстанды сынақ алаңына айналдырды. 1949 жылы 29-тамызда 22 килотондық ядролық бомба Шығыс Қазақстанды дүр сілкіндірді. Абай туған өлкенің азапты да ажалды кезеңі солайша басталды. Семей ядролық сынақ алаңы еліміздің солтүстік-шығыс өлкесінде орналасып, 18000 мың шаршы шақырымды алып жатты. Ядролық сынақтардың 40 жыл ішінде Семей сынақ алаңында 460 жарылыс жасалды. Ядролық жарылыстарды жасаған әскерилер мен ғалымдар әр сынақты ауқымды әрі көлемді етіп жасауға мүдделі болды. Сондықтан сынақтар ауада, жер бетінде, жер астында өтіп жатты. Мыңдаған адам оның зардабын білместен, дәл сынақ алаңының қасында күг кешті. ;Ғалымдар Шығыс Қазақстанның радиациялық улануы алдағы мың жылдықта да кете қоюы екіталай деген пікір білдіруде. Себебі 55 ауадағы және 169 жер астындағы сынақтардың радиациясы барлық кеңістікке тарап, суға, топыраққа сіңіп қалған. Бомба құрамындағы зиянды заттар мыңдаған жылдар бойы сақталатын қасиетке ие. Ядролық қарудың орасан зор зардабы жайлы көпшілікке айтылмады. 50-жылдардың ортасында еліміздің шығысы мен солтүстігінде обыр дертіне шалдыққандар саны күрт артты. Балалар өмірге мүгедек болып келе бастады. Соған қарамастан кеңестік билік шындықты жасырып қалды. Ал сынақ жұмыстары 1989 жылға дейін жалғаса берді.

Ядролық сынақтарды тоқтатуға қатысты белсенділік 80-жылдары өз бастауын алды. Алғашқылардың бірі болып көрнекті ғалым Сайым Балмұқанов топ бастады. Оның ғылыми еңбектеріне тыйым салу, ғылыми жұмысына кедергі келтіру, қарсылық білдіру, партия тарапынан қудалау жұмыстары жүргізілді. Сайым Балмұқанов Қазақстандағы ядролық қарудың сынағын, 1950-жылдардағы сынақтың кері әсерін ғылыми тұрғыдан зерттеп, көпшілікке айта бастаған болатын. 1989 жылы елімізде әйгілі «Невада-Семей» натиядролық қозғалысы құрылды. Оның басында белгілі жазушы Олжас Сүлейменов тұрған болатын. Олжас мыңдаған халықтың алдында: «Біз, Қазақстан және Невада штатының тұрғындары, өз тарапымыздан алаңдаушылық білдіріп, ядролық сынақтарды жүргізуге қарсы екенімізді айтамыз. Қазіргі және келешек ұрпақтың саулығы үшін, біз ядролық сынақ алаңдарын жабуға шақырамыз. Біз ядролық қару жасау мақсатындағы өндірістерді тоқтатуды талап етеміз» деп ұрандады. Қозғалыс әлем бойынша үлкен қолдауға ие болды.

Қозғалыстың белсенділігін көрген басшылар нақты шешім қабылдады. 1991 жылдың 29-тамызы күні Нұрсұлтан Назарбаев Семей ядролық сынақ алаңын ресми түрде жабу туралы жарлыққа қол қойды. Артынша дәл осы күн БҰҰ тарапынан мойындалып, әлемде ядролық қаруды таратпау туралы күн ретінде аталып өтуде. Қазақстан өз аумағындағы ядролық қарудан бас тартып, 1995 жылға дейін толық жоюға мүмкіндік алды.

Қазақстан ядролық қарудан бас тартса да, ядролық сынақтардың зияны әлі де миллиондаған адам зардабын шегіп келеді. Радиацияның салдарынан ресми дерек бойынша 3 млн адам зардап шеккен. Ал бейресми деректер ондаған миллион деген ақпаратты көрсетуде. Себебі радиация көршілес мемлекеттерге де тарап кеткен.

Қазақстан азаматтарын ядролық сынақтар ғана емес, жат жердегі жарылыс та радиация уына тұншықтырды.

1986 жылы 26 сәуірде адамзат тарихындағы бейбіт атомды игеру саласында алапат апат болды. Чернобыль АЭС-інде жарылыс болып, радиация ауаға тарап кетті. Сарапшылар бұл апатты адамзат тарихындағы ең ауқымды он апаттың қатарына жатқызады. Апаттың шынайы себебі мен оның зардабына қатысты толық мәлімет әлі күнге дейін берілген жоқ.

Чернобыль АЭС-нің алғашқы блогы 1970 жылы салына бастады. АЭС жұмысшыларына арнап Припять қаласы тұрғызылды. 1977 жылдың 27 қыркүйегінде алғашқы энергия блогы іске қосылды. Артынша тағы үш блок салынды. 1986 жылдың 26 сәуірінде 4-ші блокта жарылыс болды.

Тікелей жарылыстан бір адам қаза тапты. Ол оператор Валерий Ходемчук болатын. Ал жарылыс салдарынан денесін күйік шалған инженер Владимир Шашенок бір күннен соң көз жұмды. 27 сәуірден бастап АЭС-ке жақын аймақтың халқын қауіпсіз аймаққа көшіру жұмыстары басталды. Алғаш болып 47 мың халқы бар Припять қаласы көшірілді. 1986 жылдың мамыр айында АЭС маңындағы 188 елді-мекен халқы қауіпсіз аймаққа көшірілгені белгілі, олардың жалпы саны 116 мың адамды құрайды.

Жарылыс салдарынан басталған өртті сөндіру қиынға соқты. Қызыл жалын 10 күн бойы өрт сөндірушілерге бағынбай, ауаға ауқымды көлемде радиация шашты. Радиациялық ластануға шамамен 200 мың шаршы шақырым аумақ ұшырады. Оның 70% территориясы Украина, Белоруссия мен Ресейге тиесілі болатын. Бір апта өткеннен кейін Чернобыльдың радиациясы одақтың басқа елдерінен де анықталды. Кейіннен радиациялық ластануға КСРО-ның Арктикалық бөлігі, Норвегия, Финляндия мен Швеция елдері ұшырағаны белгілі болды.

Чернобыль апатынан тікелей қаза тапқандар саны 31 адамды құрайды. Апат салдарын жоюға 600 мың адам қатысқан, оның ішінде 32 мыңы қазақстандық. Сарапшылардың айтуынша 8,4 миллион адам радиация зардабын шеккен. Чернобыль зардабын жоюға қатысқан 32 мың қазақстандықтың қазіргі таңда тек қана 7 мыңнан астамы тірі. Апат зардабынан миллиондар обыр дертіне шалдыққан дейді экологтар, алайда ресми Мәскеу ол фактілерді мойындамай келеді.

Ресей мен Украина билігі Чернобыль жарылысына қатысты құжаттарды құпия сақтауда. «КГБ-ның Чернобыль бойынша ісі. Құрылыстан жарылысқа дейін» атты кітапта бұл жайында толық жазылған. Кітапқа енген 229 құжаттың ішінде жарылысқа қатысты болжамдар, билік өкілдерінің пікір алмасуы, зардабын жасыруға қатысты нұсқаулықтар енген.

Қазақстан атом зардабын ең көп шеккен мемлекет. Елімізде 1949 жылдан бастап КСРО құлағанға дейін 500-ге жуық ядролық бомбаны сынақтан өткізу іске асты. Жарылыс салдарынан миллиондаған қазақстандық зардап шегіп, мүгедек болып қалды. Еліміздің шығыс бөлігі әлі күнге дейін обыр дертінен көш бастап тұр. Артынша Чернобыль зардабын жоюға тағы 30 мыңнан астам қазақстандық қатысты. Олардың көпшілігі радиациялық сәуленің зардабын шекті. Сондықтан қарапайым қазақстандықтардың түсінігінде атом энергиясы қасірет, індет сөзімен синонимдес екені жасырын емес.

Соңғы жылдары Ресей тарапынан Қазақстанға АЭС салу бойынша ұсыныстар жиі түсуде. Мысалы 2021 жылдың 10 ақпанында Ресей елшісі: «Қазақстанға әлемдегі басқа елдер сияқты таза энергия қажет. Осы саладағы ең тиімді шешімдердің бірі - атом электр станциялары. Электр энергиясының тапшылығын ескере отырып, АЭС салу Қазақстан үшін өзекті тақырыпқа айналуда. Росатом зауыттың қауіпсіздігі мен экологиялық тазалығына кепілдік бере отырып, бұл жобаны қабылдауға дайын. Кейбір ақпарат құралдарында таратылған орыс атомы туралы фобиялардың шындыққа жанаспайтынын атап өткім келеді. Ресейлік АЭС-тарда қолданылатын ең заманауи технологиялар құрылыс кезінде де, осы объектілерді пайдалану кезінде де қауіптің болмауын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, АЭС жобасы электр энергиясынан басқа Қазақстан экономикасының көптеген салаларына серпін береді, білікті жұмыс орындарын ашады және ядролық физика саласындағы жоғары білім сапасын арттырады»,- деген еді.

Ресей елшісі Мәскеудің Қазақстанға АЭС салынуын қалайтынын қылқылдап, тықпалауын тоқтатқан емес. 2021 жылдың 20 сәуірінде Ресей елшісі Алексей Бородавкин: «Қазақстан атом электрстанциясын салу туралы шешім шығарса, Ресей салуға дайын»,- деп тағы да мәлімдеді. Алайда Қазақстан халқы АЭС-ке өз қарсылығын білдіріп келеді. АЭС-ке қатысты ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы Қазақстанда атом электрстанциясын салу жоспарда жоқ екенін, АЭС салу қажет болса референдум арқылы халық шешетінін айтқан еді.

Қазақстанды атом азабынан құтқарған азаттық атты баға жетпес құндылық. Біз кез келген ядролық өнімге үлкен жауапкершілікпен қарап келеміз. Тіпті бейбіт атомның өзіне де. АЭС салу бойынша мәселені де сол бағытта анықтауға мүдделіміз.

 

Abai.kz

24 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5353