Шикізатқа деген шикі көзқарасты өзгерту қажет...
Осыдан тұп-тура екі жыл бұрын елімізде Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде «Пош-Тараз» фабрикасы ашылғанда «енді жүн өртемейтін болдық, ауыл-аймақтарда тау-тау болып өртеліп жатқан жүн мен тері кәдеге жарайтын болды» деп үміттенгеніміз рас. Негізінен, аталмыш фабриканың кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының ақпараты бойынша, фабрика цехтары өз базасында топс өндіру жобасын ұйымдастыруы тиіс. Жобаны іске асыру құны - 1,1 млрд теңге. Өндірістің қуаттылығы жылына 873,6 тонна топс өндіру болатын.
Құн есебінде бұл - 838,7 млн теңге. Фабрика базасында 100-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылған.
Жалпы, топс - бұл өндірісте таралған және жұқа иірілген шұға жіп, жартылай дайындалған жүн иіру өндірісінің өнімі. Топ өндірудегі шикізат қойдың жуылмаған жүні болып табылады. Әттеген-айы, бүгінде осы топс шығаруға шикізатқа зәрулік туындап отыр. Осыдан барып жоғарыда аталған фабриканың өнім шығару қуаттылығы да күрт төмендеген.
Осыдан тұп-тура екі жыл бұрын елімізде Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде «Пош-Тараз» фабрикасы ашылғанда «енді жүн өртемейтін болдық, ауыл-аймақтарда тау-тау болып өртеліп жатқан жүн мен тері кәдеге жарайтын болды» деп үміттенгеніміз рас. Негізінен, аталмыш фабриканың кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының ақпараты бойынша, фабрика цехтары өз базасында топс өндіру жобасын ұйымдастыруы тиіс. Жобаны іске асыру құны - 1,1 млрд теңге. Өндірістің қуаттылығы жылына 873,6 тонна топс өндіру болатын.
Құн есебінде бұл - 838,7 млн теңге. Фабрика базасында 100-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылған.
Жалпы, топс - бұл өндірісте таралған және жұқа иірілген шұға жіп, жартылай дайындалған жүн иіру өндірісінің өнімі. Топ өндірудегі шикізат қойдың жуылмаған жүні болып табылады. Әттеген-айы, бүгінде осы топс шығаруға шикізатқа зәрулік туындап отыр. Осыдан барып жоғарыда аталған фабриканың өнім шығару қуаттылығы да күрт төмендеген.
Жалпы, байыбына үңілсек, соңғы 10 жылда елімізде қой жүнінің өндірісі үш есеге төмендеген. Әсіресе биязы жүн өндірісі тоқырап қалды. Оның өндірісі үш жылда сегіз есеге кеміген. Мамандардың пайымдауынша, елімізде бар биязы жүн тек экспортқа ғана кетіп жатыр. Мұның басты себебі - бір кезде жұмыс істеп тұрған көптеген жүнді алғашқы өңдеу фабрикасының (ПОШ) жабылуы. Бұған қоса елдегі мал басының күрт төмендеуі де бұл саланың дамуына кері ықпал етуде.
Бұл ретте ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор Аман ШОТАЕВ:
- Негізінде, елде жеңіл өнеркәсіп саласы дамуы үшін, алдымен, оның шикі өнімі молаюы керек. Мысалы, жеңіл өнеркәсіпке бірден-бір қажетті сала - қой шаруашылығы жоғары деңгейде өркендеуі үшін кез келген елдің қойды ұрықтандыру, азықтандыру және технологиялық қабілеті мығым болуы қажет. Осы үш түйін бір-бірімен біте қайнасып жатқан кезде ғана бұл сала үнемі өз биігінде тұрады. Өкінішке қарай, біздің елімізде аталмыш шаруашылықты дамытатын жаңағы үш түйін мүлде сын көтермейді. Бізде малды ұрықтандыру, азықтандыру ісінде қуаттылығымыз аса мәз емес. Қазірде дүниежүзінің дамушы және дамыған елдері бұл салада небір қуатты технологиялардың көмегімен мал тұқымын асылдандыруда әр қилы жаңашылдықтарға қол жеткізуде. Ал біз керісінше, әлі де сол бейқам, марғау қалыптан арыла алмай отырғандаймыз. Ең қызығы, бізде жаңашылдыққа ұмтылу бар. Десек те, оны әрі қарай жетілдіруге келгенде самарқаумыз, - дейді.
Расымен де, малды асылдандыруға қатысты маман пікірінің жаны бар екені даусыз. Бұған қатысты мысал етсек, заманында кеңес өкіметі орнай сала бәріміз күн көсем санаған Ленин екі декрет қабылдапты. Оның бірі жер мәселесіне қатысты, екіншісі меринос қойларды өсіруге қатысты. Соның ішінде Ленин қабылдаған декретте қойды будандастыру жайы айрықша көрсетілген. Осы құжатты орындау қажеттігінен қылшық жүнді қойды будандастыру арқылы биязы жүнді қойдың басын көбейту сол заманның қажеттілігі болды. Өйткені биязы жүнді қойдың жүнінен киім-кешек тігу, сапалы мата алу, оны экспортқа шығару оңтайлы еді. Ал қазақтың қылшық жүнді қойының жүні киіз басуға, кілем тоқуға, әртүрлі үй бұйымдарын жасап дайындауға ғана жарайтын-ды. Осындай үрдістер кеңестік дәуірде жеңіл өнеркәсіп саласын өркендетуге өзіндік оң ықпалын да тигізді.
Мәкен ТОЙШЫБЕКОВ, мал шаруашылығы ғылымының докторы, профессор:
- Мен мәселені әріден тарқатайын. Баяғыда, кеңес өкіметі тұсында Қазақстанда 22 түрлі қойдың тұқымы өсірілген екен. Ал енді қазір асыл тұқымды мал тұқымын көрсетіп, мақтана алатындай дәрежеміз төмен. Әрине, біздің Үкіметіміз биязы жүнді қойларды, меринос қойларды өсірушілерге жеңілдіктер қарастырып отыр. Бірақ мұның өзі жүйелі емес. Бұл - отандық жүн өндірісін, жеңіл өнеркәсіп саласын дамытудың алғышарты ғана. Болашақта республиканың тоқыма өнеркәсібін тұтастай жандандыру жоспарланып отыр. Бұл - жан-жақты пайдалы әрі тиімді бастама. Қазірде әлемдік нарықта топстың бір келісі 9-10 АҚШ доллары тұрса, таза иірілген жүннің құны 9,5-16 долларға тең. Сондықтан тоқыма фабрикаларын құру - Қазақстанда биязы жүн өндірісін дамытудың келесі кезеңі. Тоқыма фабрикаларын құру арқылы біз отандық өңдеу өнеркәсібіне жол ашамыз. Өңдеу өнеркәсібінсіз Қытай, Ресей сияқты белсенді шетелдік алыпсатарларға тәуелді болып қала береміз. Сондықтан биязы жүнді өңдеп, топсқа айналдыру кәсіпорны мен елдегі шұға комбинаттарын қалыпқа келтіруге мемлекеттік тұрғыда маңыз беру керек. Өйткені дайын өнім экспорты жай ғана жүн экспортына қарағанда түсімді арттырмақ...
Міне, көшті түзейтін осы төрт бағытты жетілдіруге назар аударылғанда аталмыш салаға өзіндік серпін берілмек. «Бастысы, шикі өнімге деген шикі көзқарасты өзгерту қажет. Олай етпесе, мемлекет ұтылады. Сондықтан ұпайымызды түгендеу үшін тері-жүн өнеркәсібін тезге салатын кезең әлдеқашан жеткенін мемлекеттік тұрғыда ұғынатын уақыт болды», - дейді мамандар.
Ойтүйін
Жалпы, мамандардың пайымдауынша, егер біз елде жеңіл өнеркәсіп саласындағы даму қадамын арттырамыз десек:
а) мәселенің тереңіне үңіліп, шикізатқа қажеттілікті өтеу үшін алдымен биязы жүнді қой өсіруге, мал тұқымын асылдандыруға мән бергеніміз жөн;
ә) бұдан соң елдегі шұға комбинаттарының, фабрикалардың жұмысына мемлекеттік қолдау қажет;
б) өндірістік формула «шикізат-тауар» екенін ұмытпаған жөн, ол үшін ауыл және аудан көлемінде шағын кластерлер жасақтау қажет, олар жергілікті жерлерде өндіруге тиімді ауыл шаруашылығы шикізатын тұтынушыларға тиімді бағамен жеткізу саясатынан тұрады;
в) сол құрылған шағын кластерлер (микрокластерлер) арқылы мемлекеттік тапсырыс беру шағын өндірістер мен сервистік қызметтердің бірігуіне жол ашады, бұл шаруашылықтарды ірілендіруге де ықпал етпек.
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ
«Алаш айнасы» газеті