Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
46 - сөз 8820 13 пікір 30 Сәуір, 2021 сағат 14:29

Дос Көшім: Жер - қазақ халқынікі

Мемлекет – жерді реттеуші ғана

Сәуірдің 24-күні Жер реформасы жөніндегі комиссия соңғы мәжілісін өткізді. Комиссия мүшелері дауыс беріп, Қазақстанның азаматтарына жерді сату мен жерді жеке меншікке беруге 5 жылға мораторий жариялау жөнінде шешім қабылдады. Сөйтіп, президент Тоқаевтың тапсырмасымен құрылған Жер комиссиясы жер дауын толыққанды шеше алмады. Бұл – қазақ үшін үмітінен күдігі көп мәселеге айналатын түрі бар. Олай деуіміздің де өз себебі – «орман өсіру үшін» деген желеумен басқа мақсаттағы, тіпті жарамсыз жерлерді шетелдіктерге жалға беруді заңмен бекітіп алу.

Жер мәселесі жөніндегі шырғалаңның жай-жапсары жөнінде ой-пікір бөлісу үшін Жер комиссиясының мүшесі, белгілі қоғам қайраткері Дос Көшім мырзаны сұхбаттасуға шақырған едік. Сондағы әңгіменің егжей-тегжейі төмендегідей болды.

– Дос мырза, сонымен Жер комиссиясы жер жөніндегі заң жобасының даулы баптарына қатысты 5 жылға мараторий жариялауға ұсыныс жасады. Жеркомның өткен сенбідегі отырысында қабылданған осы шешімнің жай-жапсары қалай болғанын газет оқырмандарына айтып берсеңіз.

– «Жай-жапсары» дәл бұрынғыдай болды. Комиссияның үшінші отырысында мен «Алдымен 2016 жылғы халықты көшеге шығарған екі мәселені – жерді қазақстандықтарға да, шетелдіктерге де жеке меншікке бермеу, жерді ұзақ мерзімге шетелдік компанияларға жалға бермеуді – шешіп, сол мәселеге нүктесін қойып алайық, халық соны күтіп отыр» деген ұсыныс айтқан болатынмын. Бірақ неге екенін білмеймін, бұл мәселе төртінші отырыстың күн тәртібіне кірмек түгілі, хаттамаға да ілікпей қалыпты. Алайда сол төртінші отырыста-ақ бірнеше азамат жерді жеке меншікке беру қажеттігін қозғай бастады. Сондықтан болуы керек, менің ұсынысым жұмысшы топтардың талқылауына жататын мәселелерінің ішіне еніпті. Сондықтан өзім мүше болып отырған жұмысшы тобының жиыны басталмай жатып, «бұл мәселені жалпы отырыста талқылау қажет» деген ұсыныс тастадым. Экономикалық мәселе жөніндегі жұмысшы тобының мүшелері де осындай шешімге келіпті. Сонымен сенбі күнгі отырыста бәріміз де «картамызды ашатын» болдық.
Меніңше, әлеуметтік желіде бұл пікірталастың қалай өткенін асықпай қарап шығуға болады ғой деп ойлаймын. Сондықтан кімнің не айтқаны көзі ашық оқырмандарға таңсық емес шығар. Ашығын айтқанда, екі жақ та осыдан төрт жарым жыл бұрынғы, алғашқы Жер комиссиясындағы дәлелдерді қайталаған сияқты.

– Мораторий мәселесіне қарсы шығып, жерді сату мәселесін тықпалағандар болды ма?

– Алғашында мораторий туралы әңгіме мүлдем айтылмады. Ал жерді жеке меншікке беру керек деген комиссия мүшелері аз болған жоқ. Ең бірінші сөз алған ауыл шаруашылық министрі /Сапархан Омаров/ биліктің мақсатын – жерді жеке меншікке беру мәселесін барынша қорғап бақты. Оның соңынан орыстілді комиссия мүшелері де ілесе жөнелді. Ең бастысы, жерді жеке меншікке беруді Оңтүстік Қазақстан мен Қызылорданың азаматтарының қолдағаны «қызық» болды. Меніңше, кейбіреулер түсініп қолдаса, енді біреулер жерді меншікке берудің ертең қандай мәселеге алып келетінін білмей де қолдаған сияқты.

– Әлеуметтік желілерде Жеркомның отырысында Дос Көшім жақсы сөйледі деген пікір жүр. Сіздің сол «жақсы сөзіңіздің» мазмұнын біз де естілік...

– Мен өзімнің жерді жеке меншікке бермеу туралы пікірім мен дәлелдерімді 2016 жылғы Жер комиссиясында комиссия мүшелеріне де, көпшілікке де жеткізгенмін. Осы отырыста бұл мәселеге басқа қырынан келдім: Біріншіден, 90-жылдары ауыл шаруашылығы жерлері ауыл адамдарына – егін егіп, мал баққан шаруаларға, қысқасы, жермен жұмыс істеп, нандарын тауып, мемлекетке салығын төлеп жүрген жандарға таратылды. Бұл, мүмкін, жалпы халықтың 40-45 пайызы болар. Біздер, қалада тұратын азаматтар, «бұл жерді біздің де ата-бабамыз қорғады, неліктен маған ұлтарақтай жер тимейді» деп айқай шығарып, жерге таласқан жоқпыз. Себебі – жермен тікелей жұмыс істемейміз. Ал егер жерді меншікке беріп, оны сатуға шығаратын болсақ, қазақ жеріндегі барлық ауыл шарауышылық жерлерін қайта бөліске салып, 18 миллион адамға бөліп берейік. Әділдіктің басты шарты – теңдікте, демек, жерді де теңдей бөлісейік. Қазір жердің бір гектары 400 доллар тұрады десек, біздер де 30-40 гектар жер алып, оны сатып, бір жетісіп қалайық дедім.

Екіншіден, жер – тауарға айналғанда, нарыққа шығатынын, оны сатып алған адам онымен жұмыс істемейтінін, пайдаға жаратпайтынын, тек ұстап отырып, баға көтерілгенде – саудаға салып, сатып жіберетінін айттым.

Үшіншіден, ауылдағы малшылар мен егіншілердің жердің әр гектарын 400 доллардан сатып алатын ақшалары жоқ екенін айттым.

Ең соңында, Конституциядағы «жер – мемлекеттің меншігі» деген анықтамамен де келіспейтінімді де жеткіздім. Жер – қазақ халқынікі. Мемлекет – жерді реттеуші ғана. Жер мемлекеттің меншігі болғанда, мемлекет оны кез келген уақытта басқа елдерге беріп жібере алады. Оны тарих талай рет дәлелдеген. 1925 жылы – Орынборды Ресейге берген, 1937 жылдары – Аралдың 71 пайызын, 1954-60 жылдары – Оңтүстік Қазақтанның үш ауданын Өзбекстанға берген де біздің мемлекет. Біздің республиканың Жоғарғы Кеңесінің шешімімен берілген. Сондықтан жер – мемлекеттің меншігі болмауы керек дегенді айттым.

Меніңше, 90-жылдардан бастап, бүгінге дейін жердің қалай бөлінгенін, кімдердің қолына қалай өтіп кеткені туралы бастан-аяқ тексеріс жүргізетін уақыт та туған сияқты. Бұл жердегі болған, болып жатқан әділетсіздік, жемқорлық, заңсыздықтар шаш етектен...

– Жалпы, Доске, сіз қалай ойлайсыз, халықтың наразылығына қарамай, жерді сату және шетелдіктерге жалға беру мәселесін тықпалаудың саяси астарында қандай қитұрқы жатыр?

– Бұның саяси астарында қазақ жерін сатуға шығару, сол арқылы пайда табу мақсаты жатыр.

– Ал егер елде адал сайланған әділетті билік, жемқорлық пен парақорлықтан таза өкімет болған жағдайда біз бастан кешіріп отырған қазіргі нарық экономикасының бір атрибуты ретінде жерді сауда-саттық нысанына айналдыруға болар ма еді? Халықтың наразылығы – бүгінгі әділетсіз билікке деген сенімсіздіктен туған қарсылық деп айта аласыз ба?

– Жақсы сұрақ. 2016 жылғы Жер комиссиясындағы бір сөзімде: «Премьер-министрден бастап, билет сататын кассирге дейін жемқорлық жайлаған елде ешқандай реформа жасауға болмайды» дегенмін. Әрине, билікке деген сенім жоғалған уақытта олардың көтерген кез келген мәселесінің астарынан «халықты алдап кету» жатқан сияқты... Алайда өз басым, қазіргі кезеңде қандай билік келмесін, қазақтың жерін меншікке беруді қолдамаймын. «Егер елде адал сайланған әділетті билік» болса, олар жерді сату мәселесін күн тәртібіне шығармас та еді деп ойлаймын.

– Жер жөніндегі заңның жобасы мәжілісте талқыланған кезде «Нұр Отан» партиясының депутаттары билік ұсынған жобаны қорғаштап баққанын байқаған боларсыз? Ал бұл партияның көсемі Нұрсұлтан Назарбаев екенін ескерсек, жерді сату және шетелдіктерге жалға беру жобасын кім тықпалап отырғаны сізге айдан анық болмай ма?

– Жоқ. Барлығын Елбасыға жауып, басқаларды сүттен ақ, судан таза ету – қате пікір деп ойлаймын. Әрине, тарихта жеке тұлғалардың рөлі деген бар, бірақ бұл – билік, ал билік бір адамнан тұрмайды. Бұл – жүйе. Жүйе де бір адамнан құрылмайды. Бұл – заң шығарушы органы бар, өзіндік идеологиясы бар, оны атқаратын құрылымы бар бүтін бір жүйе.

– Бұл жүйені 30 жыл бойы құрған адам – Нұрсұлтан Назарбаев екені айдан анық қой...

– Өкінішке орай, осы жүйені құрған адамдар, осы жүйеге қызмет еткен жандар – оппозициямыз деп жүрген топтың да басында отыр. Әрине, оларға бір адамды кінәлі етіп, бәрін бір адамға таңып, өздері таза болып қалу – аса қолайлы тәсіл. Өздерінің партияларын өздері таратып, билікті басып алған топ – бір адамнан тұрмайды. Жерге көздерін алартып отырған да осы жүйе. Әлде жерді жеке меншікке беру туралы ұсынысы алғашқыда өтпей қалып, өз еркімен отставкаға кеткен Иманғали Тасмағамбетовтың кінәсін де Назарбаевқа жабамыз ба? Мүмкін, жерді меншікке беру заңын өткізген, өзіңіз айтып отырған парламент депутаттары да кінәдан ада шығар. Сондықтан өз басым жерді саудаға салып отырған – біздің билік деп түсінемін.

– Кезіндегі кеңестік идеологияның ұранын өңін айналдырып айтқанда, «Билік дегенде – Назарбаев, Назарбаев дегенде – билік» болып шығады, Доске! Дегенмен, елдегі жер дауының өршіп кетуі Қытайдың экономикалық экспансиясы мен Ресейдің қазақ жеріне деген көзалартуына да байланысты деп айта аласыз ба?

– Жоқ. Айта алмаймын. Қытайды қайдам, бірақ біздің биліктің Қытайға «бізде миллион гектар жер бар, арендаға алыңдар» деп ұсыныс жасағанын білемін. (Оны айтқан тағы да Назарбаев – Ред.). Ал Ресей Кеңес Одағы тарағаннан бері біздің жерімізге жармасуын қойған емес. Елдегі жер дауының өршіп кетуі – қазақтың «бұл біздің ата-бабамыз қорғаған Жер-Анамыз!» деген сөзді жүректерінен ешқашан шығармағанынан болар. Өршітіп отырған биліктің өзі, оны Ресейге не Қытайға аударудың қажеті жоқ.

– Өткен аптада «Казатомпром» компаниясына тиесілі екі кенішті Қытайдың сатып алғаны жөнінде хабар тарады. Кен қоры бар жерлерді заң қабылданға дейін асығыс-үсігіс сатудың астарынан сіз Қытайға қарыз кіріптарлығының салдарын аңдай алмайсыз ба?

– Мүмкін...

– Ал егер Жер туралы заңның жобасы билік ұсынған үлгіде қабылданып кетер болса, Қазақстан қоғамында болуы мүмкін теңселістің болжамын бажайлай аласыз ба?

– Меніңше, өткен бес жылдық мораторий билікке не бергенін білмеймін, халыққа ашу-ыза мен күдік – үмітті қоса берді. Сондықтан егер жерді меншікке беру, демек сатуға шығару туралы заң қабылданса, теңселістің көкесі сонда болады деп ойлаймын.

Бақытгүл Мәкімбай, «DAT» газеті

Abai.kz

13 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2036