Жұма, 29 Наурыз 2024
Ақмылтық 5578 6 пікір 5 Мамыр, 2021 сағат 15:00

Қос азаматтық һәм территориямызға төнген қатер

Шығыс Қазақстан облысында қос азаматтығы бар 28 адам анықталған. Бұл туралы ШҚО полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының бастығы Ербол Бекпаев ресми мәлімдеген.

Олардың арасында басшылық қызметтегі адамдар да бар екен. ШҚО-ға қарасты Глубокое ауданында Қазақстан азаматтығымен қатар Ресей азаматтығын алған тұрғын анықталған.

«Ресейдің Алтай өлкесінде Ресей азаматтығын алған Семей қаласының тұрғыны анықталды. Ол квазимемлекеттік секторда басшылық қызметте істейтіні де белгілі болды.

Биылдың өзінде қос азаматтығы бар 28 адам, оның ішінде 8 азамат шетел азаматтығын алғаннан соң Заңда белгіленген мерзім ішінде құзырлы органдарға хабарламағаны үшін, және 20 азамат Қазақстан азаматтының жеке басын куәландыратын құжатты пайдаланғаны үшін жауапкершілікке тартылды», - дейді Ербол Бекпаев мырза.

Бұл шетелдіктер Қазақстанның азаматтығынан айырылған. Оларға Қазақстан Республикасы азаматтығынан айыру және ӘҚБтК-нің 496-бабы бойынша 100-ден 200 АЕК мөлшеріне дейін (265 100-ден 530 200 мың теңгеге дейін) айыппұл салатын әкімшілік хаттамалар толтырылған.

Тақырыпқа тұздық:

Орыс десе жанын беретін Орталық Азиядағы жалғыз мемлекет – Қазақстан. Бірақ соңғы кезде бұрын сөз етілмеген жаңа кілтипан бой көтерді. Ол осы кезге дейін жасырылып-жабылып келген қазақ елінің кейбір тұрғындарының қос азаматтығы. Әрине, республика азаматтарына қос азаматтық алуына Ата Заңымызда рұқсат берілмеген, дегенмен кей азаматтардың амалын тауып, РФ тұратын не күйеуінің, не әйелінің ата-тегіне өту арқылы әрі РФ, әрі ҚР азаматы атанып жүргендердің санының қанша екенін ешкім білмейді.

Егер жерімізге көз алартып, тарпа бас сала қалса, дәл осы РФ азаматтарының қауіпсіздігін қорғауды солтүстіктегі көршіміз желеу ететіні анық. Иә, осы даулы мәселеге отты әуелі ҚР азаматтарына РФ азаматтығын алуды жеңілдету Жарлығы құйды. Кейін Путин осы Жарлықтың аясын одан да кеңейтіп, өзі оккупациялаған Украинаның Донецк пен Луганск облыстарының тұрғындарына да дәл осындай Жарлық шығарды.

Бұған дейін қос азаматтығы бар азаматтың Шымкентте шенеунік болғаны хабарланған еді. Шымкент қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасын басқарған Олег Почивалов Қазақстаннан бөлек Ресей Федерациясының да азаматы болған. Бұл ақпарат қоғамды қызу талқы болған. Біз бұл туралы егжей-тегжейлі жаздық.

Ресей азаматы Шымкентте қалай шенеунік болды?

Шымкенттік шенеуніктің Ресей азаматы екені дәлелденді

Қос азаматтығы бар Почивалов қызметінен босатылды

Ал Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі тек 2020 жылдың 11 айында мемлекеттік қызметшілерге қатысты екі азаматтықтың 431 фактісі анықталғанын айтқан.

Ал «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» 1991 жылғы 20 желтоқсандағы № 1017-XII Заңының «Азаматтықты тоқтату» туралы 3 тааруының 21 бабында:

- Қазақстан Республикасының мемлекетаралық шарттарында көзделген реттерді қоспағанда, адамның басқа мемлекетте әскери қызметке қауіпсіздік қызметіне, полицияға, юстиция органдарына немесе өзге де мемлекеттік өкімет және басқару органдарына орналасуы салдарынан;

- егер Қазақстан Республикасының азаматтығы көрінеу жалған мәліметтер немесе жалған құжаттар табыс ету нәтижесінде алынса;

- егер адам басқа мемлекеттің азаматтығын алған болса, - деп тайға таңба басқандай жазылған.

Айта кетейік, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы қыркүйек айындағы Қазақстан халқына Жолдауында «егер мемлекеттік қызметші немесе квазимемлекеттік мекеменің басшысы қос азаматтық алса, олар қызметінен босатылады», деп мәлімдеген.

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1574
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2268
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3576