Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 5134 12 пікір 7 Мамыр, 2021 сағат 11:47

«Халықты үнемі ақымақ қылу мүмкін емес!»

Жақында әйгілі француз ойшылы Жан-Жак Руссоның шығармашылығынан оның ауыл шаруашылығына қатысты ғажап сөзіне тап болғаным бар. «Мемлекетті біреуден тәуелсіз етіп ұстайтын бірден бір құрал – бұл ауыл шаруашылығы. Күллі әлемнің байлығы қолыңызға іліксе де ішетін тамағыңыз болмаса – Сіз басқаларға тәуелдісіз. Сауда байлыққа бастайды, ауыл шаруашылығы азаттыққа жетелейді» дейді ол. Мә-ә, шынымды айтсам, таң-тамаша қалдым. Сұмдық! Қандай дәл айтылған!

Содан тәуелсіздігіміздің деңгейі қаншалықты екен деп ауыл шаруашылығы саласына көз жүгірткенім бар. Сөйтсем, ауыл шаруашылық секторы экономикамыздың негізі болып табылатындығына қарамастан Қазақстанның ЖІӨ оның үлесі небары 4,2 пайызды ғана құрайды екен. 1990 жылы бұл көрсеткіш 9 пайызға жуық болыпты. Яғни билік қаншама мақтанса да стратегиялық салада кері кетіппіз.

Ауыл шаруашылығында 1 миллион 227 мың адам жұмыс істейді. Бұл барлық жұмыс істейтін адамдардың 14 пайызы. Ауылдық жерлерде бүгінде халықтың 42 пайызы өмір сүреді. Егістік көлемі 21 млн га. Ал еңбек өнімділігі мүлде төмен. Себебі, техникалық жарақтануы артта қалған. Тиімді агротехникалық технология жоқтың қасы. Қазақстанда 1 га жерге бір трактордан (кей ауылдарда 100 гектарға бір трактор) келсе, АҚШ-та бір гектар жерге 27 трактор, Үндістанда 16, Бразилияда 11 трактордан келеді. Қазақстанда қазіргі бір трактордың орташа жасы 17 жыл. Әбден көнерген, бөлшектері скотчпен, сымтемірмен ілдаланған. Жайлаған коррупция салдарынан субсидия жай диқандардың қолына жете бермейді.

Еңбек өнімділігі АҚШ-та әр фермерге шаққанда жылына 90-100 мың доллар болса, Қазақстанда ауыл шаруашылығында жұмыс істейтін әр адамның еңбек өнімділігі жылына 5 мың доллар көлемінде ғана. Кедейшілік төркіні сонда жатыр.

Азық-түлік қауіпсіздігі туралы қаншама рет айтылғанымен баяғы жартас бір жартас. Ауыл шаруашылығының кенжелеуі басқа салалардың дамуына кедергі келтіріп отыр. Салада еңбек өнімділігі ғана емес мемлекеттік қолдау тетіктерінің тиімділігі өте төмен. Сондай-ақ өндірілген өнімді өткізу мен сақтау жүйесі дамымай қалыпты.

Депутаттардың келтірген деректеріне қарағанда Қазақстанға қажетті азық-түліктің 80 пайызы бүгінде сырттан тасылады. Сонда Қазақстан тәуелсіздігінің деңгейі азық-түлік қауіпсіздігімен өлшегенде небары 20 пайыз ғана екен! Міне, біздің биліктің «жетістігі!»

Осы жерде әйгілі Авраам Линкольннің «Халықтың бір бөлігін үнемі ақымақ етуге болады, бүкіл халықты да аз уақыт ақымақ қыларсың, ал бүкіл халықты үнемі ақымақ қылу мүмкін емес!» деген сөзі еске түседі.

Марат Байділдәұлының жазбасы

Abai.kz

12 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1442
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3203
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5186