Сәрсенбі, 23 Маусым 2021
5168 24 пікір 9 Мамыр, 2021 сағат 13:48

9 мамыр - Жеңіс күні емес!

Осы кезге дейін елімізде 9 мамыр Жеңіс күні ретінде аталып өтілетін. Заман өзгерді, құндылықтар да жаңа биікке көтерілді. 9 мамыр – енді бізге іс жүзінде Екінші жаһан соғысы құрбандарын еске алу күніне айналуға тиіс. Енді бізге бір-бірімізді жеңіс күнімен құттықтаудың қажеті жоқ! Көргенде бір-бірімізге «Алла тағала батыр бабаларымызды шейіттердің қатарынан етсін!» десек жетіп жатыр.

Екінші жаһан соғысында әскери қимылдар Батыс Еуропа, Жерорта теңізі, Африка құрлығы, Оңтүстік-Шығыс Азия және Шығыс Еуропа сияқты бес соғыс театрында өтті. Соның төртеуінде АҚШ пен Ұлыбритания жеңіске жетті. Соңғы Шығыс Еуропадағы совет-герман соғысында жеңіске жеткен – СССР. Фашистік Германияны жеңген Қазақстан да, тіпті Ресей де емес сол – Совет Одағы. Бүгінде Совет Одағы да, қанды шайқастарға қатысқан майдангерлер де келместің кемесіне мінген. Ол соғысқа қатыспағандықтан Тәуелсіз Қазақстан үшін 9 мамыр Жеңіс күні бола алмайды!

Біз 70 миллионнан астам адам өмірін жалмаған Екінші жаһан соғысына мәжбүрлікпен қатысқан, қазақстандықтарды, қазақ халқының батыр ұл-қыздарын, окоптың қай жағында болса да қаза тапқан шаһидтерімізді қастерлеп еске аламыз. Екінші жаһан соғысы жылдарында Қазақстаннан алғы шепке аттанған 1,5 млн адамның тең жартысына жуығы майдан даласынан оралмады. Жаралы болып, қалған өмірін мүгедектікпен өткізгендер қаншама?!

Біз үшін бүгінде совет әскері қатарында болған бабаларымыз да, Қазақстанды большевиктерден ертерек тазарту жолында майданның арғы бетінде қару ұстаған қандастарымыз да қымбат! Біз фашистік және советтік концлагерлерде түрлі азаптауларға ұшыраған, фашистік және советтік жендеттердің қолынан қаза тапқан ұл-қыздарымызды ұмытпаймыз. Екінші жаһан соғысына қатысқан, қаза болған, кейін соғыс жарақатынан көз жұмғандар да жадымызда. Оларды бірін қалдырмай түгендеу және тарихи тұрғыдан ақтау бүгінгі ұрпақтың қасиетті міндеті.

Екінші жаһан соғысы құрбандарын еске алу күнінде оған қатысқан барша боздақтарымызды еске аламыз! Алла тағаладан оларға шейіттік мәртебе тән болсын! Оларға Бәдір соғысы арыстандарының абыройы бұйырсын!
Қиямет-қайымға дейін олардың ерлігі ұмытылмайды!

Марат Бәйділдаұлы

Abai.kz

24 пікір