Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Құйылсын көшің 6152 10 пікір 9 Мамыр, 2021 сағат 14:40

Қандастарға қатысты кезек күттірмес төрт мәселе...

Қарағанды облысындағы Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы және «Отандастар қоры» фронт-офисінің басшысы болып жұмыс атқарамын. Маған облыс аумағында қоныстанған қандастарымыздан бөлек республика көлеміндегі өзге облыстардан, тіпті шетелдердегі қандастарымыз да әлеуметтік желідегі жеке парақшама өтініш жолдап жатады. Қазіргі уақытта өзіме келіп түскен кезек күттірмей шешілуі қажет төрт мәселені атап өтуге болады.

Бірінші мәселе

Көп жағдайда көші-қон заңнамасындағы кемшіліктерге байланысты сұрақтар туындайды. Бұл мәселені әлі де көші-қон заңына толықтырулар енгізіп реттегені дұрыс деп ойлаймын. Көші-қон заңнамасына қатысты дейтінім бұрыңғы заң талаптарында шетелден қоныс аударған қандастарымыз ата-аналарымен бірге келген, кәмелет жасқа толмаған балалардың 16 жасқа жетіп, жеке куәлік алтын уақытта Қазақстан азаматығы жоқ екені белгілі болып жатады. Осыған дейінгі заңнама талаптарында шетелден қоныс аударған қандастарымыз алдымен тұрғылықты тұру үшін ықтияр хат алатын. Содан кейін ғана қандастарды Қазақстан азаматтығына қабылдайтын еді. Міне осындай жағдайлар полиция департаментінің көші-қон қызметінің тіркеу базасында кәмелет жасқа толмаған балалар туралы  тізімнің болмауына байланысты, азаматтық алғандар тізіміне олар енбей қалған. Осындай қателіктерден кәмелет жасқа толмаған балалардың кейбірі  Қазақстан азаматтығында жоқ болса, азаматтық алғандарының кейбірі  келген елінің азаматтығынан шықпай, қос ел азаматтығы бар жағдайлар  кездесіп, бізге өтінішпен жүгініп жатады.

Мысалы, осындай жағдайға байланысты жуықта Қарағанды облысына Өзбекстаннан 2007 жылы қоныс аударған Ақнұр есімді қандасымыз төрт жастағы қызымен бірге келгенін жеткізді. Қазір Ақнұр Қазақстан азаматтығын алған. Қызы мектепте оқиды. Биыл қызы 16 жасқа толып, жеке куәлік алуға барғанда, қызының Қазақстан азаматы емес екені белгілі болған. Ал қызына жеке куәлік алу үшін алдымен оған Қазақстан азаматтығына құжат тапсыру керек. Көші-қон заң талабы бойынша қызы Өзбекстан тарапынан ұлты қазақ, және соттылығы жоқ, сонымен қатар тіркеуден шыққаны туралы анықтамалар әкелу керек, немесе азаматтықтан бас тартқаны туралы анықтама тапсырады. Бұл жерде 2007 жылдан  кәмелет жасқа толмай, төрт жасында Қазақстанға өзінің анасымен бірге қоныс аударған балаға Өзбекстан тарапы ешқандай анықтама бермейді. Себебі, анасы Қазақстан азаматы. Осындай түйіншекті мәселе қандастарымыздың әр құзырлы мекемеге табанынан тозып, ары-бері шаршатып, шешімсіз қалатын сұрақтарының  үлкен бас ауруына айналып отырғаны жасырын емес.

Екінші мәселе

Көші-қон заң талаптары бойынша ықтияр хатпен елімізде тұрақты тұрған қандастарымыз балалы болған жағдайда оларға Қазақстан тарапынан балаларына туу туралы куәлік берілген. Бірақ олар шетел азаматы болып саналады. Ата-анасы Қазақстан азаматтығын алған кезде Қазақстан жерінде туған балалар заң талабы бойынша оралман мәртебесіне жазылуы керек еді. Көп қандастарымыз бұл жағдайдан хабарсыз. Сол себепті олар шетел азаматы қалпында қалып қойған. Осы сұрақтармен қандастарымыз қазіргі уақытта өздерін дәлелдеу үшін соттың көмегіне жүгініп жатады. Оның өзі қыруар қаржымен, заңгерлік қорғаушының көмегін талап ететіні белгілі. Бұл да айтарлықтай қаржылық шығынды қажет етеді.

Үшінші мәселе

Қазақстанға қоныс аударған қандастарымыз зейнеткерлік жасқа жеткенде шетелдегі туу туралы актідегі жазылған есімдерін Қазақстан азаматтығын алған кезде жеке куәлігіне қазақшалап жазғызып алуына байланысты өзін дәлелдей алмаған қандастарымыз бар. Осы мәселені де бір жақты реттеу керек екені де өзекті болып отыр. Туу туралы актідегі есімімен жеке куәлігіндегі атының сәйкес келмеуі, жасы келіп зейнетке шығуына айтарлықтай қиындық келтіреді. Яғни, келген қандастарымыз өзін дәлелдей алмай жататын жағдайлар жиі кездеседі.

Осы тұста бұл мәселелердің нақты шешу жолдарын қарастыру керек.  Елге қоныс аударған қандастарымыздың азаматтық алған уақытта кәмелет жасқа толмаған балаларына Қазақстан азаматтығын берген кезде оларға  жеке ересек адамдармен ата-аналарына да Қазақстан тарапынан туу туралы куәлік берілсе бұл мәселе жоғардағы жағдайды шешуге оң әсерін тигізер еді.

Төртінші  мәселе

Шет мемлекеттен Қазақстандағы жоғарғы оқу орындарына түскісі келетін жастарға ұлттық бірыңғай тестілеудің өзіндік қиындықтары бар екенін жеткізіп, жуықта Моңғолиядан бір топ қандастарымыз өтініш жолдады. Биыл пандемия жағдайына қарамастан  қандастарымызға  ұлттық бірыңғай тестілеуді офлайн өткізу талабы қойылыпты. Сонымен қатар, ол ақылы түрде өтетіні айтылған. Қандастарымыздың бұл жағдайға көңілі толмай отыр. Себебі, биылғы жағдайға байланысты мемлекет шекарасы жабық. Шетелден келген қандастардың ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсыру үшін Қазақстанға келуге мүмкіндіктері жоқ. Ал болашақта олардың ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсыру үшін Қазақстанға келіп-кету жол қаржысы, жатын орны, тамағы дегендей айтарлықтай қаржылық шығынды талап етеді. Сол себепті алдағы уақытта шетелдегі қазақ жастары үшін ұлттық бірыңғай тестілеуді алып тастау туралы өтініштерін білдірді.

Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығының төрағасы, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың шетелдегі қазақ жастарының Қазақстаннан білім алуына жол ашып, барынша жағдай жасағанының арқасында бүгінгі күні еліміздің түпкір-түпкірінде еңбек  етіп, ел дамуына әр салада айтарлықтай үлес қосып жатқаны қуантарлық жағдай. Сондықтан алдағы уақытта да шеттен келетін қазақ жастарының жоғарғы оқу орнына түсуіне ешқандай кедергі жасамай, керісінше оларды елге тартуға барынша қолдау көрсеткеніміз абзал. Жалпы  ел ішіндегі жастарды, көршілес Ресейдің оқу гранттарында оқыту мәселесіне баса мән берген жөн. Елімздегі жоғарғы оқу орнына түсу үшін жергілікті болсын, шеттен келетін қандастарымыз болсын, осы  ұлттық бірыңғай тестілеу мәселесін де қайта қарау, оны алып тастау мәселесіне көңіл бөлу керек. Себебі, еліміздің болашағы жастар. Олардың өзге елдегі оқу орындарына қызғушылығы артып, елден кетіп қалуы әбден мүмкін екенін естен шығармаған абзал.

Меруеш Башайқызы

Abai.kz

10 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052