Сенбі, 23 Қараша 2024
Ақмылтық 21812 41 пікір 10 Мамыр, 2021 сағат 15:18

Ресейлік БАҚ Асхат Аймағамбетовке қарсы «соғыс» ашты

Бүгін тағы Қазақстанның Білім және ғылым министрлігі һәм министр Асхат Аймағамбетов жайлы сөз етпекпіз. Рас, бұған дейін Білім және ғылым министрлігінің қызметін тілі жеткеннің бәрі сынайтын. Министр ауысқан сайын жасалатын жөнді-жөнсіз реформалар білім саласын былыққа әбден батырған. Аталған министрлікті соңғы жылдары басқарған Бақытжан Жұмағұлов, Аслан Сәрінжіпов, Ерлан Сағадиев сынды «реформаторлардың» не бүлдіргенін ел-жұрт әлі ұмыта қойған жоқ.  

Бірақ қазіргі министр Асхат Аймағамбетовке деген халықтың пікірі мүлде бөлек. Көпшілік қауым, әсіресе мұғалімдер министр Аймағамбетовтың жұмысын жоғары бағалайды. Шынтуайтына келгенде, Ол осы бір-екі жылда бұрынғы министрлер 28 жылда істей алмаған игі шаруаларды тындырған секілді. Әйтпесе, бұған дейін еш министр естімеген мақтау мен қолдау Аймағамбетовке арналмас еді ғой. Аймағамбетов бұл мақтауларды ешкімнен сұрап алмағаны да сөзсіз. Жұмысы халықтың көңілінен шықты, халық әділ бағасын берді.

Алайда соңғы уақытта министр Асхат Аймағамбетовке қарсы орыс баспасөзі (ресейлік БАҚ) тарапынан дүркін-дүркін ақпараттық шабуыл жасалып жатқанын байқап жүрміз. Сыңар-егіз, бірсарынды материалдар соңғы 1-2 айдың көлемінде әлеуметтік желілерде әлсін-әлсін жылтыңдап шығып, жұрт талқысын тудырып жатқаны рас.

Соның бірі «lenta.ru» дейтін ресейлік сайттың мына бір мақаласы: «Неависть к языку ведет к мракобесию». Никита Мендкович дейтін жазғышбектің шұбыртпа сөз, шимай-шатпағын түгел қазақшаға қотармақ ойымыз жоқ. «Тілге деген өшпенділік қараңғылыққа әкеп соқтырады» деген тақырыбының өзі материалының түгел мазмұнын ашып айтып тұр.

«Қазақстанда кезекті рет орыс тілі мен кирилицаға қарсы шабуыл басталды. Билік енді бірнеше жылдан соң елдегі барлық оқушылар тек қазақ тілінде білім алатын айтты. Сонымен қоса, мектептерді кирилицадан латынға көшіру жұмыстары да басталды. Тұрғындарының көпшілігі күнделікті тұрмыста орыс тілін қолданатын Қазақстанда бұл жаңалықтан қауіптенуде. Әсіресе, көршілес мемлекеттердегі тіл саясатына қарама-қайшы келетін Қазақстан билігінің бұл шешімі түсініксіз. Өзбекстанда балабақшаларды орыс тілінде оқыту басталды. Мектептерге ресейлік мұғалімдерді алдыртуда. Орыс тілді оқытушылар ұзақ жылдан бері Тәжікстанның білім беру мекемелерінде жұмыс істеп жатыр. Ал Қырғызстан билігі Ресейден өз елінде орыс тілді мектеп-интернеттар желісін ашуды сұрап отыр. Бірақ, Қазақстан бірнеше жылдан бері бұған қарсы бағытта. Неге Қазақстан билігі орыс тілімен қош айтысуға құмар», - деп жазыпты.

Әрі қарай министр Асхат Аймағамбетовтың сөзін мысал етеді: «Для нас это одна из первостепенных задач — сделать так, чтобы обучение на государственном языке было доминирующим... В этом не должно быть никаких дискуссий, потому что это государственный язык и очевидно, что на государственном языке должны обучаться граждане нашей страны», — заявил министр образования Асхат Аймагамбетов», - дейді.

Расында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов не деп еді? Қараңыз: 4 наурыз 2021 жыл. «Балаларды қазақ мектептеріне беру керек», деген министр Аймағамбетов: мұны мәжбүрлеу арқылы емес, ынталандыру арқылы жүзеге асыру керектігін айтқан. Сөзбе-сөз:

«Бұл үшін бізде мектептер жеткілікті ме? Иә, жеткілікті! Қажетті деңгейде оқу құралдарымен, оқулықтармен қамтамасыз ете аламыз ба? Иә, қамтамасыз ете аламыз! Қазақ тілінде білім беретін педагогтер жеткілікті ме? Иә, жеткілікті! Бүгінде балалардың мемлекеттік тілде білім алуына жағдай жасалған. Біз үшін бұл бірінші кезектегі міндеттердің бірі - мемлекеттік тілде оқытуды басым ету. Мұнда ешқандай арандатушылық жоқ. Мұнда ешқандай пікірталас болмауы керек, өйткені ол мемлекеттік тіл. Сондықтан біздің еліміздің азаматтары мемлекеттік тілде оқытылуы керек», - деген еді.

Жә, әрі қарай кеттік...  Әрі қарай, министр Асхат Аймағамбетовтің бұл қадамы «өзіне қатысты сыбайлас жемқорлыққа қатысты даудың ізін жасыру үшін жасап жатқан әрекеті» деп жазады. «Министрді айыптаған ҚР БжҒМ-ның мемсатып алу департаментінің басшысы Анар Қайырбекованы жұмыстан шығарғанымен, бюджеттің 16 млн долларын қолды қылу фактісі ел есінен ұмытыла қоймаған соң, елдегі білім саласын орыс тілінен тазарту туралы бастама министр үшін өз креслосын сақтап қалудың жолы деп таңдалды», - дейді. Және: «Бұған мүмкіндігі бар. Себебі Қазақстанның саяси элитасында антиресейлік және русофобтық ұстанымдағы ұлтшыл-либералдар көп», - деп Петр Своиктің пікірін мысал етеді.

Әрі қарай бірнеше «статистика» жазады:

«Фонда Эберта», сауалнамасы Қазақстанның қазақ тілді емес екенін әшкереледі. Ел тұрғындарының 39 пайызы ғана қазақша сөйлейді. Ал солтүстік аймақтарда 8-10 пайызы ғана. Ал орыс тілінде елдің 51 пайызы еркін сөйлейді», - дейді.

«Мектептердің 70 пайызы қазақ тілді болғанымен, ҰБТ-ны қазақ тілінде 51 пайыз түлек қана тапсырған», - дейді.

«Ұлттық кітапхана статистикасы бойынша, сақтаулы тұрған кітаптардың 35 пайызы, газеттердің 42 пайызы, журналдардың 20 ғана қазақ тілінде. Қазақстандағы орыс тілді әдебиеттің үлесі 90 пайыз», - дейді.

«Британдық «Kantor TNS» дерегі бойынша, Қазақстан халқының 54 пайызы ресейлік теле бағдарламаларды көреді», - дейді.

Жалпы мазмұны осы. «lenta.ru-дың» бұл материалын орыс тілді һәм ресейлік БАҚ жерден жеті қоян тапқандай, жарыса жариялап жатыр. Ертеректе (наурыздың соңында) жарияланған мақала әліге дейін әлеуметтік желілерде таралып, талқы болуда. Қараңыз:

Айтпақшы, ресейлік ТАСС агенттігі әлгі арандатушы материалдан соң, Қазақстанның Білім министрлігіне сұрау салып, орыс мектептерін жабудың жай-жапсарын сұрапты. Сөйтсек, біздікілер: «Қазір елімізде 6 957 мектеп бар. Оның 3 733-і мемлекеттік мектептер (53,6 пайыз), 1 160-ы орыс тілді мектептер (16,6 пайыз) және 2 047-сі аралас мектептер (29,4 пайыз). Дей тұрғанмен, елдегі барлық мектепті тек қазақ тілінде білім беруге көшіру туралы жоспар жоқ», - депті.

Тақырыпқа тұздық:

Рас, Асхат Аймағамбетовті тегіс мақтап, «ұпай жинау» ойымызда жоқ. Ол тізгінін ұстаған Білім министрлігінің жалпы жұмысына қатысты айтылар сын жоқ емес. Алайда, ел ішілік һәм шетелдік БАҚ тарапынан «Қазақстан орыс мектептерін түгел жауып, еларалық дау тудырмақ» деген ауандағы арандатушылық материалдардың әлсін-әлсін әлеужеліге жарияланып жатқаны күдік тудыратыны жасырын емес. Бұл туралы бүгін белгілі саясаткер Мұрат Әбенов: «Ресейлік БАҚ-тың ҚР БжҒМ-ға ақпараттық шабуыл жасауының себебі не?», - деп жазыпты.

Мұрат Әбенов:

- Үлкен жанжалдардың тақырыбы бірнеше күнде ұмытылады. Ал кішкене ақпаратық шабуылдар жиі кездесе береді. Олар үшін шекара деген жоқ.

Білім жүйесіне қатысты сын – ел ішінде қалыпты жағдай. Отандық журналистер мен блогерлердің сыны. Тіпті, олардың кейбіріне мен де қосыламын. Әсіресе, электронды білім беру, түсініксіз «Күнделік» жүйесі мен оқулықтар сапасы т.б. Бұл мәселелерді соңғы жылдары мен де қозғап келемін.

Алайда, мені алаңдататыны – ірі Ресейлік БАҚ-тың Қазақстанның Білім министрлігі мен министр Асхат Аймағамбетовке қарсы ақпараттық шабуылы. Бір мезетте әртүрлі алаңдарда көтеріліп жатыр. Мәтіндері бірдей.

Олар мұны қайдан алды? Бұл қаншылықты шындық?

Мемлекеттік тілде білім беру жүйесіне көшуді еліміздің басым көпшілігі қолдайды. Кейбіреулері жылдам, толық немесе шартсыз көшу туралы пікір айтуы мұмкін. Бірақ, бұл саланы жақсы білетіндер қоғам мен білім жүйесі бұған әлі дайын емес екенін жақсы түсінеді.

Президент тапсырмасы деңгейінде, біздің оқу бағдарламамыз 10 жылға алда. Ал біздің Заңымызда мұндай алғышарттар жоқ. Шын мәнінде жағдай қалай?

Қазір елімізде 6957 мемлекеттік мектеп болса, соның 3733-і тек қазақ тілінде білім береді (53,6 пайыз). 1160 мектеп орыс тілінде білім беруде (16,6 пайыз). 2047 мектеп қазақ және орыс тілдерінде оқытуда (29,4 пайыз). Десе де, елдегі барлық мектептерді тек қазақ тілінде білім беруге көшіру туралы жоспар жоқ.

Орыс тілі оқу құралы ретінде 1-11 сыныптарда барлық мектептерде оқытылады. Соның ішінде, тек мемлекеттік тілде білім беретін мекемелерде де.

«Лента.ру» мақаласында: «ҰБТ-ны түлектердің 51 пайызы ғана қазақ тілінде тапсырады», - дейді. Бұл шындыққа жанаспайды. ҰБТ-ны қазақ тілінде 75,1 пайыз түлек тапсырған. Ал орыс тілінде 24,8 пайыз. Ағылшын тілінде 0,1 пайыз түлек ҰБТ тапсырды.

Қазақстанда тек орыс тілін ғана дамыту көзделмеген, сондай-ақ, өзге де этностардың тіліне мән беріледі. Оның дәлелі еліміздегі ұйғыр, тәжік, өзбек мектептері.

Осыларды ескере отырып, «елдегі орыс мектептерін түгел жабады деген сөз» еш дәлелсіз екенін, ал мақаладағы фактілердің шындыққа жанаспайтынын айтуға болады. Бұл ақпараттық шаблуылдың басы екенін білдіреді.

Ал бұл кімге керек? Бірнеше нұсқа бар.

Біріншіден, ойға келетіні «Күнделік» дейтін электронды күнделік. Міне, дәл осының артында Ресейлік бизнес тұр. 2019 жылы мен Президенттің атына қайрылу жасап, Ресейлік білім жүйесіндегі «дневник.ру-ды» Қазақстанда монополизациялауға жол бермеу керектігін айттым. Ал 2020 жылдың сәуірінде цифрлық білім беру жүйесінде жеке дара болудың мерзімі аяқталды. Электрондық күнделік электрондық білім беруге шамасы жетпеді. Сөйтіп, бұл салада максималды либерализациялау болды. 9 онлайн платформа ресми рұқсат етілді. Мүмкін, осы жағдай оларға ұнамай қалған шығар. Алайда, мен бәсекеге қабілетті жүйенің жасалғанын айтар едім. Салыстырсын, дамытсын өздерін.

Екіншіден, «өкпелі» Ресейлік ЖОО. Оларды талантты мектеп оқушыларын жасырын іріктеп алуға біршама тыйым салынды. 2020 жылы барлық ақылы олимпиадаларға тыйым салынды. Бұл еш қадағалаусыз өткізіліп келген олимпиадалар – шын мәнінде жасырын іріктеулер еді. Ең таланттыларына Ресейлік ЖОО-ларға жолдамалар берілетін. Бұл біздің отандық ЖОО-лар үшін үлкен соққы еді. Әсіресе шекара маңындағы аймақтарға соққы болды. Енді қазір барлығына тең жағдай жасалған. Ешқандай алдын ала тест, олимпиада мен іріктеулерге рұқсат жоқ. Мектеп бітірген соң, оқушы өзі таңдайды.

Үшіншіден, отандық ЖОО-лар. Онда да диплом сатып келген ЖОО-лар. Президенттің өзі ҰҚСК отырысында бұл жайында айтты. Алдыңғы «қорқақ» министрлерге қарағанда, қазіргі министр әлгі диплом сатқыш дөкейлердің «авторитеттеріне» қарамастан жұмыс жүргізуде. Бұрын БжҒМ ондай ЖОО-лардың тек филиалдарын ғана жауып, «міне, аяп жатқан жоқпыз», деп есеп қылатын.

Қазір үш бөлмелік пәтерлердегі ЖОО-лар мен филиалдар жоқ. Алайда, «димлом сатқыштар» жойылған жоқ. Олар лоббистердің арқасында аман қалды. Олардың мүддесі басым.

Жуырда ғана бір ЖОО ректоры мен бухгалтерінің үстінан сот болды. Бірнеше миллиард теңгені қолды қылғаны әшкереленді. Бұл бюджеттегілердің шәкіртақысынан ғана. Гранттарға бөлінген қаражатты айтпағанда... Жеке меншік ЖОО-лар мыңдаған грант алады. Ал ол дегеніңіз – бюджеттің миллиардтары деген сөз. Айтпақшы, былыққа әбден батқан университеттердің құрылтайшылары бұрынғы министр, сенатор, мәжілісмендер мен өзге де жоғары лауазымды тұлғалардың жақындары. Олардың қолында БАҚ-та, қоғамға ықпал етуші күштер де бар.

Төртіншіден, ресурс үшін күрес. Жуырда ғана отставкаға кеткен вице-министр Даленов әлсіз ЖОО-лардан лицензияны қайтарып алу, шындығында үлкен қаражат екенін айтып қалды. Есептеп көрсек, жекелеген әлсіз мамандықтар бойынша 150 лицензияны қайтарып алу мен оншақтысын толық жабу дегеніңіз – мұнай кен орнымен пара-пар екен. Алайда, ақша сорғылап отырған құбыр – Астанада. Сол үшін де соғыс жүріп жатыр.

Бесіншіден, Қазақстанда ректорлық лобби күшті. Танымал адамдар. Кейбіреулері КСРО кезінен бері ректор болып отыр. Ақсақалдар жастарға орын бергілері келмейді, бірақ өздері занауилықтан артта қалғанын мойындаудан қорқады. Сол үшін де университеттеріне прогрессивті новаторларды жақындатпайды.

Жуырда мен Алматыда бір топ жас ғалымдармен жолықтым. Олар жаңа технологиялар саласында қызмет істейді. Міне, солар: «Егер енді 5 жылда жағдай реттелмесе, басқа жаққа кетуге мәжбүрміз», - дейді.

Қазір жеке компаниялар ғылыми потенциалды пайдалану жағын ойластырып жатыр. Ал олармен жұмыс істеді деген сөз – үлкен ғылымды ұмытыңыз деген сөз. Коммерциалық құпия деген бар. Мұнда да «тазарту» басталған. Әуелі «мен басшымын – мен айттым» деген ескірген ұжымдық басқару моделін ығыстыра бастады. Тәуелсіз Директорлар кеңесін құрды. Олар қызметке тағайындау мен стратегияны анықтайды. Конкурс ашық, онлайн форматта өтеді. Бәсекелестік күшейді. Осының арқасында ректорлар арасындағы «ардагерлер» азайды. Көп жылдан бері отырған ректорлар амалсыздар орындарын босата бастады. Олар өз орындарынан кетпейтініне өздері де қатты сенетін, айналасы да соған сендірген адамдар еді. Ал олардың орнына жаңа басшылар, жас басшылар келе бастады. Оның бір дәлелі – СҚО университетіне 36 жастағы Ерлан Шолановтың, Сәтпаев университетіне Мейрам Бегентаевтың келуі. Екі университетті әйел басқаратын болды. Яссауи атындағы ХҚТУ-ды Жанар Темірбекова, Қызылордадағы Қорқыт ата атындағы университетті Бейбіткүл Каримова басқарады.

Бұлардан бөлек ғылымды қаржыландыру мәселесі тағы бар. Онда да үлкен өзгерістер басталды. Көп жылдан бері майлешпекке қарық болып келгендер ығыстырыла бастады. Институт диекторлары арасында да осы жағдай. Бұл жайында кейінірек жазармыз.

Білім және ғылым саласындағы кез келген өзгеріс – көптеген адамның жеке тағдырына әсер етеді. Өзгерістің барлығы дерлік сол сәтте-ақ, сәтті болып кетпеуі мүмкін. Сын айтылатын кездері де болады. Ал бірақ қоғамдағы позитивті трендті көріп, біліп отырып үнсіз қалуға болмайды. Игілікті жұмыстарға қолдау керек. Жағымсыз жайттарды шетелдіктерге жалдап, фейк материалдар жазғызбай, ашық айту керек. Ресейлік БАҚ біздің елімізде ақпараттық соғыс ашпауы керек.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

41 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5487