«Олжас Сүлейменов Әзербайжан көзімен» кітабы таныстырылды
Түркі мәдениеті және мұрасы қоры «Олжас Сүлейменов Әзербайжан көзімен» кітабын таныстырды.
XII Баку халықаралық кітап көрмесі аясында Түркі мәдениеті және мұрасы қоры шығарған «Олжас Сүлейменов Әзербайжан көзімен» кітабының тұсаукесері өтті. Кітапқа көрнекті ақынның әзербайжан халқының Жалпыұлттық көшбасшысы Гейдар Әлиевпен тарихи сұхбаттары, Олжас Сүлейменовтің Жалпыұлттық көшбасшы туралы берген сұхбаттары, сондай-ақ Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиевтің ақынға қатысты ресми өкімдері енген.
Көрнекті қазақ ақыны, жазушы, ойшыл және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтің 90 жылдық мерейтойына арналған басылымның тұсаукесерінде Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті, профессор Ақтоты Райымқұлова, Әзербайжанның халық жазушысы Эльмира Ахундова, Әзербайжан Ұлттық ғылым академиясының Низами Гәнжауи атындағы Әдебиет институтының атқарушы директоры Мехман Гасанлы, кітап авторы, филология ғылымдарының докторы, профессор Низами Тагисой, сондай-ақ филология бойынша философия докторы, ақын Адиль Джамиль сөз сөйледі.
Құттықтау сөзінде Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті, профессор Ақтоты Райымқұлова Олжас Сүлейменовтің түркі әлемінің ғана емес, бүкіл адамзаттың көрнекті тұлғаларының бірі екенін атап өтті. Ол ақынның бай шығармашылық мұрасы мен қоғамдық қызметі Әзербайжанда әрдайым жоғары бағаланғанын, ал әзербайжан халқымен және зиялы қауым өкілдерімен орнатқан қарым-қатынасы халықтарымыз арасындағы достық пен рухани жақындықтың жарқын үлгісіне айналғанын айтты.
Өз сөзінде профессор Ақтоты Райымқұлова Олжас Сүлейменовтің Әзербайжанмен байланыстары оның өмірі мен қызметінде айрықша орын алатынына тоқталды. Ақынның 1990 жылғы 20 қаңтардағы қайғылы оқиғалардан кейін Бакуге келіп, әзербайжан халқына қолдау білдіруі және қасіретке кінәлілерді ашық айыптауы оның берік ұстанымы мен Әзербайжан халқымен тілектестігінің маңызды көрінісі болғаны атап өтілді.
Іс-шараның көркемдік бөлімінде Әзербайжан ұлттық драма театрының актері Казым Гасангұлиев Олжас Сүлейменовтің өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Одан кейін Серік Нұрмолдаев пен Жадыра Мүсірепованың орындауында ұлттық музыкалық аспаптар – домбыра мен жетігеннің сүйемелдеуімен қазақ музыкасының туындылары орындалды. Көркемдік бағдарлама қатысушыларға қазақ мәдениетінің бай музыкалық дәстүрлерімен жақынырақ танысуға мүмкіндік берді.
Іс-шараға сондай-ақ Әзербайжанда тіркелген дипломатиялық корпус өкілдері, әдебиет және мәдениет қайраткерлері, зерттеушілер мен кітапсүйер қауым қатысты.
Abai.kz