Сенбі, 23 Қараша 2024
Тарих 9705 8 пікір 12 Мамыр, 2021 сағат 22:38

Алтын Орданың жері Қазақстанға мирас

Алтын Орда көпұлтты мемлекет болды. Оның жерінің басым бөлігі қазіргі Қазақстан аумағына мирасқа қалды.

Жошы Ұлысы Еуразиядағы көптеген халықтардың мемлекеттілігінің бесігі болып табылған. Оның маңыздылығы барлық Еуразия халықтары үшін ортақ тарихи өткенге негізделіп қоймай, сонымен бірге қазіргі уақытта байқалатын интеграциялық тенденцияларға да байланысты. Оның құрамында әлеуметтік-экономикалық даму деңгейінде ерекшеленетін, өзіндік мәдениеті мен әдет-ғұрыптары бар көптеген тайпалар мен ұлттар болды. Дешті-Қыпшақ даласындағы көшпелілердің негізгі бөлігі ретінде түркі тайпалары – қыпшақтар, қаңлылар, қарлұқтар, наймандар және құрған. Отырықшы аудандарында болгарлар, мордвалықтар, орыстар, гректер, хорезмдіктер және басқалары өмір сүрді. Тарихшылар әлі күнге дейін Алтын Орданың тарихтағы рөлін бағалауда және тіпті оның атауын анықтауда әр түрлі ой-пікірлер білдіреді. Соңғы уақытқа дейін отандық тарихнамада Алтын Ордаға, оның тарихтағы рөліне деген теріс көзқарас болған. Әртүрлі зерттеушілер моңғолдар жаулап алуларына қарағанда Шығыс Еуропадан Қытайға дейінгі бүкіл Еуразиядағы саяси тұрақтылықтың пайда болуын атап өтті. Жаулап алынған халықтардың конфессияларына төзімділік танытқан билеуші Алтын Орда элитасы туралы діни ізденістер белгілі. Алтын Орда хандары ислам дінін қабылдағаннан кейін де діни төзімділікті көрсетті. Алтын Орда мұсылман шығысынан көп нәрсе алып, өзгеріссіз қалмады. Мысалы: қолөнер, сәулет өнері, монша, сәндік декор, парсы поэзиясы, араб геометриясы; дегенмен қарапайым көшпенділерге қарағанда әдет-ғұрып пен мәнерлері тым күрделі және алғыр. Сарай-Алтын Орданың астанасы және оның басқа қалаларында көптеген халықтардың өкілдері мекендеген. Мұнда әртүрлі діндер мен мәдениеттер қақтығысып, алтынордалық сарай жанында әртүрлі діни сенімдердің миссионерлері, белсенді қатысушылары – Мұхаммед, Христос және Будданың жақтаушылары арасында дау-дамай туындаған. Шыңғысхан империясының, атап айтқанда Алтын Орданың мұрасы, XVI–XVIII ғасырлардағы Қазақ хандығында, сонымен қатар осы кезеңдегі Орта Азия, Сібір, Еділ аймағы, Солтүстік Кавказ, Қырымның түркі мемлекеттерінде көрініс тапты. Нақтылап айтқанда, ол қазақ қоғамының әлеуметтік-саяси құрылымында көрініс тапқан. Яғни, онда сұлтанның ең жоғарғы табы, хан тағына монополиялық құқығы бар Шыңғысханның ұрпақтары – ақсүйектер (төрелер) құрған. Сонымен қатар, ақсүйектер бұл құқығының қолданылу аясы қолданыстағы этникалық және мемлекеттік шекараларға тәуелді болмады: Шыңғыс ханның әр ұрпағы Шыңғыс хан империясының дәстүрі белгілі бір дәрежеде сақталған кез-келген жерде хан атағын талап ете алатын мүмкіндігі болатын. Сондықтан Шыңғысхан ұрпақтары қарақалпақтар мен қырғыздардың падишахы немесе Бұхара мен Хиуа хандары рөлінде болды. Шыңғысхан ұрпақтарының саяси мазмұны мен сипаты тек «генеалогиялық заңға» негізделген, ұлттық маңызы жоқ секілді болды.

Қазақ мемлекеттілігі, сөзсіз, өз негізінде дамыды және ежелгі түркі мемлекеттілігінің қайта жаңғырған дәстүрлерінің жемісі болды. Алтын Орда – осының айқын дәлелі. Алтын Орданың тарих барысына, бірінші кезекте Қазақстан мен Ресей тарихына, орда ықпалының уақыт ішіндегі алуан түрлілігіне, қарама-қайшылығы мен ұзақтығына әсер етуінің екіұштылығы туралы айтуға болады, бұл өз кезегінде Алтын Орда кезеңінің осы елдердің тарихы үшін маңызы туралы отандық және әлемдік тарихнамада дау тудырды.

Сыртқы және шетелдік көзқарас жөнінде айта кетсек, мысалы, Түркияның көптеген ғалымдары Алтын Ордаға (Жошы Ұлысына) байланысты еңбектер жазған. Мысалы, осы тақырыптың тарихнамалық қырларына түрік тарихшысы Түтен Өзкая назар аударған. Ол «Кеңес Одағындағы Алтын Ордаға байланысты жаңа зерттеулер» («Sovyetler Birliği’nde Altın Ordu İle İlgili Yeni Araştırmalar») атты мақаласында Алтын Орданың тарихы мен мәдениетін зерттеуге неге маңызды екендігіне тоқталған. Оның айтуынша, Алтын Орда Кеңес Одағының бір бөлігінде орналасқан мемлекет болған. Алтын Орданың тарихына зерттеушілердің кім қайсысы үлес қосқанына тоқталып, И.Н. Березиннің (XIX ғасырдың 50–60-шы жылдарында) еңбектеріне талдау жасады. Түтен Өзкаяға қарағанда И.Н. Березин көбінесе XIV – XVI ғасырларға жататын хан жарлықтарына (мысалы, Темір, Құтлық, Тоқтамыс, Меңлі Керей және т.б. билеушілер) сипаттама жасай отырып, осы мемлекеттің әлеуметтік, экономикалық, сонымен қатар мемлекеттік басқару мәселелеріне көңіл аударған. Бұл ретте зерттеуші Алтын Орданы Жошы ұлысы деп атағаны көшпелі дәстүрлерге сәйкес келетінін белгілеген. Осы бағытта түрік тарихшысы Алтын Орданың тарихи тағдырына өзіндік сипаттамасын берді. Бұл маңызды мақаладан бөлек тағы бір еңбекке назар аударуға болады: А.Мелек Өзетгин мен Ільяс Кемалоғлының «Алтын орда хандығына тиесілі ресми хат алмасуы» («Altın Orda hanlığına ait resmi yazışmalar») атты кітабы. Бұл еңбектің хронологиялық кезеңі: ХІІІ – ХVI ғасырлар аралығы. Яғни, Алтын Орда 1240 жылда құрылғанынан бастап 1502 жылдар аралығындағы сыртқы императорлықтардың князьдіктермен байланыс қарым қатынасы туралы жазылған бұйрықтар, сонымен қатар екі ел арасындағы келісімшарттар туралы мәліметтер берілген.

Алтын Орда мен Қазақ хандығының тікелей мұрагерлік тарихы мен байланысын ғылыми тұрғыдан түсіндіру мақсатында 2020 жылы Ұлық Ұлыстың (Алтын Орда) 750-жылдығына орай Институтта бірнеше іс-шаралар өткізілді: 28 мамырда Р.Б. Сүлейменов ат. Шығыстану институтымен бірлесіп «Ұлы Даланың тарихи-мәдени кеңістігіндегі Жошы Ұлысының (Алтын Орданың) маңыздылығы мен рөлі» атты Халықаралық ғылыми-теориялық онлайн-конференция; 24 қыркүйекте ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Қарағанды облысының әкімдігінің қолдауымен «Алтын Ордадан Қазақ хандығына дейін: мемлекеттілік дәстүр сабақтастығы мәселелері» атты Республикалық ғылыми-практикалық онлайн-конференция. Бұл іс-шаралар барысында кейінгі отандық және дүниежүзі тарихының орта ғасырлар кезеңіндегі «ақтаңдақтарды» қалпына келтіруде іргелі сипат алатын маңызды теориялық және практикалық мәселелер талқыланды.

Ш.Ш. Уәлиханов ат. Тарих және этнология
институтының ғылыми қызметкері М. Морякова

8 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1471
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5420