Сенбі, 23 Қараша 2024
Деп жатыр 8678 105 пікір 14 Мамыр, 2021 сағат 13:54

Шыңғысхан – қазақ, оның ішінде – жалайыр...

Жалғасы

Басы: Шыңғысхан тақырыбы. «Антиқазақ» стратегиясы

«ӘУЕСҚОЙЛАРДЫҢ» ЖАЗЫҒЫ ҰЛТ ТАРИХЫН ТҮГЕНДЕГЕНІ МЕ?

Әлімғазы Дәулетхан мырза, сіздер мұнымен де шектеліп жүрген жоқсыздар. ШЫҢҒЫСХАНТАНУ, яғни алаштану ғылымын «кәсіпқойлар» мен «әуесқойлардың» «бақталастығына» айналдырып жібергілеріңіз келіп, көп тірәштандыңыздар. Бірақ оларыңыздан түк те шықпады. Қайта біздің еңбектеріміз арт-артынан жарияланған сайын, сіздердің өтіріктеріңіз, алаяқтықтарыңыз пәш бола түсті. Сіздер, өздерңіз айтқандай, «қытайтанушы», «шүршіттанушы» (манчжуртанушы) емессіздер. Шындығында, «ауыл үйдің моншағын күндіз ұрлап, түнде таққан» жолбике, өзге идеологияның қолшоқпарысыздар. Сол кеспірлеріңіз кәсіптестеріңіз арасында, күллі ел-жұрт алдында барған сайын әшкере болуда. Біз болсақ, Құдайдың қуатында, қазағымыздың қолдауында, адал еңбегімізбен алты ашалқа әйгілі болдық. Ау Әлімғазы Дәулетхан мырза, сіздің: «қошеметшілерінің қолпаш-мадақтарына мастанып, том-том тарихсымақтарын базарлап, Қазақстанды шарлап жүр» - деп шала бүлінгеніңізге қарағанда, бұл шындыққа өзіңіз де, тобырларыңыз да әбден көз жеткізген сияқтысыздар. Демек қасиетті отанымыздағы қазақтану, алаштану ғылымының ағысына сіздердей «антиқазақшыл» шөп-шалаңдар ешқашан кедергі жасай алмасы осыдан-ақ айқын көрініс табуда.

Әлімғазы Дәулетхан мырза, бізді қоя салып, ендігі ашуыңызды тұтас азамзат ұлық тұтқан ғұлама тарихшы, жылнамашы ғалымдардан алайын дедіңіз бе? Мына бір: «Он мыңдаған шақырымдық шалғайда жатқан, ұлы даланың шет пұшпағына да аяғы тимеген жалдамалы араб, парсы жазармандарының жазғандары неліктен бірден-бір ақиқат ретінде қабылдануы керек?» - дейтін орынсыз өтірікті, негізсіз былжырақты қайдан таптыңыз? Оны қандай ар-ұятыңызбен айттыңыз (әрине, сіздерде ондай нәрсе бар болса)? Адамзат тарихтану ғылымына өлмес үлес қосып кеткен ұлы ғұламалдардың, Алаш тарихына мыңдаған жылдық өшпес шамшырақ жағып кеткен кемеңгер тұлғалардың аруақтарын қалай қараладыңыыз?! Шыңғысхан әулетінің орда тарихшысы, «Тарих-и жаһангушайдың» авторы Атамәлік Жөбенейдің (1226 – 1283 жж.) атасы Мұхеммет шахтың орда ұлығы болған. Яғни оның атамекені – Каспийден Таласқа дейінгі аймақ, Қазақ даласы болып табылады. Өзі өкімет жұмысымен Иранға кетсе де, осынау ұлы жылнаманы жазу үшін, автор Шыңғысханның атамекеніне, Мөңке қағанның ордасына екі мәрте келеді. Онда айлап, жылдап жатып тарихи зерттеу жүргізеді. Сіз болсаңыз: «Он мыңдаған шақырымдық шалғайда жатқан...» - деп, жақынды алыстатасыз. Ойыңызды әбден түсіндік. Аралықты Ұланбатырмен салыстыра межелеп тұрсыз. Әйтпесе, Қазақия мен Иран Каспий бойында қиылысып жатқанын кім жоққа шығармақ. Елбасының сөзімен айтқанда, олар біздің «Атырау аймаластырған ағайынымыз» ғой. Сіз болсаңыз, әдейі айдалаға лағасыз. Қазақ тарихына қатысты ап-анық деректі көмескілендіруге, бұрмалауға қасақана ұрынасыз.

Ал «Жәмиғ ат-тауарихты» жазған Рәшид-әд-дин (1247 – 1318 жж.) қатарлы ғалымдарға келсек, оларды Қазан (Ғазан / 1271 – 1304 хх.) ханның тікелей өзі ұйымдастырғаны тарихи құжаттардан белгілі. Үшбу жылнамашы ұжым Тұран мен Иран, Қытай мен Үнді, Ұрым мен Қырым, Арабия мен Мысыр жерлеріндегі барлық құнды жазбаларды ордаға алдырады. Сондай-ақ білікті тарихшы, ғұлама ғалымдарды да ордаға жинап әкеледі. Сөйтіп олар он жыл бойы зеттеу жүргізеді. Бұл барыста «Алтын қазына» атты орда кітапханасындағы барылық кітаптар мен қолжазбалар сараланады. Онымен қоса жүздеген, мыңдаған тарихи куәгерлерден, танымал шежірешілерден ауызша немесе жазбаша деректер жиналып, бәрі мұқият реттеледі. Сонымен қабат төрт ұлыстағы Шыңғысхан әулетінің жаңа туған нәрестесіне дейін түгел тізімге алынады. Суретшілер маңызды тұлғалардың портретін салса, картографтар аймақтардың территориялық және жолқатынас карталарын сызып шыққан. Ал астрономдар мен математиктер күнтізбе және басқа да уақыт пен кеңістікке қатысты сандық мәліметтерді дұрыс есептеп, жүйеге түсіріп отырады. Сөйтіп «Жәмиғ ат-тауарих» адамзат тарихындағы ең кемелді, энциклопедиялық дәрежедегі жылнама болып шыққаны күллі тарихқа және әлем жұртына аян. Осындай аса маңызды және төтенше элементарлы, бастауыштық деректерден бейхабар болуыңызға қарағанда, Әлімғазы Дәулетхан мырза, сіз аталған түпнұсқа тарихи құжаттардың бірер парағын да ашып көрмегенсіз-ау. Сөйте тұрып түрік халқына, тұтас адамзатқа өшпес еңбек сіңірген ғұлама ғалымдарды, ұлы тарихшыларды бейпіл сөздермен балағаттайсыз. Онымен қоймай, қазақ оқырмандарын мақсатты түрде жаңылтасыз. Қандай кісілігіңізге, қайсы біліміңізге салып бұлай еттіңіз екен.

Осынау түпнұсқалық, энциклопедиялық құжаттардың барлығында Шыңғысханның арғы түбі Оғыз ханнан таратылады. Сондай-ақ олар Сайрам, Талас, Борсық, Ұлытау өңірлерінде жасағаны анық көрсетіледі. Бұлар, қазіргі Шымкент, Жамбыл, Арал, Жезқазған өңірлері екені көпке аян. Ал Оғыз хан – күллі түрік, қазақ халқының ел атасы, түп қағаны екенін әлем біледі. Әлімғазы Дәулетхан мырза, тек сіз сияқты кейбір «кәсіпқой тарихшылар» ғана мұндай бастауыштық тарихи сауаттан мақұрымсыздар. Содан болар, «моңғол», «моңғол» деп мөңірей беретіндеріңіз. Түпнұсқа тарихи құжаттарда, тек ТҮРІК (түрүк), МОҒОЛ (мұғұл) деген этнонимдер ғана бар. Керісінше «моңғол» (монгол) деген сөздер ешқайсысында жоқ. Ал сіздер ұялмастан жоқтан «бар» жасап, оны қазақ тарихына қарсы қойып жүрсіздер. Әлімғазы Дәулетхан мырза, бұларыңыз жасампаздық па, жалғанпаздық (фальсификация) па? Әрине оның жауабын сіз емес, халық береді.

Түпнұсқа тарихи құжаттар Шыңғысханды – түрік перзенті, оғыз түріктерінің ұрпағы және мұсылман деп атап көрсетеді. Нақтылы айтқанда, Оғыз ханға Аллаға иман келтіру туралы аян түседі де, оны әкесіне білдірмеу үшін бір бөлім түріктерді бастап жеке кетеді. Әкесі Қара хан ұлын өз дінінде ұстап қалу мақсатымен қалған түрік қосынын бастап оған қарсы соғыс ашады. Сөйтіп бұл барыс жетпіс жылға созылған екен. Нәтижесінде Оғыз ханға ұйығандар – Шу мен Бұхараның арасын мекендеген түріктер «ҰЙҒҰР» (ұйғұр), ал одан шығысқа, Моғолстанға қарай маңып (ауып) кеткен түріктер «МАҢҒҰЛ» деп аталады. Алайда «маңғұл» деген сөздегі «ـَ» (фатха, а) харакаты қата түрде «ـُ» (дамма, ұ) болып оқыла беретін болған. Сол себепті ол атаудың емлесі, орфографиясы ресми жарлыққа сай «моғол» деп өзгертіледі. Өйткені түрік тілінде «мұң» жаман мағна,  «қайғы» деген ұғым бергендіктен, адамдар ол сөзден қашқан.

Түпнұсқа авторлары «ұйғұр» атауы туралы, ол түріктің «ұю» (бірігу) етістігінен келіп шыққан деп нақты түсінік береді. Түрік халқының «ұйғыр» (ұйғұр) және «моғол» (мұғұл) этнонимдері, міне, осылай қалыптасқан. Егер Шыңғысхан шынымен «моңғол» (монгол) болса, бұл атаулар «элэгрэх» (ұю), «явах» (маңу) деген сөздерден қалыптасар еді ғой. Әлімғазы Дәулетхан мырза, сіздер осындай өте қарапайым ұлттық тарихи, элементарлы этнолингвистикалық сауаттардан да жұрдайсыздар. Сөйте тұрып қай білімдеріңізбен «кәсіпқой тарихшы», «кәсіпқой кандидат» болып жүрсіздер. Өзгенің адал ғылыми еңбегін неге сонша күндейсіздер. Әрине халықтан ұялмайтындар, ұлтқа жаны ашымайтындар бәріне де барады. Сіз де, сондай жолбике, халтурщиктердің біреуі болғаныңыз ба? Бәлкім бірі емес, солардың ең типтік өкілі боларсыз.

Моғолдар (мұғұлдар) келіп қоныстанған сол мекен, үшбу этнонимге байланысты Моғолстан атанып кетеді. Ол – қазіргі Жетісу жері екені көпке аян. Жалпы алғанда, моғолдар қият (қиян), баят (байұлы) деген екі саладан құрам тапқан. Соның ішінде қияттар жалайыр, қоңырат қатарлы ірі арыстардан құралады. Шыңғысхан мен Бөрте ана ата-бабаларының ұзақ уақытқа жалғасқан, тарихи құда-анда болуының себебі, міне, осында – жалайырлар мен қоңыраттардың арғы тектері бір, қоныстары жақын болған. Бұл тарихи деректерді қазіргі өмір шындығы да растай түседі. Қоңыраттар Сыр бойында болса, жалайырдың бір саласы қазірге дейін сырманақ деп аталады. Кейінгі кезде қияттар дулат, керей, найман, уақ (оңғыт) қатарлы таза түрки ру-арыстармен бірге МОҒОЛ (мұғұл) деген ортақ атты түбегейлі иеленіп қалады.

Ал баяттар байұлы, әлімұлы, тана, таз, дөйт (шөмекей) бастаған хақ түрки ру-арыстарымен бірге ТАТАР немесе алшын татар деп аталады. Сәйкесінше олардың мекені Татария деп айтылатын. М. Поло оның Бату әулетіне қараған жағын Батыс Татария, Әлеке (Хулагу) әулетіне тиесілі жағын Шығыс Татария, ал екеуінен жоғарғы Түркістан аймағын «Ұлық Түркия» (Grande Turquie / Grande Turkie) деп жазған-ды. Жылнамаларда татарлардың жерінде екі үлкен теңіз (көл, дәрия) болған деп көрсетіледі. Яғни бұл дерек татар атына біріккен кіші жүздер және басқа да түрки этностар жеріндегі Каспий мен Аралды меңзейді. Рәшит әд-Діннің дерегі бойынша, қағандар татарлардан шыққан заманда тұтас түріктер «татар» деп, ал моғолдардан шыққан кезеңде «моғол» деп аталған. Шыңғысханның Батыс авторлары жағынан бірде татар (тартар), бірде моғол (моал) деп хатталуының мәнісі осында. Яғни олар моғолдың да, татардың да түрік – бір халық екенін өте жақсы білген.

«Жәмиғ ат-тауарихта» қажетті түсіндірулерден сырт, барлық уақытта Шыңғысхан шыққан халық бастан-ақыр ТҮРІК деп хатталған. Әрі онда моғол тілі, керей тілі – бір тіл деп анық көрсетіледі. Мұны М. Поло да растайды. Ол да арғын тілі, керей тілі, моғол тілі, бәрі – бір ғана тіл деп нақты атап түсіндіреді. П. Карпини мен У. Рубрук Шыңғысхан ордасы татар тілінде сөйлейтінін айта келіп, ұлыс бітікшісі, яғни мемлекеттік хатшы керей арысынан екенін айтқан. Демек татар тілі, яғни кіші жүз тілі де орда тілімен ұп-ұқсас болғаны осыдан-ақ белгілі. Енді мынаған назар салыңыз. М. Полоның әкесі Николас (Nicolas) пен көкесі Маттео (Matteo) Пололар татар тілі мен жазуын Ұрымдағы, яғни Түркиядағы жерлік тұрғындардан үйренеді. Олар Бұхара тұрғындарымен де сол тіл арқылы емен-еркін сөйлесе берген-ді. Ең ғажабы – сол, екеуі Ханбалықтағы Құбылай қағанмен де дәл сол тілде тікелей, ауызекі сөйлескен. Әрі орда қызметінде де сол тілді қолданатын. Яғни Құбылай қаған және оның ордасы Түркия, Орта Азия түріктерімен бір тілде – түрік әдеби тілінде сөйлегені осы арада анық болуда. Ол М. Қашқари заманында «Қақания тілі», кейін «түрки», «түрік тілі» деп те айтылды. Ал қазіргі ғылыми айналыста шартты түрде «Шағатай тілі» деп аталуда. Шындап келгенде, шағатай түрік тілі – Шыңғысхан құрған Алаш ұлысының Мелекеттік тілі болып табылады. Сондықтан да қағанат құрамында болған халықтарға ол терең әсер етті. Орыс қатарлы көптеген ұлттар тілінде, тіпті қытайда да қыруар түркизм сақталып қалғаны кейінгі лигвистикалық зерттеулер арқылы мәлім болуда. Егер Шыңғысхан сіздер айтқандай, «моңғол» (монгол) болса, бұл тарихи дәйек (факті) керісінше болар еді ғой. Әлімғазы Дәулетхан мырза, дәл осы тұста да сіздердің «моңғол» және «ұят» теорияларыңыз тарихи шындыққа жанаспайтыны кезекті рет дәлел табуда. Сіздерден шыққан арсылдақ, шәуілдек үндер біздің өзімізді бір мезет мазалайтын шығар. Бірақ ондай қораш тірліктеріңізбен дәлелді сөзімізді ешқашан жоққа шығара алмайсыздар.

ИЕСІЗ ЛЕПЕС, ЖҮЙЕСІЗ СӨЗ

Ой, Әлімғазы Дәулетхан мырза, өзгеңіз аз болғандай, енді мына бір: «Моңғол үстіртінде көршілес,  аралас отырған түркі-моңғол тайпаларына ортақ ерекшеліктер ретінде  мыналарды атап көрсетер едім» - дейтін өтірікті қайдан таптыңыз? Сосын өзге түгіл, өзіңіз де түсінбейтін «бес критерийді» ортаға қойыпсыз. Соның біріншісінде «Керей-наймандар арасына ...» деп бастап, екіншісінде «Олардың күнкөрісі...», үшіншісінде «Екі халық та сәл өзгешеліктерін айтпағанда, киіз үйде, ашық аспан астында өмір сүрді» - депсіз. Сонда қалай? Сізше, керей мен найманның қайсысы – қазақ, қайсысы – моңғол? Айтып отырған «Екі халқыңыз» не? Біз қашан «екі басқа халық» болып едік? Қазақты енді өстіп бөлшектейін дедіңіздер ме? Болмаса сөзіңізде дұрыс жүйе де жоқ. Әлде осының бәрін моңғолиялық оқушылардың үйтапсырмасынан көшіріп алдыңыз ба? Әйтеу «кәсіпқой кандидат» екенсіз. Тым болмаса, сөзіңізде қарапайым жүйе, ойыңызда жай қисын болуы керек еді ғой.

Онымен қоймай, олардың діни нанымы туралы: «христиандық секталарды айтпағанда», «тәңірлік», «аң-құсқа», «аруаққа» сиынды дейсіз. Тағы да әр шөптің басын бір шаласыз. Сөйтіп аласызда, ойда-түсте жоқ: «Екі халық та сәл өзгешеліктерін айтпағанда, киіз үйде, ашық аспан астында өмір сүрді» - деп түйіндейсіз. Сонда сіз айтқан «екі халық», яғни керей мен найман көрінген дінге сеніп, итке, құсқа сиынып, «ашық аспан астында өмір сүрген» бе? Мынадай болғанда, «моңғол» дегендеріңізге өкпелегеніміз де бекер екен-ау. Дәл осы айтқаныңыздай болса, ата-бабаларымыздың кісікиіктен бәлендей парқы болмапты ғой. Әлімғазы Дәулетхан мырза, сіз мына «кәсіпқой» тұжырымыңыз арқылы шовинист, отаршыл елдердің «陋哈萨» (қор қазақ), «野人» (дала адамы, кісікиік) дейтін қорлау сөзін айнытпай «дәлелдеп» тұрсыз. Алайда түпнұсқа құжаттарда керей хандарының намаз оқығаны, найман хандарының «Алла!» деп зікір айтқаны туралы нақты деректер бар («Жәмиғ ат-тауарих», «Құпия шежіре»). Әрине сіздерге тарихи шындық та, қазақ, түрік халқының ұлттық, мемлекеттік тұтастығы да керек емес. Керісінше көрінбейтін «көкелеріңіздің» көңілінен шықсаңыздар, сол – маңызды. Біз мұны, тек, оқырман білсін деп айтып отырмыз. Әйтпесе сайтан жұғысқан жерде адалдық, доңыз жұғысқан жерде алалдық тұрмайтынын жақсы білеміз.

Әлімғазы Дәулетхан мырза, сіз тіл, дін, мәдениет, территория тұтастығы жөніндегі жалпыға ортақ ұғымды да түбегейлі мансұқтайсыз. Оны  «Грузин етікшісінің  баласы (орыстың ұлы көсемі) И.Сталиндікі» дейсіз. Сөйтесіз де, тұлан тұтып байбалам саласыз. Мұныңыз қай сасқаныңыз? Сіздерше, қазақта тіл, дін, мәдениет, территория тұтастығы болмауы керек пе? Ұлттық, территориялық тұтастықты дәріптесек, «Сталиншіл» болып кетеміз бе? Тағы да сұрақ. Сізше, Қытайдағы және басқа елдердегі қазақтардың тарихи атамекендері, ұлттық территория емес пе? Өзгені қойғанда, Қытай билігінің өзі бұл тарихи шындықты мойындап келеді ғой. Формальды түрде болса да, ондағы қазақтарға бір автономды облыс, үш автономды аудан беріліп отырған жоқ па? Ұлтық тарихты терең зерттеген, ұлттық тұтастықты жанын сала дәріптеген тарихшы мамандар сіздерге, қалайша «И. Сталин жасап берген өлшемді ұмытпағандар» болып көрінеді?! Көзіңізді ашып қараңыз. Керісінше Қазақ хандарының, Қазақ мемлекеттілігінің атасы Шыңғысханды, қазақтың найман, керей қатарлы арыстарын «моңғол» дегендер, мына сіздер – нағыз сталиншілсіздер. Көкек өз атын өзі шақырмай қалмас-ау.

Қазақты алатайдай бүлдіріп, бөлшектей отырып, моңғол халқы үшін: «моңғол тайпалары мен түркі  тайпаларын бір-бірінен бөтен, жат халық етіп көрсетушілер де, ұлы қағанды түрік еді деушілер де халықтардың бір-біріне ұқсастықтары мен бөгделігін айырып, ашып тұратын басты өлшемге мүлде назар аудармай белден баса береді» - деп күйінесіз. Түрік халықтарының, қазақ ұлтының дербес, тәуелсіз мемлекеттілігі, ұлағатты тарихы болғанын дерексіз, дәлелсіз түрде жоққа шығарасыз. Керісінше өзіңіз «белден басасыз». Моңғолға сонша телитіндей, тәуелді ететіндей, қазақ, түрік халқында не өшіңіз бар? Азиялық болғанынан басқа, екі халықтан қандай ұқсастық көріп тұрсыздар. Мысалы, қазақтар «бір, екі, үш,.. он...» деп санаса, моңғолдар «нег, хоёр, гурав,.. арав...» деп, мүлде басқаша санайды. Моңғолдардан көрі, бізге Тынық мұхиттың арғы жағындағы үндістердің сан есімдері әлдеқайда жақын. Оны Әділ Құрманжанұлы Ахметов қатарлы полиглот ғалымдар мен Сапар Ысқақов қатарлы саяхатшы мамандар сан қайтара дәлелдеп беруде. Қазақтар «күн», «ай» десе, керісінше моңғолдар «нар», «сар» дейді, тіптен өзгеше. Атап айтқанда, тіл туыстығын көрсететін ең негізгі сөздер, сан есімдер мен аса байырғы зат есімдер оларда біздегіден мүлде басқаша. Қазақтар «сөз», «ауыз» десе, монғолдар «үг», «ам»* дейді, осылардан қандай жақындық көріп тұрсыздар («Қазақша-моңғолша сөздік»,* авт., Бұқат Базылхан, МХР, Ұланбатыр, 1977 ж.)? Әлде сіздердің ауыздарыңыз да «солай» ма? Сосын да қазаққа қарсы өтірік, өсектерді көп айтатын шығарсыздар?!

Қазақтар науқасты күтіп дауалап, мәйтті арулап жерлесе, оларда науқастың белі опырылып, мүрдесі аң-құсқа тасталады. Қазақта қыз баланың пәктігі қорғалса, оларда кегеннің қойнына салынады. Әлімғазы Дәулетхан мырза, өзіңіз айтыңызшы. Осылардан қандай ұқсастық көріп тұрсыз. Сіздің қандай күдігіңіз барын, өзіңіз білерсіз. Әйтеу біз Сигнжап Сэдамбал мен Әлімғазы Дәулетхан «бауырлас», «туыстас» еді дегенге мүлде сенбейміз. Оған жоғарыдағыдай, аса сенімді лингвистикалық, этнологиялық, теологиялық дәлелдеріміз бар. Біз, сіз және перде артында тұрған сыбайластарыңыз сияқты емеспіз. Ешқашан тұрпайы тұжырымға, өсек, өтірікке сенбейміз. Тек ғылыми дәлелге, тарихи құжаттық дәйекке жүгінеміз.

Аса құрметті оқырман, қазақ пен моңғолды «туыс» етіп көрсету, «антиқазақшыл» тобырлардың Шыңғысханды «моңғол» жасаудағы ең негізгі тәсілдерінің, қитұрқы жаңылтпаштарының бірі. Жоғарыдағы деректер мен мысалдардан көргеніңіздей, екі халықтың тіл, дін, мәдениет қатарлы жақтарында өте зор алшақтықтар бар. Керісінше ортақтықтар тым аз. Там үйде отырғандар өзара туыс бола бермейтіні сияқты, кигіз (киіз) үйде отыру да – эникалық туыстықтың сөзсіз белгісі емес. Шындап келгенде, көптеген түрік халықтары кигіз үйде мүлде отырмайды. Ісжүзінде тарихи шындық түбірінен басқаша. Өзге де көптеген ұлттар сияқты, моңғолдардың тіліндегі түркизмдер Шыңғысхан әулеті заманындағы түркі тілінің күшті ықпалы барысында кіріккен. Алда айтатынымыздай, мұндай ықпал XVI – XIX ғғ. аралығында жүзеге асты. Яғни бұл процесске Түркістаннан қазіргі ҚХР жеріне, одан Қалқа жаққа барған бір бөлім түрки, қазақи диаспоралар – жалайыр, қоңырат, керей, найман, үйсін, қыпшақ, қаңлы, қайы, меркіт, т.б. текті билік өкілдері тікелей ықпал етті. Алайда қазір олар бұл дүниеде жоқ. Өйткені үшбу түрік нәсілді, ислам дінді жандардың барлығы 1923-жылы МХР қызыл өкіметі жағынан жаппай геноцидке ұшыраған.

Әлімғазы Дәулетхан мырза, мұндағы: «топографиялық-географиялық, этнологиялық дерек көздері Шыңғыс ханды түрік-қазақ-жалайыр, қоңырат-үйсін еткісі келген жазармандардың қаламына неге ілінбейді?» - сынды сұрағыңызды, ең жақсысы өзіңізге қойып көріңіз. Сосын түпнұсқа құжаттық деректерге құрмет етуді, оларға жүгінуді жақсылап үйреніңіз. Өйткені өсек пен жала тарих ғылымының мәселелерін ешқашан шеше алмайды. Әрине өсекшілер мен жалақорлар да ешқандай «кәсіпқой тарихшы» бола алмақ емес. Дерекке жүгінгіш болсаңыз, әуелі мынаған назар салғайсыз. Жоғарыда да айтылғандай, М. Поло Қырым жақтағы түріктер мекенін «Батыс Татария», Ираннан бергі түріктер мекенін «Шығыс Татария», қазргі Қазақ жерін «Ұлық Түркия» деп хаттаған. Ал «Жәмиғ ат-тауарих» пен «Құпия шежіре» татарлар байұлы, әлімұлы, алшын (алчын), тана, таз, дөйт (шөмекей) қатарлы ру-арыстардан құрам табатынын көрсетеді. Әрине бұл арада біздің кіші жүз бауырларымыз меңзеліп тұрғанын әрбір дені дұрыс қазақ түгел біле қояды. Әлімғазы Дәулетхан мырза, мұны тек сіздер ғана білмей жүрсіздер.

Сырдың төменгі сағасынан арғы түрки этностар, байұлы қатарлы қазақ, түрік рулары тарихта «баят» деп аталса, жоғарғы сағадан шығысқа қарайғы қоңырат қатарлы түрки ру-арыстар «қият» деп аталған. Екеуі де оғыз түріктерінен тарайды. Оның баят саласынан Қорқыт ата, қият саласынан Шыңғысхан шыққан. Демек екі ұлы тұлғаның түбі бір – екеуі де оғыз түріктерінің ұлы перзенттері. Алайда Әлімғазы Дәулетхан мырза, сіздер осы тарихи фактіні бұрмалап, татарды – «моңғол», Шыңғысханды – «моңғолдың ханы» деп көрсетесіздер. Тұтас кіші жүзді, ұлы Шыңғысханды моңғолдарға берген соң, жалғыз Қорқыт атаны ғана алып қалып қайтесіздер? Әйтеу «қолдарыңыздан келіп тұр екен», ол кісіні де бере салмадыңыздар ма. Онымен қоймай, «Шыңғыс ханды түрік, қазақ дегеніміз ұят» деп кісімсіп қоясыздар. Сонда қазақ үшін шындықты айту – «ұят», моңғол үшін өтірік айту – «абырой» болғаны ма? Қандай керемет «қағидат», недеген мықты «логика» жасап алғансыздар. Қазақ мемлекеттілігін жоққа шығаруда алдарыңызға қара салмайсыздар-ау?!

ШЫҢҒЫСХАН – ҚАЗАҚ, ОНЫҢ ІШІНДЕ - ЖАЛАЙЫР

Әлімғазы Дәулетхан мырза, «топографиялық-географиялық, этнологиялық деректерге» өзге емес, өзіңіз назар аударғайсыз. Өйткені П. Карпини де, У. Рубрук те Шыңғысханның ордасы және Қарақорым қаласы Шудан шығысқа қарай, «үлкен судың» (Балқаштың) оңтүстігінде, «биік таудың» (Алатаудың) баурайында деп көрсетеді. Сондай-ақ олар Жошы ханның қарашаңырағы Қойлық қаласында, онда қазір үлкен ұлы Орда хан тұрады деп анық жазады. Ең маңыздысы – сол, бұл аймақ Орған (Organ) деп аталатыны сол құжатта нақты хатталған. Олар Шыңғысханның атамекеніндегі үлкен өзен, яғни ІЛЕ шығыстан, батысқа қарай ағады деп сыйпаттаса, Р. әд-Дін оны «Өнөн» деп атайды. Яғни Алатаудың солтүстігі Орған, оңтүстігі Өнөн деп аталған. Бұл арада Бешбалық қаласының тағы бір аты ІЛЕБАЛЫҚ, яғни Іле бойындағы астана болғанын да ескеруіміз керек. Демек Шыңғысханның атамекені де, астана тұтқан қалалары да, түгелімен Іле өзені алқабында болғаны тарихи шындық. Ал «Үйән тарихы» («元史») мен «Жаңа Үйән тарихы» («新元史») Шыңғысханның атамекенінде Алатау (Алақтақ), Көкшетеңіз (青海子), Алакөл (Алақкөл) деген жерлер бар екенін көрсетеді («本纪» («Әулет шежіресі»), 1, 5-орамдар).

Мұны ежелгі қазақ таришылары да растайды. М. Дулати бабамыз Көкшетеңіздің, яғни Балқаштың оңтүстік жағын Моғолстан, ал одан былайғы жағын Өзбекстан деп ап-анық түсіндіреді. Сондай-ақ онда Іле, Еміл, Нарын, Ертеш (Әрдүш), Шөплік қатарлы өзендердің бар екенін баян еткен (2-кітәп, 68-тарау). Алайда осындай анық дерекке қарамастан, З. Қинаятұлы қатарлы кейбір тарихшылар мұндағы Ертешті Алтайдан бастау алатын Ертіс өзені деп түсіндіреді әрі оны қазіргі Моңғолия жерімен байланыстырады. Сөйтіп Жетісу қазақтарына қатысты тарихи оқиғаларды неше мың шақырымға сүйрелеп, Өр Алтайдың ең шығыс сілемінен ары қарай асыруға тыраштанады. Ісжүзінде мұнда жерді тесіп (ер+теш = жер+тес) ағатын Шарын өзені меңзелген. Осындай ақиқат деректі ашып түсіндірген біздікі «ұят» та, тарихи шындықты неше мыңдаған шақырымға бұрмалап апарып моңғолға телігендердікі «абырой» саналады екен-мыс.

Әлімғазы Дәулетхан мырза, тағы да айтып қояйын, тарихи деректерге әуелі өздеріңіздің құрмет еткендеріңіз жөн болар. Жоғарыда айтылғандай, «Жәмих ат-тауарих» дерегі бойынша, Моғолстан топонимі моғол түріктерінің атынан келіп шыққан. Сонда көрсетілгендей, моғолдар жалайыр, дулат, керей, найман, уақ (оңғыт) қатарлы түрік, қазақ арыстарынан құрам табады. Мұны Ә. Марғұлан зерттеулері де растайды. Осынау академик атамыз моғолдар – Жетісу қазақтары екенін, әсте моңғолдар емес екенін атап көрсеткен. Жылнаманың бірінші дәптер, бірінші кітәбінде осы аталған рулардан шыққан хандар өзді-өз руларына арналған тарауларда таныстырылады. Мысалы, Оңхан «Керей руы» тарауында, Таянхан «Найман руы» тарауында. Дәл сол сияқты, Шыңғысхан да өзі шыққан рудың баянында, «Жарайыр руы» тарауында таныстырылған. Тарихи, шежірелік тарату бойынша, Шыңғысханның арғы түбі Оғыз ханға, яғни оғыз түріктеріне тіреледі. Сосын одан бері қарай сабақталып моғолға, одан қиятқа, одан жалайыр арысына дейін жалғасады. Келесіде жалайыр бірнеше саладан құрам табатыны анықтап айтылады да, оның Шыңғысхан шыққан біреуі өз іштерінен тағы да он ру болып таратылады. Сол онның бірі төре, бірі төлеңгіт болатын (1-дәптер, 1-кітәп, 149 – 150-беттер). Айтып өткеніміздей, оғыздар – түріктердің түптөркіні болса, одан қият пен баят тарайды. Ал Баяттан Қорқыт ата, қияттан Шыңғысхан шыққан. Жалайырға келсек, олар – ежелде де, бүгін де қазақты құрайтын ірі арыстардың бірі әрі бұл көпке аян шындық. Жалайырлар (Йағлағырлар) – Жетісу түріктері екені «Түрік тілі сөздігінде» де анық көрсетілген. Сіздер қайдағы «Моңғолияны» айтып жүрсіздер? Моңғол халқына өздеріңіздің ғана емес, қазақ халқының да ұлттық ар-ұятын сатайын дедіңіздер ме?

Шыңғысханның түрік, қазақ, оның ішінде жалайыр екенін басқа тарихи құжаттар да растайды. Мысалы, «Жаңа Үйән тарихында» («新元史») Шыңғысхан түрік халқының перзенті екені анық, нақты таратып айтылады. Ол туралы: «Моғолдың тегі, түбі – түрік. Бұл этнонимнің әсілгі нұсқасы маңғұл еді, ол аударма барысында моғол немесе мұғұл болып қалыптасты» - делінген түпнұсқа құжаттық деректер бар («蒙古之先、出于突厥。本为忙豁仑,译音之变为蒙兀儿,又为蒙古» / «本纪» («Әулеттік шежіре»), 1-орам, 1-бет). Сондай-ақ онда: «Шыңғысхан жалайыр Мұқалымен аталас туыс, сондықтан оны әкесі де, өзі де бастан-ақыр қолдады» - деп анық жазылған (Жоғарыдағы құжат, 3-орам). Демек Мұқалының биік мәртебеге жетуінің бір себебі – зеңгір парасаты мен қас батырлығы болса, енді бір себебі – оның Шыңғысханмен қандас, рулас туыстығы болып табылады. Шыңғысханның тағы бір жақын туысы, бірге өскен аталас бауыры әрі саяси бәсекелесі Жамұқа да қазақтың жалайыр арысынан болатын. Мұны Қ. Жалайыр дерегі де растайды. Ғұламаның арғы аталары Сартақ, Саба батырлар Шыңғысханның жақын туыстары болатын. Ендеше өзіңіз де ойлап көріңізші, аталас туыстары түгел жарайыр, яғни қазақ болса, олармен бірге туысқан Шыңғысхан қалай «моңғол» (монгол) бола қалады? Мұндай қарапайым туыстық қарым-қатынасты түсіну үшін, ешқандай да «кәсіпқой тарихшы» немесе «кандидат» болудың қажеті де жоқ. Жай ғана ақыл-естің дұрыс болуы жетіп-асады.

Осындай өте қарапайым ұғымға да ақылдарыңыз жетпесе, Әлімғазы Дәулетхан мырза, сіздер қалай «кәсіпқой кандидат» болып жүрсіздер? Шындығында сіз және бетперде киген әлгі біреулеріңіз, ешқандай да «кәсіпқой тарихшы» емессіздер. Керісінше қазақ тарихтану ғылымына жабысқан масылдың, іштен кемірген жегі құрттың тірлігін жасап жүрсіздер. Сіздердің жазған «еңбектеріңіз», ісжүзінде «көршілеріміздің» отаршылдық, шовинистік идеологиясының сұрықсыз көшірмесі ғана. Тура мағнасында, дәл солай. Ісжүзінде, сіздер тарихтану ғылымына емес, «ерекше міндетке», қазақтың ұлттық бірлігін ыдыратуға мамандандырылған сиятысыздар. Соның арқасында өздеріңізді «кәсіпқой» ретінде көрсетумен тынбай, кәсіби тарихшылардың «қормалы» болуға да ұрындыңыздар. Әрине бастабында оған сенушілер де болған шығар. Дегенмен «іште өліп жатқан иттің» өлексесі мүңкімей, жұрттың жиренішін тудырмай қалмасы анық.

Міне, осындай түпнұсқа құжаттық деректер Шыңғысханның тегі түрік, қазақ, оның ішінде жалайыр екенін жан-жақты дәлелдеп беруде. Қадырғали Жалайыри бабамыз: «Алаш мыңының ағасы – тарақ таңбалы жалайыр» - деп жазған («Маймене мен майсара» тарауы, бірінші абзац). Осынау түпнұсқалық әрі аса құнды тарихи құжаттық дерек бізге екі түрлі тарихи шындықты ашып, айқындап беруде. Біріншіден, Шыңғысхан құрған ұлыстың аты АЛАШ болған. Сондықтан оның армиясы – Алаш мыңы, яғни Алаш армиясы аталған. Өз кезегінде, ол – Шыңғысхан өз қолымен құрған Тоқсан бес мыңдық Ұлттық армияны көрсетеді. Мұны басқа тарихи құжаттар да растайды. Шыңғысхан Сартқұл жорығы алдында үлкен ұлы Жошы ханды өзінің заңды өкілі, яғни мұрагері етіп тағайындаған. Сосын оған «АЛАШ ІДЕ» (Alash ide) деген науғы, қағаннан кейінгі ең мәртебелі титул қайран етеді. Сөйтіп Жошы хан Шыңғысханға өкілетті түрде дербес шешім шығарып, стратегиялық маңызы бар операцияларды тәуелсіз түрде орындайтын заңды мәртебеге ие болған. Ал «Алаш іде», Алаш мемлекетінің иесі деген мағна беретін түрік, қазақ сөзі. Сондай-ақ, бұл – Шыңғысханның төл сөзі болып табылады. Демек үшбу дерек – Шыңғысхан түрік текті, түрік тілді болғанының тағы бір бұлтартпас дәлелі. Сонымен қоса, ол – Шыңғысхан құрған мемлекеттің аты Алаш болғанының да кезекті дәлелі болмақ.

Екіншіден, Шыңғысхан жалайыр арысынан шыққан, сондықтан олар АҒА, яғни титулдық этнос мәртебесін алған. Оны Бичуриннің (1777 – 1853 жж.): «Қияттар дегеніміз – жалайырлар, жоғарғы биліктің иесі солар», Ш. Уәлихановтың (1835 – 1865 жж.): «Моғолдар дегеніміз – Жетенің жалайырлары» - деген сөздері одан ары дәлелдей түседі. Қайталап айтамыз, Шыңғысханның тегі – түрік, қазақ, жалайыр екені, түпнұсқа тарихи құжаттар арқылы жеткен, толық дәлелденген тарихи шындық. Дәл осы арада Ш. Уәлиханов, Шыңғысханның тікелей ұрпағы екенін ерекше ескеруміз керек. Жоғарыдағы төл сөзі, оның өзін жалайыр деп білгенінің нақты дәлелі болмақ. Сондықтан да ол өмірінің соңғы мезгілін қалың жалайырдың ішінде, Алтынемілде өткізген. Тарихи құжаттық деректер мен тарихи шындықтар, міне, осылайша өзара үйлесіп, бір-бірін толықтырып отырады.

Әлімғазы Дәулетхан мырза, сіздерде осынша көп түпнұсқа тарихи құжаттарды іздейтін ниет және оны оқып түсінетін білім болмағаны ғой. Бар мақсаттарыңыз, қазақты – қор, моңғолды – зор, жалайырды – құл етіп көрсету ғана. Иелеріңіз алдындағы «парыздарыңызды» солай өтеп жүрсіздер. Осындайда бір ақынның шыбын туралы айтқан:

«Әй деуге де болмасаң,

Сен деуге тіптен толмасаң,

Енді саған не шара,

Қор жаралған бейшара!?» - сынды өлеңі ойға оралады. Дегенмен шыбынды қораш екен деп ызыңдатып қоюға да болмас. Ара-тұра өстіп қағып тастап тұрған жөн.

Әлімғазы Дәулетхан мырза, сіздер ол заманда «қазақ болмаған» дейтін тағы бір жалған өсек таратып жүрсіздер. Ісжүзінде, бұл – тарихи шындыққа жатпайтын, бүкілдей ойдырма өтірік. Әл-Мәсуди (896 – 956 жж.) дерегі бойынша, миләдиден мыңдаған жыл бұрын, Сүлеймен (ғ.с.) пайғамбар заманында «Қазақия» (Qazaqia, Khazaqia) деген атау болған. Қазақ «жоқ» болса, бұл атау қайдан шықпақ («黄金草原» («Алтын дала»), әл-Мәсуди, 947 ж.). Мұны «Хұдұд әл-әлем» («Әлемнің шегаралары») атты, VIII ғасырлық тарихи құжат та растайды. Сол заманда әлемге машһүр «Қазақия» атты территория, онда «Шымкент» атты қала болған. Осынау тарихи дәйектердің барлығын қалай жоққа шығармақсыздар? Қазақия – қазақтың жері болса, Шымкент – қазақтың тарихи қаласы болып табылады. Әрі бұл, қазақ қана емес, күллі әлем білетін тарихи және реал шындық қой.

Жалғасы бар...

Тілеуберді Әбенайұлы Тыныбайын,

ҚР ҰҒА Құрметті академигі,
Шыңғысхантанушы,
шығыстанушы, аудармашы.

Abai.kz ақпараттық порталы еркін ақпарат алаңы. Мұнда ой жарыстырып, пікір алмастыруға кез келген адам құқылы. Жоғарыдағы спикердің пікірі редакция ұстанымын білдірмейді. Алдағы уақытта мақалада есім-сойлары аталған жекелеген азаматтар редакциямызға жауап беруге ниетті болса, олардың да пікірін беруге әзірміз. 

Abai.kz

105 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1475
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3249
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5456