Сенбі, 23 Қараша 2024
Білгенге маржан 11204 2 пікір 17 Мамыр, 2021 сағат 11:49

Қиыр Шығыста шейіт болған қазақ жауынгерлері

2016 жылдың 10-16 тамыз күндері аралығында жолым түсіп ҚХР Мәдениет министрлігі, Хэйлунцзян провинциясы және Ресей федерациясы Мәдениет минстрлігі, Амур облысы басшылығы бірлесіп Хэйрэ қаласында (Қиыр Шығыста Қытай мен Ресей шекарасында орналасқан) өткізген «Бір белдеу - бір жол» құрылысы және Ресей Еуроазия экономикалық интеграциясы» атты халықаралық конференцияға қатысып, «Жібек жолы экономикалық белдеуін жаңғыртуда «Нұрлы жол» бағдарламасының маңызы» атты тақырыпта баяндама жасадым.

Конференцияны ұйымдастырушылар түрлі елдерден келген ғалымдарды Хэйхэ (Амур өзені) өзені бойындағы Қытай-Ресей шекара өткелі нысандарын, Қытайдың Ресейде болған эмигранттар музейін, Айхуэй тарихи музейін, Қаланың даму жоспары сарайы сияқты маңызды тарихи мәдени нысандармен және қаланың және жалпы провинцияның жетістіктерімен таныстырды. Алайда менің назарымды аударған  Хэйхэ (Хэйхэ – Амур өзені Қытай мен Ресей шекарасын бөліп тұр) өзені жағасындағы шағын бақшада алыстан көз тартып тұрған «Кеңес Қызыл Армиясы құрбандары» мұнарасы болды.

Мен дереу топтан бөлініп, мұнара жанына бардым. Мұнара қабырғасынан қытай және орыс тілдерінде соғыс құрбандарының есімдері және одан төмен «Эраның бір мың тоғыз жүз қырық бесінші жылы тамыздың 9-ынан қыркүйектің 3- ші күні аралығында Социалистік Отанның тәуелсіздігі мен бейбітшілігін қорғау үшін, сондай-ақ Жапон басқыншыларынан Қытай халқын азат ету үшін ерлікпен құрбан болған батырлар есімі мәнгі жасайды!» деген жазуды оқыдым

Кешегі сұрапыл шайқас болған жерге тұрғызылған биік мұнара  қабырғасындағы сапалы тас тақтайшаға ойылып жазылған, 103 кеңестік жауынгерлердің  есімдері арасынан Чекиров Абдыхай (1925 - 1945.08.18.), Толгомбаев Сагумбай (1925 - 1945.08.17.), Хасимов Ахметбек (1945.08.21.) (Сурет-б 3.) деген аты-жөнінен олардың қазақ жауынгері екенін білгенде көңілім астаң-кестең болып, қатты күйзелдім. Шет елде шейт болған боздақтар небәрі 20 жыл ғана өмір сүрген екен-ау...

Тарихқа көз жүгіртіп қарасақ, бүкіләлемдік соғыстардың қай-қайсысы да қазақ халқына аз қасірет шектірген жоқ.

Бірінші дүниежүлік соғыс салдарынан 1916 жылы қазақ халқы қатты жанышталып бір ойсырады. Ал Екінші дүниежүзілік соғыста Ұлы Отан қорғау майданында болсын, антифашистік соғыстарда болсын қазақ халқы орасан зор құрбандыққа ұшырады.

Екінші дүниежүзілік соғыстың соңғы кезеңінде (1945 ж. ақпанда) Антанта мемлекеттері басшыларының Ялта конференциясында жасаған келісімі бойынша, Кеңес Одағы 1945 жылы 8 тамызда Жапонияға қарсы соғыс жариялап, майданға 1,5 млн әскер аттандырды. Кеңестік Қызыл Армия құрамындағы қазақстандықтардың қатарында  қазақтың ұлдары мен қыздары да болды.

Олар Қиыр Шығыстағы, Қытайдың Солтүстік Шығысы (Манучжурия), Солтүстік Кореядағы Жапонияның ең мықты Квантун армиясына қарсы сұрапыл соғыс жүргізді.

Алайда 1945 жылдың 6 және 9 тамыз күндері АҚШ-тың Хиросима мен Нагасаки қалаларына атом бомбасын тастауы нәтижесінде антижапондық соғыс аяқталды. 15-тамыз күні Жапон императоры соғысты шартсыз тоқтататынын жариялап, қыркүйектің 2-күні жапондықтар «Соғысты тоқтату шартына» қол қойды.

Милитаристік Жапон жауынгерлері қаруларын тастап, жеңілісті мойындауға тиісті болды. Алайда Қытай территориясындағы жапон әскерлері соғысты жалғастыра берді. Міне, бұған жоғарыда айтылғандай, Амур өзенінің Қытайға қарасты жағалауында 17, 18, 21 тамыз күндері болған шайқаста құрбан  болған 103 жауынгер (олардың арасында  үш қазақ) айғақ. Демек, екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, қытай халқының азаттығы үшін қыршын жандарын құрбан еткен жауынгерлердің  есімідері ұлықталып, жас ұрпақ мақтанышына айналуы тісті деп санаймыз.

2015 жылы қыркүйек айында Қытай төрағасы Си Цзиньпин Қытай халқының Жапон басқыншыларына және дүниежүзінің фашизмге қарсы соғысының жеңісіне 70 жыл толуын атап өту жиналасында сөйлеген сөзінде:

«Қытай халқы аса ауыр ұлттық құрбандықты басынан кешіре отырып,  Шығыс майданда жүргізілген  антифашистік соғыста, дүниежүзінің фашизмге қарсы соғысының жеңіске жетуіне зор үлес қосты. Сондай-ақ Қытай халқының антижапондық соғысы да халықаралық қауымдастықтың кең көлемде қолдауына ие болды, өзге ел халықтарының Қытай халқының жеңіске жетуіне қосқан үлесін Қытай халқы мәңгі есте сақтайды», - деген болатын.

Қазіргі таңда Қазақстан мен Қытай өте тығыз қарым-қатынастағы мемлекеттер, екі ел халықтарының өзара түсіністігі мен ынтымақтастығын нығайту үшін қос тарап көптеген үгіт-насихаттар жүргізіп келеді. Мәселен, Ұлы Отан соғысы жылдарында Мәскеуде іс-сапармен жүрген қытай композиторы Сянь Синхайдың еліне Қазақстан арқылы қайтпақшы болып, кете алмай Алматыда қатты қиналғанда қазақ композиторы Бақытжан Байқадамовтың оған көрсеткен қамқорлығы, ал Сянь Синхайдың  «Амангелді» симфониясын жазғаны – екі ел халықтарының достығының жарқын көрінісі ретінде дәріптеліп, Алматы қаласындағы көшеге Сянь Синхай есімі берілді. Сондай-ақ екі елдің  кинотүсірушілерінің  ынтымақтастығы нәтижесінде «Композитор» атты көркем фильм түсірілгендігін атап айтуға болады. Бұл да жөн шығар. Ал, сол сұрапыл соғыс жылдарында Қытай халқының азаттығы үшін жапон басқыншыларымен соғысып құрбан болған қазақ жауынгерлерінің ерлігі дәріптелуге тұратын жарқын да әсерлі мысалдар деп санаймыз. Олардың адамзат еркіндігі үшін, қытай халқының азаттығы үшін жас өмірлерін құрбан етуі – нағыз ерлік!

Демек, «Адамдар бір-біріне өзара қарыздарлығын әрқашанда ойлай жүрулері керек. Әсіресе Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің еңбегін ерекше бағалай білуі қажет. Ер өледі, ел қалады. Есімі ел жүрегінде сақталған ер ғана бақытты», – деп  халық батыры Б.Момышұлы айтқандай, Ұлы Жеңіс күнін жақындатуға қай жерде болмасын өз үлестерін қосқан қазақтың  қаһарман ұлдарының жауынгерлік ерлігі – үлттық мақтанышымыз.

Нәбижан Мұқаметханұлы,

тарих ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры, университет жанындағы «Қазіргі заманғы Қытайды зерттеу орталығының» директоры

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1475
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3249
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5458