Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
46 - сөз 9596 1 пікір 17 Мамыр, 2021 сағат 13:45

Армения көмекке шақыруда: Не болды, Пашинян?

Армения премьер министрінің міндетін атқарушы Никол Пашинян өткен аптада Тәжікстан басшысы Рахмонға ҰҚШҰ аясында көмек көрсетуін сұрап, хабарласты. Биыл Тәжікстан ҰҚШҰ ұйымына төрағалық етеді, яғни Рахмонға хабарласуы заңдылық. Пашинян не үшін көмек сұрап отыр? 

12-мамыр күні Армения БАҚ-тары Арменияның Қаракөл (Сев көлі) маңында Әзербайжан сарбаздары пайда болып, шекараны бөлісуді бастағаны жайлы жаза бастады. Артынша көптеген телеграм каналдар аталмыш аймақта атыс болып, Армения сарбаздары шығынға ұшырағаны жайлы ақпарат таратты. Ресми Ереван атыс жайлы ақпаратты жоққа шығарып, көл маңында Әзербайжан сарбаздарының топтасып жатқанын растады. Қаракөл көлі Арменияның Сюник аймағында орналасқан. Ол екі ел шекарасында тұр.

Әзербайжан тарапы бұл көлдің өздеріне тиесілі екенін айтуда. Себебі қолдарында оны дәлелдейтін арнайы карта бар. Алайда Пашинян ол карталардың шынайылығына сенбейді. Қаракөл маңында 240 әзербайжан сарбаздары топтасқан деген мәлімет бар. Тараптар арасындағы келіссөздерден кейін, 16-мамырда Әзербайжан өз әскерилерін шығара бастады. Алайда 60 сарбаз көл маңында қалатын болды. Келіссөздер 18-мамырда жалғасын таппақ. Баку "біз халықаралық қауымдастық мойындаған шекараны құрметтейміз" деген сөзін айтып, Арменияның ҰҚШҰ-дан көмек сұрауын негізсіз деп атады.

Пашинян жағдайды барынша "халыққа жеткізу" мақсатында байбалам салып әлек. Путинге хат жазды. Күні кеше президент Тоқаевқа телефон соқты. "Бұның барлығы да алдағы сайлауда ұпай жинау мақсатында жасалып жатыр" дейді сарапшылар.

Армения 44 күндік соғыс барысында тас-талқан болып жеңіліс тауып, шекараны заңдық негізде бөлісуге келіскен еді. Қазіргі уақытта Баку мен Ереван шекараны 1975-1976 жылы жасалған карта негізінде бөлісу бойынша келіссөздер жүргізіп жатыр.

Abai.kz

1 пікір