Бетпақдала аңызы
Менің балалық шағым Жаңаарқаның Айшырақ деген жерінде өтті. Ақтау мен Бетпақдаланың тұсында ағып жатқан Атасудың бойындағы шағын ауыл еді. Талды өзенге төніп тұрған төбенің үстінде тарыдай шашылған оншақты үй әлі күнге есімде. Жағалай шикі шымнан салынған олар бір-біріне өте ұқсас болатын. Сыртқы көрінісі ғана емес, тағдырлары да ортақ секілді еді.
Төбенің үстінен қай жағыңа қарасаң да көксеңгір таулар мен тасты жоталарға көзің сүрінеді. Шығыс қапталда Саңғыру, Өгізтау мен Қабантау зораяды. Оңтүстікте Тасқоралының қос өркеш биігі менмұндалайды. Батыста Айдарлының тақыр дөңі кес-кестейді. Солтүстікте Қызылшоқы мен Ақтау асқақтап, жанарыңды жасқайды.
Мен атам Смайылға еріп, сол тауларды бала кезімнен көп шарладым, қыры мен сырына ерте қандым. Сол кездері сексенді иектеп қалған атам маған көргені мен көңілге тоқығанын әңгімелеуден әсте жалыққан емес. Әңгіме бірде ақиқатқа, бірде аңызға айналатын. Алыс-алыс таулар ертегідей көнеріп, қисса-дастандардай сиқырланатын.
Менің балалық шағым Жаңаарқаның Айшырақ деген жерінде өтті. Ақтау мен Бетпақдаланың тұсында ағып жатқан Атасудың бойындағы шағын ауыл еді. Талды өзенге төніп тұрған төбенің үстінде тарыдай шашылған оншақты үй әлі күнге есімде. Жағалай шикі шымнан салынған олар бір-біріне өте ұқсас болатын. Сыртқы көрінісі ғана емес, тағдырлары да ортақ секілді еді.
Төбенің үстінен қай жағыңа қарасаң да көксеңгір таулар мен тасты жоталарға көзің сүрінеді. Шығыс қапталда Саңғыру, Өгізтау мен Қабантау зораяды. Оңтүстікте Тасқоралының қос өркеш биігі менмұндалайды. Батыста Айдарлының тақыр дөңі кес-кестейді. Солтүстікте Қызылшоқы мен Ақтау асқақтап, жанарыңды жасқайды.
Мен атам Смайылға еріп, сол тауларды бала кезімнен көп шарладым, қыры мен сырына ерте қандым. Сол кездері сексенді иектеп қалған атам маған көргені мен көңілге тоқығанын әңгімелеуден әсте жалыққан емес. Әңгіме бірде ақиқатқа, бірде аңызға айналатын. Алыс-алыс таулар ертегідей көнеріп, қисса-дастандардай сиқырланатын.
Алыс-алыс жолдарды, шалғай-шалғай елдерді артқа тастап, талай-талай жұртты ұлардай шулатқан, сан шайқаста қылышының жүзі тасқа тимеген, атан-атан түйеге тай-тай олжа артқан, құл болады деп ұлды тұтқындаған, күң болады деп қызды көгендеген қаһарлы қалың жасақ ескі құдықтың түбіне жетіп тоқтаған күні де Бетпақдала қатыгез еді. Аптап боп жаланып, жалын боп қақтап тұр еді, қаңсып тұр еді. Жапырлап келіп аттан аунап түсіп жатқан, кенезесі кепкен, үстеріндегі тоғыз қабат торқаны, қолдарындағы сала құлаш семсерді ауырлаған, шөлден шөгіп кеткен сарбаздарға, жондарын қамшы, білектерін қыл арқан тіліп, теңселген көп тұтқынға көз қиығын салуға ерінді. Мұндай қарулы қолды ол талай көрген, талайларын апталап азынаған қара дауылда қан құстырып, тоз-тозын шығарған, талайы ұлы шөлде ұлып қалған. Көп болса соның бірі шығар.
Қалың қол Бетпақтың кәрінен әуелде ыға қоймап еді, ұлы шөл де қатал, ол да қатыгез. Атан жоталы, күдіре жалды, сырмақтай жалпақ сауырлы, қос тілерсек серіппелі, қамшы тимей құшырлы-құла мінген қаба сақал күндей күркіресе, қарулы көп сарбаз аш бөрідей жалаңдайды.
Бірақ Бетпақ ықтырмай қойсын ба. Жапан даладағы жалғыз құдық көміліп қалған болатын. Ал ұзақ жолда шөл қысып барады, зәрлі шөл қуырып барады.
Қаба сақал қаһарлы еді. Сескенбей сес көрсетті. Түксиген қорқау қабақ, ызбарлы өткір жанар, қорасаннан қалған дақ, жыланның бауырындай шұбарланған сұп-сұр жалпақ бет, желбезегі желп-желп еткен дөң мұрын, көнектей айғай ауыз, құланың төрт тұяғын қатқақ жерге алпауыт салмақпен қадаған алып дене ықтырмай қоймас-ты.
- Бұл тегін болмады, - деп безерді Бетпақ.
- Бұл сірә да сескенбес, - деп қитықты ұлы шөл.
- Шира, ширық! - деп күркіреді қаба сақал.
Бақандай қара найзаны қара жерді қақырата қадады, құладан күрп етіп түсіп, бұрқ етіп әмір берді.
- Ұлы шөлді ұлылар ғана жеңеді. Ұл болып туған ұлып қалмас. Аршыңдар мына құдықты!
Көп сарбаз шыңырауға қарай лап қойды.
Талтүс еді сол кезде, бесінге дейін қазды, сағыздай иленген сазын тауысты. Кешке дейін қазды, қия-қия көк тасты тіліп түсті, түн түнерді, найза бойы тереңдеді, таң атты, шөлдің таңы айырылды, табан астында күрең құм шықыр-шықыр сусыды. Таңға ұлан дала талпынды, сусыған құмның бетіне шып-шып су шықты.
- Жеңдім! Жеңілді! - деп барқырады қолбасы.
Жең...ді! Жең... жең... деп жаңғырықты дала.
Сол кезде ...
О, тоба! Мұндайды тағы кім көрген. Сусыған құм сау етіп түсті де кетті тереңге. Суды көріп сергіген, су шығарып сенделген көп сарбаз құрдымға күрп-күрп жоғалды, шыңырау жұтынып қана үлгерді. Қорқырап, аждаһадай жаланып, аранын ашты. Ұлы шөл ұлылығын танытты.
Ол ешкімге ешқашан есесін жібермесе керек-ті. Қырық құлаш сағыздай сазын тауысып, сағын сындырған, қия-қия көк тасын тіліп тауын шаққан, күрең де күрең құмына табанын жалатып, таңын айырған қол тереңнен шыққан суына құрбандық шалмай кенелсе, шын жеңілгені емес пе, шын мұқалғаны болмас па. Шөлін қандырса, ұлардай шулап барып қандырсын, көнін жібітсе, қан жұтып отырып жібітсін. Бетпақты бейғам жеңемін дегеннің бәрі есекдәме екенін ұқсын.
Шыңырау қорқ-қорқ жұтынды.
Елдің үрейі ұшты. Жылқы біткен шұрқырап, түйе біткен боздады. Сау қалған сарбаздардан өң қашты, көгендеулі көп тұтқыннан ес кетті. Айдалада аптап жел азынай есті, азынап жүріп, апшыны қуырды. Ол ұлы шөлдің азап сарыны еді, аздырып бара жатыр еді.
Қаба сақал алғаш рет ақыра алмай қақалды, аңтарылып тұрып қалды.
- Қарғыс атты! - деді оң жағындағы шабдар шал.
Үндемеді.
- Ант атты! - деді сол жағындағы қара шал.
Тіс жармады.
Шабдар алыс жолда қасынан табылатын ақылгөйі еді, қайтарып тастай алмады. Қара қалың қолды уысында ұстайтын қаһары еді, сағын сындыра алмады.
- Тәңірі талақ етті! - деп күңіренді сарбаз біткен.
- Талақ етті! - деп іліп әкетті аптап жел.
Ал шыңырау әлі қорқырап жатыр еді, қылқ-қылқ жұтынып жатқан. Қылқ-қылқ жұтынып барып, өңешіне тас тұрғандай қақалған. Тұңғиығы сар-сар етіп сапырылысты, тереңі теңіздей тулады, сонау тылсым тұңғиығында ұлы жын ұлып көшкендей.
Қаба сақал талтаң-талтаң басты, бастан-аяқ көк сауыт, көк сауыт бойы далбағай қажала шыңылдап, шыңыраудың ернеуіне келіп тоқтады. Көз жетер жері саз бен тас, одан әрі қарауытқан үрейлі дүние. Сырылдаған үн толастайтын емес, тұңғиықта беймәлім дүрбелең. Сескендіреді, сезікті шулайды.
Қалбаң-қалбаң етіп шабдар шал жетті. Күрп-күрп басып қара шал келді. Шабдар жалп етіп, тәңіріне табынды, қара қабағын қарс жауып алды.
Қаба сақал арттағыларға мойын бұрды.
- Құрбанын алған шыңырау,
Енді қайтып жұтынбас.
Құты қашқан көк тобыр
Суды ал да шөлің бас.
Шабдар жерден жеріне көтерілді.
- Шыңырау түбі тұңғиық,
Суды қайтып аласың?
Тұңғиыққа бойлайтын,
Қандай қауға саласың?
Қара қақырынды.
- Қырық түйе жүк артқан,
Қырық арқан бар сонда.
Қырық арқан жетеді
Құдық түпсіз болса да.
Соны айтып, тәңірі тура келген ажалдан қағып қалған, шыңыраудың суын аршу кезегі тимеген, анадай жерде ошарылып тұрған сарбаздарға жарлық берді. Лездің арасында тай-тай жүк шашылып қалды, қырық арқан бір-біріне жалғанып, тұңғиыққа лақтырылды. Түбіне бірақ жетпеді.
- Атта шылбыр қалмасын.
Бәрін-бәрін жалғасын, - деді қаба сақал.
Ол да қысқа болды.
- Айыл-тартпа сайлаңдар,
Қиыстырып байлаңдар!
Қауға сонда да суға тимеді.
- Қайда белдік белдегі,
Жіп атаулы елдегі.
Бұл да аздық етті.
Қауға сақал бөгелді
- Тұтқындарды матаған.
Әкеліңдер көгенді.
Шыңырау маңайлатпады.
Қолбасы тұйыққа тірелді, енді дәнекер етіп жалғайтын ештеңе қалған жоқ-ты. Сонда шабдар күңк етті.
- Күлтеленген, төгілген,
Аттан күдер үзейік.
Сусыз сірә бола ма
Бәрін-бәрін күзейік.
Әп-сәтте жылқы біткен жүнін жұлған тырнадай болды. Бірақ бәрі бос әурешілік еді. Құйрық-жалдан есілген арқан да үмітті ақтамады.
- Енді қандай амал бар? - деп түңілді Қаба сақал.
Жұрт сілтідей тынды. Көптің айтары жоқ еді, еңселері түсіп кеткен, сарбаз атаулы ұлы шөлдің ұлылығына мойынұсынып, тірліктен күдер үзе бастаған болатын.
Бетпақ салы суға кетіп сандалған, айдалада айдаусыз қамалған, шөліркеп шөккен, бекемі боркемікке, жасығы тірі өлікке айналып, азып-тозған көптің үмітсіз жанарына сыздана қарап, түксиіп түнере берді.
Тәңірі жарылқап тіл бітер болса, айтар еді бұл сонда:
- Шақпай өткен өмірден
Жыланның не құны бар.
Шықпай іште булыққан,
Ызаңның не құны бар.
Күн күйдірген әуеден,
Қарғыс атқан әуелден.
Безеріп жатқан Бетпақтың
Өткен-кеткен байғұсты
Қойдай қырып алмаса,
Солай бір ылаң салмаса,
Тарқамайтын жыны бар.
Ал қарулы қолдың титығы жеткен, оның енді қатыгез Бетпақтың бетіне түкіріп, қарғыс ататын да шамасы жоқ-ты. Сарбаз атаулы өлім жайлы ғана ойлаған, ұлан даланың жонында ажал аранын ашып, тімтіне жортып жүрген-ді.
Қаба сақал осыны ұқты, бірақ өлгісі келген жоқ, ол өзін бұл өмірге өлу үшін емес, өлтіру, қырып-жою үшін келген жанмын деген бетпақ түсінікке әлдеқашан құл болған еді, ажалды мойындамауға тырысты. Дәм-тұзы таусылуға айналғаны тәңірдің хақтығындай шындық болса да көне алмады. Алысты, аласұрды. Шыңыраудың ернеуінде тұрып бұрқ-сарқ етті.
- Ей қара шал!
- Тыңдап тұрмын тақсыр.
- Бетпақты не жеңеді?
- Тәңірі ғана теңі еді.
- Сол қолым сені десек те
Тең екенсің есекке.
Буырқанып шабдар шалға қарады. Ол аптап жел ода-дода еткен, шөп-шалам қонып білтеленген сақалын тарағыштап, мұрнының астынан міңгірледі.
- Салсаң да тақсыр қылбұрау,
Мөлдіреген суына
Жеткізбейді шыңырау.
Қаба сақал қаһарына мінді. Сала құлаш қайқы қылыш қынаптан жарқ етіп суырылды. Қара жерді қарш-қарш шапқылап тұлан тұтты. Көп сарбаз қанын ішіне тартты, көп тұтқын шыбын жанын шүберекке түйді.
Шабдар шал жымып басып, жылыстап кетті.
Қара қаншырдай қатып қалды.
Қолбасы қайта күркіреді.
- Бәріміз де бәріміз,
Жер шетіне тақалдық.
Бұл Бетпақты жеңетін
Қаны қатқан қаталдық.
Мейірімділік - жасықтық,
Иіп жүріп шіриді.
Безер Бетпақ өзіңдей
Жауыздарға жібиді.
Қара қаба сақалдың жанына жетіп барды. Шүңірек зәрлі көз ызғар шашып, ұмар-жұмар ұйлыққан көп тұтқынға қадалды.
- Сездім тақсыр, мен емес,
Сөз ұқпайтын шірігің.
Қыл арқанға жалғайық
Тұтқындардың сіңірін.
Қолбасының жанары ұшқын атты. Тапты мынау, тапты көкейдегісін. Өзінің де айтпағы сол еді ғой, қайрап-қайрап зәрін төктірген жері осы. Қанып ішер қан таппаса, өз жүрегін жарып жеуден тайынбайтын қорқаудың аузымен көп тұтқынға үкім айтқызды. Бұл түспейді араға, қолын да қақпайды. Билік сонда ендігі. Бетпақтың шөл даласындағы шыңыраудың түбінде қазір басталатын қырғынның билігін басы бүтін береді.
Қара қатая түсті.
- Шіміріксе жүрегің,
Алам отқа қуырып.
Тұтқындардың тірсегін
Ширатыңдар суырып.
- Ширатыңдар суырып! - деп жаңғырықты безбүйрек Бетпақ.
Ол құрбандық көбейген сайын құшыры қанып, ширығып салып еді. Қазір айдалада адамның қаны судай ағады. Қаптаған қайқы қылыш сорлы тұтқындардың басын допша домалатар. Әлде бұлар байғұстардың сіңірін тірілей суырар ма екен. Ана қаншырдай қатқан қара одан тайынады деймісің, шіміркенеді деймісің. Әне күркіреп жүр, шабынып жүр.
- Тұтқын деген құдайдың,
Есебіне енбейді.
Сұрауы жоқ, бауызда,
Өрте мейлі, кес мейлі.
- Өрте, өрте, кес мейлі! - деп сұңқылдады шабдар. Онда өң де, түс те жоқ еді, ұзақ жолда, сан қырғын мен ханталауда аппақ қудай шал әбден арыған, титықтап ақылынан алжаса бастаған. Бір кездегі қиыннан қиыстырып жөн табатын сұңғыла енді жоқ, оның орнында қалт-құлт еткен, сіңіріне ілінген тірі аруақ қана бар. Кім не айтса, соған келісе кетуге әзір. Ара-тұра ескі сарынға салып, мақамдап, мақалдап сөйлеген болады.
- Адам деген үрейлі,
Ажалыңның өзінен.
Шауып жатса басыңды
Бал тамады сөзінен.
Қаншырдай қатқан қара оны көзіне де ілген жоқ, адымдай басып тұтқындарға беттеді. Қолы беліндегі семсердің сабында, таяна бере жұлқына суырып алды.
- Баста!
Көп сарбаз алға аттап түсті, шың-шың еткен сан қылыш төбе құйқаны шымырлатып, күн көзіне айқыш-ұйқыш шағылысты.
Қара қайрап салды.
- Қапта!
Қарулы топ лап қойды. Тұтқын біткен тірліктен күдер үзді.
- Басталды, - деп қиястанды Бетпақ. - Қан тілеген қайқы қылыш тояттар шағын тапты енді.
Тұтқындардың үрейлі тобына алдымен жеткен еңгезердей сарбаз қорқыныштан буынын билей алмай теңселіп тұрып қалған жігітті жерге алып ұрып, үстіне қона кетті. Кәнігі қасапшыдай епті қимылдайды, жалаңдаған тажал қылыш тиген жерін сыр-сыр етіп, тілерсек бойын тімтіне кезіп жүр.
- О, тоба! - деп сескенді Бетпақ.
Бұл оның көк - көк болғалы, көкке бұлт қонғалы алғаш рет тітіркенуі еді.
Еңгезердей сарбаз қорбаң етіп орнынан тұрды, қолында қамшы өріміндей тілерсек. Сорлы тұтқынды тірідей сойғаны ма, шырқырап тұра беріп, қайыра жалп етті. Жандәрмен кеудесін көтеріп, сүйретіле қашпақ болды, екі аяқ сіңірсіз шұбатылды.
- Сұмдық-ай! - деп шошынды Бетпақ.
Бұл оның жер жер болғалы, жерде аң жортқалы тұңғыш түршігуі еді.
Қара арс-арс етті.
- Қапта!
Тұтқын біткен ұлардай шулады. Ұлан дала азан-қазан.
- О жасаған! - деп күрсінді Бетпақ.
Бұл оның су су болғалы, суда балық жүзгелі бірінші рет шошынуы еді.
Енді тұтқын атаулының қойдай қырылатындығына көксеңгір көк бет көктің де, бетегесіз белдің де, шөлден өлер елдің де көзі анық жеткен-ді.
Сол кезде қолбасы бөлек ұстап, бөлек айдап келген қырық қыз қаба сақалдың алдына жетіп, аяғына бас ұрды. Қырық қыздың ортасында Қырмызы қыз сөз бастады.
- Хан қызы едім кеше мен,
Бүгін сенің құлыңмын.
Сауға сұрап әкелдім
Қырық қыздың бұрымын.
Қырық бұрым қырқылған,
Қырық қыздың көркі еді.
Қырық қызды құлдардың
Қайғы дерті өртеді.
Сорлылардың өмірін,
Қалдыр-дағы сауғаға.
Қырық қыздың бұрымын
Байла ана қауғаға.
Қырық бұрым қырқылған,
Қырық өрім етем мен.
Қырық құлаш су сонда
Көтерілер тереңнен.
Қолбасы тоқырап қалды. Қырмызы қыз оның мына жортуылдағы көзінің қарашығындай сақтап келе жатқан асылы еді. Ай бұрын Арқа елін андыздап шапқанда, хан ордасын қасқырша талап, тағын талқан, жұртын малқам еткенде, осынау он екіде бір гүлі ашылмаған аруды айран-асыр олжалап, оң қабағы тартқан. Көрсе көзінің нұры, көрмесе көңілінің мұңы еді. Көгілдір шатыр ішін көркейтіп, кіріп келе жатса дер еді.
Ат тұяғы кетілген, атан табаны тесілген айшылық алыс жолда, өлім күліп, өмір түңілген қиын сапарда Қырмызы қыз қыбын тауып жымиса, жаһанда қырылып жан қалды, жапанда қатып қан қалды деп түңілмес-ті. Қос бұрымда қос алқа қылықты сыңғырлап, бұраң бел ерке майысып, қылығы және жарасып, ерім десе еліте, егілте де алар, еріте де алар.
Ал мынасы несі екен?
Қырмызы қыздың қолында қылпылдаған кездік. Кесе ұстап тұр. Қырық қыз тағзым етеді, қырық бұрым қыр арқада бұлаңдайды.
Қолбасы тұйыққа тірелді. Тұйықтан зорға тіл қатты.
- Қос бұрымның жанында,
Жер-жаһан да садаға.
Хан қызы едің, хан қызы
Қарайламас қараға.
Қырмызы қыз басын шайқады, ол осы сәт қолбасының өресі жетпестей тәкаппар еді. Дауысы да өктем шықты.
- Қырық бұрым қырқылса,
Сұрамаймын төлемін.
Тұтқын түгел қырылса
Мен де бірге өлемін.
Қолбасы алға аттап түсті.
- Таяма! - деді қыз. - Жақындама!
Қорықпа менен. Саған қол көтеретін қорқау бұл өмірге әлі келген жоқ, - деп іркілді қолбасы.
- Саған сенетін қандай жақсылығың бар еді?
- Жасаған жақсылығымның жоғы анық, жасар жақсылығым алда.
- Онда соның басы болсын, босат ана тұтқындарды.
Қолбасы ойға кетті. Хан қызының айтқанын орындаса, тағынан таймас, қырық бұрым есілсе, қыл арқан суға жетер, одан кейін не болмақ.
- Қырық қызды күзеген,
Бетсіз осы демей ме.
Қыздан көрік тонаған
Ессіз осы демей ме.
Ал қыз райынан қайтатын емес. Қолындағы кездіктің жүзі күн көзіне жарқ-жұрқ шағылысса, жанары ұшқын атады.
Қолбасының тынысы тарылды.
Қырмызы қызды кек кернеді.
- Сенің талауыңа түсіп аңырап қалған Арқа елінің барлық аналарының атынан ант етемін, айтқаным жерде қалса, мына шыңыраудың түбінде ажалымды табармын. Келмеске мүлде кетермін.
- Тең санайтын өзіме,
Алты алаштың бегі ме ең.
Жарасам деп ойлама
Тозған елдің кегімен.
Тыңдамасаң хан қызын,
Тексіздігің, ездігің.
Суарылсын қаныммен
Қолымдағы кездігім.
Қыз алға аттап түсті, жанарында жасын ойнайды. Ол өлімге бас тіккен еді. Қырық қыз шулап қоя берді, қолбасы алдында айбатын асырған арудың өлімінен сескенетінін сездіргісі келмей сұстанды. Құрбандық десе өзеуреп, өршеленіп тұратын, енді одан үріккені ме.
Көзі қарауытты, шөл қажытқан болар. Құлағының түбі қаңғыр-күңгір. Әлдекім сыбыр-сыбыр тіл қатып тітіркендіреді. Үні үрейлі, сәт санап күшейіп, күңіреніп барады.
- Кетпеу үшін қатыгездік,
Жауыздықтың құлағы ғып.
Жаралған-ды шапағаттан
Күндей күліп сұлулық.
Қаталдықты қаны қатқан,
Жүрегіңде түлетпе.
Сұлулықтан тарайды екен
Бар жақсылық жүрекке.
Қырық қыз оған жамырай қосылды ма, айнала азан-қазан. Бар маңай бірде дүңгір-дүңгір дүрлігеді, бірде тым-тырыс тына қалады. Ал Қырмызы қыздың қолындағы кездіктің жүзі күн көзіне шағылысып, тағы да үрейлі жарқ етті.
- Тоқта! - деді ышқынып. - Тоқта!
Қыз да, көп тұтқынды ұлардай шулатқан сарбаздар да жалт қарады.
Қолбасы сала құлаш семсерін қара жерге қарш-қарш қадады.
- Жасыны жарқ-жұрқ ойнаған,
Жанарыңа таландым.
Көндім айтқан сөзіңе
Көндім қызы даланың.
Буырқанды, бұрқ-сарқ етті, өзіне қадалған көп көздің алдында сезімге емес, ақылға жеңдірген ардақты болып көрінбек-ті. Қырық қыздың қырық бұрымынан қыл арқанды жылап есетін сәтін күтті. Қырық қыздың жанары Қырмызы қызға қадалды. Ол ширығып алған.
Қызылы едім алманың,
Дәмі едім өріктің.
Қорлау үшін жаралған
Керегі не көріктің.
Еңсесі биік, қимылы шалт. Өткір кездік қолында, қос құлаш бұрымды лып етіп кесіп түсті.
- Аһ, - деді қолбасы. Қыстығып айтты.
- О тоба! - деді Бетпақ. Қимай айтты.
Бұл оның жел жел болғалы, көргені жота-бел болғалы алғаш рет күрсінгені еді.
* * *
Содан бері бәлкім жүз, бәлкім мың жыл өтті, кім білген Бетпақта ызылдап жел соғары, жел соқса ұлы шөл ұлып қоя беретіні ғана анық. Ұлы шөл ұлып тұрып, ішін тарта сарнайтыны шындық. Сазарған сал даланың салар сазы сол, созар әні бұл. Ол сонда не деп сарнайды, нені сағынады, кімді аңсайды?! Қырық қыздың бұрымынан қырық құлаш арқан ескен, қырық құлаш арқан қыруар елді ажалдан қаққан күнді іздей ме? Қырмызы қызды көксей ме? Арқада Бетпақ бар, Бетпақта осындай аңыз бар дей ме?
Сарнайды ұлы шөл, сорлы сазын үзбей созады, үздіге созады.
Алдан СМАЙЫЛ, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.
«Егемен Қазақстан» газеті