Сенбі, 23 Қараша 2024
8255 10 пікір 21 Мамыр, 2021 сағат 13:21

Қос азаматтықтың соңы қантөгіс

Елімізде қос азаматтыққа тыйым салынған. Қазақстан Республикасы Конституциясының 10-бабының 3-тармағына және «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 3-бабына сәйкес басқа мемлекеттің азаматтығы танылмайды. Алайда ҚР азаматтары шетел мемлекетінің азаматтығын ҚР азаматтығынан шықпай тұрып алатын жағдайлар да кездеседі. Осылайша олар заңсыз қос азаматтыққа ие болады. Екінші азаматтықты алудың негізгі себебі еркін қозғалу тілегі ғана емес, сонымен қатар белгілі бір материалдық пайдаларды алу болып табылады. Мысалы, зейнетақылық есеп айырысу, екінші бала туғандағы жәрдемақы, ана капиталын иемдену сынды. Ресейдің азаматтығын алып, "Ана капиталын" алған жайттар мен Қытай азаматтығынан шықпай, зейнетақы алып отырғандар анықталған фактілер аз емес. 

Басқа мемлекеттің азаматтығын қабылдамас бұрын ҚР азаматы қазақстандық азаматтықтан шығу керек. Азамат күнтізбелік отыз күн ішінде шетел азаматтығын алу фактісі туралы Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарына немесе Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелеріне хабарлауға және Қазақстан Республикасы азаматының паспортын немесе жеке куәлігін тапсыруға міндетті.

Азамат 30 жұмыс күні ішінде шетел азаматтығын алу фактісі туралы хабарлауға және Қазақстан Республикасының паспортын немесе жеке куәлігін ішкі істер органдарына немесе ҚР Сыртқы істер министрлігінің шетелдік мекемелеріне келіп тапсыруы тиіс. Дей-тұра бұның бірін де жасамай Қазақстанның да, өзге елдің де азаматтығын алып, елімізге қауіп төндіріп отырғандар бар. Олардың қанша және қайда екенін анықтау өте қиын. Себебі бұл ақпаратты олар барынша жасырын ұстайды.

Қос азаматтық елге төнген тікелей қауіп. Мемлекеттік мүдде мен аумақтық тұтастыққа қатер әкелетін құбылыс. Сепаратизм әрекеттеріне итермелейтін тенденция деп қарастыруға тиіспіз. Қос азаматтық арқылы өзге елдің тұтастығына қауіп төндіріп, агрессиялық әрекетін ақтап алушылардың бірі Ресей. 2014 жылы Ресей Украинаға шабуыл жасап, гибридтік соғыс бастады. Әлемдік қауымдастықпен мойындалған Қырымды оккупациялап, бауырлас елдің шығысын қызыл қанға бояды. Артынша Ресей Украина шығысындағы азаматтарға Ресей паспорттарын тарата бастады. Қазіргі таңда олардың саны 420 мыңнан асқан. Батыстық сарапшылар осы арқылы Ресей Украина шығысына тікелей іскери агрессия жасап, оны "біз өз еліміздің азаматтарын қорғаудамыз" деп ақтап алмақ дейді. Дәлел ретінде алдын-ала таратқан Ресей паспорттарын көрсетпек. Яғни бұл үлкен соғыс жоспары үшін жасалған қадам.

Қазақстан бұл қауіптен ада емес. Ресей азаматтығын алып, оны жасырын ұстап келген жандар да бар. Тіпті олардың ішінде ірі шенеуніктер де жоқ емес. Соңғы рет елімізде қос азаматтыққа қатысты толыққандық ақпарат жарияланған еді, онда елімізде 15 мыңға жуық азаматтан қос азаматтық анықталғаны айтылған еді. Олырдың 555-і жауапқа тартылып, 102-сі ғана республикадан шығарылған. Қалғаны айыппұл төлеп құтылған. "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" кодекстің 496-бабында: "Қазақстан азаматтығынан айрылған адам Қазақстан Республикасы азаматының паспортын немесе жеке куәлігін одан әрі пайдаланса, оған 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады", – деп көрсетілген.

Ал наурыз айында Шымкент қаласында дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Олег Почиваловтың қос азаматтығы бары анықталып, қызметінен босатылған еді. Бұл бір ғана мысал. Қос азаматтықты арқалап, қос пиғылмен жүргендер жетерлік. Еліміздегі ресейлік идеологияны жылжытып, қаржыландыруды ресейлік гранттар арқылы алып отырған түрлі ұйымдар бар. Олардың тек қана идеологиялық бағытта емес, сонымен қатар Ресей паспортын тарату мақсатында да әрекет етіп жатпасына кім кепіл. Кепілдік жоқ. Ендеше бізге сақ болып, Украинадан сабақ алу керек. Солтүстік аймағымыз Донбасстың кебін кимеу үшін қос азаматтықтың жолын қатаң қию лазым. Өйткені қос азаматтықтың соңы қантөгіске апаруы мүмкін.

Асхат Қасенғали

Abai.kz

10 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3240
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5383