Жұма, 22 Қараша 2024
12225 30 пікір 25 Мамыр, 2021 сағат 14:41

Үшінші оқ. Шәкәрім қалай атылды?

Керегетас бөктерінде Шәкерім үшінші оқтан ажал құшты. Ғұлама да, астындағы аты Торжорға да қансырап құлағанын жақын жерден көрген, тіпті оң қолын көтере: «Мен өкіметке керек адаммын, мені ауданға жеткізіңдер» деген соңғы сөздерін естіген куәлер баршылық. Бірақ, шындық ашылмай-ақ қала берді (жазалаушы отряд сарбаздары тіс жармаймыз деп өзара анттасып, баталасқанға ұқсайды). Сонымен, кемеңгер жүрегіне дөп тиген үшінші оқ кімдікі? Төменде осыны анықтауға талпынып көрмекпіз.

Әділі керек, дүмпу басталған 1931 жылдың қыркүйегі мен Шәкерім қаза болған 2 қазанға дейінгі оқиғалар төңірегінде қауесет, хикаялар көп-ақ, бірақ... өзара қарама-қайшылыққа толы. Мұның өзіндік себебі бар. Билік басындағылар (ұшар басында облыстық ГПУ):  «Қылмысқа бізді апарған Шәкерім десеңдер, босатамыз, әйтпегенде өздеріңді байлап-матап жоқ қыламыз» деп куәлерді бірден-ақ қатты үркіткен. Оған қоса, «Ол жалғыз болмаған, қарулы бандымен бірге келе жатқан» деген сияқты «мифтер» жасау  арқылы сұмдық қылмыстың ізін жасыруға тырысып бақты. Көтеріліс кезінде опат болған кәмунист Олжабайдың торжорғасы ең құнды «көзірге» айналды, ол кімнің тақымынан табылса, сол кісі көтерілістің көсемі десті.

Осы айтылған жәйттерді анықтауға 1963 жылы Абай аудандық партия комитеті жанынан 9 кісіден комиссия құрылған болатын. Шәкәрімді ақтамақ қамында аталмыш комиссия 3 айда 300-дей адамды сөйлетіп, көп материалдар жинақтаған. Төменде солардың ішінен ең сенімдісі, дәлелдісі дегендерін ғана іріктеп, оның өзінде қарама-қарсы топтан екі куәні (бірі – Айтмырза, екіншісі – Бердеш) ғана таңдап алып, сөйлетпекпіз.

«Бұл оқиға тұсында Қарасартовтың қарауында чекистік қызмет атқардым,  –  дейді Қарасартовтың тобында болған Айтмырза Түңлікбаев. – Бандалар Қарауылды шауып, Олжабайды өлтіріп кеткен соң араға үш күн салып Шәкерім аға біздің үйге келді, қатты ауырып жатқан тоқсандағы әкемнің көңілін сұрады. Сонда ол: «Қарауылдың балшық үйін қиратып, кісі өлтіргенде жексұрын көрінгеннен басқа не шығарды?… Өңшең ақымақтардың ісі бұл!» –  деп, бүліншілікке қатысқандарды қатты жазғырып отырды. Сонда оның банда болғаны қайсы?... Ал, ақын қазасына келсек, ол былай болған. Таң мезгілі. Күздің бір бұлыңғыр күні еді. Жерді қырбақ қырау басқан боқырау шағы. Күзетте тұрған башқұрт Халитов анадайдан мұнартып көрінген бір топ аттылардың бізге қарай беттегенін көрген. Осы хабар құлағына тиісімен оларды банда деп ойлаған Қарасартов бізге бірден-ақ «Атыңдар!» деп бұйырды. Одан-бұдан мылтық атыла бастаған соң аналар іркіліп қалды. Сол кезде іркілген топтан біреуі үзіліп шығып, атының жорғасын төгілдіре бізге қарай беттеді, және де қайта-қайта қолын көтеріп, залалсыз адамбыз дегендей белгі берді. Жақындағанда Шәкерім екенін бәріміз-ақ таныдық. Бірақ, «Атысты тоқтатыңдар!» деген бұйрық болмаған соң Халитов екі дүркін тағы атты. Шәкерім атының жалын құша беріп жерге құлап түсті. Аты да оңбай жарақаттанды. Шәкеңнің бізге бірдеңе деуге де шамасы келмеді. Ат, түйе мінген қалпымызда біз оны қоршап біраз уақыт үнсіз тұрдық. Бұл кезде Шәкең серіктері зым-зия жоқ боп кетті.

Қапелімде жан тәсілім қыла алмай қиналып жатқан қарттың қаруын, үстіндегі киімдерін бұйрық бойынша жұрт үлесіп ала бастады. Қасқыр ішік, тымақ, саптама етік, сырма бешмет, шалбар дегендеріңіз бір-бірден алынып болған соң ақ қыраудың үстінде ақ жейде, ақ дамбалымен қан жоса боп ақ сақалды шал жатты. Сонда начальник маған: «Әй, тобықты, сен неге алмадың?» – деп зекіді. Мен: «Алатын несі қалды?» – дегенді ызаға булығып айттым. Ол: «Өзін ал! Бақанасқа жеткіз! – деп бұйрық берді. Мен түйемді шөгердім де, астымдағы өре киізді жайып жіберіп, соған өлікті ұзын күйінде орап, екі жерден арқанмен бунап, түйенің бір жағынан екі өркешінен ілдім. Өзім түйеге жайдақ мініп, Бақанасқа жеткіздім. …Біздің аса қиындықпен ойған жерімізге қарттың ұзын денесі симаған соң, соған отырғыздық та жүзін жасырдық».

Міне, шынайы факт, дәйекті материал осы. Оны Айтмырза Түңлікбаев өз қолымен жазып берген. Бұл нанымды дерек көзі. Себебі, Айтмырзаның айтқандарын сәл-пәл өзгеріспен әлденеше куәлер бекітеді. Талдап көрелік.

Біріншіден, «Шәкәрімді бәріміз таныдық» дейді  куәгер. Оның себебі, Қарасартов тобындағы жиыны он солдаттың бәрі де жергілікті тұрғындар еді. Бөтен дейтін башқұрт Халитовтың өзі Шыңғыста көптен тұратын, Шәкәрімді жақсы білетін. Екіншіден, начальниктің бұйрығынсыз ешкімнің ешқандай қимыл жасамағанын аңғаруға болады. Айтмырзаның айтуынша, ГПУ-дің солдаттары жылдам аттарынан түсіп, денесі әлі суып үлгермеген қарттың «қаруын, үстіндегі киімдерін үлесіп ала бастаған». Бұл жерде «Шәкәрімнің қаруы» дегенге назар аударайық. Ол қару – Шәкерім дәйім жанында ұстаған ағасы Абай сыйлаған мылтық-винчестер (келесі бағалы мүлкі – Стамболдан сатып алған алтын сағаты болатын, мұны ел аузы Әбдірайым деген адам алған деседі).

Айтмырза сөзін талдаудан шығар қорытынды: Шәкерім өліміне тікелей кінәлі адам бар, ол – топ командирі Абзал Қарасартов. Өйткені, жазалаушы әскери отрядта бұйрықты орындамауға, сол сияқты өз бетінше әрекет қылуға жол жоқ. Бұл тәртіпті бұзу – қылмыспен парапар.

Сонымен, үшінші оқтың иесі кім? Жоғарыда Керегетаста болған қанды оқиға куәгерлері ләм-мим демеді, жұмбақтың үлкенін өздерімен бірге қара жерге ала кетті дегенбіз. Башқұрт Халитов атқан екі оқтың бірі Шәкәрімге, бірі торжорғаға тигені біршама анық. Үшінші оқ ше? Қол созым жерден атылып, Ахаттың сөзінше, «төс сүйектің ортасынан өтіп, оң жақ омыртқаның қанатын сындырған» осы оқ болатын.

Оқиғаның панорамасын тұтас көруге енді қарсы топтың адамы –  Бердеш Әзімбайұлына (1885-1963) кезек берейік. Ол көтерілістің белсендісі ретінде Қытай жеріне өтіп кеткен, одан елге оралған, әйтеуір, «Ой, пәлі, Бердеш-ай, сен әлі тірімісің?» деп Мұхаң (М.Әуезов) ғажаптанғандай, тар жол, тайғақ кешуді белшеден кеше жүріп, тозақтан тірі шыққан адам. Оның Қабден Есенғараұлына айтқан әңгімесінен бір үзіндіні алайық (бұл әңгіме «Үш анық» газетінің 1991 жылғы № 3 санында «Шәкәрім қалай атылды?» деген атпен жарияланды).

Күндізгі уақытты Шәкерім қажы және ұлы Зият Саятқорада өткізеді. Түн жамыла Керегетасқа жетіп, Бердештің тобына қосылады. «Келесі күні, –  дейді Бердеш, –  таң атар-атпастан мылтық тарс етіп атылғанда бәріміз шошына орнымыздан тұрдық. Біз атқа мініп қарсы бетке шыққанымызда, жатқан жерімізге 15-20 адам келіп тоқтады. Сол түні сілбі жауып, күн бұлыңғыр еді. Олар бізге, біз оларға қарап біраз тұрдық. Сол кезде Шәкерім Зиятқа қарап: «Қош, жан балам!» – деп НКВД адамдарына тура тартты. Ол НКВД адамдарына таяп барғанда екі дүркін мылтық атылды, торжорға ат көкке бір секіріп барып құлады. Шәкерім атпен бірге құлап түсті де орнынан атып тұрып, қолын жоғары көтерді. Онысы «атпаңдар» деген белгісі еді. Оған қараған жан жоқ. Тағы да мылтық сарт етті. Шәкерімнің жоғары көтерілген оң қолы сылқ түсті… Шәкерімнің өлгенін көзбен көріп тұрсақ та, қолдан келер қайран жоқ, керейлерге қарай бет алып, олардың көмегімен Қытайға кеттік».

Міне, үшінші оқ қалай, қай жерде атылғанын естіп-білдік (бәлкім, Алла тағала Бердешті осы шындықты жеткізу үшін сақтаған шығар). Саралайық. Мылтық үш дүркін атылған. Алдыңғы екеуден соң торжорға «секіріп барып құлаған». Ал, соңғысы үшінші оқтан «Шәкерімнің оң қолы сылқ түсті», яғни Шәкерімнің «өлгенін көзбен көрдік» дейді Бердеш.

Сөйтіп, Шәкерімнің ажалы Қарасартовтың оғынан болған. Жарықтық осыны алдын-ала сезгендей, чекиске жоламауға тырысқан. Олар философия, поэзия хақында сұхбат құрып, сырлас бопты деген дақпырт бар, бірақ бұл, сірә да, шындыққа жанаса қоймайтын жел сөз.

Дәлелге көрнекті ғалым Евней Букетов магнитофон таспасына құпия түрде жазып алғандарын келтірейік (Қарасартовтың жауаптары жазылған бұл материал 1989 жылдың ақпанында «Қазақ әдебиеті» газетінің үш санында жарияланған). Таспада Қарасартов Шәкәрімді үйіне шақырып, «қонақ» қылғанын былайша баяндайды: «...Маған қараса күллі денесімен бұрылып, «қасқырша» қарайды да, қайтадан қалпына отырып сөйлейді. Бір күн, бір түн сөйлескенде езу тартып бір күлмеді!  ....«Қарағым-шырағым» деген сөзді далада да, үйімде де, еш жерде естігем жоқ!». Осыдан соң, жас чекист пен әулие достық қатынаста болыпты деуге қайтіп ауыз барады. Керісінше, абыздың жаны түршіккенін естіп-біліп отырмыз.

Қосымша дәлелге ақынның 1931 жылдың жазында жазылған «Кейбіреу безді дейді елден мені» деген қапалы өлеңін алайық. Онда:

                          Елді зарлатқан арсыздың қылығынан,

                          Жанына жаным шошып бара алмадым, -

дейді. Шарасыздық құрсауындағы ақын мұнда абстарктілі, жалпылама түрде емес, нақтылы адамды нұсқап, адресті түрде айтып отыр.

Бірі –  ұлылықты махаббат, мейірімділіктен тапқан кемеңгер, бірі – әділеттілік мылтықпен деп сенген, көзі қанталаған жас революционер. Соңғы секундтарда, сөз жоқ, олардың жанарлары шарпысты. Екі арада – шексіз ымырасыздық. Шошаңдаған маузерін қақ жүректің тұсына кезеп, шүріппені қалай басқанын, бәлкім, чекистің өзі де аңдамады. Соңғы демі ышқына шыққан Шәкерім қасындағы тұяғымен ауаны тарпып, денесі діріл қаққан торы жорғаның үстіне құлап түсті...

Сонымен, Шәкәрімді кім атқанын біз білеміз дейміз. Ол – Қарасартов. Соңғы оқтың иесі сол! Қолда бар  материалдар осының айғағы. Айтпақшы, бұл тұжырымды алғаш рет Жайық Бектұров өзінің «Ақын мен арамза» атты поэмасында көркем тілмен жеткізген болатын.

                         Қанды қанау айналам,

                        Соларды көріп ойланам.

                        Құтқарып алар қуат жоқ,

                        Құр саламын байбалам.

Өстіп, жаны күйзелген Шәкерім Құдайбердіұлы өлімі арқылы да қазаққа зор сабақ қалдырды. «Қиянаттың жеңісі уақытша, махаббат пен әділеттілік жеңісі мәңгілік» деген.

                               Анық асық – әулие,

                              Кереметке сол ие.

                              Жаны құрбан Жарына,

                              Керексіз өзге дүние.

Бар саналы ғұмырын туған халқының игілігіне арнаған кемел данышпан  Шәкерім – шын әулиенің  соңы. Қазақ зиялыларын түгелге жуық жалмаған саяси репрессияның тұңғыш құрбаны да өзі болды. Елім деп еңіреген барша алаш арыстарының рухы биікте, жаны жәннәтта болғай!

Асан Омаров, Семей қаласы

Abai.kz

30 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1460
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3228
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5290