Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 4089 0 пікір 4 Мамыр, 2012 сағат 07:08

Әмірхан Балқыбек. Мен өлгенде бір ақын қуанса ғой...

Ой парақшалары

 

Бальзак пен анасы және әкем туралы

Самсаған мың сан жұлдызы тылсым да тұңғиық шексiз дүниенiң демiндей тұла бойыңды шымырлата өзiне тартатын түнгi тұнық аспанға көз тiксем болды, көңiлiмдi бiртүрлi тәттi мұң басады...

Онда мезгiл жаз-ды. Мен он екi-он үште едiм. Жан әкем қасымда болатын. Жұлдыздар жайында басталған әңгiмемiз ақырындап сөз өнерiне ойысқан.

- Балам,- дедi әкем,- мен осыншама қыруар дүниенi бекерден-бекер жинап жатқан жоқпын. Бiр арманым бар. Саған анасының Оноре Бальзагына жасаған жағдайынан да артық жағдай жасасам, (Анасы Бальзакқа бiрнеше жыл демеушi болған) әдебиетпен еркiн айналысуына мүмкiндiк берсем деймiн. Жиырма бес пен отыз бестiң арасында, он жыл бойы ешнәрседен таршылық көрмейтiн боласың, ал осы уақытта ешнәрсе шығара алмасаң, өзiңнен көр.

Иә, сол кездегi әкемнiң маған тек он жыл емес, жиырма жылға болса да демеушi болуға қаржылық мүмкiндiгi бар едi. Рас, ғұмыр бойы жиған дүниесi Кеңес Одағы ыдыраған алмағайып тұста мардымсыз ғана тиын-тебенге айналып қалғаны болмаса.

Ой парақшалары

 

Бальзак пен анасы және әкем туралы

Самсаған мың сан жұлдызы тылсым да тұңғиық шексiз дүниенiң демiндей тұла бойыңды шымырлата өзiне тартатын түнгi тұнық аспанға көз тiксем болды, көңiлiмдi бiртүрлi тәттi мұң басады...

Онда мезгiл жаз-ды. Мен он екi-он үште едiм. Жан әкем қасымда болатын. Жұлдыздар жайында басталған әңгiмемiз ақырындап сөз өнерiне ойысқан.

- Балам,- дедi әкем,- мен осыншама қыруар дүниенi бекерден-бекер жинап жатқан жоқпын. Бiр арманым бар. Саған анасының Оноре Бальзагына жасаған жағдайынан да артық жағдай жасасам, (Анасы Бальзакқа бiрнеше жыл демеушi болған) әдебиетпен еркiн айналысуына мүмкiндiк берсем деймiн. Жиырма бес пен отыз бестiң арасында, он жыл бойы ешнәрседен таршылық көрмейтiн боласың, ал осы уақытта ешнәрсе шығара алмасаң, өзiңнен көр.

Иә, сол кездегi әкемнiң маған тек он жыл емес, жиырма жылға болса да демеушi болуға қаржылық мүмкiндiгi бар едi. Рас, ғұмыр бойы жиған дүниесi Кеңес Одағы ыдыраған алмағайып тұста мардымсыз ғана тиын-тебенге айналып қалғаны болмаса.

Әкем екеумiз Бальзак пен анасы туралы сол бiр әңгiмеге содан кейiн, мен жиырма беске толғанда да, екi он бестi түгендегенде де қайта айналып соққан жоқпыз. Бiрақ мен үшiн әкемнiң сондай арманының болғанының өзi де зор демеу, үлкен мақтаныш едi. Ең бастысы, мен әкемнiң өзге әкелерге ұқсамайтынын бiлетiнмiн-дi. Маған сол да жететiн. Өкiнсем тек бiрақ нәрсеге, әкемнiң Бальзактан да мықты, Бальзактан да қарымды қаламгердi тәрбиелеп шығарамын деген арман-мұратының iске аспағанына ғана өкiнемiн.

Әкемнiң сол түнгi әңгiмесi менiң Баьзакқа көбiрек үңiлуiме себепшi болған. Содан болар, Пушкин жасынан асқан бүгiнгi мен өзiмнiң Бальзак емес, Бальзактың «Үзiлген үмiттер» романының бiр кейiпкерi сыңайында ғана екенiмдi жақсы сезiнемiн. Тiршiлiгi, күнделiктi күн көрiсi әдебиетке ара-тұра ғана болмаса қатысы бола бермейтiн мардымсыз қаламақы мен редактордың қас-қабағына тәуелдi сол бiр арманшыл жiгiттiң Парижiнен өзiмнiң Алматыма ұқсастықтарды байқаған сайын жағамды ұстайтын кездерiм де болып тұрады. Ондайда Адамзатқа бүгiнiн ғана емес, болашақты да болжай бiлетiн бiр Бальзак та жеткiлiктi екен-ау деп шүкiршiлiк етемiн.

Дегенмен менiң Бальзакты, қазақтың Бальзагын, алты алаштың атын әлемге әйгiлейтiн, дүниеге түркiнiң тарпаң көзiмен қарайтын Бальзакты көргiм келедi. Бүгiнгi өмiрiмiздiң тамырын тап басатын, сол арқылы болашаққа ескерту жасайтын Бальзакты. Кiм бiледi, болашақ Бальзак Қазақстанның әлдебiр түкпiрiнде, тарихқа әлi енбеген жұлдызды түннiң құшағында әкесiмен сырласып отырған болар.

... Жұлдызды түнгi аспанға қарасам болды көңiлiмдi мұң басатыны бар. Жаныма жай таптырмайтын мұң...

 

Аударма, аға буын және жастар жайында

Жылдар жылжып барады... Евгений Евтушенко айтқандай, әу дегенше-ақ өзiмiз де аңғармай «Есенин түгiлi Пушкин ақынның жасынан да өтiп кетiппiз». Бiрақ бәрi кешегiдей көз алдымда. «Парасат» журналына Жұмабай ағамның (Шаштайұлы) кепiлдеме iспеттi жанашырлық жол сiлтеуiмен барғаным, әр жолың түгiлi ой әуенiнен оқшау шығып кеткен әр сөзiңе назар аударып, жазған дүниеңнiң бүге-шiгесiне дейiн тиянақты болуын қадағалап отыратын Баққожа ағаның (Мұқаи) алдында бiрде қызара, бiрде бозара отырып емтихан тапсырған кездерiм, Қалихан ағаның, керемет стилист жазушының мәтiнмен қалай жұмыс iстейтiнiне куә болған сәттерiм, бәрi-бәрi көз алдымда.

Солардың iшiнде, әсiресе мына бiр сәт мен үшiн өте ыстық, Қалихан ағамның Иван Бунин туралы әңгiме қылған сәтi. Сонда Қалихан ағам «Буниндi, Бунин прозасының жаратылысын түсiну үшiн тамыршы секiлдi болуың керек. Бунин прозасының құпиясы оның ырғағында, оның көзге көрiнбей бүкiл бойыңды бойлай бүлкiлдеп ағып жататын қан тамыры секiлдiлiгiнде» деп едi-ау.

Жақында сол Қалихан ағаммен тағы да жүздесiп қалдым. Буниннiң әйгiлi «Арсеньевтiң өмiрi» жартылай биографиялық шығармасын аударып бiткенiн айтты. Басқа да дүниелерiн аударыпты. Ендi жеке кiтап болып шығуы тиiс. Мiне, мен содан берi осы жинақты, Қалихан ағам қазақша сөйлеткен Иван Буниннiң Арсеньевiн асыға күтулiмiн. Көңiл түкпiрiмде ендiгi келмеске кеткен әкемдi күткендей сағыныш бар секiлдi. Бәлкiм, бұл әкеге ғана емес, балалық, бозбалалық шаққан деген де сағыныш болар.

Рас, менiң бұл жерде сентименталь әуендегi жылауық әңгiме айтқым жоқ. Бар бiлетiнiмдi ғана, Буниндi алдағы уақытта дәл Қалихан ағамның ұғынуындағыдай ешкiмнiң де аудара алмасын ғана айтқым бар. Мен мұны ендiгi жерде, ендiгi әдебиетке келетiн буындарда дәл Қалихан ағамдай тiл бiлетiн, тiл түгiлi дiлi бөлек орыс Буниннiң дүниетанымына өз жандүниесiндей үңiле алатын талапкердiң болмайтындығын сезiнгендiктен де айтқым келедi. Және Қалихан ағаға рахмет айта отырып.

Бiрақ менiң рахмет айтқым келетiн ағаларым тек Қалихан ағамен ғана шектелмейтiнiн де айтқым бар. Және олар өте көп.

Петефидi, Сергей Есенин мен Олжасты өз деңгейлерiнде қазақша сөйлеткен Қадыр ағам, Рабиндранат Тагор мен Муин Бсисудi қазақша қалыпқа түсiрген Жарасқан Әбдiрашев... олардың тiзiмi осылай созылып кете бередi. Мысалы, бiр ғана Ғафекең (Ғафу Қайырбеков) аударма мектебiнiң өзi неге тұрады!

Өткенде кiтап дүкенiне кiргенде аңғардым, Сервантес, Эмиль Золя, Кнут Гамсун, Набоков, Кобо Абэ мен Кинд­­забуро Оэлер де бiршама қазақша сөйлеп қалыпты. Дүкен сөрелерiнде Федор Достоевскийдiң «Ағайынды Карамазовтары» қазақша тiл қатып, мен мұндалап тұр екен. Тамаша!

Бiрақ, несiн жасырайын, авторларды қазақша сөйлеткен аудармашылардың аты-жөндерiне үңiлгенде, жүрек тұсым сыздап кеткендей болды. Бәрi әдебиетiмiздегi ендiгi алды бақилық болған, арты алпыстың асқарына iлiккен аға буынның өкiлдерi. Нияз Сыздықов, Әубәкiр Нiлiбаев, Сарбас Ақтаев, Оразбек Сәрсенбаев, Темiрхан Медетбек, Құрманғазы Қараманұлы, тағысын тағы есiмi елге белгiлi ағаларымыз. Бiздiң буыннан, бiздiң алдағы буыннан ешкiм жоқ. Бейнебiр аудармаға келгенде, бiз өкшесiн басып келе жатқан буын, бiздiң буын жұлдызы жоқ түнгi аспан секiлдi әсерде қаласың.

Иә, жұлдызы жоқ түнгi Аспан...

Арсеньевтi қазақша сөйлетiп берген Қалихан ағаға рахмет. Француз бен норвег, испан мен жапонға көпiр салған өзге ағаларымызға рахмет.

Ендi сәл ойланып көрейiкшi, осындай рахметтi күндердiң күнiнде бiздiң естуiмiз мүмкiн бе? Әдебиетке ендiгi келер жас талап, бұл жайлы сенiң де ойлана жүргенiң дұрыс-ау.

Қазiрге көрер көзге жұлдызы жоқ меңiреу түнгi Аспан секiлдi болып тұрғанымызды несiне жасырайық...

 

Халiң қалай, әлемнiң ақындары?

Ана жылы Алматыдағы Француз елшiлiгi ұйымдастырған жыр кешiнiң куәсi болғанымыз бар. Кештiң арнайы қонағы болып отырған танымал француз ақыны: «Қазақ ақында­ры­ның рухы өр екен, өлеңдерiнде не жайлы сөз болып жатқанын түсiнбесем де оқу ырғақтарынан, екпiнiнен осыны аңғардым» деген.

Басқасын қайдам, француз әрiптесiмiз дәл осы ойды дұрыс айтып отыр. Қазақ ақынының сағы әлi сына қойған жоқ. Ол өзiн тыңдайтын, тыңдағысы келетiн құлақ әлi бар екенiн жақсы бiледi. Түгел болмаса да халықтың белгiлi бiр тобына поэзия керек екенiн жақсы түйсiнедi. Және бұл топтың саны басқа халықтарға шаққанда көп-ақ. Тоқетерiн айтсақ, ең нашар деген қазақ ақынының өзiнiң де оқырманым жоқ деп қайғыруына әзiрше негiз жоқ.

«Ең таңдаулы американ ақынының кiтабы 500-ақ дана таралыммен тарайды». Кемi миллион қазақ тiлдi оқыр­ма­ны бар ақынымыз Мұхтар Шахановтың қайсыбiр өлеңiнде осы тақылеттес жолдар бар-ды. Бұл дегенiмiз, қарапайым ар­ифметикаға шақсақ, бiр Шахановтың оқырманы бүкiл Америка мен Еуропаның ең таңдаулы деген ақын­да­­ры­­ның оқырманынан көп деген сөз болып шықпайды ма?!

Иә, қазақ ақындары бақытты. Ал осы бақыттың негiзiнде не жатыр? Сол туралы бәр сәт ойланып көрдiк пе? Бiр пәске болса да жауап беруге тырыстық па? Қайдам?!

Мiне, редакциямызда американ қызы қонақта отыр. Оны қазақтың айтыс өнерi қызықтырады. Ал, бiздi американдықтардың өз ақындары туралы не ойлайтындары ынтықтырған. «Шынымды айтсам,- дейдi антрополог қыз, американдықтардың ақындар жайлы пiкiрлерi өте төмен. Олар өлең жазатын қай-қай жанды да мiнезсiз, өмiрден өз орнын таппаған, жолы болмаған, жүйкесi жұқа, қияли жандар санайды. Жапы, Америкада поэзия оқылмайды десем де болады».

Мәне, бұл жас американ зиялысының сөзi. Америкада поэзияға орын жоқтығын ашық мойындап отыр. Аңласақ, баяғыда Есенин барып түңiлiп қайтқан, гүл түгiлi тезектiң иiсi шықпайтын «Темiр қала» екен деп түкiрiп қайтқан Америка әлi сол баяғы қалпында екен. Ал бұл екi ортада бiздiң қанша ақынымыз Есенинмен дерттенiп, Есенинге елiктеймiн деп есiрiктенбедi дейсiз. Есенинше шайқаламыз деп өз басын өздерi жұтып қойғандары қаншама. Шынымды айтсам, алтын басты Есенин түңiлiп қайтқан, есениншiл болып көрiнгiсi келетiн Евтушенко болса доллары үшiн ғана баратын сол Америкаға менiң барғым да келмейдi. Сiздiң ше?

Ендi сауал туады. Сол Американың сол мықты ақындары сол Америкада неге оқылмайды?

Жауап бiреу-ақ болуға тиiс, өйткенi онда шынайы поэзияға орын қалмаған. Ал ақынмын деп жүргендерi, жаңағы қыз айтқандай, шынында да кiлең маңдай соры бес елi бейбақтар болуы бек мүмкiн. Ал егер ағылшын тiлi мықты болып отырса, бұл жаңағы ақындар емес, сол баяғы саудагерлерi мен саясатшылары ғана қалыптастырып отырған жасанды көрiнiс екендiгi еш құпия емес. Әйтсе де саясатшы мен саудагер рухтың ұлылығына ешқашан да балама бола алған емес және ешқашан бола алмайды да.

Қысқасы, өз елiнде оқылмайтын Америка мен Батыстың поэзиясы бiзге үлгi болуы мүмкiн емес. Оларға елiктеп-солықтасақ өзiмiзде бардан айырылатын күнiмiздiң де алыс қалмағандығы.

... Ойла, бала,

Ойлан, бала,

Ойлан деп,

Уақыт тұр қарнын сипап, тойған боп.

Ертпей кеттi жаңа ағындар жаныққан,

Ерейiн деп мен елпiлдей қойғам жоқ.

Кеттi солай iлескендер дүбiрге,

Жанап өттi -

Елемедiм бiрiн де.

Қарап өттi -

Қарағандай кей бiрi

Қайтып келер қазығындай түбiнде...

(Есенғали Раушанов, «Сыр»).

Мiне, осы сөз рас сөз. Осы сөздi айтып отырған ақынның да, қазақ поэзиясының да қуат-қайраты осы байламда. Ал оларды қуатсыз деп айта алмайсыз. Бұл - қазақ оқырманын әлi талай қуандыратын, талай бәйгеден озып келетiн жүйрiк талғам, сергек сезiм серпiнi.

Жиырмасыншы ғасырдағы ұлы қазақ ақыны (Жұмекен Нәжiмеденов) жыр жинағын «Менiң топырағым» деп атады. Өмiрден топырағының тiлеуiн тiлеп өттi. Еш күмән жоқ, топырағымыз аман болса, топырағының тiлеуiн тiлеп, тынысын жырлап өтетiн әлi талай-талай талантты табиғи ақындарды дүниеге келтiредi.

Ал, қазақ поэзиясы, басты мұраты Абай айтқан:

Өлең - сөздiң патшасы, сөз сарасы,

Қиыннан қиыстырар ер данасы.

Тiлге жеңiл, жүрекке жылы тиiп,

Теп-тегiс жұмыр келсiн айналасы,-

болып, әлi талай ғасырлардың есiгiн именбей аша бермек.

Қазақстанның Америка болғысы келмейдi, ал Америка қанша тырысса да Қазақстан бола ала ма?

Сөз соңында тағы да бiр сауал, қызық сауал:

- Есенин барғанда бүйрегi бүлк етпеген Америка Есенғали Раушанов барса қалай қарсы алар екен?

 

Түркiге ортақ той бар ма?

Анау жылы өзбек ағайынның «Алпамыс батыр» жырының пәленбай жүз жылдығын дүркiретiп атап өткенi жадымызда. Жасыратын несi бар, көршi бауырларымыз досы сүйсiнiп, жауы күйiнердей-ақ сән-салтанаты қырық көштiк, әңгiмесi қырық кештiк толағай толғамды той жасады. Әлiшер Науаи, Абдулла Қадырилердiң елi бiр шалқып, жасап қалды. Ендiгi ол да тарихтың еншiсiндегi шаруа. Бiрақ ағайынның тойының аяғы пыш-пышқа толы қауесет әңгiмесiз болушы ма едi? Ондай эпилогтан өзбек ағайынның бұл тойы да құр қалғаны жоқ. Иә, өзбек ағайын ала топшысын аспанға ата қуанған осы тойдан тағы бiр есiмiзде қалғаны, қайсыбiр қазекемдердiң ренiшi болғандығы да әлi күнге көз алдымызда. Сондағы қазекемнiң намысына тиiп, қанын қыздырған не нәрсе дейсiздер ғой? Ол қазаққа тиесiлi делiнетiн батырды өзбектердiң иемденiп кеткендiгi едi. Бiз мұны бiраз бауырымыздың «Өзбектер бабамызды өзiмiзге қайтарып берсiн» деген әңгiмесiн өз құлағымызбен естiгеннен кейiн айтып отырмыз. Бiрақ өзбек тойына ренiшiн айтқан тек қазақ қана болды ма?

Бiздiңше, Таулы Алтайдан Жерорта теңiзi жағалауындағы Анадолыға дейiнгi бүкiл түркi тектес шуылдаған болуы керек. Шуылдамағанда ше! Мысалы, әзiрбайжан ағайын орта ғасырларда-ақ өз тiлiнде хатқа түскен «Қорқыт атаның кiтабындағы» Бамсы-Бейрек - Алпамысын өзгеге қалай қия қойсын?! Оның арғы жағындағы түрiктiң де бұл жырға өзiмiздiкi деп таңба тағуына әбден қақысы барлығы анық. Татар да, башқұрт та осындай әңгiме айтуға құқылы екендiгiн тағы ешкiм жоққа шығара алмайды. Ақыр соңы Таулы Алтайдағы азғантай түркi тектестерде де «Алпамыс батыр» жырының өзiндiк жергiлiктi нұсқалары бары мәлiм. Осы той үстiнде олардың да тiсiн қышырлата бiр қайрап алуы әбден қисынды әрекет. Дегенмен өзбектiкiн бұрыс болды деп айтуға және болмайды. Даукес ағайынға айтар уәж бұларда да жеткiлiктi. Өзбек тiлiнде ХХ ғасырдың 50-жылдары кiтап болып шыққан жырдың нұсқасын алдыңызға көлденең тарта қояды. Одан қалса жырдың әлқиссасы басталатын Жиделi-Байсыныңыз да осы елдiң аумағындағы тарихи мекен болып табылады.

Айтып, айтпай не керек, «Алпамыс батыр» жырының тойы өзбек ағайыннан басқа түркi тектестердiң бәрi дерлiк өкпе-назын бiлдiрген тарихтағы сирек кездесетiн басқосулардың бiрi болып есiмiзде қалды.

Ал осы тойды түркi тектестiң ешқайсысы ренжiмейтiндей той қылып өткiзуге тарихи мүмкiндiк бар ма едi? Бiздiң қисын бар болатын дейдi. Ол үшiн бүкiл түркiнiң алдымен той емес, ой қуған зиялысы жиналып мәмiлелi әңгiме жасаса жетiп жатқан-ды. Тойдың өзi болса бүкiл түркiге тиiстi батырдың тойы болып аталып өтуi керек-тi. Бүкiл түркi бiрiнен кейiн бiрi дүркiрете жалғастырып тойлауы қажет-тi. Мiне, той осындай бағытта өткенде, оның ұрпақ алдында көтеретiн жүгi жүз еселеп, мың еселеп артатын едi. Бүкiл түркiнiң бiр жағадан бас, бiр жеңнен қол шығаруына ықпал ететiн игi мақсаттағы той болар-ды.

Бiз осындай Ұлы тойдан құр қалдық. Ойланбасақ әлi де құр қала беретiн секiлдiмiз. Қауашағыңызды сәл қозғап көрiңiзшi, жақын арада бүкiл түркiге ортақ деп айтуға болатын той бар ма өзi?

 

Пифагор даналығы

немесе интернетте «иттер» қайдан жүр?..

Аргентин Хорхе Луис Борхесте әйгiлi Пифагор өмiрiнен алынған мынандай бiр қызықты дерек бар. Жазушының айтуынша, дана Пифагор бiрде-бiр еңбегiн қағаз бетiне түсiруге тырыспапты. Бiлген-түйгенiн шәкiрттерiне тек ауызша ғана жеткiзiп отырған. Шәкiрттерiнiң:

- Ұстаз, сiздiң парасат-пайымыңыз ашқан жаңалықтар қағаз бетiне түсiп, кiтапқа айналғанда ғана ғасырлардан ғасырларға сақталады ғой,- деген кеңес сипатындағы ұсыныстарына ғұлама:

- Егер қағаз бетiне түссе, ол ғылым-бiлiмдi әлiппенi бiлетiн кез келген адам оқи алмақ. Ал, олардың арасында бұл қазынаны өзiнiң қарақан басының пайдасына немесе қарау пиғылдарына пайдалануы ықтимал адам деген атқа лайық еместерi де болуы мүмкiн ғой. Мен еңбегiмдi кiтапқа айналдырып түптетуге сондайлардан қорқамын. Iлiм мен бiлiм тек iзгi ниеттiлердiң ғана құзырында болуға тиiс. Бiлгенiмдi сендерге тек ауызша айтуымның сыры да осында. Себебi, мен сендердiң, шәкiрттерiмнiң қандай адам екенiн жақсы бiлемiн ғой. Жандүниесi таза сендерге аманаттап табыстаған жиған-тергенiме орта жолдан өзiм бiлмейтiн қайсыбiр аярлар мен арамзалардың ортақтасуына, оны былғауына тiптен де құлқым жоқ, - деп жауап берген екен.

Бiздiңше, Пифагор айтты дейтiн осы ғибраттың бiздiң бүгiнгi «көзi ашық, әлiппенiң бар әрпiн бiлетiн» қайсыбiр қазақ «ағайынға» да қатысы бар. Әсiресе, интернет деген ұлы жетiстiктiң тiлiн бiлетiн «сауатты», «сұңғыла бауырларға». Өйткенi, интернеттiң қайсыбiр қазақ тiлiндегi сайтын ашып қалып, ондағы қазақ баласы өзiнiң бауыры туралы бiлдiрген күлдiбадам пiкiрсымақтарға көз жүгiртсеңiз, қазақтың «бiлiмдiлiгiне» бас шайқап, түк кiнәсi жоқ бiлiм байғұстың осы бiр «қарау пиғылдардың» қорқау ниетiне қызмет жасап жатқанын аңғарар едiңiз. Аты-жөнi белгiсiз аноним бiреулер тағы бiреулердiң үстiне аямай қара май жағып, күстаналап жатқаны. Қара есекке терiс мiнгiзгiсi келiп, алаөкпе болып тыраштанатындары-ай...

... Жағаңды ұстайсың. Жағаңды ұстайсың да, осы бiздiң қазақ рухани кембағал емес пе екен деген ойға қаласың. Әйт­песе, интернеттiң тiлiн бiлуге дейiн ми клеткаларының қабiлетi жеткен қазекең мұншалық төмендемес едi ғой дейсiң.

Иә, қайсыбiр қазақтың сөйлем құрай алар «сауаты» барлығы қазаққа сор болып тұр. Абай жиiркенiп, Пушкин лағнет айтатын «сауаттылық» (Пушкиннiң түбiне де аноним хаттар жеткен-дi). Бүркенiп алып, жүзiн көрсетпей тас ататын қорқау «сауаттылық». Егер бiздiң арамызда тiрi Пушкин жүрсе, отыз жетi жасына жеткiзбей-ақ желкесiн үзетiн, Мағжан аман болса тiрiдей көрге көмуден тартынбайтын аноним «сауаттылық»...

Қайран Пифагор қартым-ау, екi жарым мың жылдай уақыттан соң сенiң даналығыңа тағы бiр қазақ баласы таң қалуда. Таң қалмасқа не шара? Өйткенi, адам парасатының ұшар шыңы iспеттес интернет деп аталатын Жер шарын тұтас қаусырып алған алып организмнiң денесiне иесi жоқ «иттердiң» де үйшiк сап, «биттердiң» де сiркелей­тiнiн, «сауатты», «бiлiктi» әңгiме қозғауға тырысатындығын сен сол кезде-ақ түйсiнген екенсiң-ау.

Солай, ақынның сөзiн өңiн сәл өзгертiп айтар болсақ, интернетте «қазақты қазақ өлтiру ойыны» жүрiп жатыр. Бұл «ойын» ендi қазақты қазақ түгел тауысып бiтпей, тоқтамайтын секiлдi. Қорқыныштысы да осы...

Мақтана бiлемiз бе?

Мақтаудың түбiн түсiретiнiмiзге күмәнiм жоқ. Күнде көрiп-бiлiп, естiп жүрмiз. Ал осы бiз мақтана бiлемiз бе?

Басқа-басқа, дәл осы мақтана бiлетiндiгiмiзге өз басымның күмәнiм бар.

Балықшының баласы Михаило Ломоносов өзi құрастырған «Ресей грамматикасының» кiрiспесiнде орыс тiлi туралы оның бойына «испан тiлiнiң әсемдiгi, француз тiлiнiң қызбалығы, немiс тiлiнiң салмақтылығы, итальян тiлiнiң назды нәзiктiгi, сондай-ақ, грек пен латын тiлдерiнiң байлығы мен бейнелеп айтудағы қысқа да нұсқа нақтылығы жинақталған» деп шалқыпты.

Бiз болсақ, әлi сол «қазақтар даланың француздары» деп әлдекiм ойланып, әлде ойланбай айтып қалған сөзге мәзбiз.

Балықшының баласы орыс тiлiнiң құшағына испан, француз, немiс, итальянды, грек, латынымен қосып әлдеқашан қаусырып алғанына назар да аударғымыз келмейдi.

Айттым ғой, бiз мақтана бiлмеймiз.

Осы қыста ауылға барғанда үйдегi қалың кiтаптардың арасынан Чеховтың қазақша үш томдық таңдамалы шығармалар жинағының бiрiншi томын тауып алдым. Ерiксiз бiрiншi бетiне көзiм түстi, баспадан 1955 жылы шығыпты. Мiне, тағы бiр жыл сынаптай сырғып өте шықса, Чехов қазақша сөйлегелi, көлемi кәдуiлгi нән кiрпiштей үш том болып, қандастарымыз кiтапханасының сөрелерiне қаланғалы жарты ғасыр уақыт болады екен.

Кеудемдi мақтаныш кернедi.

Әлемнiң ең үздiк, ең саңлақ деген жазушыларының өздерi ұстазымыз, жол көрсетушiмiз деп еш ұялмай айтатын, талант жарыстырғысы келетiн, нашар жазып қойса аруағынан ұялатынын мойындайтын осы Чеховтың елу жылда қазақ болып кетпегенде несi қалды дейсiз?

Ал, ол жай Чехов емес, испан, немiс, француз, итальянды, грек һәм латынымен қоса жұтып жiберетiн орыс тiлiнiң айтулы сөз зергерi. Ресей әдебиетiнiң ғана емес, әлем әебиетiнiң пiрлерiнiң бiрi ғой. Қандай бiр заман болып, орыс жойылып кетсе де Чехов қала беретiнi анық.

Сонда, сонша тiлдiң мiнезi, бояуы бiр бойынан табылатын орыс тiлiн жарты ғасыр бұрын-ақ жәукемдеп тастаған қазақ тiлi қандай тiл болмақ?

Сөз жоқ, анау тiлдермен бiрге орыс тiлiнiң ормандай ойлылығы да бiр басынан табылатын, әр сөзi сегiз қырлы, бiр сырлы, бәлкiм, сексен сегiз қырлы, дүр сырлы тiл болады.

Басыма осындай ойлар келгенде, кеудемдi мақтаныш тербеттi... сосын ұялдым.

Бүгiндi, сiздi, бiздi, кеше ғана мемлекеттiк тiлге қарсы шығып, мемлекеттiк тiлдi, қоғамды менсiнбей «абыройынан айырылған» халық қалаулыларын... есiме алып ұялдым.

Ағаларымыз жарты ғасыр бұрын алып қойған биiктiктен аса алмай жатқанымызға қысылдым.

Чеховқа әлi бiр жыл бар ғой, биыл Гогольдiң көп томдығы қазақ тiлiнiң қалыбына түсiп, кең далаға жол тартқанына анық аттай елу жыл болады. Бұны аңдаусызда бiлiп қалғанымда, маңдайдан тiптi бұршақ-бұршақ тер кеттi. Санамда «Өлi жандар» авторының «Таңдамалы хаттарын» тәржiмалаған Зейнолла Қабдолов ағамызды осы бiр берекелi шаруаға араласқанымен құттықтап қоюды да ұмытып кетемiз бiз жазған деген ой зырқ ете түстi. Бiрақ бұл қазақ тiлiнiң әлемдегi ұлы тiлдердiң бiрi екендiгiн ұмытып кетiп жатқандығымыздың қасында шыбынның шаққанындай ғана болымсыз нәрсе ғой деп өзiмдi өзiм жұбатқаным да рас.

Айтпақшы, Тұрмағамбеттiң «Рүстем Дастаны» мен Қалмақан Әбдiқадыровтың «Мың бiр түнiн» де арнайы мерекелеп өткендi ұмытпағанымыз жөн-ау. (Олардың қазақшаланғанына қанша жыл болды екен өзi?!) Себебi, бiздiң тiлде парсы тiлiнiң перiште әуезi мен араб тiлiнiң ақ едiл емiн-жарқындығы да бар. Құдайға шүкiр, бiр сөзбен айтқанда, бiздiң тiл - қай қиырды да жаулап үйренген жауынгер тiл емес пе едi!

Ал «байдың аузы сасық баласы» не десе де өзi бiлсiн... Қысылғанда ненi айтып, ненi қойғанымды өзiм де бiлмей қалдым ғой деймiн. Әйтеуiр, ағайын, мақтауды ғана емес, мақтануды да үйренейiкшi...

 

«Шахнама», шарасыз Фирдоуси және бiз

Бала кезiмде ұлы ақынның осындай әрекетке нелiктен барғандығын түсiне алмай дал болатынмын. Осынша ойлы басымен қайдағы бiр әмiршiге жарамсақтанғаны несi деп ұлы ақынды жек көрiп кеткен кездерiм де болды. Басқа-басқа, құдiреттi «Шахнаманы», әлдебiреулердiң айтуынша, көлемi бiр сандыққа әзер сиятын «Шахнаманы», бар болғаны, сұлтан Махмұдқа тарту ету үшiн жазылған деу, мен үшiн ұлы ақынның аруағы алдында күпiршiлiк жасау секiлдi сезiлетiн. Ақын кiм, әмiршi кiм, арасы жер мен көктей деп түсiнемiн ғой сол баяғы бала қиялымда. Сосын көктен жерге түскендей болған, пендешiлiктiң былығына белшеден батқан ақынды аяп кетемiн тағы да.

Кейiн түсiндiм, Фирдоусидiкi дұрыс екен. Ақында да құрсақ бар, отбасы бар, iшiп-жем, еркiн жүрiп-тұрыс керек. Бұл жағы қаржыға барып тiреледi. Рас, «Шахнама» ұлы шығарма, бiрақ ол қолжазба күйiнде құр қолжазба ғана, қолға су құюға да жарамайды. Ал, керiсiнше, ыңғайы келген тiрлiк боп, әмiршiнiң көңiлiнен шығып, талғамын тәнтi етiп жатса, бұл төккен тер, ыждаһатты, тынымсыз қаншама жылдық шығармашылық еңбектiң ақталғаны. Бүгiнгi түсiнiкке түсiргенде, рухани дүниенiң материалдық игiлiкке айналуы. Сосын, Махмұд сұлтанның өзi де кеңес кезiнде санаға сiңiре бергендей қалталы да құзырлы көп топастың бiрi болмай шықса не дейсiз?

Ендi өзгенi, өзге заманды қойып, өзiмiзге, бүгiнге оралайық.

Мiне, «тiлiне тiкен шыққыр» тележурналист бауырым танымал ақын ағамызға сауал қойып отыр. Сауал ауаны мынадай:

- Бүгiнгi әдебиетке келiп жатқан жастар, әлi бiтiрген түктерi болмаса да, мемлекеттен баспана сұрап жатыр, осылары - бере бер, ала беремiз деген астамшыл тоғышарлық емес пе?

- Бiз де кезiнде пәтерден пәтерге қаңғырып жүрдiк. Қаң­­ғырып жүрiп те бiр нәрсе бiтiретiнбiз. Ал бүгiнгi жас­тар­­дың сұраншақ, жылауық болып кеткендерiн өз басым түсiн­беймiн.

Сауал дұрыс қойылса, жауап та дұрыс болмақ керек-тi. Ағамның орнында Әбiлқасым Фирдоуси отырса қалай жауап берер едi, ағамның жауабына көңiлiм толмаған мен ерiксiз осындай ойға батамын.

«Ағам әдебиетке келген тұста мемлекет қайырымды едi, өмiр ертегi едi, бұл да бiр қой үстiне бозторғай жұмырт­­қа­лаған заман болатын. Таланттысың ба, талантсызсың ба демей, саралап бөлiп жатпай бәрiне түбi бiр төбелерiне шатыр тiгiп беретiн. Ол кездiң талантсызы да бақытты едi ғой, шiркiн...» Бiр ойым осы ауанда қаңғиды.

«Шахнамасын» отыз жыл жазып, сол отыз жылдық азабының өтеуiне отыз теңге де ала алмай кеткен Фирдоуси, мен, асылы, көзi тiрi ағаммен емес, он ғасыр бұрын сүйегi қурап кеткен сенiмен замандас болармын-ау» дейдi санама сыналап енiп кеткен тағы бiр ой легi.

«Қайран Махмұд, жарамсақтардың желбуаз сөзiне ермей, қолжазбаны өзiң бiр парақтап шыққанда, әдебиеттiң назасына, Фирдоусидiң қазасына себепкер болмас едiң-ау» дейдi қай нәрсеге де түсiнiстiкпен қарағысы келетiн тағы бiр ойым.

Жұмекен мен Шәмшiге мәңгә риза атақты «Менiң Қазақ­станым». Қанша шумақ едi өзi?

Бүгiнгi қазақ парсының «Шахнамасынан» хабарсыз болса да «Менiң Қазақстанымды» жақсы бiледi. Менiңше, бұның көлемi де бала кезiмде қиялымды сан тербеткен «Шахнама» секiлдi бiр сандық болады. Кем сандық емес, тең сандық.

Мұндай сандықтар жастар түгiлi төбесiнде шатыры бар ағаларымызда да некен-саяқ. Бiзге осы, бiр ойланып көрейiкшi, шын ойланып көрейiкшi, өнер керек пе, көлем керек пе?

Өнер керек болса, онда өнерге ендi келiп жатқан жас өрендерiмiзге, iнi-қарындастарымызға жанашырлықпен қарамайтындығымыз нелiктен?

Сөз соңында ретсiз жерде есiмiн атап, құлағын шуылдатқанымыз үшiн Фирдоуси, ұлы Фирдоусидiң аруағынан кешiрiм сұрауды жөн көрдiк. Ғайыптан тайып, құдайдың құдiретiмен қайта туып, кездейсоқ бүгiнгi күнi әдебиетке, қазақ әдебиетiне араласа қалса ол кiсi де бiр Фирдоусидi iздеп кетер едi деген ой ғана аш құрсақ көңiлiмiзге медеу...

Нақтылап айтсақ, өзгелер жайлының бәрi де өзiмiз туралы әңгiме болып шығады емес пе!

 

«Арай» журналы, 1200 ақын және арифметика

Әлi есiмде, 1989 жылдың күзiнде армиядан оралғасын ауылда көп аялдамай Алматыға тартқам. Үлкен қалада алдымен бас сұққаным «Жалын» журналының поэзия бөлiмi болды. Бөлiм меңгерушiсi белгiлi жазушы Рақымжан Отарбаев сырттай таныстығымыз (хат арқылы) әлде әкеме пейiл қарыз болғандықтан ба (өз алдына бөлек әңгiме), жақсы қарсы алды. Ертесiне бiр топ өлеңiмдi дайындап әкелетiн болып келiскеннен кейiн, жазушы ағам:

- «Арай» журналында Мейiрхан дейтiн азамат бар. Ол кiсiге де бiр топ өлеңдерiңдi тастап кет,- деп кеңес берген.

Мiне, «Арай» журналы орналасқан үйдiң дәлiзiнде тұрмын. Тиесiлi кабинетке де ендiм. Аз-мұз танысудан кейiн «Жалындағыдай» емес, Мейiрхан ағам өлең оқы демедi.

- Қазақстанда кемi 1200 ақын бар. Бәрiн жариялау «Арай» журналының мiндетi емес,- деген бiр ғана ауыз сөз айтты.

Неге екенiн бiлмеймiн, көңiлiм алып-ұшып тұрған албырт жаста болсам да осы сөзге дәл сол сәтте ренжiген жоқпын. Ертесiне, «Жалынға» да өлең тастамай, ауылға көңiлдi қайтқаным әлi күн жадымда.

Кейiн студент болдық. Оң-солды тани бастадық. «Қазақ әдебиетi» газетiне алғашқы мақаламды сол сапар Рақымжан ағаның қасында отырған (есiнде жоқ шығар), әрдайым жастардың жанашыры болып жүретiн жазушымыз Жұмабай Шаштайұлы бастырды. Осы газетте жарық көрген тұңғыш өлеңiме Мейiрхан ағаның ықыласты қолы тигенiн де ризалықпен айта аламын.

Қазiр ойлансам, сол кездер «Арайдың» дүркiреп тұрған уақыты екен. Тыныштықбек Әбдiкәкiмов, Сабыр Адай, Гүлнәр Салықбаева, құрдасым, марқұм Әдiл Ботпанов, мiне, осы есiмдердiн өздерi-ақ өлең қадiрiн бiлетiн адамға «Арай» журналында ол тұстары өлеңге деген талаптың қаншалық кiрпияз болғандығын аңғартса керек. Мысалы, 1200 ақыннан журналдың бiр жылдық 12 санына сен тұр, мен атайын 12 ақынды таңдап, iрiктеп басу, шығармашылық мүмкiндiгiн тап басып жариялау қиынның қиыны екендiгiне кiм күмәндана алады.

Ендi негiзгi әңгiмеге оралайық. «Қазақ әдебиетi» газетiнiң бiр жылда оқырман қолына 52 нөмiрi тиедi екен. Яғни, орта мөлшермен 50-60 ақынның өлеңi жарияланады деген сөз. Есепке салып пайымдасақ, бұдан бiр жылда бүкiл Қазақстандағы қолына қалам алып жыр жазатын қауымның 20-дан бiрi - 5 пайызының ғана шығармашылығы «Қазақ әдебиетiнде» көрiне алатындығын аңғарамыз. Бiр қарағанның өзiнде-ақ аз, тым аз екендiгiне шек жоқ. Демек, азды саз қылып пайдалануымыз керек емес пе?!

Жоқ, бiзде олай емес. Көктемде жарияланған ағамыз не тәтемiздiң күзде тағы шыққысы келiп тұратыны бар. Және бiр жылдың iшiнде. Бейнебiр жыл құстары секiлдi. Кезек күту деген жоқ. Өйткенi кезек күтуге көкiрегi жiбермей жататын жайы бар.

Рас, 1200-дiң бәрi аузымен құс тiстеген ақындар емес. Әйтсе де кем 300-iнiң өлеңге таза таласы бар, мықтысы 50-60-ы ғана. Ал, ұлысы қанша, оны бiз де өткеннен қалған үлгiмен тарихтың таразысына қалдырамыз. Бiрақ сол ұлылар осы 50-60 емес, анау 300-дiң iшiнде жүргенiне сiз де, бiз де дау айта аламыз ба? Айта алмаспыз. Демек, азы 300 ақынның өлеңi «Қазақ әдебиетiнде» жариялануға құқылы болып шығады. Осы ретпен кезекке салсақ, өлең жазған кiм-кiмнiң де жариялануға ретi берiсi 2-3, арысы 4-5 жылда ғана келедi екен. Осыны редакция жағалағыш аға-апайларға қалай түсiндiруге болады, бiз бiлмедiк.

Редакциямызға қызметке келгенiме үш көктемдей уақыт болыпты. Бiрақ Ертай Ашықбаев, Тыныштықбек Әбдiкәкiм, Светқали Нұржан, Сабыр Адайлардың бiрде бiр топтамасы назарыма түспегенiне таңмын. Шамасы, кезегiн күтудi бiлетiн мәрт жiгiттер осылар болса керек. Болмаса, таланттары кiмнен кем! Осы пайымнан зерделегенде Қуандық Шолақ, Әбен Дәуренбековтер де қатардан қалыс қалатындай ақындар ма едi? Жоқ. Жоқ. Жоқ.

Амал жоқ, өлеңiн газет бетiнен көруге құмар кейбiр «ұшқалақ» аға-апаларымыздың «құлағына алтын сырға» болсын деп бiздiң де осындай арифметикалық қарапайым тәсiлдерге сүйенуiмiзге тура келiп отыр. Шын поэзияға алу, қосу, азайту, жүрмейтiнiн бiлсек те. Өйткенi, көкке ұша бермей, қарапайым пенде ретiнде кейде осындай жайттарды да ойлана жүрген дұрыс қой.

 

Сержант пен солдат, жас әдебиетшi және мадақнама

Әңгiме әдебиетке жаңа келiп жатқан жастар туралы.

Ана жылдары, Кеңес Одағы әлi тарқамай тұрғанда Отан алдындағы әскери борышымды Венгрияда өтеуге тура келген.

Жауынгер формасын киген алғашқы күндер. Сержанттар бiр топ «жастарды», он шақты ұлттан құралған бiздi таң демейдi, кеш демейдi, күннiң көзi қырауда турникке асылдырып қояды. Мұздай темiр алақаныңды қарып бара жатса да түсуге қақың жоқ. Әскери дайындықта күн сайын сәл де болса алға жылжуға тиiстiсiң. Сондай азапты сәтте қасымыздан рота командирi Прокофьев жай басып өтiп бара жатады. Бiз жалынышты көзбен «мыналары жауыздық қой, бiздi арашалап алсаңызшы» дегендей ойды жеткiзуге тырысамыз. Бiрақ капитанымыз түктi байқамағандай асықпай өте шығады. «Ит екен ғой» деп iшiмiзден сыбап, жыларман боп бiз қаламыз.

Бiр күнi батальонда сол кiсiге Ауған соғысында көрсеткен ерлiгi үшiн «Қызыл жұлдыз» орденiн тапсыру рәсiмi болды. Орден тапсырушы жоғары шендi офицерлер группа штабынан арнайы келдi. Соңы кездесуге ұласты. «Ит» командирiмiз бiр өзi ескi «Т-34» танкiмен жүзден астам кеңестiк жауынгердiң дұшпандардың қоршауынан шығуына мұрындық болған қаһарман екенiн бiлдiк. Сонда командирiмiз өз басынан кешкен мынандай бiр оқиғаны айтып бердi:

Мен жас жауынгерлердi жақсы түсiнемiн. Олар менi қатыгез деп ойлайды. Бiрақ бұлай болмасқа менiң де қақым жоқ.

Ауғанда барлаушылар взводын басқарып жүргенiмде бiр топ «жастар» қарамағыма түстi. Бiрi мәскеулiк, зиялы отбасында өскен ақсаусақ бала екендiгi көрiнiп тұр. Оны бiр сержантқа шыңда, қолыңа ал деп арнайы табыстадым. Сержант жанын қинап жiберсе керек, бiр күнi жас жауынгер оның үстiнен шағым айтып келдi. Мен сержанттан әлгi ақ саусақты бұдан әрi қинай бермеуiн өтiндiм.

Барлау командир барлауға барарда отрядын өзi кәмiл сенiм артатын жауынгерлерден жасақтауға құқылы. Бөлiмшелерiмiз қаншама рет әскери барлау тапсырмаларына шығып жатты, бiрақ соның бiрiне де жаңағы жас жауынгер тартылмады. Өйткенi, оған ешкiм сенбейтiн. Әрдайым казармада, өзiмен-өзi жүредi де қояды.

Қазасыз соғыс, ерлiксiз шайқас жоқ, от пен оқтың ортасында жүрген құрдастарының көзiне түрткi болғысы келмедi ме, әлде, намысы оянды ма, жаңағы солдат бiр күнi жаттығуды өзi бастады. Келесi бар тапсырма үстiнде бұл жорыққа өзi де барғысы келетiнiн айтып сұранды. Мен шешiмдi тек сержант қана қабылдайтынын бiлдiрдiм. Сержант оны өз отрядына алды. Кейiн бiлдiк, сол отряд тауда дұшпандардың тосқауылына ұшырап қалып, сержант қатты жараланыпты. Төңiрек түгел тау-тас, алып кетуге тiкұшақ қонатындай жер жоқ, жаралы сержантты етекке түсiруге тура келген. Сонда жаңағы солдат сол баяғы өзi үстiнен шағым айтатын сержантын өзi арқалап жүгiрiптi. Қансырап қалған сержант жауынгерi қуат көрсетпегенде ажалдың тырнағына шырмалғандай екен. Мiне, менiң сендерге қатал болғым келетiнi де осындай себептен. Егер мен аяушылық танытсам, әлсiздiк көрсетсем, сiздер де әлсiз болып шығасыздар. Ал нағыз соғыс жағдайында өзге түгiл өзiн алып жүре алмайтын жауынгердiң барынан жоғы жақсы. Бүгiн қиналсаңыздар, қинала отырып шыңдаласыздар. Сонда ғана сын сәтте өздерiң үшiн де, өзгелер үшiн де жауап бере алатын боласыңдар.

Бiз командир қаталдығының құпиясын осы әңгiмеден кейiн түсiндiк. Түсiнгенiмiзден болар, Құдайға шүкiр, қатарымызда нашар жауынгер болған жоқ.

Бұл әңгiменiң жас әдебиетшiлерге не қатысы бар?

Қатысы мынада. Бiз әдебиетке ендi-ендi келiп жатқан жастарды мақтауға,тiптi мадақтауға дағдыланып бара жатқандаймыз. Бүгiнгi поэзия өсiп кеттi деп ауыз толтыра айтамыз, бiрақ қалай өскенiн таратып айтып жатқанымыз және шамалы. Есесiне әдебиеттi ен жайлау қылуға ынтық боркемiк жастар қаптаулы. Асылы, оңды-солды үлестiре беретiндей емес, жастарға «аванс» берудiң де белгiлi бiр шегi болса керек-тi.

Мiне, кезектi бiр жас талапкер. Бiлетiнi тек Мұқағали ғана. Онда да дақпырты. Мұқағали аударған Дантенiң «Құдiреттi комедиясын» (Антика мен орта ғасырлардың рухани энциклопедиясы iспеттi) бiлгiсi де келмейдi. Санасының бiр бұрышында Құдай берген талант болса, ешкiмдi оқымай-ақ айтулы ақын боламын ғой деген сенiм де жоқ емес. Айтыса кетсе, «Есенин де ешкiмдi оқымаған» дейдi ол. «Библия» мен «Өлi жандарды» парақтап жатқа бiлетiн, қайсыбiр ғылым кандидаттарымыз да жаза алмайтын «Мариам бастауларын» дүниеге әкелген Есениндi ойланбай-ақ өз деңгейiне түсiре салады. Ойпыр-ай дейсiң. Әне, сол талапкердi ендiгi бiр әдеби жиында қайсыбiр белгiлi ақын-жазушы көпiрте мақтап тұрады. Сосын «Бүгiнгi поэзиямыз өсiп кеткен» деп келетiн әбден жаттауырын жегi болған түйiндi тағы да қайталайды. Бұны жаңағы талапкерге қаратып айтады.

Ғажап! Осы бiз жастарымызды орынсыз мақтау арқылы поэзиямыздың болашаққа тартар тамырына балта шауып жатқан жоқпыз ба? Мұқағалидан бастау ап, Жұмекеннен тұшынбаған, Төлегеннен шөл басып, Қадырмен қуаттанбаған сосын Тұманбайдың тұмасына ынтықпаған, Жұматаймен уанып, Кеңшiлiкпен ойға батпаған талапкердiң түбi жарып шығуы неғайбыл-ау! Неғайбыл емес, жарып шықпайды ол. Ал бiз мақтаймыз келiп.

Әдебиет те майдан. Шашы да, сақалы да бурыл командир қаламгер әкейлер, Сiздер әдебиеттiң әскери тапсырмасын орындауға өздерiңiзбен бiрге жастардан кiмдердi сенiм артып қатарларыңызға алар едiңiздер? Сiз ғұмырыңызды тiккен қазақ әдебиетiн, сiздiң өзiңiздi де жаныңыз алқымға келгенде аман алып шыға алатын жастар бар ма?

Осы жағына да бiр сәт назар аударсаңыздар екен.

«Дайындық қалай, талапкер?» дейтiн қатал сауалды ортаға тастайтын уақыт жеткен секiлдi.

Рас емес пе?..

 

Қолжазбалар жайында

Әкем кiтапқұмар адам. Содан болар, бiздiң үйдiң кiтапханасын ауылдық жердегi бiр отбасы үшiн үп-үлкен, қоры мол кiтапхана деп айтуға әбден болатын секiлдi. Әрине, салыстырмалы түрде алғанда. Әйтпесе төрт бөлмесiнiң қабырғасы түгел кiтаппен өрiлген шаңырақтар да баршылық қой.

Әкемнiң жинағаны, негiзiнен қазақша, өзбекше кiтаптар. Өзбекше дегенде, «Мешiттен шыққан шаян», «Әмiрдiң қылышы», «Шырын мен Шекер», «Кек», «Қалқан мен қылыш» болып кете барады. Омар Хайям рубаиларының үш тiлдегi жинағы да осы кiтапхананың сөресiнен орын тепкен. Тiптi, ара-тұра кiм әкелгенi белгiсiз урду, хинди тiлдерiндегi кiтаптар да кездесiп қалатыны бар. Кейде, қарапайым диханға осының бәрi неге керек болды екен деген де ойға қаласың. Асылы, бiзден, балаларынан үмiт күткен болса керек. Әйтпесе, «Орыс-араб сөздiгiнiң» қос томдығы әкеме қажет болмағандығы анық. Ал, «Аттағұл фатиз лұғати ат-түрiк» деген кiтаптың мұнда қалай келгендiгiне таңмын. Соңына таман орта ғасырлардағы қыпшақ сөздiгi берiлген осы кiтапты қазақ жазды десе де сенердейсiң. Өйткенi сөздiк қазақша сайрап тұр.

Бiрақ осы кiтапханада кiтаптардан бөлек тағы бiр дүние бар. Кiтап емес, әрине. Әкемнiң мектеп жасында қолмен көшiрген қолжазбасы. «Әмiр-Әмзе» атты қисса-дастан. Кәдiмгi Мұхаммед пайғамбарымызды таспен шөкелеуден арашалап алып қалған нағашысы батыр Хамза-Әмзе туралы. Авторы кiм екендiгiн әкем де бiлмейдi.

Парағы сарғыш тартқан қалың дәптерге көшiрiлген осы бiр қисса мен үшiн тым ыстық. Ол маған әкемнiң көңiл-күйi, жан дүниесi, өмiр сүрген ортасы туралы хабар беретiндей. Атам дiндарлау кiсi едi, сол кiсiнiң де әсерi байқалатындай. Содан болар, ауылға барып, кiтапхананы ашқан сайын осы қолжазбаны бiр сәт болса да қолыммен ұстап көремiн. Осы қолжазба бейнебiр өткенiм мен бүгiнiмдi, бүгiнiм мен ертеңiмдi жалғастырып жатқандай көрiнедi.

Адамзат тәжiрибесi қолжазбалар өртенбейдi дейдi. Рас болса рас-ақ шығар. Болмаса сонау көнекөз шумер-аккад, мысыр, бабыл, хэт жазбаларын оқи алмас едiк қой. Адамзаттың өзi болған-болмағанын ұмытып кеткен осы халықтар араға 3-4 мың жыл уақыт салып барып, сына тастар мен қыш кiрпiштерде қалған жазбалар арқылы қайта сөйлеген жоқ па! Пендеуи тiрлiкпен жүрiп өзiнен басқаны ұмытып кете беретiн адамзат жадын жаңғыртқан сол қолжазбаларға рахмет!

Қолжазбалар жайлы әңгiме көп. Солардың бiрi татар ақыны Мұса Жәлелдiң «Моабит дәптерi» жайлы. Түрмеде жатып, өлiм алдында жазылған өлеңдерi көшiрiлген дәптерлердi камералас досы Отанына әкетiп тапсырмағанда бiз тарпаң мiнездi ақын Мұса туралы бiр нәрсе бiлер ме едiк. Қайдам? Кiм бiледi, бәлкiм оны Отанын сатқан азғын, фашистермен қоян-қолтық жұмыс iстескен жауыз ретiнде тануымыз да мүмкiн едi-ау. Ақынға арашаға түскен, асқақ арманынан хабардар еткен жыр қолжазбаларына алғыс!

Орыстар Есениннiң қанмен жазылған соңғы қоштасу өлеңiне дейiн экспертизалық лабораториядан өткiзiп, тұжырым пiкiр орнықтырып алды. Өлең расында да қанмен жазылған болып шықты. Жүйкесi әбден тозып, ауруға шалдыққан ақынның аяулы соңғы сәттерiнен хабар беретiн өлең қолжазбасына жанашырлық, асылы, осындай-ақ болса керек.

Ал, бiзде ше?

«Рауа бану», «Лұқпан хакiм» секiлдi жыр жәдiгерлерiн жазған Тұрмағамбет Iзтiлеуов «Шахнаменi» де түгелдей дерлiк аударғаны бүгiн белгiлi болып отыр. Өзiмiзге таныс 24 мың жолдық қап-қалың көк тысты «Рүстем дастаны» толағай аударманың жартысынан астамы ғана екен. Әлi 14 мың жолы жарық көрмептi. Бүгiн белгiлi болып отыр деймiз-ау, бұл туралы кезiнде-ақ бiраз адамдар хабардар болған көрiнедi. Марқұм Мардан Байдiлдаев ағамыз көзiнiң қарашығындай сақтаған жәдiгерлердiң жалғасы қазiр қызылордалық жыршы Алмас Алматовтың қолында болуы керек деген сөздi де естiп жатырмыз. Егер осы қолжазба қолдауын тауып, жарық көрiп жатса, қазақ аударма өнерiнiң жұлдызы жоғары екендiгiне көзiмiз тағы да жете түскендей болар едi-ау! Тек аударма емес, асыл мұраларымызға да жанашырлықпен, ел болып, халық болып байсалды, басалқалы қарай алатындығымыздың айғағы болмас па едi! Жоқ, бiз шашылған несiбемiздi, төгiлген ырысымызды жинауға келгенде әлi де мимырттап жүрген секiлдiмiз. Әйтпесе, бүгiнгi сирек қолжазбалар қорында Шәдi төре, Тұрмағамбет, Шораяқтың Омары, басқалардан қалған көзқимас дүниелер жоқ дегенге кiм иланар?

Дегенмен, қолжазбалар өртенбейдi деген сөзге сенгiң келедi. Жоғалса, қолжазба қадiрiн бiлетiн бiреулердiң қолында жүруi әбден мүмкiн. Олай болса, «Шахнаме» жалғасын бiр кезде ауылға алып кеткен Алмас Алматов аға да үн қатып қалар. Осындай үн қолжазбалар қорынан да естiлiп жатса құба-құп болар едi.

Ең бастысы, ақын-жазушы қолжазбалары халық мұрасы екендiгiн ұмытпайық.

 

Дуэль, дуалы ауыз ақынға

араша және Достоевский

Дюманың «Үш ноянын» немесе Лермонтовтың «Бiздiң заманның қаһарманын» оқып өскен адамға дуэльдiң не екенi, неден шығатыны, түбi неге апарып соқтыратыны жап-жақсы-ақ белгiлi болса керек. Жекпе-жекте атысушы екi адамның бiрi көз жұмып, құрығанда, жаралы болуы мүмкiн. Оқ айдалаға қаңғырса, онда екеуi де сау...

Қайсыбiр оқырманның мынадай заманда дуэльдi сөз қылып жату iшi пысқан адамның әурешiлiгiнен туған дерттi һәлдiң көрiнiсi деп ойлауы кәдiк. Олай болуы да ықтимал. Кiм бiледi, арамызда обломовтар да, обломовшылдық та ендiгi пайда бола бастаған болар. Соның бiрi - бiз болып жатсақ, өзiмiзге де обал жоқ. Бiрақ заң-закон қорғай алмайтын, қорғауға құлықсыз ар-намысты қайда қоямыз?

Әдебиетшiлер қауымы дуэльшiлерге қашан да бай болған. Лермонтов, Пушкин, Гумилев... бұл тiзiм созылып кете барады. Бiз оқырманға есiмi бiрнәрсе айта алатындарын ғана екшеп алып отырмыз.

Ал, осы ақындарды көзi тiрiсiнде ақымақ болған деп ешкiм айта алмасы және шындық.

Дуэль дегеннен шығады, қазiргi қазақ әдебиетi әр түрлi жөндi-жөнсiз пiкiрталас, бiтпейтiн дау-дамайдың ошағына айналып тұр. Демократия екен деп, белден басып, тiзеге салып жатқандар да баршылық. Кейбiр тұста жеке бастың есебiн түгендеп алсам деген пендешiлiк пиғыл да қылаң берiп қалады. Қайсыбiр ақын-жазушыларымыздың тарапына айтылып жатқан жеке басқа, азаматтық ар-намысқа тиетiн сөздерден ол түгiлi, ол кiсiмен үш қайнаса сорпаңыз қосылмайтын сiздiң де жүрегiңiз бiрге шаншып кетедi кейде.

Мiне, бiр топ ақын отыр. Арасындағы бiреуi, тiзгiн ұстар жасқа жеткенi тура бiр өзi бүкiл әдебиеттiң шаруасын «тындырып» тастағандай, ақсақал ақынды жерден алып, жерге салып сыбап жатыр. Анау-мынау ақсақалшылдықтың пұт-құдайшығына айналған ақынды емес, азаматтығы да, ақындығы да халықтың көңiлiнен шығып, қошеметiне ие болған ақынды, және көзiнше емес, сыртынан. Осы ортада сен құрмет тұтатын, қазақ әдебиетi барда шығармашылығы да бiрге жасай беретiн ақынды қорғауға ниет танытып жатқан және ешкiм жоқ. Бәрi сыбаушымен бiрауыздан келiсiп алғандай. Iштей, сырттай болса да өзара сыйластық жоқ жерде, әдебиет қалай өркендемек деген ойға кетесiң. «Сен тимесең - мен тимен бадырақ көз» болып және қала бергiң келмейдi. Намысы қыз-қыз қайнаған бағзы дуэлянттар секiлдi «Аға, өзi жоқ, көзi жоқ жерде, ол кiсiнi былай балағаттай бермеңiз, қажет болса, ол кiсi үшiн оқырманы ретiнде сайысу алаңына баруға мен даярмын» дегiң келiп кетедi.

Қазiргi ақындар iстiң емес, құр сөздiң ақындары болып бара жатқан секiлдi. Бiлемiз ғой Расул айтатын тәмсiлдегiдей, имам Шәмiл секiлдi бiреу шығып, бiр сығып алса, көбiсiнiң өлеңдi қойып кететiндiгi де анық. Сiлкiлеп алатын адам жоқ, сөз тегiн болғасын осылай жөн-жосықсыз сайрайды-ақ келiп. Онысы құр бөспелiкке айналып бара жатқанымен де iсi болмай сайрайды.

Отызға жетер-жетпес жастағы Есенин «Ресей сенiкi емес, менiкi болады» деп, жолын кес-кестеп еңiреп жылағанда, «Оныңды бетiне май жаққан нан ғып же» деп, терiс айналып жүре берген Маяковскийлер ер екен ғой дейсiң осындайда. Жұдырығы дәу, мас болып мазамды ала берме деп көсеп жiберсе де болады ғой. Жоқ, өйтпейдi. Түбi Ресейдiң өзiнiкi емес, осы бiр аңқылдақ ақындiкi болатынын сезiнген ғой, асылы.

Осы күндегi әдебиетiмiздiң iшкi өмiрiндегi ахуалға қарап отырып, қазақ ақын-жазушыларының арасында дуэль дәстүрiн енгiзу керек пе деп ойлайсың. Сонда көп өлеңшi бүгiнгi «айбарынан» айырылар едi. Баспасөз беттерi жеке бастың қадыр-қасиетiн күстаналайтын былапыт мақалаларға толмас едi. Өзара ар-намыс үшiн атысқаннан қазақ баласы қырылып қалмайды, есесiне сөзi мен iсiне жауап бере алатын саналы да өр мiнез ұрпақ қалыптасады.

Дуэльдiң қажеттiгi туралы бiз ғана емес, кезiнде адам жанының бiлгiрлерiнiң бiрi ұлы Достоевский де толғаныпты. Жазушының 1875 жылы, 30-шы желтоқсанда күнделiгiне түсiрген ой-пiкiрлерi арасында дуэль туралы мынандай жолдар бар:

«Сондай-ақ, ар-намысты немен қорғап, дуэльдi немен алмастырмақ екенбiз? Дұрысы, 30-ыншы, 40-ыншы жылдардағы басшылықтың үйреткенiндей ар-намыстың болмағандығы жөн. Бiрақ шпаганы әкелуiмiз Еуропаны да әкелуiмiз ғой. Ал дуэль дегенiмiз, тiптi де топастық емес: оны жоққа шығаратындар келте ойлайтындар, дуэль болса ғасыр басынан қалыптасқан ақиқат. Шпага Отанды қорғау үшiн ғана қажет екендiгiн айта беретiн генералдар оны өзiнiң ар-намысын қорғау үшiн жалаңаштағандар жаумен шайқаста да нағыз ержүректiлiк танытып, қаһармандық көрсете бiлгендерiн бiлмейдi немесе бiлгiсi келмейдi, ал салқынқандылар... интенданттар мен «скептиктер» ғана болып шықты!»

Иә, интенданттар мен «скептиктер» бiзге де керек емес. Ал, ақынның жазушының жеке басының ар-намысын қалай да қорғалуы тиiс.

 

Мен өлгенде бiр ақын қуанса ғой...

Уақытында әйгiлi «Айбынды серi Айвенгоның» авторы, тарихи романның бейресми атасы саналатын Вальтер Скотт та ақын болыпты. Бiзге жеткен дерек көздерiне қарағанда, шотланд елi талай уақыт ұлы ақынының шабытына тамсана қол соғып, таңданумен жүрiптi. Сол Скотт әдебиет әлемiне Байрон деген жас перi келгенде өлең жазуын сап тыйған. Бас ақын атану бәсекелесiнде жас ақынға қарсылас бола алмайтынын сезiнсе керек, содан есiмiн құпиялап алған да, жасырын атпен тарихи романдар циклын жазуға кiрiсiп кеткен. Бүгiнгi күннiң биiгiнен бағалап оны қарапайым ғана жасөспiрiмдер жазушысы десек те, осы Скотт уақытында тек үлкендер оқитын әлемнiң ең танымал жазушысы деңгейiне көтерiлген. Тiптi, аға әрiптесiн өлеңнен керiссiз-ақ кетiрген Байронның өзi де оның талантын мойындайтындығын тiлге тиек етiп, көпшiлiкке сан рет мәлiмдеген. Бүлiкшiл ақынның Скоттай роман жаза алмайтындығына өкiнiш бiлдiрген тұстары да аз емес. Өкiнiшке қарай, бiр ақынның екiншi ақынға бұлайша бейбiт халде орынын беруi әдебиет тарихында тым сирек. Керiсiнше, олардың бiрiн-бiрi мойындамай егесiп өтетiнi бар. Табиғи заңдылық деп түсiнуге болатын талант пен талантсыздың тәжiкелесуiн былай қойғанда, заманы бiр ұлы ақындардың да ит пен мысықтай қырғиқабақ болып, қырқысатынын қайтерсiз?

Мiне, арақты iше-iше екi көзi қанталап кеткен, ебiл-дебiл Есенин:

- Маяковский орыс поэзиясының жүрер жолына көлденең жатып алған дөңбек бөрене,- дейдi.

Ал, сол Есениндi Маяковскийден аз-маз болса да үйренбедi деп айта аласыз ба?

Блокты сырттай «көзi тiрi Лермонтов қой» деп бағалағанымен, көзi тiрiсiнде Гумилев те Александр Александровичке, әдеби отырыстарда, анадай жерден қыр көрсетiп кекiрейе қарайтын болған. Бiр-бiрiнiң мықтылықтарын бiлсе де өзара мойындамайтын сыңай танытысқан. Бүгiнгi күннiң ендiгi сол екеуiне еншiлеп бергенi де - ұлылық.

Ал ендi жер басып жүрген қаламгерлердiң өзара араз болуын не себептен деп түсiнесiз? Қазақшалап, «екi қошқардың басы бiр қазанға сыймайды» дейсiз бе, әлде әдебиетке, өлең табиғатына деген көзқарастары қайшылығынан деп айтасыз ба, өзiңiз бiлiңiз. Екеуiнiң адами болмыс-бiтiмiнен iздесеңiз де еркiңiз. Бiрi - қатаң тәртiптi сүйетiн, ерлiк пен ақындықты егiз деп түсiнетiн жауынгер офицер, қажырлы саяхатшы, екiншiсi - бағзы замандағы галл друидтерiндей, тылсым түс пен асқақ қиялдың аяндығына сенетiн арманшыл жан, романтик тұлға. Шынын айтсақ, романтика екеуiне де тән.

Жалпы, ақындар деген қызық халық. Әйтпесе, Пушкиннiң Байрон өлiмiне қуанатындай не жөнi бар едi? Орыстың ұлы шайыры ағылшынның атақты ақыны қаза болғанын ести сала, досы П.А.Вяземскийге былай деп хат жазады: «... Сен Байронды ойлап мұңаятын секiлдiсiң, ал мен оның өлiмiне, поэзияның үздiк үлгiсi ретiнде, керiсiнше өте қуанулымын. Байрон кемеңгерлiгi жасы ұлғайған сайын солғын тартты. Iшiнде «Қабыл» да бар, ендiгi трагедияларынан, оның «Гәуiр» және «Чайльд Гарольдтi» дүниеге келтiрген баяғы аласұрған жалынды шабыт иесi емес екендiгi байқалады...» (1824 жыл, 24-25 маусым).

Ақын ақынның өлiмiне қуанулы. Бұған не дейсiз? Грекияда кездейсоқ суық жүрiстi алаяқтардың алдауына түсiп қалып, ажал құшпағанда және ғайыптан тайып Александр Сергеевичтің өзi туралы пiкiрiн ести қалса, қызба Байронның асау Пушкиндi дуэльге шақыруы бек мүмкiн едi-ақ. Бәлкiм, Байрон Пушкиндi, әлде Пушкин Байронды... ана жақта... Ендi бұл жағын бір ғана Жаратқан бiледi. Есесiне бiз келiмсек Дантестi, даңғой Дантестi танымас та едiк. Патша Александр Сергеевичтің де құлағы тыныш болар едi.

Рас, бұл жерде бiздiкi ой ойыны ғана. Ал, шынтуайтына келгенде, Пушкиннiң жаңағы сөздердi Байронның тағдырын, бүкiл шығармашылығын ой елегiнен, таным таразысынан өткiзiп барып жазғандығы анық. Өйткенi, Пушкин замандасы болған ұлылардың iшiнен осы Байронды ғана өзiнiң бәсекелесi iспеттi санаған. Пушкиндiкi асылық десек, мұндай ойды Пушкинмен бiр тұста немiс топырағы туғызған данышпан Гетенiң де айтқаны бар. Себебi, Пушкин секiлдi Гете де Байрон болмысын, шығармашылығын жiтi қадағалап отырған. Қадағалау барысында жас әрiптесiнiң жеке творчество иесi ретiнде таусыла бастағанын түйсiнген. Осы реттен келгенде, Есенин мен Маяковскийдiкiн поэзияда бола беретiн, болуға тиiстi де ақындық бәсеке, Гумилев пен Блоктiкiн терезесi тең таланттарға тән тәкаппарлық көрiнiсi десек, Гете мен Пушкиндiкiн кемеңгерлiк хикметi деп бағалауымызға болады.

Айттық қой, ақындар, жалпы, қызық халық. Бұған күмән жоқ. Ендi мына қызыққа қараңызшы, неге екенiн қайдам, көзi тiрiсiнде бiр-бiрiмен бәсекелес, дүрдараз болған ақындардың барлығы дерлiк өмiр жолдарын құдайдың кереметiмен өзара ұқсас аяқтайтындай. Бiрi асылып, бiрi атылып дегендей. Әлде тарихтың өзгелерiн санаттан сызып тастап, жатырлас егiздердей етiп ұлыларды ғана жұп-жұптан таңдап алатын әдетi бар ма?

Әр кәллада бiр қиял деген. Мен өлгенде бiр ақын қуанса ғой...

 

Қарсыласымды жеңемiн десеңiз...

Шығыс даналығы «Қарсыласының ми қауашағының iшiне кiрiп алып, онда болып жатқан ой тербелiстерiн тап басып тани бiлетiн адам ғана жекпе-жекте жеңiске жете алады» дейдi. Осы сөз бүгiнгi жапон әдебиетi мен өнерi, бизнесi мен саясаты өз тактикасы мен стратегиясы ретiнде кеңiнен жемiстi пайдаланып жүрген жапонның атақты жекпе-жек шеберi, екi қылыш сайысының сайыпқыраны атанған Миямото Мусасидiң әйгiлi трактатында да бар. Иә, жауымды қалайда жеңемiн десеңiз, алдымен оның ой әлемiне үңiлуiңiз керек. Негiзгi майдан, басты текетiрес сол жерде басталады. Сол жерде аяқталады. Әйтпесе, бәрi бекер.

Жақында Қытайдың «36 стратагема» атты көне жәдiгерi қолыма түстi. Онда да қарсыласты жеңудiң әртүрлi айла-тәсiлдерi әңгiме болады. Сондағы стратагемалардың бiрi «Әлсiздiң әлдiнi жеңуi» деп нұсқаланыпты. Әдеби тiлде «Қанжарды көз майына суғару» деп аталатын бұл стратагеманың маған бiздiң ұлтымызға, бүгiнгi қазақ халқына беретiнi көп секiлдi болып көрiнедi.

Өз басым әдебиетке, өнерге келiп жатқан жастармен жиi әңгiмелесiп тұрамын. Олардың денi өз бойларында, ой әлемдерiнде орыс тiлiне деген қарсылықтың берiк орын алғандығын, қолдарынан келсе ол тiлдi айналып өткiсi келiп тұратындықтарын айтады. Бiрақ орыс тiлiн бiлмегендiктен көп дүниеден құр қалып жатқандықтарын да жасырмайды. Мен жұбатқан, өзiмше орыс тiлiн үйренудiң оңай жолын үйреткенсiген боламын. Бiрақ басымда бiр ой қалады. Ол ой «Бауырым, саған ұғлы Абайдың когортасына қосылуға мүмкiндiк болмай қалайын деп тұр-ау» деп түйiнделедi.

Өзiмнiң шамалауымда бiз орыс әдебиетiн бiр-ақ рет жеңе алдық. Оның өзiнде де орыс тiлiн бiлу арқылы. Және қайталанбас дара Абайдың бiлуiнiң арқасында. Бүгiнде Абайдың Гетенiң «Қараңғы түнде тау қалғыбын» Лермонтовтан асырып аударғандығын орыс түгiлi немiс Герағаңның (Бельгер) өзi де мойындайды. Бұл жекпе-жек өнерiнiң тiлiмен айтқанда, Абайдың Лермонтовты, жанкүйер халықтың жалпақ ұғымымен түсiндiргенде, қазақтың орысты тiзе бүктiруi едi. Абай Лермонтов қауашағының iшiне кiрiп кеттi. Ондағы орыс қана емес, немiстiң де ой ағысы, жүрек қағысын дөп басып таныды. Нәтижесiнде дүниеге шедевр келдi. Бiздiңше, қытай стратагемасындағы «Әлсiздiң әлдiнi жеңуiнiң» бiр көрiнiсi қазақ әдебиетiнiң, қазақ ой әлемiнiң тарихындағы осы оқиға болып табылады. Ал бiз өз тарапымыздан мұндай жеңiстердiң көп болғандығын қалар едiк. Және тек әдебиетте ғана емес, бауырларымыздың жапон мен қытай секiлдi саясат пен экономикада да жеңiс тұғырынан табыла бергендерiн тiлер едiк.

Солай, аз қазақ көп орысты жеңемiн десе, оның тiлiне үңiлуi, тiлi арқылы дiлiнде болып жатқан ой ағыстарын алақандағыдай бiлiп отыруға қол жеткiзуi тиiс. Төмендегi алып Қытаймен де осы амалды ұстануы шарт. Бұл ой қабаттарында жүрiп жатқан бүгiнгi майдан, қазiрге аңдыспақ ойнап жатқан үнсiз майданның басты талабы.

Мен ендiгi тарихтың еншiсiндегi орыс отаршылдығына қарсылығы орыс тiлiн жеккөрушiлiкке ұласқан бауырларымды еш түсiне алмаймын. Маған олар қанжары қынында тот басып жатқан бойкүйез, бейшара жандарға ұқсайды. Ал кез-келген ойында оты, бойында қуаты бар қазақтың қанжары «көз майына», яғни iлiм мен бiлiмге суғарылуға тиiс. Бұл iлiм-бiлiмнiң бiр парасы көршiңдi тану, оның жандүниесiне көз жүгiрте бiлу деп аталады. Көршiңдi танымасаң, оның тiлiн, дiлiн бiлмесең, күндердiң күнiнде тағы да құлдық қамытын қайта кимесiңе кiм кепiл?

 

Қаламгер намысы қанша тұрады?

Орыс әдебиетiнде арғы-бергi оқырманның бәрi дерлiк Пастернакқа, ұлы ақынға кешiре алмайтын бiр оқиға бар. Бұл ақынның Сталинмен телефон арқылы болған әңгiмесi. Тағы бiр тарихта өзiндiк орны бар ақын - Осип Мандельштамның тағдырын шешкен әңгiме. Ол әңгiме ақын жайлы әртүрлi естелiктерде әрқилы айтылады. Жалпы нобайы мынадай:

Сталин: - Мандельштамның ақындығына қалай қарайсыз?

Пастернак: - Мандельштам мен мойындайтын ақындардың тiзiмiне кiрмейдi. Бiрақ әдебиетте өз орны бар ғой деп ойлаймын.

Сталин: - Сiз оны қорғап бiрнәрсе айта аласыз ба?

Пастернак: - Жоқ.

Сталин: - Ақындар әрiптесiн қорғай алмайды. Ал мен партияласым бiреуден зәбiр көрiп жатса, жанымды қисам да әрекет жасар ем.

Пастернак: - Бiлесiз бе? Менiң сiзбен көптен берi басқа тақырыптарда әңгiмелескiм келiп жүрген.

Сталин: - Не жайында?

Пастернак: - Мәңгiлiк тақырыптар. Өмiр жайлы, арман-мұрат жайлы...

Сталин: - Ондай бос әңгiмеге менiң уақытым жоқ. Ұлы диктатор осы сөзден кейiн трубканы тастай салады. Әңгiме соңы осының алдында ғана «күн көсем» жайлы ащы өлең жазып түрмеге түскен Мандельштамның темiр тордың арғы жағында iз-түзсiз жоғалуымен аяқталады.

Иә, бүгiнгi күн биiгiнен қарағанда қайсыбiр мойындамайтындар табылып жатқанымен, Пастернак та, Мандельштам да ұлы ақындар. Ал Сталинмен сөйлескен кездегi қалып Борис Пастернактың көзiмен қарасақ...

Ақын шығармашылығына тәу ететiндердiң барлығы дерлiк оның дәл осы сәтте ақынға лайық қимыл жасамағанын, пендешiлiгiн танытып қойғандығын әңгiме етедi. Ақындық намыс, рух намысы аяққа тапталды дейдi. Ақын өмiрi, мейлi ол сен мойындамайтын, сенiмен пiкiрлес ақын емес-ақ болсын, қыл үстiнде тұрғанда, оның қорғауына бiр ауыз сөз айтуға қауқарыңның жетпеуi кiнә емес, Құдай кешiрмейтiн күнә деп тұжырым жасайды.

Бiлетiндер Пастернак ғұмыр бойы осы бiр сәттiк осалдығының жазасын тартумен өттi деседi. Әрине, басқа емес, Пастернак, Алланың мейiрi түскен қайталанбас ақын болғасын. Әйтпесе одан да артық күнә жасағанмен арланбай өткендер қаншама.

Бiз бұл әңгiменi неге айтып отырмыз? Дәл Пастернактың басындағыдай болмаса да, соған жете қабыл оқиғалардың әдебиет тарихында әлi де болса қайталанып қалып жататындығын көрiп-бiлiп жүргеннен кейiн. Және анау-мынау бөтен емес, өзiмiздiң қазақ әдебиетiнiң өңiрiнде. Мысалы таланты тәмам жұртқа танылған бiр мықты ақынымыз қалың жұрттың ортасында қазаққа еңбегi сiңудей-ақ сiңген тағы бiр ұлы ақынымызды «бөдене», «жартыкеш» ақын деп салыпты. Егер ғайыптан тайып Сталин тiрiлiп келiп телефон соға қалса, ол ақынымыз жаңағы әрiптесiнiң қорғауына бiр ауыз сөз айтар ма едi, айтпас па едi деп ойлайсың. Iшкi ойың «әй, айтпас едi-ау» дейдi. Мұндайдың бетiн аулақ қылсын, бiрақ солай болып жатса, аяққа тапталатын тағы да ақындық намыс, рухтың намысы болмақ қой.

Анада бiр топ белсендiлер Мұхтар Мағауиндi, бүкiл саналы ғұмырын қазақтың рухын көтеруге арнаған қаламгерiмiздi тiзелетiп, тоқпақтың астына алуға тырысты. Әдеби орта, болашақ Мағжан мен Бейiмбеттi, Пастернагы мен Мандельштамы бар қауым тағы да үнсiз қалды. Өйткенi, бәрiнiң де «өмiр, биiк мұрат-мақсаттар жайлы әңгiме қылғысы» келетiн болып шықты. Ал ақындық намыс, қаламгерлiк ар, әрiптестiң абыройы, қазақтың рухы тапталып жатқанда мұндай «әңгiмеге» орын табыла қояр ма екен?

Жалпы, қаламгер намысы дегенiмiз қалай бағаланады?

Бұл төңiректе де бiр сәтке ойланып көрсек-ау...

 

Қазақы қала қайда бар?

Замандасының:

- Естiгенiмдi айтайын ба, көргенiмдi айтайын ба? - деген сауалына, бiздiң бiр данышпан атамыз:

- Естiгенiң өтiрiк болуы мүмкiн, көргенiңдi айт, - дептi ғой.

Осы сөздiң жаны бар.

Бiз де әңгiменi көргенiмiзден бастайық.

Бала кезiмiзде қалтасына аз-маз тиын-тебен түскен апаларымыз бен әпшелерiмiз сенбi-жексендi күндерi Ташкент асып бара жатып, алдымен «Таһир-Зухраға» кiрейiкшi деп жатушы едi. Таһир мен Зухраның махаббат хикаясын «Ғашықнаме»-ден бiлетiн бiз ол кездерi Ташкентте ғашықтар аттас нән дүкеннiң бар екенiн бiлмесек те, бiр елең ете қалушы едiк. Танауымызды райхан гүлiнiң хош иiсi қытықтап, маңдайымызды Шығыстың майда қоңыр самалы сипағандай таңғажайып көңiл-күй кешетiнбiз. Ол да бiр заман екен-ау.Кейiн, ес жия келе, ол «Таһир-Зухраны» да көрдiк. Дүкенiмiз шынында да ұятқа қалдырған жоқ, атына заты сай дүкен болып шықты.

Қазiргi көшесiндегi бұралқы итiне дейiн таныс Алматының ол кездерi қандай болғанын қайдам, сол кездегi Ташкент ақиқатында да Азияның арда қаласы, Шығыстың шырайлы шаһары болатын-ды. Солай екенiне метросына түсiп жүйткiгенiңде көзiң әбден жететiн. Бұрылыс сайын палауының буы бұрқырап, көк шай, қара шай боп жататын шайханасына кiре қалсаң үстiне шапан жамылып, басына ала топпы киген, қарасақал өзбек ағайындар иланбасыңа қоймайтын.

Әлi есiмде, сол кездегi өзбек ағайындар арасында «қазақы бала бала емес» деген сөз жиi айтылушы едi-ау. Бәлкiм әлi де айтылатын болар. Өйткенi айтылуға тиiс сөз болып тұр емес пе! Өзбек айтпаса да өзiмiзге қарата өзiмiз айтуға тиiс сөз. Айтпақшы, осы сөздi ең алғаш қай ала топпылы ағайын айтты екен өзi? Кейде ойлаймын, осы сөздiң түпнұсқасы «қазақы қала қала емес» пе екен деп. Кiм бiледi, сол кездерi ала қоржынын асынып, артынып-тартынып Алматыға кеп қалған өзбек ағайынның бiрi осылай деп жiберуi де мүмкiн ғой. Алаштың баласы жайлы емес, Алматы туралы. Егер түпнұсқа осылай болып жатса, өз басым осы сөзге бүгiнде екi қолымды көтерiп қосылар едiм.

Мiне, Жазушылар одағының вахтасында тұрмын. Әңгiмелесушiм мүйiзi қарағайдай ақын-жазушы ағаларымның бiрi емес, жалақысы жетi-ақ мың теңге осындағы кезекшi орыс апай. Тақырып та әдебиеттiң төңiрегiнен аулақ, кәдуiлгi тұрмыс-тiршiлiк туралы.

- Қаланы не қылып жiбердiк, шығыстың шырайы деп айтатындай бiр ғимаратты айта аласыз ба? - дейдi өзге жайттардың да басын бiр-бiр шалып шыққан ренжулi орыс апайым. «Япыр-ау, деймiн iшiмнен, жасы алпысты алқымдаған орыс апам да Алматыдан азиялық өрнек iздейдi екен-ау. Егер орыс екеш орыс осылай деп жатса, бiзге, қазаққа, осы жердiң қаракөздерiне Алматымыз туралы не айтуымызға болады? Алматы Азия емес, Американың қаласы ғой деуiмiз керек пе?».

Есiме Тұмағаң, ақын Тұманбай Молдағалиев түседi. Ол кiсi де ару Алматысының леди Алматыға айналғанын қаламайтынын анық сезiнемiн. Сосын, Сiздiң де. Мейлi ақын емес, атышулы сәулетшi болсаңыз да.

Иә, бiзде қала көп. Бәрi Астана мен Алматыға қарап бой түзейдi.

Қай-қай тұрғын да өз қаласының әсем болғанын қалайды. Мақтанғанда мынандай жай Алматы түгiлi Астанаңызда да жоқ-ау деп отырады.

Ал, сол Алматыңыз бен Астанаңызда, басқасын былай қойғанда, азиялық бет-бейне жоқ болса не дей аласыз?

Тұрғынының дүниетанымы, талғамы мен таңдауы алдымен қаласының көшесiнен, үйлерi мен ғимараттарының бет-әлпетiнен көрiнiс таппақ. Бұл өзi бiр өзара сымсыз байланысып жатқан ғажайып тылсым дүние. «Еуропа ымыртында» Шпенглер шешуге талпынған құпиялардың бiрi.

Әйтсе де пәлсафаны қоя тұрайық.

Егер өзiмiздi былай қойып, орыс апайымыздың өзi қаламыз туралы осылай деп жатса, бiзге өзiмiздiң талғамымыз, дүниетанымымыз туралы не деуге болады?

Бiз өзi қазақпыз ба?

Қазақ болсақ, «қазақы қала қайда бар?».

Сәулетшi ағайындар, Виктор Гюгоның «Париж Тәңiрiанасының соборын» бiр сәт қолға алыңызшы. Архитектура туралы алғашқы тарауларын оқысаңыздар да жеткiлiктi.

Мiне, дәл осы мазмұндас беттер бiздiң Алматымыз туралы жуық арада жазылмайтын секiлдi. Өйткенi, Алматыда, осы бағытында дами берсе, Виктор Гюго сияқты жазушыға Құдайдың кереметiмен жан бiтiп, жер бетiне қазақ болып қайта туылып келсе де орын жоқ. Себебi, Алматы қазақы түсiнiкке жат, қазақы болмыс Алматыға өгей iспеттi.

Ал бiз болашақ туралы сөз қыламыз...

 

Азия «Одиссеясын» таныстырсақ...

Әуелi әңгiменi тұздықтап алайық. Өзiнiң айтуынша, әйгiлi «Жүз жылдық жалғыздықтың» авторы, қарағайдай мүйiздi Нобель сыйлығының иегерi Гарсиа Маркес Франц Кафканың «Құбылуын» («Превращение») алғаш оқығанда «Бұлай да жазуға болады екен ғой» деп таң қалыпты. Әрине, қаламы қатая қоймаған жастау кезiнде. Ал өзiнiң сол Нобель сыйлығын алып берген, сонымен бiрге қаржы мұқтаждығынан құтқарған «Жүз жылдық жалғыздығынан» гөрi «Ел ағасының еңкейген шағында» романын жоғары қоятыны және бар. Нелiктен? Әдебиетке ендi араласа бастаған ана бiр жылдары осы сауалға мен де бiршама бас ауыртқан едiм. Бiраз түртiнектеп жүрiп, шешiмiн тапқандай да болғам.

Не нәрсенiң де шын бағасы салғастыру, теңестiру, шендестiрулер арқылы танылмақ. Бұл амалдар дүкен сөрелерiндегi күнделiктi тұтыну заттарынан бастап, ұрпақтан-ұрпаққа, ғасырлардан-ғасырларға көшiп келе жатқан ұлы рухани жәдiгерлерге де жүрешiк. Сол пайымнан қарағанда, бiздiң аңғарғанымыз, Маркестiң «Жүз жылдық жалғыздығы» «Библияның» жаңаланған, бүгiнгi күннiң тiлiмен жазылған модерн нұсқасы болып шықты. Адам ата мен Хауа ананың жұмақтан қуылуы романда Буэндианың қораз төбелесi үстiндегi ерегесте адам өлтiрiп қойып, күнәһар жан ретiнде көз көрiп құлақ естiмеген жаққа үй-iшiмен қоныс аударуы арқылы көрiнiс тапса, кiтаптың соңғы беттерiн қай-қай дiнде де айтыла беретiн ақыр заманмен байланыстыруға болады. Содом мен Гоморраның белгiсi - «құйымшақты ұл» екендiгiне де дау жоқ. Асқан жазушылық шеберлiкпен қапысыз қиюласқан «Библиямен» мұндай параллельдер романда өте көп. Демек, Гарсиа Маркестiң өзiнiң атышулы «Жүз жылдық жалғыздығын» жоғары бағаламайтындай жөнi бар. Өйткенi ол қайталанған дүние болатын. Бұны өзiнiң терең түйсiк қатпарында жазушының сезiмтал нейрон талшықтары да аңғара бiлген болса керек. Әйтпесе, жаңағыдай пiкiрдi айтпас едi ғой.

Бiрақ бiз сол жас талап Маркес таң қалған «Құбылуға» да бұлай да жазуға болады екен ғой деп бөркiмiздi аспанға атып қуана қоймадық. Шамасы, Шығыста қадым заманнан берi бар әдеби тәсiлмен жазылғандығынан болар. Көлем қыспағанда, бұл сөзiмiзге де мысалды көптеп келтiруге болар едi.

Шығыс пен Батыс... Екеуi бiр-бiрiне қарсы тұрғалы қай заман.

Әдебиетке келiп жатқан бүгiнгi жастардың өзара әңгiмелесе қалса Кафка, Джойс, Камюлердi тiлге тиек ете жөнелетiн әдетi бар. Шығыс десе қазiргi авангард жапон әдебиетiнен өзгесiнен хабары жоғы және айқын. Немiс, француз, испан, швед, аяғы фин әдебиетiне дейiн мағлұматы бар әдебиетшiлердiң жапон асып, қытай, корей, тай, үндi әдебиетiне неге назар аудармайтындығына таң қаласың. Бейнебiр Шығыстың шұғыла рухын Батыстың жымысқы мысқыл аралас күлкiсiнiң мысы басып тұрғандай күй кешесiң. Осындайда, Жұмекеншелеп, «Жақсымызды бетiмiзге күйе қылып жақпасақ, бiздерде де талай мықты болыпты» дегiң келiп кетедi.

Иә, бiздерде де талай мықты дүниелер болған. Пайдалану әдiс-тәсiлiн таба алсақ «Жүз жылдық жалғыздықтардың» жүзiн, мыңын ұрып алуға болады. Бұның бiр үлгiсi жапон Акутагава Рюноскэ. Әңгiме, новеллаларының денi дерлiк қытайдың «Көнекөз әңгiмелерiнiң» (әлде Сун, әлде Тан дәуiрiнде пайда болған кiтап) желiлерiне құрылған Акутагаваны ешкiм осал жазушы дей алмаса керек.

Батыс Қайта өрлеу дәуiрiнiң ұлы туындыларының бiрi, Дантенiң «Құдiреттi комедиясының» композициялық құрылымы байырғы Шығыс үлгiлерiнен алынғандығы туралы бұрын да сөз еткенбiз. Мұндай әдiс қазiргi Батыс әдебиетiнде де бар. Ал оның ХХ ғасырдағы бiрегей көрiнiсi Джойстың «Улиссы» болып табылса керек. Сол баяғы Гомер шалдан қалған аяғына сандал киген «Одиссеяның» иығына фрак не френч iлген еуропалық дамытылған нұсқасы. Баспа жүзiн көргелi бiр ғасырдай уақыт өтсе де даңқы бiр толастамай әлi күнге жер жарып тұр. Ойланып қарасаң, Шығыстың ешбiр шаңқанбоз шығармасы шаңына iлесе алмайтындай әсер қалдырады.

Солайы солай-ақ болсыншы, ал мына Азияның бiр бұрышындағы кәрiс бауырларда (анық-қанығын қайдам, қайсыбiреулер осы кәрiстi өзiмiздiң керей, не керейттермен бiр туған деседi) «Бұлттың тоғызыншы түсi» атты жәдiгер барын бiрiмiз бiлсек, бiрiмiздiң бiлмейтiндiгiмiз шындық. Оқиғасы ғажап. Қысқаша қайырсақ, иман жолына түскен дiндар жас жiгiттiң тағдыры туралы. Ұстазы сенiм артып отырған жiгiт бiр iссапарда кездейсоқ күнәлi iс iстеп қояды да, о дүниеде тозаққа түсетiн болады. Ажалы жетiп Мәңкүр-Нәңкүрдiң алдына барғанда (әрине, кәрiстерде атаулары басқашалау) жалғыз ғана күнәсiне кешiрiм жасалып, бұл дүниеде қайта туу, сөйтiп өзiн-өзi иман жолында тазарту, жетiлдiру құқына ие болған жiгiттiң бұл дүниеге керi келе жатқандағы көңiл-күй суретi анау-мынау дүниелердiң көбiсiнен көш iлгерi. Өйткенi, перiштесi жiгiттi бұл мына дүниеде қайта күнәға батпасы үшiн, ескерту ретiнде, о дүниедегi тоғыз қабат тозақтың ара-арасынан алып ұшады ғой. Сосын бiр тесiкке әкелiп, басын тығады да құйрығынан бiр теуiп бұл дүниеге ытқытып жiбередi. Өзiн қабылдап, кiндiгiн кесiп жатқан жандарға «мен пәленшемiн ғой» деп айтқысы-ақ келедi, бiрақ сәби емес пе, тiлi «iңгәлағаннан» басқаға келмейдi. Ал анау перiштенiң табаны тиген жер жамбасында дақ болып қалып қояды (Моңғол нәсiлдi адам баласын өзге нәсiлден айыратын ең таңбаны жаңа туған қай-қай сәбидiң де құйрығынан көруге болады). Осы дақты перiштенiң алақаны деп түсiндiретiн ұғым бiздiң қазақта да кездеседi.

Яғни, осы кәрiс жәдiгерi сәл қиялға берiлiп, сюжетiн заманауи талап деңгейiнде дамыта алатын қабiлетiңiз бар болса қазақы әңгiме не хикаят болып шығуға сұранып-ақ тұрған әдеби мұра. Егер Данте не Джойстың дарынындай қабiлет қарымыңыз болса, «Құдiреттi комедия» немесе «Улисстiң» Азиялық нұсқасын жазып шығуыңызға да жетедi. Соғысқа барғысы келмейтiн Одиссейдiң (cебепсiз қан төгу де күнә ғой) осы жолда жасаған қулығының iске аспай қалуы (кәрiс шығармасында жас жiгiттiң әлдебiр болымсыз себеппен имандылық жолынан шығып кетуi), ақыры ұзақ сапардан кейiн туған жерiне құдайлардың құдiретiмен ақсақалды шал болып келгенде ешкiмнiң, тiптi, әйелi мен туған баласының танымауы (кәрiс жәдiгерiнде жiгiттiң сәби боп қайта туылып, ышқынып айтқан жүрекжарды «iңгәсына» төңiрегiндегiлердiң түсiнбеуi, о дүниеде көрген азапты сапары), осылардың бәрiн корейдiң осыбiр орта ғасырлық прозасынан да табуға болады. Егер Дантенiң «Құдiреттi комедиясында» батыстың арғы-бергi ұлылары сөз болса, сiздiң өз кезегiңiзде, шығыстың тарихи тұлғаларын кейiпкер қылуға мүмкiндiгiңiз бар.

Иә, асырып айтқанымыз емес, жаңаша қорытып, ашылмаған қырынан пайымдай бiлсек, Азияның топырағында, рухани қойнауларында Батыстың әдебиетiмен иық теңестiре алатын, тiптi бiрқыдыру биiк те бола алатын жәдiгерлер әлi де жетерлiк. Осы орайдан алғанда, Батыстың өзiмiзден алып, өңдеп қайта ұсынған шедеврлерiне құр тамсана бермей, өз табанымызда жатқан, түртiп жiберсек жарқырап шыға келетiн асылдарымызға да бiр сәт зер салсақ, ұтпасақ ұтылмайтынымыз ақиқат.

Жас талапкерлерге бұл бағытта да ойлана жүрген дұрыс болар. Өйткенi бiздер азиялықтармыз ғой, Батыстың көшiрмесi бiзге жүрмейдi. Мейлi, қандай «...изм» үлгiсi болсын.

 

Француздар, орыстар және бiз

... ХIХ ғасыр. Дәл уақытын айтсақ, 1830 жылдың 25 ақпаны. Әйгiлi Париж. Жаңашылдығымен мәлiм Комеди-Франсез театрының маңы. Қара суыққа, кезектi қойылымның басталуына төрт сағаттай уақыт барлығына қарамай, театр төңiрегiне қарақұрым халық жиналып қалған. Түрлерiне, киiнген киiмi, өздерiн ұстау мәнерлерiне қарап, әртүрлi топтың өкiлдерi екендiгiн аңғаруға болады. Жасы да, кәрiсi де бар. Бәрi әлденеге тастүйiн дайын болып келген секiлдi. Бұлардың сұсты жүздерiнен қаймыққандай кездейсоқ көше жүргiншiлерi оларды айналып өтiп жатыр. Тезiрек бұл арадан жылыстап кеткiсi келетiндей.

Кенет айқай-шу шыққан. Әлдебiр үйiрiлiп тұрған топ тағы бiр ұйысқан ортаға қолдарындағы жемiс-жидек қалдықтарын лақтыра бастаған. «Бомбалау» эпицентрiнде қалған топ қорғануға көшкен.

Бұл француз әдебиетiндегi байырғы классицизм өкiлдерi мен жаңа қанат жайып келе жатқан романтиктер арасындағы қақтығыс едi. Ал осы күнi театрда романтиктер көшбасшысы Виктор Гюгоның «Эрнани» драмасының тұсаукесер қойылымы ойналатын-ды. Өз бағыттарына берiк классицизм жақтаушылары романтиктердi қалайда сүрiндiруге тырысқан. Ол үшiн актерлерге ойнауға мүмкiндiк бермеу, ысқыру, қаралау, қажет болса сахнаны күл-қоқыспен көмiп тастау, романтиктердi төбелеске арандату, мiне, осындай әдiс-амалдардың бәрi жан-жақты қарастырылған-ды. Осы таласта романтиктер жағында жазушы Бальзак пен композитор Берлиоз, студенттер Теофиль Готье мен Жерар Нервальдар қажыр-қайрат көрсетiстi. Тiптi Бальзактың басына ап-ауыр капуста түйнегi тиiп, бiршама жарақат та алды. Ал бұлардың бәрi кейiн ұлы француз мәдениетiне үлестерiн қосқан көрнектi тұлғалар болатын.

Ендi тағы бiр ғасырға кейiн шегiнейiк. Бүкiл орыс әдебиетiнiң (әртүрлi ағымдардың) өкiлдерi жиналып алып поэзиядағы «имажинистер» деп аталатын топтың ұстанымдарын «соттауда». Бас айыптаушы символизмнiң айтулы өкiлi Брюсов. Жауап берушiлер бүлiкшiл Сергей Есенин, Мариенгоф және т.б. Бiр қызығы, араға бiраз уақыт өткесiн осындай «әдеби соттың» алдында Брюсов және басқа символистер де жауап бередi.

Францияда бүлiк сипатында көрiнiс берген әдебиеттегi түсiнiсу шаралары мұнда бейбiт халде өтуде. Әрине, айтыс-тартыссыз емес. Осындай айтыс-тартыстан ұтатын кiм деген сауалға, бүгiнгi күннiң биiгiнен қарап тұрып, тек қана әдебиет деп жауап беруге әбден болатындай. Оған әдебиет тарихы дәлел. Ал, бiзде ше?..

Алда Қазақстан Жазушылар одағының ұйымдастыруы­­мен өтетiн әдеби жыл қорытындысы (наурыз айының орта тұсы деп жоспарлануда) жақындап келедi. Басқосуға әртүрлi әдеби бағыт, көзқарас, ұстанымдардың қаламгерлерi жиналатыны белгiлi. Мiнберден әрқилы пiкiрлер де айтылатындығы анық. Әйтеуiр, әдеттегiдей, ысқырусыз, еден тепкiлеусiз өтпейтiндiгi мәлiм. Ешкiмдi менсiнбей жүрген модернист, посмодернистер де бiр шеттен туларын көтерiп келiп, қатысып жатса тiптi ғажап бола түспек. Өйткенi, ендiгi олардың да бiршама қарасы бар топ екендiгi белгiлi. Есесiне, романтиктер, реалистер, символистер, сюрреалистер де табылып қалар. Тiптi, қу шөппен аузымызды сүрте бермесек, француз, орыс, мына жапонда да жоқ әдебиеттегi қазақы жаңа бағыттың шаңырағы көтерiлiп қалуы да әбден мүмкiн. Ең бастысы, қаламгерлер өзара айтысып, тартысып, бүгiнгi қазақ әдебиетiнiң қандай деңгейде екендiгiн, ендiгi қанша көтерiлерiн бағамдап берсiн. Осы басқосуда қайсы бағыттың әдебиеттегi негiзгi салмақты көтеретiндiгi анықталып жатса тiптен құба-құп.

Рас, бiздiкi дәме ғана. Француздар мен орыстарға жету қайда деймiз iштей. Әйтсе де жыл қорытындысында әде­­биеттiң әртүрлi жанрлары бойынша жасалатын баян­да­ма­лардың мазмұнды, қаламгерлердiң өз бағыттарын қорғауда табанды болатындығына сенгiң келедi. Әйтпесе, артында бiр түйiр сөз қалмайтын алқалы жиындар қайда өтпей жатыр дейсiз. Ең болмаса «төбелесiп» тарқасу керек қой.

 

Леонид патшаның түсi,

бiлiмнiң күшi және «Болашақ» бағдарламасы

Өнеге ала бiлер жан болса өткеннiң айтары көп. Азамат рухы мен ел рухының астасуы, бiр жағадан бас шығаруы дегенде жадыма тарихтың терең қойнауынан Леонид патшаның түсi, үш жүз спартандықтың ерлiгi, сосын Жұмекен ақыннан мына бiр үзiндi орала бередi:

Қалың жауды қысып берген

қыссыз-ақ,

Спартандар жiгiт едi үш жүз-ақ

Өз iсiнiң ақындары болды олар,

Қасапшылар, наубайшылар,

молдалар.

Иә, үш жүз жiгiт он мың жауға төтеп бердi. Тек төтеп берген жоқ, жеңдi де.

Бәрi Леонид патшаның түсiнен басталған. Түс жорушылар әскербасының жорық алдындағы түнде көрген түсiн былай болжаған: «Леонид патша шайқас үстiнде қаза табатын болса, жеңiс бұлар жақта болмақ. Аман қалса - жеңiлiс».

Леонидке жан сауғалап, жорыққа шықпай қалуға болар едi. Бiрақ азамат қолбасы өлiмге басын тiктi. Бұл шешiм үш жүздiң де шешiмi болды. Көсем рухынан қуаттанған тастүйiн шағын топ толқын-толқын боп төгiлген түмен де түмен қалың қолдың тас-талқанын шығарды. Жiгiттер туған жерге қалқанның үстiнде қайтты. Әрине, жеңiспен. (Спартандық ата-ана ұлы соғысқа аттанғанда «Қалқаныңмен не қалқаныңның үстiнде қайт» деп бата беретiн болған. Мұнысы «жүзiң жарқын боп жеңiспен орал немесе мазақ болмай қан майданда қаза тап» дегенi. Спартада шейiт жауынгерлердi қалқанның үстiне салып алып қайтатын болған - Ә.Б.).

Бұл деректi неге әңгiме қылып отырмыз?

Рас, қазiр қылышпен кескiлесер спартандықтардың заманы емес. Қаншалықты рухың өр, дәтiң берiк болса да заманауи озық әскери техниканың төпелеуiне шыдас беруiң қиын. Әйтсе де қолбасы парасатты, жауынгерлер бiлiктi болса бүгiн де үш жүз қолмен он мың жауды жеңуге болатыны анық. Леонид патшаның түсi, үш жүз спартандықтың ерлiгi басқаша кейiпте, басқа оралымдарда, тарихта әлi де сан мәрте қайталана беретiндiгi ақиқат.

Спарта заманы бiлек пен рухтың заманы болса, бiздiң кезең бiлiм мен рухтың жеңiмпаз атанар тұсы. Сандаған ғасырлар эпостан эпос тудырып келген қазақ «Бiлектi бiрдi, бiлiмдi мыңды жығады» деп те әлдеқашан айтып қойған.

ХХ ғасыр басындағы алаштың ойлы азаматтары елдi бiлiмдi қылуды армандады. Орыс отаршыларының қайсыбiр оқу орындарына қазақ жастарын қабылдауға шектеу қоюы да сол арманды iске асырмауға тырысқандықтан едi. Орысшасы мардымсыз қаншама талантты ауыл жасы жоғары бiлiмнен қағылғаны бұл күнде бiр Аллаға ғана аян (Кеңес кезiнде оқуға талапкерлер орыс тiлiнен шығарма не мазмұндама жазуға мiндеттi түрде тиiстi болатын). Мұндай саясат қазақ жастарын сол кездерi элиталық әскери бөлiмдерге көп алмаудан да аңғарылады. Бiздiң әскерге барғандардың денi құрылыс батальондарының қайла-күрегiн ұстағандар. Қайла-күрекке көп бiлiм қажет бола қоймаса керек.

Лев Гумилев ағылшындар отарлап алған кездегi Үндiстан тарихынан мынандай мысал келтiредi. Ғалымның айтуынша, басқыншы ағылшындарға жергiлiктi жердегi кедергi, ең бiрiншi, үйге қызметкер, жалшы ұстаудан басталыпты. Ал, өз ағылшындарынан арзан жұмыс қолы күшiн тартайын десе (бәрiбiр ақ адам), бұл жергiлiктi халықтың түсiнiгiнде масқараның масқарасы болып шығады екен. Өйткенi, жергiлiктi халықтың ұғымында, мұндай жалшылық жұмыстарға қоғамның әлеуметтiк бөлiнiсiнiң ең төменгi тобында тұрған адамдар ғана тартылуға тиiс. Яғни, билiк жүргiзiп отырған ағылшын өз үйiн өзi тазалап, ауласын өзi сыпыра бастаса ол да сол қаратабан плебейлердiң қатарынан болып саналмақ. Демек билiк жүргiзуге де қақысы жоқ. (Үндiстанда халық брахминдер - дiндарлар, кшатрийлер - жауынгерлер iспеттi касталарға бөлiнедi. Сондай-ақ, бiздегi бомждар секiлдi шудралар деп аталатын да каста бар. Әрине, бiздегiден бөлектеу). Жергiлiктi халықтың алдында беделдерiн түсiрiп алмау үшiн ағылшындарға ендi сол қаратабандарды жалдаудан өзге жол қалмайды. Қожайынның шарасыздығын сезiнген олар ендi, өз кезегiнде, паң ағылшындардан қалаған көлемдегi жалақыны талап ету пұрсатына ие болады. Бiрақ бұлар дүниелерiн шашып-төкпейдi, өзара ұйымдасып, балаларын жергiлiктi мектепте, сосын Еуропа, Американың ең үздiк оқу орындарында оқытуға ұмтылады. Ал өзi кеше ғана сол ортадан шыққан жiгiттiң ата-ана, туыс-бауырын әдiлетсiздiк пен қиянаттың қыспағына қалдырып, қызық қуып кетуi, тiптi, мүмкiн емес. Кешегi қаратабандардың балалары ендi бiлiктi мамандарға айналып шыға келгенде, ағылшындар көресiнiң көкесiн сонда көре бастапты. Себебi екi жақтың кез-келген айтыс-тартыс, дау-дамай, сот процестерiнде ағылшын емес, кешегi «қаратабан» бiлiктi мамандар жеңiп отыратын сәт туған. Өйткенi олар жергiлiктi халықтың дiл дiлгiрiн де, дүниенiң бiтiмiн де жақсы бiледi. Ақыры, ұрыссыз-соғыссыз Үндiстанға тәуелсiздiк алып берген де қаратабандардан шыққан осы оқымыстылар болған көрiнедi. Оны көп емес (үмiт артар халқы көп), бiрақ бiлетiнi мол жастардың тарихшы айтқан бiр жеңiсi осындай.

Бiзде де «Болашақ» бағдарламасымен бел емес, бес теңiз, мұхит асып жатқан жастар аз емес. Денi ауылдың мұң-мұқтажын бiле бермейтiн қала жастары. Бiразы бай-байшыкештiң, ендi бiр парасы тас дуалдардың шала қазақ еркетотай бозбала-бойжеткендерi. Ауылдың жасөспiрiмiндей емес, ана тiлiнен тiл сындырмаса да ағылшын, француз, немiс тiлдерiне жүйрiк-ақ. Ауылдың алты ауызын бiлмегенмен, «Роллинг Стоунз», «Пинк Флоид»-тармен таныс. Солардан ауылға қолғабыс-көмек болады дегенге сену тым қиын. Кейбiрi мемлекеттiң қаржысын текке рәсуа етiп керi қайтпай қалып жатқан да көрiнедi. Ал, ауылдың үш жүз жiгiтi осы бағдарламамен бiлiм алып келсе ше! Бәрi басқаша болатындығы шындық. Қазақстанның Үндiстандағыдай «қаратабан» оқымыстылары да солардың арасынан шығар едi-ау. Себебi туған жерге кiндiгiнен байлаулы азаматтың ғана әу бастан арманы асқақ болған. Әйткенмен азат Қазақстанның ауылының да айын оңынан тудыратын бiлiмдi жастарға мұқтаж болмайтын күн алыс емес болар. Солай екендiгiне сенгiң келедi. Леонид патшаның түсiн, үш жүз спартандықтың ерлiгiн еске алып, әңгiмеге өзек қылғанымыз да сондықтан.

Бiз де қайталаймыз: «Бiлектi бiрдi, бiлiмдi мыңды жығады». Бүгiнгi ауылға сондай мыңды, миллионды жығатын жастар керек.

2003-2004 жылдар

(Жалғасы бар)

"Абай-ақпарат"

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5338