Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 4228 0 пікір 1 Мамыр, 2012 сағат 07:34

Тележурналистиканың Құлагері

Алқымдап ала жөнелетін ардакүрең мінезді ағаны алғаш көргенде аса қабылдай қоймаппын. Таптап өтердей тарпаңдығы ықтап сөйлеп, ыңғайды бағатын, ығытын тауып қана қимылдайтын адамдардың ортасы үшін әдейі орайластырылатын әлейім-тәлейім әртістіктің әуресіндей сезілгенін және жасыра алмаймын. «Ағамыз, - деп ойлаушы едім сол кезде, - «көк сандыққа»  «көрпе, жастығын» көтеріп кірген бетте кері шығатын жолды таппай қалған ғой: эфирдегідей есіп сөйлемесе, ентігі басылмайды». Әйтсе де аз жылдардан соң қателеспегенімді қапысыз ұқтым: Нұртілеу Иманғалиұлы  «көк сандыққа» - телевизияға кірген күннен бастап кері қайтпауға белді бекем буыпты. Әйткенменде, әріптес ағамыздың алабас атан бұлттар аунаған Жоңғардың (Жоңғар Алатауының) алқаракөк шыңдарындай ойқы-шойқы мінезімен тәртіп бұзып, тәрте теппейтін телевизия әлеміне  күні бүгінгіге дейін сыпайы қонақ сияқты сыйып жүргеніне таң қаламын. Ашық күнде алай-түлей боран соқтырып, заманаңды бір уыс қылатын Жөңкенің (Н. Иманғалиұлы туып-өскен өлкедегі қауіпті аймақ есебіне енген жердің аты) жотасындай ұйтқып тұратын ағамыз «эфир мәдениетіне» жатпайтын жат қабағын ашық танытып,  көзілдірігін көлденең тастап, ащы пауза ұстап отырып алатынын жұрттың бәрі біледі. Онысы кейде қыбыр еткенді қалт жібермей бағатын аудиторияның қитығына тиіп, қолтығына қытық жүгірткендей сезіледі.

Алқымдап ала жөнелетін ардакүрең мінезді ағаны алғаш көргенде аса қабылдай қоймаппын. Таптап өтердей тарпаңдығы ықтап сөйлеп, ыңғайды бағатын, ығытын тауып қана қимылдайтын адамдардың ортасы үшін әдейі орайластырылатын әлейім-тәлейім әртістіктің әуресіндей сезілгенін және жасыра алмаймын. «Ағамыз, - деп ойлаушы едім сол кезде, - «көк сандыққа»  «көрпе, жастығын» көтеріп кірген бетте кері шығатын жолды таппай қалған ғой: эфирдегідей есіп сөйлемесе, ентігі басылмайды». Әйтсе де аз жылдардан соң қателеспегенімді қапысыз ұқтым: Нұртілеу Иманғалиұлы  «көк сандыққа» - телевизияға кірген күннен бастап кері қайтпауға белді бекем буыпты. Әйткенменде, әріптес ағамыздың алабас атан бұлттар аунаған Жоңғардың (Жоңғар Алатауының) алқаракөк шыңдарындай ойқы-шойқы мінезімен тәртіп бұзып, тәрте теппейтін телевизия әлеміне  күні бүгінгіге дейін сыпайы қонақ сияқты сыйып жүргеніне таң қаламын. Ашық күнде алай-түлей боран соқтырып, заманаңды бір уыс қылатын Жөңкенің (Н. Иманғалиұлы туып-өскен өлкедегі қауіпті аймақ есебіне енген жердің аты) жотасындай ұйтқып тұратын ағамыз «эфир мәдениетіне» жатпайтын жат қабағын ашық танытып,  көзілдірігін көлденең тастап, ащы пауза ұстап отырып алатынын жұрттың бәрі біледі. Онысы кейде қыбыр еткенді қалт жібермей бағатын аудиторияның қитығына тиіп, қолтығына қытық жүгірткендей сезіледі. Қайсібір ағайынның телевизияға қызметке тұру үшін тілін түзеп,  өз тәртібінің қатаң тәрбиешісіне айналып, жүрісін сәндеп, жөткерінсе де жөндемді кісінің әдебін танытып әбігерленетінін талай көрдік. Көрдік, күлген жоқпыз, түсінуге тырыстық. Себебі - телеадам тегін адам болмауы керек. Ал, Нүрекеңде, осының бәріне  қарсы демей-ақ қоялық, бірақ,   кері қылықтар жетіп артылады. Әдетте тележурналист «Осылай бола ма?» деп сынық сөйлейді. Нүрекең «Осылай да бола ма екен?!» деп төтесінен тартады. Оны аз десеңіз «екеннің» екпінін «а» мен аршындатып, «Осылай да бола ма екен, а?!» деп осқырына салады. Тепеңкөк тележорналшы малта езудің машақатымен білмейтін тақырыбынан мысық көмбе жасап мықшиса, Нүрекең «біліп, білмей айтқан сөзімізді көрерменнің өзіне қалдырдық» деп аудиторияға ой тастап, ойқастап шыға береді. Ол осынысымен қызық, көпке осынысымен етене жақын. Бүгінгі аудитория - айналшақ жеген аттай айтақырға аунай салатын, эфирден не айтылса да  жасампаз рухта қабылдай қоятын советтік зомби аудитория емес, талғамы, салыстыратын ақпараты, сыны бар аудитория. Бұндай аудиторияның алдында бұғынбақ ойнап, бұлдыраудың қажеті шамалы, шама шарқыңша шынайы ақпаратты жеткіз, шыншыл бол. Ширек ғасырға жуық қазақ телевизиясынан көрініп, әр шаңырықтың төрінен «табылып» жүрген Нұртілеу Иманғалиұлы жайында айта қалсақ, оның   осы шыншылдығын тележурналистиканың құдіретімен байланыстырып тамсанамыз. Тамсанамыз әм таласамыз. Тегінде талант туралы сөз талас тудырмай тұрмайды. Оның үстіне Жөңкенің жотасындай ұйтқымалы мінезін еш жасырмайтын, теледидарыңызды теуіп шыға келетіндей тепсініп сөйлейтін Нұртілеуге қатысты сөз қалай біржақты, бірсыдырғы бола қойсын?.. Бірақ, Нұртілеу Иманғалиұлының   қазақ телевизиясында өз әлемін жасаған тұлға екендігіне ешкімнің дауы болмаса керек. Байлау сөзімізді әзілге бұрып әрлесек, қазақ көреремені ширек ғасырға жуық уақыт шегінде Нұртілеу Иманғалиұлы деген қаһарманы бар көп сериялы «фильмді» тамашалаумен келеді.

Дәуірінің жасампаз адамдары мен сабақты оқиғаларын салмақтап «Жадыңда ма, жолдас?» деген бағдарламасымен телевизия табалдырығынан аттаған ол «Жас жігерін» әйгілеп, «Алтыбақанда» тербеліп, қоғам «Айнасының» алдында «Көзқарасын» білдіріп, «Заң мен заманды» ақтарды, ұлттың азат ойы мен үні тікелей цензураға бағынып жабыққан заманға «Жастар даусын» естіртіп, «Көкпарға», «Ой-көкпарға» түсті, тоқсаныншы жылдардың ақжал толқын атқан болмысымен «Бетпе-бет» жүздесіп, «Дін мен Ділді» іздеді, сөйтіп қазақ тележурналистикасына өзінің қайталанбас «Қолтаңбасын» қалдырып, алтын «Діңгегін» қақты.

«Жадыңда ма, жолдас?», «Жас жігер», «Көзқарас», «Алтыбақан», «Айна», «Заң мен заман», «Жастар дауысы», «Көкпар», «Ой-көкпар», «Бетпе-бет», «Дін мен діл», «Қолтаңба», «Діңгек» -- Нұртілеу Иманғалиұлы қазақ телевизиясының эфиріне шығарып, көрерменнің көзін арбап, рухани көмбесін толтырған  бағадарламалар тізбегі. Бұл -- бағдарламалар тізбегі ғана емес, Нұртілеу Иманғалиұлының ғұмыр жолы, қазақ тележурналистикасындағы автобиографиясының айшықты беттері; еңбекпен, қайрат жігермен, жасымас, мұқалмас рухпен, үмітпен, сеніммен сомдалған алпыс жасының бел-белестері болса керек.

Ландшафттың адам жаратылысына әсерін ғылымда жазған Лев Гумилев дейтін кісі екен. Кісіміз қателеспеген. Басқаны білмеймін, қазақты туып-өскен жеріне қарап тануға әбден болады. «Ақынды танығың келсе, ауылына бар» дейтін сөзіміз де осыдан шыққанға ұқсайды. Ал, Нұртілеу Иманғалиұлын тану үшін тау асып, тас басудың қажеті шамалы. Тек Ілияс... Ілияс Жансүгіров десек жетеді: көз алдыңда тізбектеліп Жетісудің аспан таулары тұрады. Есіңізде ме, жыр былай басталушы еді ғой:

Аршалы, Амантекше, Қарасырық,

Қараүңгір, Қалмақ асу, Қара жырық,

Сауыры Салқынбел мен Сайынбөлек

Суығы соғып тұрад аласұрып.

Қымызын сол жайлаудың ішкен кісі

Бәйгеге қосады өзін таң асырып.

Ілияс қаламынан төгілген ұлы жырдың ұйқасындай болып Жетісу жеріне шөккен таулардың  тарпаң ұлы  эфирде де, өмірде де бір адам. Әріптес, әрі ағамыз емен-жарқын араласатын дегдар топтың ұлтқа, елге деген өлшеусіз махаббатын құрмет тұтатын  іні ретінде білетінім осы бір-ақ адам: ол - қазақ тележурналистикасының Құлагері - Нұртілеу Иманғалиұлы. Көрерменнің көзінше көркін тайдырып, әрін ұрлап, артынан ұмыттырып жіберетін эфир жұмысы Нұрағамызды шаршата алмапты. Тележурналистикасының Құлагері аламан шабыс тілеп алысқа көз тігіп жүр. Әрине, «жүйріктің жалғыз шапқаны - жапа шеккені» (Асқар Сүлейменов). Ол соңынан ерген қалың дүбірді сезеді. Өйткені,  тележурналистикаға мәдениет пен өнердің майталмандары бет бұра бастаған майданға өзі де дүбір сала келіп қосылып еді.

Дәурен Қуат, www.abai.kz ақпараттық порталының бас редакторы

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1456
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3219
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5272