Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Жаңалықтар 4594 0 пікір 4 Мамыр, 2012 сағат 10:10

Рәтбек қажы НЫСАНБАЙҰЛЫ: Араб¬тар исламға дейін де күнге күйіп кетпес үшін хиджаппен оранған. Оның дінге қатысы жоқ

Құрметті мүфти, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының экс-бас мүфтиі Рәтбек қажы Нысанбайұлымен сұхбат.

- Хазірет, қазір қайда, нендей іспен айналысып жүрсіз? Жалпы, соңғы кездері баспасөз беттерінен көрінбей кеткен секілдісіз.

- Бисмилахир-рахмани-рахим! Жоқ, мен көрініп жүрмін. Бірақ, бас­пасөз өкілдері өздері құлшынып іздеп келмесе, мен ешкімді іздеп бармаймын. Өткен Ораза айында «Алматы» телеарнасында бір сағат тікелей эфирде сөйлеп, сонда бар­лығын айттым.

Құрметті мүфти, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының экс-бас мүфтиі Рәтбек қажы Нысанбайұлымен сұхбат.

- Хазірет, қазір қайда, нендей іспен айналысып жүрсіз? Жалпы, соңғы кездері баспасөз беттерінен көрінбей кеткен секілдісіз.

- Бисмилахир-рахмани-рахим! Жоқ, мен көрініп жүрмін. Бірақ, бас­пасөз өкілдері өздері құлшынып іздеп келмесе, мен ешкімді іздеп бармаймын. Өткен Ораза айында «Алматы» телеарнасында бір сағат тікелей эфирде сөйлеп, сонда бар­лығын айттым.

Сондықтан, менің тартынып жүр­ген тұсым жоқ. Ал, бұл жерге мемлекет басындағы елге тұтқа, абыройлы азаматтардың елбасының атынан айт­қан өтінішімен келдім. Олардың айтқандары дұрыс шығып, соларды ретке келтірдік. Ал, қазір демалып жүрмін. Демалыста жүріп үш кітап жаздым. Менің бұған дейін де оннан астам кітабым шыққан. Қазақ қазақ болғалы, Құранды алғаш арабшадан қазақшаға аударған адаммын. Жасыратыны жоқ, ол 200 мың данамен тарады. Оған «аға, осыны ау­дарсаңыз» деп ұсыныс жасаған Өзбекәлі Жәнібеков болатын. Мен «аударуын аударамын, бірақ, маған көмекші хатшы керек» дедім. Содан жаныма хатшы беріп, мен аударып шықтым. Өкініштісі, мен бір аударып оқығанымнан бірден баспаға беріп жіберді. Қайтіп көре алғаным жоқ. Бірақ, сонда да жақсы шықты. Дегенмен, бір қарап барып баспаға бергенде одан да жақсы болып шығар ма еді? Алайда, құдайға шүкір, басқа аудармалардың барлығын көріп, көңілі толмаған халық қазір менің аудармамды таппай жүр. Бұл мақтанғаным емес, болған жайт.
- Демек, қазіргі Құранның аударма­лары сын көтермейтін болғаны ма?
- Мен біреуді жамандамаймын. Өздерің оқып, өздерің бағасын бере беріңдер.
- Жамандау емес, пікіріңіз...
- Жоқ, біреу жайлы бірдеңе деу маған жараспайды. Халық өзі оқып, бағасын береді. Қазір қаншама кітап шығып жатыр. Ал, адамдар діни кітаптан зерігіп кетті. Қайсысы құнды екенін халық өзі ақырында біледі. Сондықтан, мен аузымды ауыртпай-ақ қояйын.
- Хазірет, қазіргі қоғамдағы діни ахуалға көңіліңіз тола ма?
- Мен енді дінді құрған адаммын ғой.
- Діни басқарманы...
- Қазақстан мұсылмандары діни басқармасын құрып, соны туған адаммын. Бұған тікелей Кремльден Колбинге қоңырау шалған. Колбин де қолдаған. Содан соң маған «сіз енді үкіметтен қол қойдырып жіберіңіз» деді. Ол кездегі Үкімет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев. Мен ол кісіге әлі күнге үлкен алғысымды айтамын. «Неге?» деп бірауыз сұрамастан, «қағазыңызды әкеліңіз» деді де қол қойып берді. Бұл оның ерлігі, жігерлілігі. Мені ол кісінің Қазақстанды көтеруге деген ынтасы қызықтырды. Осылайша, 1990 жылы 12 қаңтарда жұма күні Діни басқарманы аштым.
- Діни басқарманың сол кезеңдегі рөлі қандай болды?
- Мен 1975 жылы Ливия университетін бітіріп келген кезде Қазақстанда 25 мешіт қана бар екен. Алты облыста мүлдем мешіт жоқ бола­тын. Олар - Қостанай, Торғай, Жез­қаз­ған, Маңғыстау, Өскемен және Тал­дықорғанда. Қазақстанда КСРО-ның ке­зінде 50 мешіт аштым. Мені Кремльге шақырып алып, үш күн тексерді. Кремльде, Министрлер Кеңесінде және басқа жерде. Үшеуінде де жауап берген соң, «аша беріңіз, бірақ, ешкімге құпияны айтпаңыз» деді. Ал, кейіннен, Діни басқарма құрылған соң мыңдап мешіт ашылды.
- Кремль сұраған қандай құпия, айтпайсыз ба?
- Айтпаймын. Ол айтылатын нә­р­селер емес. Мәселен, Діни басқар­маны Кремль арқылы аштым. Бірақ, кім ар­қылы екенін айтпаймын. Олардың өзі «хазірет, ешкімге, еш жерде айтпаңыз» деген. Алайда, ашуға көмектесеміз деді және ашып берді. Енді жемісін жеп жатырмыз, ар жағын іздеп қайтеміз.
- Онда сол өзіңіз ашқан мүфтияттан кетуіңізге не түрткі болды?
- Жоқ, қазір айтпаймын. Оның да айтылатын уақыты келер. Өздері де біледі. Сол үшін мен қазір асығыстық жасағым келмейді.
- Жаңа Діни басқарма құрылған соң мыңдап мешіттер ашылғанын айттыңыз. Қазір жекелеген адамдардың мешіт ашып, оған өзінің ата-бабасының атын беруі үрдіске айналып бара жатқандай. Бұған не дейсіз?
- Осы халықтың көңіліне тиетін сөз. Мәселен, мен Талғардағы және қазіргі Белбұлақ (бұрынғы Мичурин) пен Жетіген (бұрынғы Николаевка) ауылдық округтеріндегі үш мешітті түріктерге салғыздым. Протокол бойынша төрт мешіт салулары керек болатын. Алайда, бір мешітті өздері жеп кетті. Түріктер де жақсы жейді екен. Арабтарға Алматы қаласы мен облысына және Оңтүстік Қазақстан облысына жиырмадан астам мешіт салғыздым. Менің уақытымда әуелі жай адамдар, одан соң қалталы азаматтар мен бюрократтар және шенеуніктер мешіт сала бастады. Ал, мұның бәрін мен халық үшін, дін үшін пайдалы деп білемін. Бәрібір олар оны ана жаққа алып кете алмайды. Халыққа қалады. Әрине, олар атақ үшін салдырып жатыр. Бірақ, сонда да рақмет. Өйткені, ол түбінде халыққа қалады.
- Атағы өзіне, мешіт халыққа дейсіз ғой. Енді сол жекелеген адамдардың мешітке өз ата-бабаларының атын беруіне қарсы емессіз бе?
- Мұның екі жағы бар. Егер мешітке атын беруге, сол атаққа лайықты адам болса, бергені дұрыс. Ал, маскүнем немесе тағы басқа адамның есімін беріп жатса, ол мешітті де, дінді де қорлағаны және атақ үшін істегені. Әрине, 75 жыл атеистік тәрбиеде өскен халықты бірден дінге бұру оңай емес. Бұл идеологиялық күрестің ең ауыры. Дегенмен, ата-бабасы мұсылмандыққа берік туған қазақтың балалары Исламға бет бұруға кеп қалды. Бірақ, Исламды әлі де толық түсінбеген жастарды өзге секталар, ағымдар, діндер жарты жолдан бұрып алып жатыр.
- Осыған қалай жол беріп қойдық?
- Айтайын. Менің уақытымда, яғни, Кеңес өкіметі жығылардың алдында миссионерлер көптеп келе бастады. Кейде үш тобын қабылдаған күндерім де болды. Сонда олар жақсылықты үйіп-төгіп сөйлейді. Сосын мен со­ңы­нан «құжатыңызды көрсетіңіз» деп сұраймын. Өйткені, оның кім екенін білуім, егер ертең бір жағдай болса мемлекет арқылы оны жауапқа тарттыруым керек қой. «Құжат болады, әкелемін» дейді де, содан қайтып қарасын көрсетпей кетеді. Бұлар содан барып Өзбекстанды, одан Тәжікстанды және шешендер мен қырғыздарды алды. Олар қырылып қалды. Мәселен, Тәжікстанда хазиларды үйіне келіп өлтіріп тастады. Шешенстан әлі қыр­қысып жатыр. Өзбектер бір амалын тауып тоқтатты.
- Соңғы кезде солар біздің елге де ауыз салып жатыр емес пе?
- Енді мен оны айта алмаймын, араласпаймын. Өзім көрмеген, көзім көрмеген нәрсені айту, ол менің на­дандығыма, адасқандығыма жатады. Менің ондайға баруға қақым жоқ. Көзіммен көрсем айтып беремін. Көрмеген, білмеген нәрсеме араласу менің этикама келмейді. Оны анау Діни басқармадан сұра.
- Ендеше, сол Діни басқарманың қазіргі атқарып отырған жұмыстарына қандай баға бересіз?
- Менің онымен шатағым жоқ. Тола ма, толмай ма, өздерің біліп алыңдар.
- Исламдық ағымдар мен өзге секталардың елімізге дендеп еніп жат­қаны, соларға еріп жастардың адасып жатқаны, былтырғы еліміздің әр ай­мағында орын алған діни астары бар оқиғалар Діни басқарма жұмысының әлсіздігінен дегендер де болды. Бұған қосыласыз ба?
- Мәселен, Ақтөбеде, Ақтауда, Се­мейде, Астанада, Жамбылда болған оқиғалар жақсылықтың белгісі емес. Мен соны істеген жігіттер өздерінің не істеп жүргендерін түсінбейді деп білемін. Олар оң қолыңды көрсет десең, сол қолын көтеретіндер. Ислам дінінде өзінің дініне қарсы шығып өлген адам тозаққа кетеді. Жаман не жақсы болып жатқаны екінші мәселе, бірақ, елімізде Ислам бар. Ал, оған неге наразы болады? Олар «халифат құрамыз деп айтады» дейді. Бұрынғы халифатты құру деген сөз иррационализмге жатады. Өйткені, ол орта ғасыр дәуіріндегі кіші елдерге тән басқару тәсілі. Қазіргі ғылым мен білімнің, дүниежүзі халқының араласып жатқан шағына лайықты басқару керек.
- Былтырғы қабылданған «Дін туралы» заңдағы көптеген қарсы пікірге арқау болған мемлекеттік мекемелерде намаз оқуға тыйым салуға не дейсіз?
- Біздің мемлекет зайырлы мемлекет. Ал, зайырлы мемлекетке «былай істе» деп айту менің хақыма жатпайды. Менің уақытымда олар мұны көтерген жоқ. Ол кезде болса тіке сөйлеп түсіндірер едім. Сондықтан, оны неге олай істеп жатқандарын заң шығарушы органдармен сөйлесіп, өздерің шешіңдер. Ол жағында шатағым жоқ. Мен оны қате дейтін болсам, бәлкім, оның бер жағында одан да қате нәрселер бар шығар. Қазір намаз оқимын деп топталып алып саясат құрып жатқандар да болуы мүмкін. Мен оны білмеймін ғой.
Ал, секталардың не үшін келіп жат­қаны мәлім. Қазақстанның бай­лығы, қазақтың кеңдігі мен аздап ергіштігі оларды қызықтыруда. Біздің өзгенің айтқанына сенгіштігіміз бар. Оның бізге қажеті қанша? Әрине, біз­ге досты көбейтіп, дипломатияны, қарым-қатынасты күшейте отырып, өз болмысымызды сақтауымыз керек. Қазір өз тілімізде сөйлей алмай жүрміз. Ол ұят емес пе? Мәселен, Түркияда орта білімді түрік тілінде ал­мағандарды шетелден доктор болып келсе де қызметке алмайды. Өйткені, ол өзінің тарихын, тілін, әдет-ғұрпын білмейді. Екінші, түрік азаматтығын алатын болсаң, міндетті түрде түрік болып жазыласың. Әйтпесе, төлқұжат бермейді. Түркияның осы екі шарты маған қатты ұнады.
- Бізде дін мемлекеттен бөлек де­лінген. Алайда, жаңа «Дін туралы» заңға байланысты «діни әдебиеттер сараптаудан өтуі қажет» деген секілді өзгерістер мемлекеттің дін істеріне араласа бастағанын көрсетпей ме?
- Жоқ. Олай түсіну қате. Мемле­кеттің тыныштығын сақтау үшін мемлекет жұмыс істемей, басқа кім істейді. Мәселен, Иеговода «отаныңды қорғама, қолыңа мылтық алма» дейді. Бұл бізге тура келе ме? Патриот болу керек дейміз, қолына қару алып отанын қорғамаса қайдан патриот болады. Сондықтан, діни әдебиеттерді сарап­таудан өткізу өте керек нәрсе. Өйтке­ні, қазіргі шығып жатқан кітаптарды көрсем құсқым келеді. Бір-бірінен көшіріп, кітапты сәл өзгертіп шығара береді. Шыны мен өтірігі қайсы екенін адам білмейді. Діни кітап сататындар «халық кітап алмайды, сенбейді» деп жүр. Өтірік жазып, халықты алдап діннен зеріктірудің не қажеті бар? Сол үшін оларды сараптағаны өте жақ­сы. Егер сараптауға күші жететін адамдар отырған болса, әрине. Іл­геріде біреу кітап шығарамын деп келіп қоймады. Содан орынбасарыма «қарап, тексеріп көр» деп тапсырдым. Ол қарап шыққанын, болатынын айт­ты. Содан шыққан кітабын бір күні қолыма алып қарасам, «Абай олай деген, Шәкәрім былай деген» секілді дүниелер. Әрине, Абайдың ақын екенін, дана екенін жақсы білемін. Оның даналығына еш күмәнім жоқ. Бірақ, ол бүкіл дінді меңгеріп қойды деп айта алмаймыз ғой. Сол үшін бұған ықтият қарағанымыз жөн. Дін мүлдем бөлек дүние. Мысалы, әл-Фарабидің, ибн-Синаның, Бирунидің, әл-Хорезмидің, Ұлықбектің басында сәлдесі болды. Олар осылайша мұсылман екенін, мұсылманнан шыққан ғалым екенін білдірді. Бірақ, олар дінбасы емес қой. Мұның өзін олардың Исламға қосқан үлесі деп білу керек. Сондықтан, бір сөздің тура және астарлы мағынасы болатынын ұмытпауымыз қажет.
- «Халық діни кітап алмай қойды» деушілердің сөзін келтіріп кеттіңіз. Жалпы, Құран кітабын сату, саудаға салу дұрыс па?
- Құранды сатылмайды дегенді кім шығарып жүр? Мәселен, Құранды бас­паға ақшасын төлеп бастырған адам сатпағанда қайтеді? Оның үстіне, ол сауда үшін бастырса да, халықтың пайдасы үшін жасатып отыр ғой. Ал, сауап үшін ақшасын өзі төлеп тарататындар да бар. Ол басқа әңгіме. Мәселен, діни орындарда тұратын дүниелерді уақб дейді. Шариғат бо­йынша олар сатылмайды. Өйткені, төленіп қойған. Мысалы, Халифа Алтайға бастырғанды уақб деп берген. Бірақ, оны сатып жіберді.
- Сонда, оның шариғатқа еш қай­шылығы жоқ па?
- Жоқ, ол бос сөз. Ал, қазір тегін діни кітап таратып жүргендер миссионерлер. Олар жай ғана миссионерлер емес, ар жағында үлкен күштер тұр.
- Миссионерлерден қазақ қоғамы қалай сақтануы керек?
- Миссионерлерден әр қазақ әуелі өзін, сосын отбасын, ағайын-туысы мен жора-жолдасын сақтауы тиіс. Бізді азғырушылар көп. Ел болсын деп ешкім қолдамайды. Сондықтан, қазақ халқы өзімізді-өзіміз қорғауға тиіспіз.
- Мемлекет те өз азаматтарын қорғауы қажет шығар?
- Міндетті түрде мемлекет ара­ласпай болмайды. Мемлекет адам­ды дініне емес, азаматтығына қарап қорғауға тиіс. Бұл мемлекет тынышты­ғын сақтау үшін міндетті нәрсе. Дін мемлекеттен бөлінді деген сөзді терең түсінуіміз маңызды. Бес уақыт оқып жүрген намазыңды үш уақыт оқы деп айта алмайды. Алайда, намаз оқып жүрген сол мемлекеттің азаматы. Оны азаматтығы жағынан жауапкершілікке тартуға болады ғой. Сонда, бір жағында еркіндік, екінші жағында жауапкершілік қатар тұр емес пе?   
- Ел ішінен әр мешіттегі имам уа­ғызды әртүрлі жүргізеді деген сөзді естіп қаламыз.
- Әркім өзінің жеріне, орнына қарай сөйлегені дұрыс. Бұған қосыламын. Догма қылып, «бәрің тек мынаны сөйлейсің» деу қателіктің үлкені.
- Уағызды әртүрлі жүргізушілер әртүрлі ағымды насихаттап кетпей ме?
- Жоқ. Әртүрлі ағымды айтып кетпейді. Бірақ, соған білімі жете ме? Әңгіме осында. Әр имамның уағызды өзінің жеріне қарап сөйлеуі өте орынды. Мектеп бағдарламасы секілді бар­лық жерде бірдей сөйлеуге міндеттесе, онда бәрі бітті дей бер. Бұл біреу «су ішпеймін» десе «іш» деп, ал, екіншісі «шөлдеп тұрмын» десе де «су ішпейсің» дегенмен бірдей.
- Басқа басқа, мешіттерде сада­қадан, тағы басқадан жиналған қар­жыны қымқырып кету әр-әр жерде орын алып жатады. Бұл ненің салдары, оның алдын алудың жолы қандай?
- Бұл табиғи заңдылық. Ал, ол соны алдын ала ықтияттамаған басшы­лардың айыбы. Мен бір мысал айтайын. Мүфтияттан кетерімнің алдында Алматыдағы Орталық мешіттегі 30 мың долларлық кілемнің жартысын кесіп алып кетіпті. Оны бүтін күйі он адамның көтеруі мүмкін емес. Содан имамды шақырып алдым да «ұрыны тап, таппасаң сен ұрысың, екеуің бірсің, тауып әкелмесең сені отырғызамын» дедім. Көп ұзамай-ақ Шымкенттен ұстап алып келді. Соған сұрау жүріп жатқан кезде мен мүфтиліктен кетіп қалдым. Әйтпесе, мен қаншамасының тірліктерін ашып жіберетін едім.
- «Әруаққа сыйынуға, оған дұға қылуға болмайды» деп ислам мен ата-дәстүрдің арасына сына қағушылар да бар. Бұл елді шатастырмай ма?
- Бұл сұрауың орынды. Қазақ хал­қы ешқашан әруаққа сыйынбаған, сыйлаған. Құрметтеп, қастер тұтқан. Ата-бабаның рухын көтеріп, оған құ­ран бағыштау сыйынғанға жатпайды. Мәселен, мен талай рет Яссауидің, Арыстан бабтың басына бардым. Алайда, мен оларға жалынып емес, құран оқып, дұға етіп бардым ғой. Ал­ланың сүйіктісі болғандардың басына барып, «Е, Алла, бізге де осылардың жақ­сылығынан, жолынан бере көр» деп тілек етудің несі айып. Оны тікелей әруаққа сыйынып кетті деу үлкен қате­лік. Ол, тіпті, жала.
- Келіннің үлкендерге иіліп сәлем салуына «тыйым» салып, «адам тек Алланың алдында ғана иілуі керек» деп жүргендерге не дейсіз?
- Бұл өте жақсы сауал. Келіндердің иіліп сәлем салуы ғибадат емес, ізет. Өйткені, ол үлкен адамның келіп қолын ала алмайды ғой. Сондықтан, бұл үл­кенге деген ізет, құрмет. Ол табыну немесе сыйыну емес. Ал, үлкенге ізет, құрмет жасама деудің өзі этика­дан, адамгершіліктен ары кетіп қалғандық. Келіннің сәлем салуы, оның үлкенмен амандасуының формасы және сый-құрметінің белгісі. Сондықтан, оны ша­риғатқа қайшы келеді дегенге мүлдем қарсымын. Бір замандарда патшаның алдына барып иіліп, тоңқалаңдап жат­қандар болды. Соны құлшылық десе болады.
- Осыған септес бір сұрақ. Қазақтың келіндері басына орамал таққанымен, қыз-келіншектері хиджап кимеген ғой. Хиджап мәселесі де кейінгі кезде бір­шама жерге дейін әңгіме болғанын білесіз. Сіздің көзқарасыңыз?
- Бұрын қазақтың қыздары қызыл орамал тағып, қызыл көйлек пен нымша киген. Келіншектер көк пен сары орамал, үлкен кісілер ақ орамал тағынған, яғни, жасына қарай өзгеріп отырған. Ал, хиджап деген арабтың сөзі. Перде де, шымылдық та хиджап. Өйткені, араб­тың жері ыстық болған. Олардың ерлері мен әйелдері ислам дініне дейін де беті ыстық күнге күйіп кетпес үшін хиджаппен оранып киінген. Оның дінге қатысы жоқ. Климаттық жағдайына байланысты солай қалыптасқан. Кейіннен ол Ислам дінінде де қалды. Өйткені, ол да сол халық қой. Бірақ, оның Ислам дініне келтірер зияны жоқ.
Қазақ халқы болған соң, өз киімі­мізді өзіміз жарасымды етіп киіп көрсетсек те болар еді. Дін оранумен емес, жүрекпен болады. Әрине, қыз балалардың қолының тобығынан аяғының тобығына дейін жабық болуы керек. Бірақ, ол хиджапқа жатпайды. Ерлер киімі кіндіктен жоғары, тізеден төмен болуы міндет. Ал, қазіргі ахуалды не мода екенін, не біреудің айтқанын істеп жатқанын білмейсің. Әйтеуір, әркім әрнәрсені әкеліп киіп жатыр.
- Шетелде оқып келіп жатқан діни мамандар қандай ағымда, қай масхаб­та оқып келгенін қадағалау қажет. Өйткені, ел ішінде өзге исламдық ағым­ның немесе масхабтың таралуында солардың да үлесі болуы мүмкін деген пікірлер айтылып қалады. Шынында, бір қауіп осыдан ба?
- Бұл орынды мәселе. Өйткені, өзіңнің тіліңде ала алмаған білімді, өз­генің тілінде ала алмайсың. Мен шетелде оқығанда он сегіз жыл бойы оқып бітіре алмай жүргендерді көргенмін. Содан соң, тайландтық, филиппиндік және басқасының бәрін Ливияда бұрын Италия отарында болған шіркеуден, италиялықтар кеткен соң үгіт-насихат бөлімін ашты. Жаңағының барлығын сонда апарып тастады. Өйткені, олар университетті бітіре алмайды. Сонда же­ңіл бағдарламамен оқытқан болды. Қазір бізде шетелде оқып келгендердің көбісінің білімі жоқ. Мысырда не басқа жерде оқып келді деген атағы дардай болғанымен, шын тексеріп кел­сең ештеңе шықпауы мүмкін. Әри­не, ішінара білімділері бар. Бірақ, аз. Мен жүз баланы Түркияға, сексен баланы Египетке, жиырма баланы Пәкістанға жібергенмін. Содан дипломын әкеліп көрсеткен біреуін көрген жоқпын. Кеткен ізі көп те, қайтқан ізі жоқ. Сондықтан, діни мамандарды өз елімізде, өз тілімізде мықтап дайындап шығарғанымыз абзал. Керек болса, екі-үш жыл тіл үйренуге жі­беріп алу керек. Бұрын Мысырда оқу жақсы еді, қазір Мысырың да бұ­зылды. Біз оқыған Египеттегі Әли-Асқар университетінің қазіргі оқыту бағдарламасына көңіл толмайды. Біз 136 бала шариғат және заң факультетіне түстік. Оның тоқсан жетісі арабтар да, үш пайызы ғана шетелдіктер болды. Соның 64-і ғана бітірдік, яғни 50 пайыздан астамы оқи алмай тастап кетті. Біз жазбаша араб тілінде тапсыратынбыз. Сонда «сендерді Құдайды алдайтын қылып оқытпаймыз, білсең өт, білмесең кет» дейтін. Қазір ойлап отырсам, сол сөздері өте дұрыс екен. Сондықтан, оқыту тәсілін білу керек. Ал, қазір оны өзі білмейтін адамдар, өзгеге қалай үйретпек.
- Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Сәкен ОРЫНБАСАРҰЛЫ,
«Заң газеті»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1533
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3313
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6006