ҚАЗАҚСТАН ҚОҒАМЫНА, ҮКІМЕТІНЕ, ПАРЛАМЕНТІНЕ ЖӘНЕ КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ КЕҢЕСІНЕ ҮНДЕУ
Қазақ тілінің тағдыры айналасында соңғы кездері кикілжіңдер мен түрлі алып қашпа әңгімелердің көбейгені Қазақстан халқын біріктіріп тұрған алғышарттардың осал тұстарын көрсеткендей болды. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі 20 жылда мемлекеттік тіл өзінің тікелей міндеті - қоғамды біртұтас етуші, ортақ отансүйгіштік сезімді қалыптастырушы күш болудың орнына, өкінішке орай, кей кездері жікшілдікке жол ашып отыр. Ресми орындардың қауқарсыздығынан, қазақ тілі мәселесінің шешілуін қайта-қайта артқа қалдырудың салдарынан қоғамда ұлттық өрлеу мен жалпы егемендіктің тұғырын бекіту саласындағы мемлекеттік саясатқа қатысты сауалдар туындауда.
Осы ретте біз Қазақ тіліне қатысты 10 сұрақ қоямыз:
1. Конституциямыздың 7 бабына сәйкес «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттiк тiл - қазақ тiлi. Мемлекеттiк ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады». Тиісінше Ата заңда орыс тілі мемлкеттік тілдің орнына қолданылады, үкімет пен парламент отырыстарында, тіпті халақаралық іс-шараларда басым болуы қажет деген сөз жоқ. Қазақтар ұлы Абайдан бастап Пушкин мен Лермонтовтың тіліне құрметпен қараған. Алайда, неліктен Қазақстанда іс жүзендегі мемлекеттік тіл - орыс тілі болып қалып отыр, ал қазақ тілі - көбіне сөз жүзінде ғана?
Қазақ тілінің тағдыры айналасында соңғы кездері кикілжіңдер мен түрлі алып қашпа әңгімелердің көбейгені Қазақстан халқын біріктіріп тұрған алғышарттардың осал тұстарын көрсеткендей болды. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі 20 жылда мемлекеттік тіл өзінің тікелей міндеті - қоғамды біртұтас етуші, ортақ отансүйгіштік сезімді қалыптастырушы күш болудың орнына, өкінішке орай, кей кездері жікшілдікке жол ашып отыр. Ресми орындардың қауқарсыздығынан, қазақ тілі мәселесінің шешілуін қайта-қайта артқа қалдырудың салдарынан қоғамда ұлттық өрлеу мен жалпы егемендіктің тұғырын бекіту саласындағы мемлекеттік саясатқа қатысты сауалдар туындауда.
Осы ретте біз Қазақ тіліне қатысты 10 сұрақ қоямыз:
1. Конституциямыздың 7 бабына сәйкес «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттiк тiл - қазақ тiлi. Мемлекеттiк ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады». Тиісінше Ата заңда орыс тілі мемлкеттік тілдің орнына қолданылады, үкімет пен парламент отырыстарында, тіпті халақаралық іс-шараларда басым болуы қажет деген сөз жоқ. Қазақтар ұлы Абайдан бастап Пушкин мен Лермонтовтың тіліне құрметпен қараған. Алайда, неліктен Қазақстанда іс жүзендегі мемлекеттік тіл - орыс тілі болып қалып отыр, ал қазақ тілі - көбіне сөз жүзінде ғана?
2. Конституциямыздың келесі 14 бабында былай делінген: «Заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең. Тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкiмдi ешқандай кемсiтуге болмайды». Қарап отырсақ, соңғы 20 жыл ішінде Қазақстанға 1 миллионнан астам отандасымыз шетелден оралған екен. Намысқа тиетіні, осындай ұзақ мерзім бойында елі мен жерін аңсап келген қандастарымыз Қазақстанның толыққанды азаматтары болып қалуптасуына тиісті жағдайлар жасалмағаны. Олардың тұрмыстық мәселелері, жақсы білім алып, карьералық өсу алғышарттарына қол жеткізуі көңіл көншітпейді. Бұған миграциялық саясаттың олқылықтары, жер-жердегі жемқорлық, жауапты мемлкеттік орындардың салғырттығы кінәлі. Айрықша атап өтерлігі - тілі бойынша кемсітудің орын алуы. Нәтижесінде мемлкеттік тілді керемет меңгерген, бірақ орыс тіліне шорқақ ағайындарымыз өз елінде екінші дәрежелі азаматтарға айналуда. Бұған қандай заңдық негіз бар?
3. Ата Заңның 41 бабында «Республика Президентi болып тумысынан республика азаматы болып табылатын қырық жасқа толған, мемлекеттiк тiлдi еркiн меңгерген әрі Қазақстанда кемiнде он бес жыл бойы тұратын Республика азаматы сайлана алады», - делінген. Яғни, Президентке мемлкеттік тілді білу міндетті де, «ресми тілді» білуі шарт емес. Олай болса, ең жоғары лаузым иесі мемлекеттік тілді білуі, тиісті емтихан тапсыруы қажет етілген жағдайда, одан төмен мемлекеттік тұлғаларға осындай талап неге қойылмайды? Осы сәйкессіздік арқылы Конституциямыздың жоғарыда сөз болған 14 -нші бабы бұзылып отырған жоқ па? Еске түсіре кетейік, онда былай жазылған: «Заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең. Тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкiмдi ешқандай кемсiтуге болмайды». Атап айтқанда, тек Бірінші Президенттің ғана емес, Ұлт Көшбасшысының конституциялық құқығы кемсітіліп отырған жоқ па? Неліктен үкімет мүшелері, министрелердің орынбасарлары дәл осындай емтиханнан өтпейді. Олардың несі артық? Жалпы, мемлкеттік қызметті мемлекеттік тілді білмей орындау қисынға келе ме?
4. Егемендік алғалы арада екі онжылдық өткенімен Қазақстанның көптеген елді-мекендері, көшелері мен алаңдары, тіпті тегіс қалаларының атауларында кеңес тоталитаризмнің ғана емес, отарлау заманының сарқыншақтары сақталып келеді: Петропавловск, Павлодар, Усть-Каменогорск, Фурманова, Голощекино, Ленина. Не үшін, нендей үлесі үшін? Еліміздегі жер-су атаулары қашан тарихи әділдікке сай қалыпқа келтіріледі?
5. Халықаралық сахнада Қазақстанның ағылшынша аталуы неліктен орыс жазуының үлгісінде «Kazakhstan» деп жазылып келеді? Қазақ, басқа да шығыс тілдеріне тән «Қ» дыбысын жеткізу үшін бүкіл әлем «Q» әрпін қолданады, мысалы елдің аты - «Qatar» дегенде, немесе мұсылмандардың қасиетті кітабы - «Qouran» дегенде. Тиісінше, Қазақстанның халақаралық аталуы «Qazaqstan» болғаны дұрыс, басқа балама болмауы тиіс. Ел атауында орыс тіліне жүгіну шатасуға алып келді. Нәтижесінде алдымен ресми құжаттарда біздің ел «Kazakstan» деп аталып келсе, 1999 жылдан бері «Kazakhstan» болып жазылуда. Бұның өзі 1999 жылға дейінгі құжаттардың заңдық мәртебесіне күмән туғызуы бір бөлек, Қазақстан Республикасының азаматтарын төлқұжатты алу мерзімі бойынша жіктеп тұр. Бұл олқылыққа кім жауап береді?
6. «Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерiнде мемлекеттiлiк құра отырып...» - Қазақстан Республикасының Конституциясы дәл осындай ұлы сөздермен басталатыны белгілі. Олай болса, қазақ халқының тарихи миссиясын жоққа шығарушы, ол аз дегендей тегіс халықты жануарлар әлемімен салыстырушы сорақы мәлімдемелердің соңғы уақыттарда жиілеп кеткенін қалай түсінуге болады? Арандатушы мақалаларды жариялаған жекелеген азаматтарға, жекелеген БАҚ өкілдеріне қатысты жауапты орындар неге шаралар қабылдамайды?
2010 жылғы Ұлттық біртұтастық доктринасында былай делінген: «Қазақстан - қазақ елінің ғасырлар бойғы мемлекеттігінің жалғасы болып табылады». Өз кезегінде 16.12.1991 жылы Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы қабылданған Конституциялық заңда қазақ ұлты өз тағдырын шешуге, мәдениетін, дәстүрлерін һәм тілін дамытып жаңғыртуға толық құқылы, қазақ халқының ұлттық намысын күшейту мемлекеттің алдыңғы қатардағы жауапкершілігі болып табылатыны айтылған. Оның алдында 25.10.1990 жылы қабылданған Егемендік жайындағы декларацияда да ұлттық мемлекеттілік, қазақ елінің тағдыры мен ар-намысы үшін Қазақстан Республикасы жауапты екендігі тұжырымдалған. Біздің мемлекет осыны неге ұмытты? Неліктен әлі күнге шейін қазақтың тілі мен ділі, тағдыры мен намысы жайлы дауыс көтерген адамдарға ұлтшыл, нацпат, Конституцияны бұзушылар ретінде күйе жағылуда?
7. Тіл мәселесіне келгенде қайта-қайта Ресейге жалтақтай беру әдеті де ақылға сыймайды. Сайып келгенде ұлтаралық татулықты баянды етуде әлдекім жалтақтаса, біз емес, Ресей жалтақтауы керек. Бұған жалғыз ғана дәйек келтірсе жеткілікті: қазір Қазақстанда 3 миллионға тарта орыс тілді азамттар үшін мәдениет ошақтарын, БАҚ, теледидар мен радионы былай қойғанда 2000 орта мектеп, жоғарғы оқу орындарының 3/2-сі жұмыс істеуде. Ресейде болса, онда тұратын 1,5 миллион қазақ азаматтары үшін не бары 1 орта мектеп бар екен, ал қазақ тіліндегі жоғары бірде-бір оқу орны, газет, жорнал, радио немесе телеарна жоқ. Дәл осыншама қазақ баласы тұратын Қытайда жағдай қанағаттанарлық болмаса да, көш ілгері: онда ондаған қазақ мекетептері, ұлттық тілдегі газет-жорналдар, радиоарналар, тіпті 4 қазақ тілді телерна бар. Басқа жерге көшіп кеткен емес, Орынбор, Сарытау, Астархан секілді өзінің ата-қонысында өмір сүріп жатқан қандастарымыз Қазақстаннан неге сүйеу сезінбейді? Шалғайдағы отандастарымыздың ақпараттық қауіпсіздігін қорғау ісі қашан қолға алынады?
8. Мәскеу, Петербор, Ресейдің басқа да қалаларында біздің азаматтарды ұлттық ерекшеліктеріне байланысты соққыға жығу, өлтіру секілді қорқынышты үрдіс үдеп барады. Ресми орындар көрші елдегі ксенофобиялық әрекеттерге неге жауап бермейді?
9. Қазақ тілін үйренуге сапалы оқу құралдарының тапшылығын, тегін курстардың жоқтығын әсіресе орыс тілді азаматтар негізгі кедергі ретінде көрсетеді. Толықтай болмаса да, бұл уәжбен келісуге болады. Алайда өткен жылдарды осы мақсатқа қыруар қаржы бөлінбеп пе еді? Олардың бәрі қайда кетті? Тиісті бағдарламалар мен тендерлерге жауапты тұлғалар кенеттен байып қалайша шетел асып кетті? Кім жауапқа тартылды?
10. Қазақстанда тұрып жатқан адамдар қай жерде болмасын мемлекеттік тілді қолдануға құқылы. Неліктен үкімет қоғамдық қызметтерге (сатушылар, таксистер, қоғамдық көлік жүргізуші, т.б) қазақ тілін білетін азаматтардың қабылдануын заң жүзінде талап етпейді? Қазақ тілін білуі міндетті мамандықтардың тізімін бекітетін кез келіп жетті, сонымен қатар, Қазтест-2 мемлекеттік бағдарламасы аясында олар үшін тілді меңгерудің нақты дәрежелері анықталуы тиіс. Және ең соңғысы - жергілікті басқару орындары қоғамдық көлікте көшелер мен алаңдардың ескі атауларын қолдануға қашан тыйым салады?
Қойылған сауалдарға жауапты біз Үкіметтен, Парламенттен, Конституциялық кеңестен, сондай-ақ қоғам қайраткерлерінен, саяси, оның ішінде оппозициялық партиялардан күтеміз. Қазақ тілін өзінің заңдық мәртебесіне көтеру мәселесін қалай және қашан шешесіздер? Бұл іске немқұрайлы қарау немесе оны бұдан да былай артқа шегіндіре беру Қазақстанның мүдделеріне зор зиян тигізеді деп санаймыз.
Қасым Аманжолов, janaozen.net сайтының бас редакторы;
Мұхит Асанбаев, саясаттанушы;
Қуат Домбай, қоғам қайраткері;
Расул Жұмалы, саясаттанушы;
Талғат Мамыраимов, саясаттанушы;
Айдос Сарым, саясаттанушы;
Мұхтар Тайжан, Болатхан Тайжан атындағы қордың төрағасы