Жұма, 22 Қараша 2024
Билік 4841 4 пікір 28 Мамыр, 2021 сағат 15:53

Cенатта Ашаршылыққа қатысты кітап таныстырылды

Бүгін Сенатта ашаршылыққа қатысты арнайы архивтік құжаттарға негізделген кітаптың тұсауы кесілді. Ол туралы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев өзінің Фейсбук парақшасында жазды. 

"Бүгін Сенатта Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жарық көрген «Ашаршылық. Голод. 1928-1934. Деректі хроника» атты жаңа еңбек көпшілікке таныстырылды. Іс-шара Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні қарсаңында арнайы ұйымдастырылып отыр.

Үш томдық кітапта зобалаң жылдарға қатысты тың деректер мен тарихи құжаттар жинақталған. Олар ашаршылықтың алғышарттары және трагедиялық салдары туралы мәліметтерді қамтиды.
Барлық құжаттар еліміздің орталық және өңірлік архивтерінен алынды. Басқа мемлекеттердің архивтерінде сақталған деректер де жинаққа енгізілді. Соның нәтижесінде бұрын қолға түсіру қиын болып келген және бұған дейін жарияланбаған бірқатар мәліметтер көпшілік үшін қолжетімді болып отыр. Жаңа туынды университеттерге, ғылыми зерттеу институттарына және орталық, өңірлік кітапханаларға жіберіледі.

Жалпы, ашаршылықтың зардабы ұлтымыз үшін өте ауыр болғаны белгілі. Бұл бағытта ашылмаған ақиқаттар мен жазылмаған жайттар әлі де аз емес. Сондықтан Президентіміз осы тақырыпты зерттеу туралы нақты тапсырма берген еді. Соның аясында Сенат ақпан айында ауқымды дөңгелек үстел өткізді. Бүгін таныстырылған еңбекті сол іс-шараның нәтижесі және Сенаттың ашаршылықты зерттеуге қосқан нақты үлесі деп айтуға болады.

Осы ретте, бар болғаны үш-ақ айдың ішінде мыңнан астам архив құжаттарын жинап, құнды дүние дайындаған авторлардың еңбегін ерекше атап өткім келеді. Елдік мүдде жолында аянбай жұмыс істеген Берик Абдыгалиулы бастаған ұжымға, редакция алқасына және қолдау көрсеткен барша азаматтарға алғысымызды білдіреміз.

Әрине, бұл істе бір кітаппен шектеліп қалуға болмайтыны түсінікті. Құжаттар мен деректерді әрі қарай да жинақтау қажет. Сонымен бірге жарияланған мәліметтердің негізінде жан-жақты ғылыми зерттеулер жүргізу де маңызды мақсаттардың бірі. Ол үшін мемлекеттік органдар тарапынан тиісті қолдау көрсетіле береді. Сондықтан алдағы уақытта бұл салада кешенді және жүйелі жұмыстар жалғасады деп сенеміз.

Көпшілікке жол тартқан жаңа еңбектің тарихымыздың ақтаңдақ беттерін ашуға, тәуелсіздігімізді нығайтуға және ұлт санасын жаңғыртуға қосар үлесі мол болсын!" деп жазды ол.

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1456
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3222
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5279