Ардабек Солдатбай. Мағынасыз мерекелеріңізбен!
Мағынасыз мерекелерге толы мамыр айын қалай өткізіп жатырсыздар, құрметті оқырман. Той тойға ұласып қыдырыстан қолдарыңыз тимей жатқан шығар. Атам қазақ біз секілді ұрпақтары боларын болжап, «Бар ісі қыдырысы, басқа жоқ бұдыр ісі» деп айтып кеткен ғой. Енді неге сөзімізді мағынасыз мерекелер деп бастадық, соған келейік.
Мағынасыз мерекелерге толы мамыр айын қалай өткізіп жатырсыздар, құрметті оқырман. Той тойға ұласып қыдырыстан қолдарыңыз тимей жатқан шығар. Атам қазақ біз секілді ұрпақтары боларын болжап, «Бар ісі қыдырысы, басқа жоқ бұдыр ісі» деп айтып кеткен ғой. Енді неге сөзімізді мағынасыз мерекелер деп бастадық, соған келейік.
1 - мамыр - Қазақстан халықтарының бірлігі күні. Бұл бірінші мағынасыз мерке. Қазақстанда, яғни біздің Қазақияда «халықтар» тұрмайды, қазақ деген жалғыз халық тұрады. Басқаның бәрі диаспора, қала берді басқыншылар немесе басқыншылардың ұрпағы. Мұның бүгін ешқандай құпиясы да жоқ және ешкімнің намысына тимейді. Өйткені, бұл тарихи факт. Ендеше, халықтар деп өзеуреудің қажеті жоқ. Біздің еліміздегі бірлік пен татулыққа өзге этнос өкілдері үлес қосып жатқаны рас, бірақ ұлтты ұйытып отырған олар емес. Жиырма жыл жалпақтап келеміз, Ассамблея құрып төрімізге шығардық, мәжілістен орын бердік. «Қазақтар бізді осылай құрмет тұтып жатыр екен, біз де бұл халықты құрметтейік, тілін үйреніп, заңын сыйлайық» деп айтқан біреуі жоқ. Керісінше, ойбай біздің ұлттық мектебіміз жоқ, ұлттық жаңғыру орталығымыз жоқ, біз ұлттық кемшілікке ұшыраудамыз деп жар салудан жақтары тынбайды. Солардың көңіліне қарап «Қазақстан - біздің ортақ үйіміз» деп алаулатып-жалаулатып ұран көтердік. Неткен ақымақ едік! Ойбай-ау, бір үйде екі қожайын болғанын қашан көріп едіңіз? Ондай үйде береке болушы ма еді?! Қазақия ешкімнің де ортақ үйі емес, бұл қазақтың жері, отаны, өзгелердің бәрі - пәтерші. Өттері жарылып кетсе де шындық осы. Өзге ұлыстарды төрімізге шығарғанмен шаңырағымыздың билігін ешқашан бермейтінімізді ашық айтуымыз керек. Бұл ешкімді де кемсіту емес, керісінше ұлттар арасындағы теңдікті қалыптастырады, өзгелерді «қазақ - екінші сортты халық» деген ойдан арылтады. Ал шын мәнінде біздің елімізде ешқашан ұлтаралық қақтығыс болуы мүмкін емес.
Ұлтаралық қақтығыс қай кезде туындайды? Біріншіден, егер келімсек бір ұлттың өкілдері жергілікті халықты саяси-әлеуметтік тұрғыда кемсіте берсе қақтығыс туындайды (соңғы бес-алты жылдағы Ақтөбеде болған қазақ-қытай қақтығысы, Атырауда болған қазақ-түрік қақтығысы, Алматы облысында орын алған қазақ-шешен, қазақ-ұйғыр қақтығыстары), екіншіден ежелден жерге таласып келсе қақтығыс міндетті түрде болады. Оған әлемде мысал көп. Бірақ біздің бабаларымыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен сақтап ұрпағына жеткізген ұлан-ғайыр далада ешкімнің аласы да, бересі де жоқ. Бұл құдайдың өзі еншілеп берген біздің жеріміз. Демек, бізде жер үшін қақтығыс ешқашан болмайды. Ал, әлеуметтік қақтығыстар жергілікті билік пен жұмыс берушілердің салғырттығынан туындайды, оларды қатаң жазаласа қайтіп ондай қателік жібермейді. Демек, бізде ұлтаралық қақтығыс туындап кетуі мүмкін деп қорқатын еш себеп жоқ. Бірақ билік қолдан жасап алған бір себеп бар, ол - мемлекеттік тіл. Билік тарапынан қорлық пен кемсітушіліктен көз ашпай келе жатқан қазақ тілін құдайдан басқа ешкім қорғай алмай отыр. Мемлекеттік тілді өрістетейік, жаппай қазақ тілінде сөйлейік деген халықтың талабына билік «ойбай, ауыздарыңды жабыңдар, ұлтаралық қақтығыс туындап кетеді, басқалардың да құқығын сақтайық» дейді. Қазақ соқыр, саңырау немесе надан халық емес. Біздің білетініміз, өзге этностар қазақтар өз тілін дамытып жатыр деп ешқашан бас көтермейді. Біз тілімізді әспеттесек олардың ешқашан құқын бұзған болмаймыз, бұл тек өзінен кейін орысша-ағылшынша сөйлеп өскен дүбара ұрпағын орнына қалдыру үшін биліктің жанталаса жасап жатқан қарекеті, сылтауы, ертең халқымызға зор алапат болатын кеселдің асқынуы ғана. Ал сіздер оған көнесіздер ме? Жиырма жылға жалғасқан дүбара биліктің тағы жиырма жыл, одан кейін тағы бәлен жыл қанауына көнеміз бе? Жоқ, көне алмаймыз. Ендеше ұлтшылдар, ұлт жанашырлары іс-қимылды бұрынғыдан да жандандырып қазақ тілін, салт-дәстүрімізді, дінімізді нығайтуға бар күшімізді салуымыз тиіс. Сонда ғана «1-мамыр - Қазақстан халықтарының бірлігі күні» деген дүбәра атауды «1-мамыр - Ұлттық ұйысу күні» деп өзгерте аламыз. Бізге өтірік бірлік емес, шынайы ұйысу керек. Ұлт ретінде сақталу үшін.
Өзге ұлттардың алдында жалпақшешейлене беруді доғаратын кез жетті. Биліктің бұлбұлдары «Хабар», «Қазақстан» 1-мамырға арналған сюжеттерінде тоқсаныншы жылдары тарихи отанына қоныс аударған немістердің, орыстардың, басқа да ұлт өклідерінің қайтадан көшіп келіп жатқанын мақтанышпен көрсетті. Олар қай кезде кетіп еді? Елімізде аумалы-төкпелі заман орнап, нарық қиыншылығы қос өкпеден қысып, шалғай ауылдардағы қазақтар кебек жеп күн көрген кезде «жұмақ мекен» іздеп кеткендер болатын. Олар сатқындар! Олардың қатарында басқа ұлттан қатын алып, басқа ұлтқа байға тигендер, таңдау түскен сәтте солардың етегінен ұстап шетел асқан қазақтар, тіфу, қазақ деуге де тұрмайды, шіріген жұмыртқалар аз емес. Шыңғыс хан кезінде өз ханын сатып жіберген жандайшаптардың ешқайсына сенбей бастарын алып отырыпты. Ал біз бізді бір ссатып, өз елін екі сатып, ит секілді тойынатын жер іздегендерді әспеттейміз келіп, өзгелерге үлгі қыламыз. Масақара! Мұндай масқараны өзге ешбір ұлттан көрмейсіз. Сұбханаллах, сақтай гөр бізді!
Мамырдағы екінші мағынасыз мереке - 7-мамыр - Отан қорғаушылар күні. Биылға дейін бұл күн жетім қыздың тойындай болып аталып өтіліп келеді. Әлі күнге дейін кешегі кеңестік қоғамды аңсаушылар үшін бұл күннің құны бес тиын. Олар 23 ақпанда орыстармен бірге арақ ішіп, мәз-мейрам болып, бір-бірін құттықтап жыртылып жатады. Тіпті, тәуелсіз еліміздің әскерінің қатарында борышын өтеп келген бозбаланың өзі бұл мерекені дұрыс түсініп бағалай алмайды. Өйткені, оның бойында отансүйгіштік қасиет жоқ. Ол әскерге жұмысқа тұрғанда әскери билет сұрайтындықтан немесе ауылда жұмыссыз жүріп іші пысқандықтан барады. Бұл менің азаматтық борышым деп барып жатқан бірі жоқ. Кемшілік тағы биліктен. Байлығын талан-таражға салып жібердік, енді бұл елдің несін қорғаймыз деп ойлайтын болса керек. Әйтеуір, көңілге медет - биылдан бастап бұл мерекеге мемлекеттік дәреже берілмекші. Оған да тәуба!
Бұл айдағы тағы бір мән-маңызын жоғалта бастаған мереке - 9-мамыр - Жеңіс күні. Әрине, сол кездегі коммунистердің көзімен қарағанда фашизм - зұлмат болатын. Ал фашистердің көзімен қарағанда - коммунизм алапат кесел болатын. Ал бүгін біз екеуінің де алапат зұлмат, кесірлі кесел болғанын анық білеміз. Әсіресе адамдарды дінсіздікке тәрбиелейтін коммунизм атты зұлматтың салдары қандай ауыр болғанын қазір бәріміз көріп, біліп отырмыз. Әрине, соғысқа қатысып толарсақтан қан кешкен, жан берген аталарымыздың еш кінәсі жоқ. Оларда таңдау еркі болмады. Не соғысқа барады, не сатқын ретінде ауылда атылады. Біз оларды соғысқа қатысты деп еш кінәламаймыз, сұбханаллах! Олар - шейіттер. Бірақ біз бүгін тәуелсіз елміз. Өткен тарихқа жаңаша қарап, өзгеше шешім қабылдауымызға еркіміз бар. Ендеше бұл соғысты Ұлы отан соғысы деп атауды доғаруымыз керек. Кешегі кеңестік империя ешқашан біздің отанымыз болған емес. Біздің отанымыз ата-бабаларымыз қалдырған жеріміздегі ұлттық мемлекетіміз. Тіпті «ұлы» деген сөз тек Аллаға ғана жарасады. Соғыстың өзін соншама ұлықтап, құрметтеп, оған «Ұлы» деген атауды таңып жіберген дінсіздердің ісін жалғастырып, сөзін қайталай беруіміз жөн бе? Бұл соғысты әлемнің (орыстан басқа) өзге халықтары секілді шынайы атауымен - «Екінші дүниежүзілік соғыс» деп қана атауымыз шарт. Ал бұл күні қыруар қаржы шашып, Мәскеумен қосанжарыса әскери шеру өткізетін биліктің басы істемейді. Жалпы шеру не үшін өтетіні белгілі, жауларына қыр көрсетіп қою үшін. Ол әрине әлі де басқыншылық келбетінен арылмаған Ресейге жарасады. Әскері де, қару-жарағы да баршылық. Ал біздікі не? Аттыға ілесіп таңымызды айырып жүрміз.
Міне, құрметті оқырман, мамыр айы келіп жеткенде санамызды сарсылтатын көп ойдың бір парасын өздеріңіздің назарларыңызға ұсынып отырмыз. Сіз не дейсіз мамырдағы мағынасыз мерекелер жайлы?
«Masa.kz» интернет газеті