Бейсенбі, 26 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 5152 0 пікір 31 Мамыр, 2021 сағат 15:01

Тәуелсіздік бәрінен қымбат: Алаш арысы Шәкәрімнің бюсті ашылды

Биыл Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл толады. Еліміз үшін аса қастерлі бұл датаның маңызы мен қатар артар жауапкершілігі де аз емес. Себебі, тәуелсіздік алу бар да, оны сақтап қалу бар. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында “Егемен Қазақстан” газетінде жариялаған “Тәуелсіздік бәрінен қымбат” атты мақаласында нақты айтып өтті.

Президент аталған мақаласында Қазақстан Тәуелсіздігінің  осы отыз жылын үш күрделі он жылдыққа бөліп қарауға болатынын жазды. Әрине, әр он жылдың өз белесі мен атқарған таудай миссиясы бар.

Мәселен, Мемлекет басшысы Тәуелсіздіктің бірінші онжылдығын бодандық қамытынан енді шыққан жас мемлекеттің іргетасын қалау мерзімі деп қарастырады. Бұл уақытта мемлекеттің негізгі нышандары айқындалып, жаңа билік жүйесінің негізі қаланды. Қазақстанның қарулы күштері құрылып, ұлттық валюта- Теңге айналымға енді. Мемлекеттің басты құжаты Ата Заң қабылданып, Қазақстан бірнеше халықаралық ұйымдарға мүше болды.

Ең бастысы қазір кейбір мемлекеттер әлі күнге дауласып келе жатқан шекара мәселесі біржола шешілді. Еліміз ядролық қарудан біржол бас тартып, өзінің бейбітсүйгіш ел екенін әлемге паш етті. Одан бөлек, арқаға айшықты астанамызды көшіріп, жаңа қала салдық. Тағы бір үлкен жетістік – ол жастарымыздың әлемнің ең үздік университеттерінде білім алуға мүмкіндік беретін “Болашақ” бағдарламасының қабылдануы. Ал, әлемге тарыдай боп шашылған қандастарымыздың тарихи отанына оралып, Ұлы көштің ілегін жалғастыруы ел еңсесін көтерген тарихи сәттер еді.

Президент Тоқаев Тәуелсіздіктің екінші онжылдығын Қазақ елінің өзгелермен терезесі тең, керегесі кең мемлекет болу кезеңі деп жазады. Екінші онжылдықта Қазақстанның құрлықтағы шекарасы айқындалып, Заң жүзінде бекітілді. Осы кезеңде халқымыздың рухани-мәдени өмірінде ерекше маңызға ие “Мәдени мұра” бағдарламасы қабылданып, өткенімізді түгендеуге мүмкіндік алдық. Бірнеше халықаралық жобаларға бастамашы болып, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының тізгінін ұстады. Сонымен қатар, “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” секілді халықаралық ірі инфрақұрылымдық жобалар қолға алынып, Қазақстанға шет елдіктердің қомақты инвестициялары тартылды. Ал, ел азаматтары үшін әлеуметтік нысандар бойы көтеріп, әсіресе тұрғын үй құрылысы бұрын соңды болмаған қарқынмен дамыды.

Арайлы азаттықтың үшінші онжылдығы әлемнің ең дамыған отыз еліне қосылуды мақсат тұтуымен ерекшеленеді. Ал, осы кезеңде қазақстанның шекара мәселесі толығымен шешілді.

Ал, алдағы төртінші онжылдық – саяси экономикалық реформалар мен қатар сананы жаңғыртуды жалғастырмақ. Қуатты ел, біліміне сенген болашағы жарқын жастарға мүмкіндік беруімен ерекшеленбек.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы аталған мақаласында тарихи сананы жаңғырту мәселесіне ерекше тоқталған болатын. Қазақ халқының Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама кезеңін, алапат аштық пен қуғын-сүргінді көргенін тілге тиек еткен Президент сол бабаларымыздың ел үшін атқарған еңбектерін ұмытпауға, ұлықтауға шақырған болатын.

Мәселен, Президент мақаласында Алаш арыстарының мұрасын зерттеу, зерделеу жұмыстары тоқтап қалмау керектігін ескертті.

-Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойы аясында халқымыздың біртуар тұлғаларын еске алып, олардан қалған мұраны жастарымызға және бүкіл әлемге танытуымыз керек. Сондай-ақ, осы тақырыпты зерттеп жүрген ғалымдар мен қаламгерлеріміздің де еңбегі қолдауға ие болып, бағалануы тиіс. Алаш арыстарының асыл мұрасын игеру жұмыстары тоқтап қалмауы керек,- деген болатын.

Сол Алаш арыстарының бірі кеңестік кер заманның құрбаны Шәкәрім Құдайбердіұлы еді. Президенттің осы бастамасы негізінде, 31-мамыр саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай, Өскемен қаласында қазақтың біртуар перзенті, өмірі мен шығармашылығына Алты Алашты арқау еткен, ұлтын шексіз сүйіп өткен ақын, философ Шәкәрім Құдайбердіұлының бюсті орнатылды. Ескерткіш облыс орталығындағы Шәкәрім Құдайбердіұлы атындағы №1 орта мектептің алдына қойылды.

- Мектебіміздің алдына орналасқан Шәкәрім атамыздың бейнесі мектеп табалдырығын аттаған әр оқушы мен ата-анаға олардың өмірлік сапарында бағыт-бағдар беретін жұлдыз іспептті. Осы білім шаңырағында парасаттың мылтықсыз майданында күрескен әр мұғалім мен қызметкердің еңбек жолының жарқын болуы үшін тұр. Ұлы даланың дарын иесі  саналы ұрпақ есінен ешқашан сөнбек емес. Осы тұста Шәкәрімдай қазақтың дара ұлына ескерткіш орнатуға өз үлесін қосып, барынша қолдау көрсетіп, барлық жұмысты жұмыла атқарған азаматтарға алғысымды білдіремін! Ұлттың ұйысуы әрқайсымызға, әрбіріміздің ниетіміз бен талап-тілегімізге тікелей байланысты екенін ұмытпайық!- деді мектеп директоры Әділ Сайлаубек.

Шаһар үшін маңызы зор шараға ұлтжанды азаматтар мен қоғам белсенділері жиналып, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алды.

Мектеп директорының өнегелі ісі шәкірттеріне рух бітіріп, олардың ұлтжанды азамат болып қалыптасуына игі әсер етері сөзсіз. Әділ Сайлаубектің әлеуметтік желідегі парақшасына желі қолданушылары төмендегідей пікірлерін жазып жатыр:

Анаргүл Бектургенева: «Әділ айналайын,  үлкен іс екен біткен. Құтты болсын! Өзіңіз басқарып отырған ұжымызға шығармашылық табыс тілеймін. Осындай мықты рухты, жігерлі, қайратты, ұлты десе намысы қолында тұрған қазақтың азаматынан тәрбие,  білім алып шыққан түлектер ертең ел іргесін қалаушы, ұлтының рухын көтеретін азаматтар болатынына сенімдімін, өйткені ұстаздары үлгі тұтарлық азамат.Шын жүректен құттықтаймын.»

Айымгүл Сейпутанова: «Құтты болсын! Шәкәрім бабамыздың рухы мәңгі жасасын! Тәу еткен Тәуелсіздігімдің тұғыры биік болсын! Ел болашағы жастар ұлтжанды, рухты, жігерлі, білімді, саналы, зейінді әрі зерделі болсын!»

Иә, Алаш арыстарының еңбегін һәм өздерін ұмытқан ұрпақ бүгінгі Тәуелсіздіктің қадірін білуі мүмкін емес. Сондықтан Президент мақаласында айтылған осындай кесек ойлар болашақта мемлекет үшін атқарылар іргелі істердің бастауы болмақ. Сондықтан, Мемлекет басшысы өз мақаласында айтқандай, әрбір халық өзінің арғы-бергі тарихын өзі жазуы тиіс. Себебі бөтен идеологияның жетегіндегі тарих ұлттың жадын өшіруі мүмкін.

Айна Ескенқызы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2036