Жезқазғандағы Жаңаөзен синдромы
Бүгінде ел Жаңаөзен туралы әңгіме қозғаса, Жезқазғанды қосақтап айтатын болып жүр. Бұлар бауырлас немесе серіктес қалалар емес. Сонда бір-бірінен жырақта жатқан «бұл екі қаланы не қосып тұр?», - деген заңды сауал туындайды.
Кедейлік, жұмыссыздық және жемқорлықты атайды. Жаңаөзен оқиғасының негізгі себебі әлі күнге дейін айтылмаса да ішіміз сезеді.
Жаңаөзан мен Жезқазғанды атымен салыстыруға келмейді. Инфрақұрылымы, әлеуметтік мәртебесі атымен бөлек. Алайда тоқайласатын тұсы да бар. Соның бастысы - ереуіл... Жаңаөзанде де солай болған. Алдымен жаппай ереуіл. Одан кейінгісі көз алдымызда...
Бүгінде ел Жаңаөзен туралы әңгіме қозғаса, Жезқазғанды қосақтап айтатын болып жүр. Бұлар бауырлас немесе серіктес қалалар емес. Сонда бір-бірінен жырақта жатқан «бұл екі қаланы не қосып тұр?», - деген заңды сауал туындайды.
Кедейлік, жұмыссыздық және жемқорлықты атайды. Жаңаөзен оқиғасының негізгі себебі әлі күнге дейін айтылмаса да ішіміз сезеді.
Жаңаөзан мен Жезқазғанды атымен салыстыруға келмейді. Инфрақұрылымы, әлеуметтік мәртебесі атымен бөлек. Алайда тоқайласатын тұсы да бар. Соның бастысы - ереуіл... Жаңаөзанде де солай болған. Алдымен жаппай ереуіл. Одан кейінгісі көз алдымызда...
Жезді өңірі әзір көшеге шыға қойған жоқ. Шыға қалса, оның Жаңаөзенді он орайтыны түсінікті болса керек. Олай дейтініміз - ши шыға қалған жағдайда қарағандылық шахтерлердің оларды қолдайтыны даусыз.
Бұлардың кәсіподақтары да мықты. Тәуелсіз.
Сол кәсіподақ дабыл қағуда. Маңдай теріңмен тапқан ақыңды «бала-шағаңның қажетіне жарат» - дейді. Еріксіз ойланасың «кімге?» деп. Кімге болушы еді. Шетелдік алпауыттарға.
Ендеше, Жаңаөзен синдромының Жезқазған аспанын кезгеніне жиырма жылдай уақыт болыпты. Жезқазған жеріне «Самсунгтің» келген күнінен (1995 жылы) басталған. Жаңа компанияның елді жарылқағаны сол, дайын өнімге ие бола кетіп, қыруар пайда тапты. Елге талғажулық нәпақа берді. Ел соны қанағат тұтты. Сол «Самсунг» кейін «Қазақмыс» болып қайта құрылды (1998ж).
Алпауыт корпорация кейінірек ЖШС болып қайта құрылды. Бұл не деген сөз. Баяғы таз қалпына бара жатыр деген сөз. Сәтбаев айтқан жүз жылға жететін Жезқазған кенінің төбесі көрінді деген сөз. Жан беру оңай ма, алпауыт корей компаниясы жер-көкті шарлап мыс іздеген, ақыры Ресей шығып кеткен.
Жайындар балықтың бір түрімен қоректенбейді ғой. «Қазақмыс» та солай. Жолай қымбат металды қоса өндіріп келеді. Ол туралы там-тұм ғана мәлімет бар. Қазіргі корпорацияның басты табыс көзі ретінде мыс аталғанымен, сарапшылар оның ішінде ауыр металл барын да айтады. Ал олардың әрбір грамы кемінде 350 мың АҚШ долларына бағаланады.
Бір сөзбен айтқанда, Қ.Сәтбаев айтқан жүз жылға жететін Жезқазған мысы сарқылып бітті. Жезқазған өңірін нақ осы мыс асырап келген. Мыс қорының түгесіле бастауымен әлеуметтік шиеленіс те басталады.
Кейінгі он жыл бойы бұл өңірде елеулі қала құрауға жетеқабыл бірде-бір нысан салынбады. Қайта бар нәрсенің бәрі қиратылды. «Қазақмысқа» қажетсіз нәрсенің барлығы күресінге лақтырылды.
Өзін, қалды Қарағанды облысын асыраған өңір енді масылға айналды.
Мысқа тәуелді болып қалды.
Ал масылдық, кіріптарлық ерте ме, кеш пе әлеуметтік дүмпуге, тіпті әлеуметтік жарылысқа алып келетін еді.
Қазақмыстықтардың орташа жалақысы 50-60 мыңның айналасынан ұзай алмады. Есесіне, бастықтардың жалақысы олардікінен жүз есеге дейін асып түскен. Ереуілге шақырушылар көбейді. Заңдастырылмаған тәуелсіз кәсіподақтар бой көрсете бастады.
Сөйтіп жүргенде сайлау науқаны келген. Жезқазғанда жеделдетіп үсті-үстіне түрлі деңгейдегі жиын өтті. Облыстың сол кездегі әкімі Серік Ахметов осы өңірден шықпады десе болады. Обалы нешік, кеш те болса Серік Нығметұлы жаңа жұмыс орнын ашуға барын салған. Бұл мақсатына жетуде министрліктерді жұмылдыра білді. Ереуілдік ахуал «АрселорМитталТеміртау» компаниясында да қалыптасқан. Онда да жалақыны өсіру туралы әңгіме қызып тұрды. «Қазақмыспен» де, «АрселорМитталТеміртаумен» де үш жақты меморандумға отырған облыстық әкімдік ереуілді ауыздықтады.
Әлеуметтік шиелініс басылмай тұр
Жаңаөзен тараптанған жалғыз қала. Ал Жезқазған дегеніміз - Сәтбаев қаласы, ол - Жұмысшы қалашығы, ол - Ұлытау ауданы... Бұлар серіктес қалалар. Бұлардың жеп отырған наны біреу!
Саясаткерлер Жезқазғанды әлеуметтік жарылыс алдында тұр деп есептейді. Ал біз білетін Жезқазған осынау мәртебесіне осыдан 20 жыл бұрын кірген. Жерасты игіліктерін шетелдік алпауыттарға берген күні.
Жағдайды түзеуге барлық күш төгіліп жатыр. Облыс басшылығына келген жаңа әкім Әбілғазы Құсайынов облыспен таныстығын бірінші болып, осы өңірден бастады. Облыс деңгейінде өңірді жақсартуға бағытталған шешім қабылданып жатыр.
Бірақ әлеуметтік шиеленіс әлі бәсеңдемей тұр.
Жезқазған ереуілдік ахуалда тұр. Оның түп негізінде қарын қамы жатқаны айдай анық. Біздер соны айтудан жалтарамыз.
Өңір мысшыларының жалақысы бюджет мекеменің деңгейіне дейін түсті. Мұнан тыс жұмысшылардың жыл сайынғы жылдық индексациясы бар. Корпорацияның оны бермей қалған жылы жоқ. Соны айқай-шумен береді. Жұмысшылар мен корпорация басшылығы арасындағы жаңа текетірес соның жалғасы іспеттес.
Жұмысшылардың барар жері, әрине, кәсіподақ. Олар болса, шеруден бұрын заңдық алаңда жұмыс істейік, - дейді.
Жақында «Қазақмысқа» қарасты «Жезқазған жылу орталығы», Кен байыту фабрикасы, Мыс балқыту зауыты және «ҚазМехСервис» аймақтық кәсіпорнының кәсіподақтары корпорация кәсіподақ ұйымының қатарынан шығып, республикалық «Жаңарту» кәсіподақ ұйымына келіп қосылғаны жөнінде ақпарат тарады. «Жаңарту» ұйымының өкілдері Алматыға барып, баспасөз мәслихатын ұйымдастырды. Енді корпорацияға қарасты кәсіпорын жұмысшылары әлеуметтік түйткілдерді осы ұйым арқылы шешпек. Әйтсе де, бастамашыл топ өкілі Галина Колоскова: «Біз өз мәселемізді өзіміз шешеміз», - деп мәлімдеді.
Бұл жерде кәсіподақ ликбез рөлін атқарып отыр десек, болады. Алайда корпорация басшылығы мұны әлеуметтік шиеленісті тереңдету деп біліп, кәсіподақты айыптайды.
Төрехан МАЙБАС,
Қарағанды облысы
«Жас қазақ» газеті