Басын бұлт шалған Бурабай
Таяуда Ақмола облысының Бурабай баурайында алқалы жиын болып өтті. Оған Сенат Парламентінің бір топ депутаттары, «Өңір» депутаттық тобының мүшелері, министрліктер мен ведомстволардың өкілдері қатысты. Астана іргемізде болғандықтан ба, бұрын-соңды мұндай ірі өкілдер шоғыры облысымызға табан тіремеп еді.
Таяуда Ақмола облысының Бурабай баурайында алқалы жиын болып өтті. Оған Сенат Парламентінің бір топ депутаттары, «Өңір» депутаттық тобының мүшелері, министрліктер мен ведомстволардың өкілдері қатысты. Астана іргемізде болғандықтан ба, бұрын-соңды мұндай ірі өкілдер шоғыры облысымызға табан тіремеп еді.
«Бақсақ бақа екен», дегендей жарты Астананың қопарылып келуінің себебі Елбасының Қазақстан жұртшылығына соңғы Жолдауының дүмпуі екен. Белсенділіктерінде береке жоқ, былай да жоғарыдан әмір күтіп, жалпақтаумен күн кешіп жатқан шенеуніктердің Президент тапсырмасын орындаймыз деп жанұшыра жиылған бұл бас қосуы Бурабай - Щучье курортты аймағының сандаған жылғы қордаланған мәселесін талқылауға арналды. Тап осынау республикалық маңызы зор мәселе төңірегіндегі мұндай тоқайласып тарасулар әлденеше рет болған. Даңғаза, дақпырты зор болғанымен одан шыққан нақтылы қорытындысы жоқ басқосулардан жауыр болған біздер де осы жолғы жиыннан не шығар екен деген күпті көңіл әуейінен аса алмағанымызды жасырмадық. Оған себеп жиынның қос тізгін, бір шылбырын өз қолына алған Индустрия және жаңа технология министрінің бірінші орынбасары Альберт Раудың осы өңірге жаңадан келіп, жаңадан ғана танысып отырған адамдай сөйлеуі бізді таңдандырмай қалмады. Өйткені ол, 2009 жылы Ақмола облысының әкімі болғандығын оның өзі ұмытса да, жергілікті жұртшылық ұмыта қоймаса керек. Сол жылдарда-ақ Бурабай - Щучье курортты аймағының мәселесі әкім назарын аударарлықтай менмұндалап тұрмап па еді. Вице-министрдің Астана - Щучье аралығындағы Президенттің тікелей қадағалап, қолдауымен салынған автобанды, Көкшетау қаласының іргесіндегі әуежайды қайыра реконструкциялаудан өткізу, аэровокзалды жабдықтау тәрізді жүзеге асырылған жұмыстарды қайта-қайта шиырлап айтуын өз қолымен атқарған қызметімен ұштастырған дүбәра әрекеттей әсер етті.
Кезінде осы Рау аудан орталығы Щучинск қаласының көшелерін сан рет аралап көрген-ақ болар. Кулагин, Есенбаев, Рау, Дьяченко кезінде тас-талқаны шыққан қала көшелері әлі сол қалпында. Алайда, сол қираған көшелерді қалпына келтіруде әкімдердің неге шыбық басын сындырмағандығына таңбыз. Курортты аймақтың орталығы Щучинск қаласының ойраны шыққан көшелерін көру меймандар түгілі бізге ұят. Бурабай курортты аймағының экологиялық жүйесін сақтауда да экс-әкімнің мақтанарлықтай ештеңе тындырмағандығын ол білмесе біз білеміз. Бұл, әрине, Рауға ғана қатысты мәселе емес. Бұл оның алдындағы да, кейінгі де әкімдерге тікелей қатысты екендігін ешкім жоққа шығармайды. Келіп-кетіп жатқан әкімдердің бар бітіргендері Бурабай ормандарын отап, өздеріне вилла, коттеждер салумен шектелгендігін шегелей айтсақ ешкім де жала жауып отыр дей қоймас. Бұған министрлер мен Парламент депутаттарының үй салудағы ожарлы әрекеттерін қоссаңыз қателеспейсіз. Өйткені осы өңірдің адамы болғандықтан Бурабайдың қолат-қойнауында жазғы жаңбырдан соң бас көтерген саңырауқұлақтай қаптап бара жатқан жеке меншіктегі тұрғынжайлардың шектен шыққандай көбейе түскеніне куәміз. Әттең, өкімет тарапынан мынау үй кімдікі, бұл жерге қалай ірге тепті, кім рұқсат берді, қаражат, құрылыс материалдары қайдан келді дейтін ешкім болмай тұр ғой.
Альберт Рау өз сөзінде Бурабай аймағындағы табиғи су көздері - көлдердің жыл санап тартылып бара жатқандығын айналып өте алмай ашына айтты. Бұған да шүкіршілік. Бірақ оның нақтылы себебін саралап бүкпесіз айтып бере алмады. Ал оның түпкі себебін аядай ғана курортты аймақтың жыл сайын заңсыз салынған тұрғын үйлер мен демалыс, сауықтыру орындарының шамадан тыс молайып кетуінен, оған ешқандай шектеудің қойылмай отырғандығынан іздеу керек.
Сөзіміз дәлел-дәйексіз болмас үшін бүгінгі таңға дейін жұмыс істеп тұрған нысандарға ой көзін қадап көрелік. Бұл өңірде қазір 29 санаторлық-курорттық мекемелер бар. Олар бір ауысымда 2500 орындық деп есептеледі; сондай-ақ мейманханасы, отельдері, туристік базалары бар 53 нысан жұмыс істеп тұр; балалардың денсаулығын қалпына келтірудің 12 орталықтары бір ауысымда 3330 баланы қабылдай алады. Бұл біз білетін айсберг-мұзтаудың бергі беті ғана. Ал Щучинск қаласы мен Бурабай қыстағындағы қысы-жазы ақша сауып жатқан жекеменшік құжыралар мен жатақханалар санын кім тексеріп, біліпті.
Бурабай - Щучье курортты аймағын әлемдік стандартқа көтеру үшін сервистік қызмет аясын кеңейтумен бірге, оның сапалық сипатына ерекше ден қоятын мезгіл жеткен жоқ па. Бұл арада да ұтқанымыз шамалы, ұтылысымыз ұшан-теңіз. Бір қызығы, осы мәселе кеңестік кезеңді қоспағанда 20 жыл бойы айтылып келеді. Бірақ игілікті шара шаң бермей тұр. Тағы да айналып келіп айтарымыз су мәселесі. Щучинск қаласының тұрғындары жыл сайын 1 миллион текше метр суды пайдаланады екен. Бұл негізінен табиғи су көзі - көлден алынып келген су. Ал осынау ысырапқорлықтың алдын алу үшін Сергеев су қоймасынан Көкшетау қаласы арқылы Бурабай көлдерін толтыру, жергілікті халықты ауыз сумен қамту мәселесі қолға алынған болатын. «Ештен кеш жақсы», дегендей, бұл мәселе осыдан он-он бес жыл бұрын қолға алынғанда тап бүгінгідей тіптен де ушықпас еді. Миллиардтаған қаржы жұмсалды дегенмен Көкшетау қаласының тұрғындары Сергеев қоймасының сапалы суының дәмін әлі күнге тата алмай отыр. Қаладағы құбырдан келетін суды ауыз су есебінде пайдалану мүмкін емес. Өйткені, сапасы сын көтермейді. Ал Щучинск, Бурабай тұрғындары толық дерлік Сергеев суының қызығын көре алмай отыр. Көлің болса анау тартылып бара жатқан. Сонда Сергеевтен жеткіздік деген су қайда кетіп жатыр, қайран қаржы қай қалтаға түсіп кетті? Сауал мол, жауап жоқ. Екінші бір өткір мәселе су көздерінің тартылуымен қатар, оның тым шамадан асып кеткен ластануы болып отыр. Қала мен қыстақтың су құбырлары әбден шіріп, тозған. Ал онымен келетін су ластанбағанда қайтпек? Оның себептерін де пайдаланылған судың тазартылмауы, осы уақытқа дейін Бурабай қыстағында тек септиктердің ғана жұмыс істеп келгендігін қадап айтсақ жөн болмақ. Өйткені, қыста септиктерден аққан лай су Шабақты көліне қотарылуда. Щучинск қаласында әлі күнге коллектордың жоқтығына ерекше назар аударғымыз келеді.
Бурабай Бурабай болғалы осы екі маңызды мәселенің шешімін таппақ түгілі ескерілмеуін ешқандай себеппен ақтап алуға болмайды. Курортты аймақтың сұлулығына кінәрат түсірмей ықтиятты пайдаланудың орнына тек зиян тигізумен жүрміз. Көл табандарының қорысқа айналуына өзіміз кінәліміз. Президент тапсырмасы дегенде аймаққа ойын-сауық нысанын, казино, қонақ үйлер салумен шектелмейтіндігін неге ескермейміз. Ол ең алдымен табиғаттың осыншалықты жомарттықпен сыйлап салған сұлу мүйісінің экологиялық жағдайын барынша қатаң ескеру, көздің қарашығындай қорғап, сақтау керек емес пе. Кесілер ағашты есепке алу, салынар жолдың, тартылар құбырлардың, жылу, газ, электр желілерінің табиғатқа титімдей де зиянын тигізбеуін бақыламас па? Ендігі жерде Бурабай баурайынан жер сатуды шектеу емес, түбегейлі тоқтату қажет. Қолат-қойнауларға тұмсықтарын тығып алған вилла, коттеждердің ауыз суды, техникалық суды, жуынды суды қалай пайдаланып, қайда төгіп жатқандығына қатаң тексеріс қажет. Бұған СЭС ұйымы, табиғатты қорғау прокуратурасы батыл араласса жөн болмақ. Біздің ойымызша Бурабай-Щучье курортты аймақ аясын дамытамыз деп далитып құрылыс сала бергеннен де қолда барын құттап, экожүйеге зиянын тигізбей пайдалану жағын қарастырған абзал. Курортты-туристік қызметті барынша жақсарту осы аймақты экономикалық жағынан дамыту, саяхатшылар мен туристерді көптеп тарту сан салалы мәселелерді кешенді шешуді талап етеді. Алайда, бұл жағынан аса ұяттымыз. Әсіресе жаз айларында жабайы демалушылар тарапынан жасалып жататын тағылықтарды табиғат-анаға тотальдық шабуыл деп де бағалауға болады. Бірақ оған тосқауыл болар жергілікті басшылық төбе көрсетпейді. Иесіз қалған ел игілігін ойына келгенінше илеу иектеп барады. Бұл орны толмас өкініш!
Біздіңше бұл мәселе де батыл бақылауды талап етеді. Ал демалу мәдениеті қалыптаспаған біз сияқты елде табиғат құндылықтары құнсыздана бермек.
Сонымен келген жұрт Бурабай - Щучье курортты аймағына қатысты тағы бір бас қосу өз жұмысын аяқтадық деп тарқасты. Ал біз жұмыс жаңа тыныспен өріс тапса жақсы болар еді деген есекдәмеде қалдық.
Бурабай басын бұлт шалғалы қашан.
Төлеген ҚАЖЫБАЙ, жазушы.
Ақмола облысы
«Егемен Қазақстан» газеті