Шайды аз ішуге дайын болыңыз...
Қазақстанда азық-түлік бағасы өсіп барады. Бұл елдегі экономикалық жағдайдың шынайы көрсеткіші болып отыр. 2014 жылғы девальвациядан кейін халықтың айлық көрсеткіші айтарлықтай өскен жоқ. Ал сырттан импортталатын сан мыңдаған тауар бағасы бірнеше есе артты. Себебі сыртқы сауда доллармен жасалатындықтан, оның бағасы өсті.
Ағымдағы жылдың қаңтар-сәуір айларында Қазақстанда 6,5 мың тонна өңделген шай мен кофе өндірілген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 20,5% артық. Өнімнің көп өндірілуіне қарамастан олардың бағасы да еселеп артқан.
Шай ішпесе басы ауыратын қазақ үшін шайдың бағасы өсті. Бірден 12.4%-ға. Шайдың орташа құны 2021 жылы мамырда шайдың орташа бөлшек сауда бағасы келісіне 3,6 мың теңгені құрады. Еліміздің ірі қалаларының ішінде бір келі шай Қарағандыда ең қымбат болып шықты, орташа бағасы 4 мың теңге. Сондай-ақ шайдың жоғары бағалары елордада келісіне 3,9 мың теңге және Алматыда келісіне 3,8 мың теңгеге тіркелді. Ең арзан бағаға шай ішкіңіз келсе Талдықорғанға баруыңызға тура келеді, онда шайдың бағасы келісіне 3,3 мың теңгені құрайды.
Сәуір айының соңында Қазақстанда орташа есеппен шай бағасының 12,4% қымбаттағаны байқалды. Шай бағасы Қазақстан Республикасының 17 аймағының жетеуінде орташа деңгейден жоғары болған. Мысалы Батыс Қазақстан облысында шай бірден 25,3% -ға, Павлодарда - 21,4% -ға, Шымкентте - 19,3% -ға көтеріліп кеткен.
"Қымбат шайды қойып, арзан кофе ішейін" деген ойыңыз болса, онда жоспарыңыз іске аспайды. Себебі кофе бағасы да қымбаттап кеткен. Қазақстан Республикасында орташа есеппен кофе жылына 5,3% қымбаттаған. Кофе бағасының шарықтауы Қызылорда облысында байқалады, Сыр өңіріндегі кофе құны бірден 16,5%-ға қымбаттаған.
Мына Еnergyprom.kz сайтынан алынған суретте кофе мен шайдың бағасының қалай өскенін көре аласыз.
Қазақстандағы шай мен кофенің қымбаттауына пандемия да өз әсерін тигізген. Әлемдік нарықта тауар бағасының қымбаттауы байқалады. Карантиндік шектеулерге байланысты шай мен кофе өндіруші елдерде кофе мен шай өсіру көлемі азайған. Ал тасымалдау құны қымбаттаған. Бұл әлемдік нарықтағы тауар бағасының қымбаттауына әкелуде.
Қазақстанда соңғы бір ай ішінде жанармай бағасының қарқынды өсуі байқалады. Тасымалдау құны артқан сайын тауар бағасының да артатыны түсінікті. Демек алдағы уақытта шай мен кофе тағы да шарықтаса таңданбаңыз.
Abai.kz