Сенбі, 23 Қараша 2024
11507 46 пікір 9 Маусым, 2021 сағат 14:12

Халық санағы: Қазақ тағы 70%-ға жетпей ме?

Биыл елімізде халық санағы өтеді. Анығы 1-маусымнан бастап алғашқы кезеңі басталып та кетті. Халық санағы әр он жыл сайын өтіп, мемлекеттің даму стратегиясын анықтайтын нақты сандарды көрсетіп беретін маңызды құжатты жасақтайды. 2019  жылы өтуге тиіс болған халық санағы елімізде екі жыл қатарынан кешіктірілді. 2019 жылы президенттік сайлауға байланысты шегерілсе, 2020 жылы коронавирус пандемиясына байланысты кейінге қалдырылған еді. 

1989 жылғы мәлімет бойынша Қазақстандағы халықтың саны 16.1 млн адам болған. Оның ішінде қазақтардың саны 6.4 млн немесе халықтың 40,1 пайызын құраған. Ал КСРО құлап, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін халық санағы 1999 жылы өткізілді. Санақ бойынша елімізде 14.9 млн халық тұратыны анықталды. КСРО тарағаннан кейін біраз 1 млннан астам халық Қазақстаннан қоныс аударды, олардың ішінде славян ұлттары мен немістер көп болатын. Сол себепті де 1999 жылғы санақта халықтың саны 10 жыл бұрынғы көрсеткіштен 1.2 млнға аз болып шықты. 1999 жылғы санақ бойынша қазақтың саны 7.9 млн адамды құрады. Пайыздық кқрсеткіште бұл жалпы халықтың 53,4 пайызы деген сөз. Қазақ өз жерінде қайтадан көпшілікке айналды. XX ғасырдың басында басталған геноцидтік және отарлау саясатының салдарынан аштыққа ұшырап, атылып, қудаланған қазақ 50-жылдары өз жерінде 29%-ды құрап, азшылыққа айналған дәуірден кейін, араға жарты ғасыр салып, қайта көпшілікке айнала бастады.

2009 жылы заңдылық бойынша кезекті халық санағы өтті. Санақ нәтижесі бойынша елімізде 16004800 адам тұратыны анықталды. Қазақтар саны 10098600 адам, пайыздық көрсеткіште бұл 63,10 пайыз деген сөз. Он жылда қазақтың саны пайыздық дейгейде тағы 10%-ға артқаны көрінді. Оның ішінде сырттан Атажұртқа қоныс аударған қандастардың да үлесі басым болды.

2009 жылғы халық санағы үлкен даумен аяқталды. Санаққа 1,144 миллиард теңге қаржы бөлінген еді. Алайда санаққа тек қана 379 миллион теңге ғана жұмсалып, қалғаны жемқорлық негізінде жоғалып кетті. Санаққа басшылық еткен Анар Мешімбаеваның үстінен қылмыстық іс қозғалып, ол Ресейге қашты. Кейіннен Ресейден әкелініп, 7 жылға сотталды. 2009 жылы 1-қыркүйекте ел президенті Н.Назарбаев өз үндеуінде еліміздегі қазақтардың саны 65% деп атады. Ал 2010 жылдың ақпан айында санақтың жаңа нәтижесі шығып, онда қазақтың саны 63.1% екені жазылды. Алайда көптеген демографтар халық санағының нәтижесіне күмәнмен қарайды. Олар елдегі ұлттық көрсеткіште сәйкессіздіктер көп дейді. Мысалы демограф Мақаш Тәтім бұл санақ туралы: "Мен халық санағы БҰҰ нұсқаулықтарын бұзумен өткізілгенін білемін, соған байланысты ол өзінің ғылыми құндылығы мен ғылыми талдауға жарамдылығын жоғалтты. Есептегіш сауалнамаға шынымен сұхбаттасқан адамның мәліметтерін емес, ақпаратты ауадан енгізген кезде ешқандай объективтілік туралы айту алмаймыз. Мұндай фактілер соңғы санақта болған. Демек, демография саласындағы мамандар үшін осылайша жүргізілген санақ науқаны фальсификация көлемі жағынан қызықты болуы мүмкін. Біз қазақстандық қоғамның нақты көрінісін емес, бұрмаланған сандарды алдық. Оны дәлелдеу маған қиын емес",-  деген еді.

Енді міне араға 12 жыл салып кезекті халық санағы өтуде. Биылғы халық санағы жаңа әдістермен өтетін болады. Оған пандемияның және цифрлық дамудың тікелей қатысы бар. Халық санағын өткізу бойынша екі әдіс қолданылмақ. Біріншісі үй үйді аралайтын дәстүрлі әдіс, ал екіншісі сайт арқылы қолданылатын әдіс. Дәстүрлі әдіс бойынша санақ 1-30 қазан аралығында өтеді. Ал сайт арқылы санақ 1-қыркүйек пен 15-қазан аралығында ұйымдастырылады. Осы аралықта сіз sanaq.gov.kz сайтына кіріп өзіңіз және отбасыңыз жайлы мәліметтерді қалдыра аласыз.

Биылғы санақтың ұраны "Қазақстанда әркім маңызды!" болып отыр. Ал жалпы санаққа 2018-2023 жылдар аралығында 9,1 миллиард теңге бөлінген. Соның 3.4 миллиарды игерілген. Санақтағы сұрау парағында 87 пункт бар, оның ішінде 67 сұрақ және 20 нақтылау сұрақтары.

Алайда маңыздысы бұл емес. Маңыздысы биылғы санақта қазақтың саны қанша болмақ? Міне, өзектісі осы. Арман болған 70%-ға Алаш баласы биыл қол жеткізе ма? Қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан бұл жайлы 28-сәуірде былай деп жазды. "Қазақстандағы ұлттық құрам бойынша ақпараттар жарияланды. Қазақтың саны тағы да 69%. Бірақ 69% дегеніміз 2009 жылы болып еді, артынша олар "қателестік" деп 65%-ке түсірді, кейін тіпті 63% құлатты. Енді міне тағы да 69% деп отыр. Марқұм Мақаш Тәтімовтың болжамы бойынша қазақтардың саны 2009 жылы расымен 69% болған, ал  2020 жылы 80% болды. Оны соқыр да көріп тұр. Қазақтарды тағы да 69% дегенге сенбеймін мүлде". 

Қазақтың саны 70%-дан жоғары болса мемлекеттік тіл, ұлттық саясат деген билік үшін бас ауыртар мәселелерді қайта қарап, қозғауына тура келетіні анық. 2021 жылдың халық санағында қазақ тағы 70%-ға жетпей қала ма?!

Асхат Қасенғали

Abai.kz

46 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3240
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5383