Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 7483 2 пікір 11 Маусым, 2021 сағат 14:01

«Қойдымды әйгілі ақын жасап жүрген – Таңжарық»

Жалғасы

Басы: «Мұқағали Қытайдағы қазақ поэзиясына үлгі болды»

Тәліпбай Қабаев, баспагер, ақын, зерттеуші:

Көдектің «Сасан ауылына барғанда» деген өлеңіңінің тарихи артқы көрінісіне қысқаша тоқтала кетсеңіз?

– 1980 мамыр айында Шыңжаң әдебиет-көркемөнершілер бірлестігі жағынан Көдек Байшығанұлы Маралбайдың ел арасында айтылып жүрген өлең-жырларын жинау үшін арнайы сапармен Іленің Мұңғұлкүре ауданына, оның Ақдала ауылына бардым. Өйткені бұл ауылдың әкімшілігінде баласы Айтуған бар еді. Ол әкесінің бірсыпыра өлеңдерін жатқа білетін. Одан басқа жылқышы Қашқынбай, қойшы Қайыңбай деген кісілер де біледі деп естігем. Сеніп барғаным, көбінше осы кісілер болатын. Барған соң ауылдың әкімі Атықан: Теріскейде (қазіргі Ұзынбұлақ ауылы) Әділбай дейтін молданың да көп білетінін айтты. Әрі осы кісілерді шақыртып әңгімелесу орайын жаратып берді. Әңгімелесу барысында Көдек ақынның Мұңғұлкүре өңіріне келген соң ел ішіне жасаған екі сапары ерекше екенін байқадым. Оның бірі – Әкімқұлды ертіп «Тұрғын елді аралауы», енді бірі – «Тоғызтарау, Күнесті аралауы» екен. Әкімқұл ерте қайтыс болғандықтан мүмкіндік болмады. Екінші сапарын бірге басқан Әділбай молдамен осы орайда әңгімелескен едім. Бағанадан бері айтып кеткен деректердің бәрін осы Әлімбай молданың айтып берген әңгімесінің желісімен айтып отырмын. Ал енді Әлімбай молданың Тоғызтарау мен Күнеске сапарының қалай басталғанын оның өз аузынан баяндайын:

– Ел жайлауға шығып болған кез еді. Жаңылмасам 1932 жылы болатын. Бір күні ойда жоқ жерден біреу маған, сені Көкең («Көкең» деп Көдек ақынды айтып отыр, – Т.Қ.) шақырып жатыр деген соң бардым. Үйлерінде бірсыпыра кісілер бар екен, – деп бастады әңгімесін Әлімбай молда. Ол ары қарай әңгімесін сабақтап:  – Көкем маған: – Келдің бе? – деді.

– Келдім, Көке, – дедім. Аздан соң кісілер тарасты. Көкең маған:

– Жағдайың келе ме, мені Тоғызтараудағы Дарубай, Әнәпия,Нұрсапалар тағы да шақырып, келген біреуден хат жіберіпті. Жағдайың келсе бірге барып қайтайық, – деді.

– Мен тұтқиылдан айтылған бұл сөзге не дерімді білмей тосылып қалып едім:

– Жағдайың келмесе, онда басқа біреу барар, – деді солғындау.

– Барсам барайын, Көке, – дедім мен ол кісі ренжіп қалды ма екен деген оймен, – бірақ дереу жүре қоюуға...

– Ой, бүгін жүре қоятындай неменеге абыржыдың, келер сәрсенбіге дейін дайын болсаң болды, – деді Көкең риза болып.

– Түске таяу Көкең біздікіне келді. Мен де дайын тұрған едім, жүріп кеттік.

Көкеңнің астында сол Кеңес Одағында жүргенде баптап мініп жүрген, бөрі маңысы бар күрең төбел, жүрген сайын шұлғый басып жайтаң қағады. Менің астымда тор жорға, бұда Кеңес одағынан келген. Енесі Солтанқол қажының жылқысының тұқымы.

Бұл жылы Көкеңнің көңілі көтіріңкі еді. Оның себебі, бірі – Кеңес Одағында қалған жақын туыстары – Игенбай ауылы. Жансеркенің Бердіқұлы, Шойқы молданың Сауқымбек қатарлы балалары, тағы басқа айттың ауылдары түгелге жуық келіп Көкеңнің көңілі орнына түскен еді. Енді бірі – жаңа келгендегідей емес, тұрмыстары да оңала бастаған. Есігіне екі-үш бұзау байланып, сойыс ұсақ мал жинап, алдағы жылдары қонаққа лақ соя алмайтын күйсіз халден құтылып еді.

Біз бір жұмадай Тоғызтарауда аялдап, басы кешегі күні Кеңес одағындағы Алжанның болысы болған Разаққа аман-сәлем жасап, ендігі бет беталысты Күнеске бұрдық. Көкеңнің әуелгі ойы да осы болатын. Маған:

– Қызайдың кіндікті, ну жері Күнес деседі. Онда Сасан деген әруақты би өтіпті. Байлығына Салтанаты сай дегенді де естиміз. Айттың Тұрлықожасынан, Қызылбөріктің Ерсарысынан қалай екен көрсек. Тағы бір жағынан, Таңжарық дейтін ақын жігіт ана жылдары Құсық нағашыларына барып көп жүрген, албанға балдай батып, судай сіңген еді. Сол азамат Қойдыммен айтысыпты, оған да жолығайық, – деді.

Бұл сапарға Көкеңнің осы сөзі бастаушы болды. Онда барған соң әуелі түсетін адамдарды, олардың қоныстарына дейін бұрын барғандардан әбден біліп алған екен. Біреуі – Алпысбай зәңгі. Алғаны айттың қызы. Енді біреуі Талдыдағы Х зәңгі. Бұл да айттан қыз алыпты.

Тоғызтараудың Шашысынан шыққан күні Х зәңгінің үйіне қонып, қайта айналғанда келетін болдық та ілгері кеттік (Бұл Х зәңгінің атын сол әңгіме үстінде Әділбай айтқан еді. Естен көтеріліп кетіпті,Т.Қ). Алпысбайға бара жатып Шапқының Ақөзенінде отырған Сасан ауылына бұрылдық.

Біреулерден Мақсұтты сұрап едік, ол кісіні: «Дағыты асуында жүр, жақынан бері үйінде жоқ», – деді. Содан соң ол адамнан сұрап-білген соң Жәйірбек маңпаңның («маңпаң» (баңмаң) – мәнсап аты, қытай тілінде ақылақшының көмекшісі деген сөз.Ә.Ә) үйіне түстік. Атымызды аласалау келген қара жігіт ұстады. Үйге сәлем беріп кірдік. Есіктен кіргенде оңжақта ағаш төсек бар екен. Жәйірбек маңпаң соған арқасын бере отырыпты. Төрдегі бірнеше адаммен әңгімелесіп отыр екен. Есіктен сәлем берген бізге бір қарады да сәлемімізді селқостау алды. Барып біз төрдегі адамдардың аяқ жағынан орын алдық. Ол бізге: «Не қылған адамсыңдар» дегендей тағы бір қарады. Көкең келген жайды басалқы, жай отырып айтып келді де: «Қысқасы сіздермен танысайық, білейік, көрейік деп келдік», – деп еді. Мампаң ыстық ықылас көрсетпеді. «Бұл қалай?» дегендей Көкең маған қарап еді, мен есік жақты көрсетіп ымдадым. Мұным: «Кетейік» дегенім болатын. Сонан соң орнымыздан тұрып сыртқа беттедік, атқа келдік. Әлгі аласа бойлы қара жігіт бізден озып барып атты шешті де Көкеңе қарап:

– Сіз осы Көдек ақын емессіз бе? – деді күлімсіреп.

– Иә, – деді Көкең оған. «Мені қалай таниды» дегендей таңырқап қарап.

– Бұл кісінің мінезі осындай, ренжімеңіз, – деді.

Ауылдан ұзап шыққанда артымыздан, «Тоқташы, тоқта!» деп біреу құйын-перін болып шауып жетті. Дәл бір жаяу жүргіріп келген кісіше алқынып:

– Ой, артқа қайтатын болдыңыздар, – дейді.

– Неге?

– Маңпаң сіздерді шақырады.

– Не деп.

– Жаңа сіздің Көдек ақын екеніңізді білмей қалыпты. Мен ол кісіге сіздің жайыңызды айтқан соң шақырып кел деді.

– Сол ма?

– Сол.

– Сол болса біз қайтып бармаймыз. Атасының әруағын естіп танысып, білісейік деп келсек, мұныкі не қылық? – деді Көкең күреңітіп, – Бірақ саған рақмет, иман жүзді бала екенсің, сен ренжіме, қарағым қайта ғой, – деді.

– Мұндайда бұрылатын Көкең бе, жүрді де кетті. Бірақ жігіт қалатын емес,

– Бармасаңыздар менен көреді ғой. Жүріңізшы, ақын аға! – дейді жалбарынып. Ақыры жігіттің көңілі деді ғой деймін, Көкең:

– Болады. Тілің қалмасын, қарағым, – деп атының басын кері бұрды.

Біз қайта келгенде Жәйірбек сыртта тұр екен. Аттан түскен бізді үйіне бастады.

– Бағана, жолың болғырлар, жөндеріңді айтсаңдар болмай ма, осыдан біраз жерде бір ақын қатын бар еді, алдырып сонымен айтыстыратын едік қой, – деді. Қарқылдап күліп. Шай келді. Шай ішіп отырғанда:

– Қап! – деді, әлде неге өкінген кісіше, – әлгі қатынды алғызсақ болғандай екен, тамашасын көретін!

«Қап!» дегенде бәріміз жалт қарасқамыз. Оның жайын білген соң үндемей жайымызға отыра бердік. Сонан бір кезде:

– Әй, сол қатын бар ма екен деші, – деді әлгі жігітке қарап.

– Жоқ, төркініне кетсе керек.

– Төркіні кім екен?

– Білмедім.

– Төркіні кім ғой дейсің, не матай, не албан шығар!

– Білмедім.

– Сенің білгенің кімге дәрі?

– ...

– Ең болмаса әлгі Таңжарықтың болмағанын қарашы! Осында Таңжарық деген ақын бар. Сол болса да бола беретін еді. Оны сендер білесіңдер ме? Ол болса бәрін өлеңге қосып айтушы еді.

Етте келді. Тамақтанып, кешінде сол үйде еру болып, ертесі ауылдан шыға бере:

   «Бір бала бар – әкеге жете туады, бір бала бар – әкеден аса туады, бір бала бар – әкеден қаша туады», «Жаманнан туған жақсы бар – адам айтса нанғысыз, жақсыдан туған жаман бар – бір аяқ асқа алғысыз»

– Мына кісінің әңгімесі қызық екен, – дедім мен Көкеңе қарап. Көкең күлді де:

– Ондайлар кімде жоқ. Баяғыда өзіміздің түгленбай осыдан қанша артық еді. Сода болыс болған. «Жақсы әкенің әруағы жаман балаға қырық жыл азық» деген сол. «Бір бала бар – әкеге жете туады, бір бала бар – әкеден аса туады, бір бала бар – әкеден қаша туады», «Жаманнан туған жақсы бар – адам айтса нанғысыз, жақсыдан туған жаман бар – бір аяқ асқа алғысыз» дейтін атам қазақ сөзі бекер айтылмаған. Ертеде Ұзақ айтыпты деген сөз әлі есімнен кетпейді.

Бірде Жәмеңке мен Ұзақты ардақтап, алқаған жұрт ішінен біреу Ұзақтан:

– Біздің албанда Жәкең (Жәмеңкені албан елі Жәке деп атаған) мен сіз екеуіңізден мықты бар ма, болса ол кім? – деп сұрапты. Сонда Ұзақ:

– Е қызталақ, Жәмеңке екеуіміз мықты болсақ не ісімізбен, не күшімізбен мықты шығармыз, не «аталары сондай еді» дерсіңдер. Менше албанда тума мықты төрт жігіт бар: біріншісі, Жамбабадан шыққан Сәрсенбайдың әкесі Елшібай аңқау, момын адам еді. Бір жолы бүркітін көтеріп аңға шығыпты. Келе жатса алдынан бір түлкі қаша жөнелсе керек. Елшекең томағалы бүркітін ұшырып жіберіпті. Ештеңені көрмеген томағалы бүркіт барып ағашқа соғылып, жемсауы жарылып өліпті. Сол аңқау Елшібайдан туған Сәрсенбай айтты аузына қаратты. Екінші, ағымсары Жалпетек деген кісі жылқышы екен. Түн ішінде жылқы күзетіп жүріп бір үйір борсыққа кездеседі. Сонда: «Борсық адамнан күшті болады» дейтін біреудің сөзі есіне түсе кетеді де: «Бәтшағар, қанша күшің бар екен, көрейін!» деп бұғалығын сілтеп қалса, шалма барып борсықтың мойнына іліне кетеді. Үйірлі борсық тым-тырақай болып жан-жаққа қаша жөнелгенде әлгі борсық тыныш тұрыпты, жұлқынбапты. Жұлқынбаған соң өзінше: «Адамнан борсық күшті болады  деген бекер болды ғой», – деп бейғамдыққа түскенде борсық шалманы жұлқи тартып тұра қашыпты. Бейғам тұрған Жалпетек аттан ауып түсіп мойны үзіліп жан беріпті. Сол Жалпетектен туған Нақысбек албанның жартысынан көбін бауырап алды. Үшінші, шоған Сімтіктің әкесі Сайлыбай сағал бау кеспе ұры екен. Бір кедей байқұс жалғыз сиырын Сайлыбай сағал ұрлап кетпесін деп қара лашық үйдің ішіне, босағаға байлап қойып: «Құдай, жалғыз сиырымды Сайлыбай сағалдан сақта», –  деп жатып қалады. Сиыры қыстан етті шыққан семіз сиыр сықылды. Мұны Сайлыбай сағал «қашан қолыма тиер екен» деп аңдып жүреді екен. Сол күні келіп тыста тұрып, әлгі сөзді естіп тұрады. Сол күні әлгі кедей байқұстың үйіне қонып жатқан қонақ: «Әй, ана сиырың сисе сідігі шашырайды, сыртқа байлаңдар»,  –  десе, «Ойбай, Сайлыбай сағал ұрлап кетеді», деп көнбепті. Сонда Сайлыбай сағал бір жіңішке шыбықты үшкірлеп жоныпты да, киізді түріп жіберіп, шиден өткізіп, сиырдың шабына түрткілейді. Сиыр бір орнында тұра алмай тықыршыпты, үйдегілерді ұйықтатпапты. Ақыры болмаған соң сиырды шешіп, сыртқа шығарып жібереді. Аңдып тұрған Сайлыбай сағал қойсын ба, қағыпты да жөнеліпті. Сол Сайлыбай сағалдан туған Сімтік бізбен үзеңгі қағысып, иық тіреседі. Төртінші, Қасаң, бұл менің өз туысым. Мұның әкесіне 4-5 айғыр үйір жылқы біткен еді. Бірақ өмір бойы жылқыға бұт артпай, өгіз мініп жүріп дүниеден өтті. Содан туған Қасаң: «Менің болыстығымды алайын деп жүр», – депті. «Жаманан туған жақсы бар – адам айтса нанғысыз», – деп осыны айт депті.

«Бисмилла деп бастайын, әуелі сөздің басына» деп басталатын дауыста Көдек ақын:

«...Өтіп жатқан дүние-ай,

Жақсы-жаман баршаңнан.

Бір кезекте батыр боп,

Қылышыңнан қан тамған.

Бір кезекте шешен боп,

Жауабыңнан бал тамған.

Қатарыңа келгенде

Озып еді қайсы албан?

Жетпіс жеті жасында

Дүниеден қайтарда

Ақбейіттің басынан

Бір жаларға жай салған» – деп, Сімтікті әрі батыр, әрі шешен, албаннан озған мықты етіп көрсетеді.

Көкеңнің әңгімесімен болып, бірталай жерді мандытып жүріп жіберген екенбіз. Кездескен ауылдың шетінен келіп жөн сұрап едік, іздеген Алпысбайымыздың ауылы болып шықты. Үйі ауылдың бас жағын ала тігілген төбедей ақ үй екен. Өзі өткен жылы Текес жаққа барып, ондағы жегжат-жұратын, қайын жұрты біздің айт ауылдарын аралап қайтқан. Ашық-жарқын, ер көңілді, қалжыңбас, сымбатты кісі болатын. Біз мама ағашқа ат байлап жатқанда шыға келген ол аңырып тұрып қалды:

– Ой, мынау Көдек қой, – деді де мойнын бұрып, – Әй, төркінің келді, Көдек келді! – деді дауыстап.

Біз Алпысбаймен құшақтасып көрісіп жатқанда туысымыз да жетті адымдай басып. Келе-ақ, Көкеңді бассап көрісті. Онан менімен қол беріп амандасты. Көпке қалмай ауылдың шал-кемпір, қатын-қалашы басты да қалды. Бұл ауылда бір аптаның қалай өткенін білмей де қалдық. Күнестің Шапқы, Ақөзен, Телғара, Адуынген, Үшкептер, Темірлік сықылды жерлерін аралап, бір аптадан соң қайтттық. Барған-тұрған жерде Көкең елдің жай-күйін көзімен көріп, мұң-зарын құлағымен естіді.

Қайта қайтар жолда Х зәңгінің үйіне келіп түстік. Бұл ауыл да ынтымағы-берекесі жарасқан ауыл екен. Барған күннің ертесі ертеңгі шай үстінде Зәңгі Күнестен қандай күйде қайтқанымызды сұрады. Көкең қолына домбыра алып, қашанғы әдедетінше ыңылдап отырып, домбыраның құлақ күйін келтіріп алды да:

– Бұл заман бәрімізден қалғалы жүр,

Ұшы – ұзын, түбі – терең жалғаны жүр.

Келуі өр – дүниенің кетуі – ылди,

Көрсеткен бір күн алдын, бір күн артын,

Әркім-ақ тіршілікке алданып жүр.

Заманға қайтіп кісі наңғалы жүр, – деп зулай жөнелді. Көкеңнің «Сасан ауылына барғанда» дейтін ұзақ өлеңі осы болатын. Бұл өлеңді Зәңгі Көкеңнің өзіне салмақ салып жаздырып алды.

 – «Кей байқұс құм-сірке болғың келсе,

Сасанның ауылына бардағы жүр,

«Тасыған төгіледі» деген сөз бар,

Жігіттер түбін байқап аңғарып жүр»

Бұл өлең рушылдықтан туындаған толғау емес, қайта сол кездегі қазақ даласындағы қоғамдық, әлеуметтік жағдайды өз көзімен көрген ақынның көркем тілмен шебер суреттеп беруі болды ғой. 

– Көдектің күрделі оқиғаға құрылған 40 шумаққа жақын бұл толғауында тілге алынған Сасан ауылы ғана емес, сол дәуірдегі қазақ қоғамындағы мәнсаптылар мен бай-манаптардың барлығына ортақ ауылдардың шынайы бейнесі көрінеді. Ақын тиіптестірілген бұл ауыл – екі аяғын салақтатып халықтың мойнына мініп алған бай-шонжарлар мен азулы байларының ордасы болып суреттеледі. Мұнде ешқандай рушылық сарынды байқай алмайсыз. Мәселен:

«Бестөбе, Талды, Шапқы жерін көріп,
Өлеңнің бас-аяғын болжалы бір.
Бегімбет, Дербіс деген екі рулы ел,
Сыңсыған қалың өскен орманы бір.
Торғауыт деген моңғол болады екен,
Осыменен шекаралас аржағы бір.
Қатын ханның қалмағы дейді екен,
Арада бітіспеген жаңжалы жүр.

Болғанмен сырты бүтін, іші түтін,
Сасанның ауылындай пормалың тұр.
Сыртынан әркім айтып мақтаушы еді,
Үлгілі жақсы ауыл деп ордалы бір.
Бұрынғы мақтауына қарағанда,
Барған ел шынын айтпай қорғанып жүр...».

«...Нүптебек бұрын өлген деп айтады,
Одан да әр алуан сөз қалып жүр.
Өлеңшің аттанқырап айтпай кетті,
Әйтпесе талай жерге барғалы жүр.
Еркінбек пен Жайырбек ағайынды,
Сасанның бел баласы ол-дағы бір.
Шынжыр балақ, шұбар төс шонжарың жүр,
Тараған бес қатыннан бес ауыл боп,
Он үш ұл он үш мың ел қолға алып жүр.
Байлық, мәнсап солардың бәрі өзінде,
Есепсіз төрт түліктен мал бағып жүр...».

«...Мақсұтты көргенім жоқ, естуім бар,
Шерікпен Дағыты жол бағып жүр.
«Ылау ат, қой, сиырды әскерге бер»,
дейді де аржағынан пайда алып жүр.
Жүз қойдан, он бір өгіз, он қарадан,
Күніне бес жүз бастан айдалып жүр.
Айырылып ат-тонынан құр қалып жүр.
Түтінге бес қап тары қаралатып,
Сарқыты ауылында мол қалып жүр,
Артылтып торғауытқа былай сатып,
Жүргеннен ары-бері олжа алып жүр.
Біреуге біреу сырын айтпаса да,
Дүрбімен қарағандай болжанып жүр...».

«...Бір-екі шабарманын менде көрдім,
Елінен жүйрік пенен жорға алып жүр.
Мал алып аржағынан пайда көргіш,
Айырылып ат-тонынан бор қалып жүр.
Біреудің  пәлен атын ап кел десе,
Еріксіз ұрады екен шалманы бір.
Ырысқұт соятұғын керек болса,
Аржағы қой, сиырға жалғанып жүр.
Кісінің қора-жайын тартып алып,
Әркімге тиеді екен зардабы бір.
Ұлықтан Мақсұт  қиын жолықты деп,
Елінің бәрі жылап зар қағып жүр», – десе, және:

«Сасанның Еркінбегі – мынау дейді,
Тылтиған қара кісі пормалы жүр.
Аласа шаршы келген сүйегі бар.
Жаялы сары ат мінген жорғалы жүр,
Күйеуін олқысынып бармай жүрген,
Әуезін Мұратбектің алғалы жүр.
Жайырбек бір ағасы маңпаң екен,
Көзінің шайтаны бар шамданып жүр.
Көрімдік көрген елден сұрайды екен,
барған жан пұлың болса қамданып жүр.
Бір ауыз сөздің жөнін айтар болсаң,
Қақ басқа қамшыменен салғалы жүр...».

Ақын бұдан былай және тереңдеп:

«...Отыншы, сушы болып бірталай жүр,
Өмірі жоқшылықпен жалданып жүр.
Үстінде іліп алар лыпасы жоқ,
Әйтеуір тамағы үшін жан бағып жүр.
Ақысын шығысына былай орап,
Кедейді өмірінше малданып жүр.

Істейтін басқа амалы болмаған соң,
Білместен не қыларын дағдарып жүр.
«Осыдан қайтып кекті аламыз?» деп,
Тістеулі аузында бармағы жүр.
Кісіні кісі байқап біледі ғой,
Ішінде талайының арманы жүр.

Қуырып тары түйген өңкей қатын,
Бір-екеу тезек теріп жан қалып жүр.
Тартып пұл мен шайын несиеге,
Алтынға мыс пен жезін аударып жүр.
Сұрақшы, іздеушісі болмаған соң,
Әйтеуір талай сорлы сандалып жүр.
Малы жоқ нашар адам қарыз алып,
Қаныңды одан кейін сорғалы жүр.
«Обалсыз жаны ашымай алады» деп,
Жағасын әркім ұстап таңғалып жүр», – дей келіп ақын:

«...Өсімқорлық, тәкапарлық, саудагерлік,
Байқасам кәсібіне сол жағып жүр.
Қорлық-зорлық пәленің бәрі осында,
Кедейді құтқармайтын қармағы жүр,
Жақсылық бір кісіге артылмапты,
Малды да зұрғансұмын сол бағып жүр.
Кей байқұс құм-сірке болғың келсе,
Сасанның ауылына бардағы жүр,
«Тасыған төгіледі» деген сөз бар,
Жігіттер түбін байқап аңғарып жүр», – дейді. Бұл езілген халыққа аяушылығын, кейінгі жастарға ақыл-кеңесін, өсиетін білдіреді.

«Көкеңе сол Мақсұт ақалақшыдан хат келіпті деп естідік. Көкең осыдан кейін «Жауап хат» деген өлеңін жазып, оны шүйке Әрінбектен Мақсұт пен Таңжарыққа жіберіп береді»

Көдектің Күнеске барған осы сапарында ақын Таңжарыққа жолығу ойы болған дедіңіз. Соған қарағанда Көдек пен Таңжарық бірін-бірі бұрыннан жақсы білетін болды ғой?

– Көдектің Күнеске барған сапарын, оларды қуғыншылардың қуып, Тоғызтараудағы Дарубай ақылақшысының ақ ордасына келіп жан сауғалағанын осы тірі куәгер Әлімбай молданың маған айтып берген әңгімесінің желісімен айтып отырмын. Ешқандай алып-қосқан жерім жоқ. Көдектің Таңжарыққа жолығу ойы болғаны рас. Көдеке ат қосшы болып жүрген Әлімбай молда: «Көкең бұл сапарына, әсіресе Дарубаймен болған әңгімелеріне қатты риза болды. Бар өкінгені Таңжарықпен кездесе алмағаны болды», – деген еді.

Әлімбай молда әңгімесін одан ары сабақтап: «Таңжарық ақын Сасан бидің кейбір балаларының қара халыққа жасаған зорлық-зомбылығына қарсы келгені үшін қолға алғызатын болғанда Қазақстанға Нүптебек Сасанұлының «сетік көк» деген жүйрік атын ұрлап мініп қашып өткен екен. Онда екі-үш жыл тұрып, «түп нағашым» деп албан ауылдарында жүріпті. Сонда Көкең ауыл әкімі екен. Қарқарада бұлар танысып, көп бірге болыпты. Өлең-тойларда бірге өлең айтыпты. Содан Байсейіт ауылының келіні Қойдым дейтін өлеңші әйелмен айтысыпты. Кейін еліне қайтып келіпті. Келсе Нүптебек атын даулап, Таңжарықты ұстатпақ болыпты. Содан соң Таңжарық ақын Күнестен қашып Текес, Мұңғұлкүре, Нылқы, Сүйдің жақтарда ел аралап жүріпті. Содан соң Алпысбай ақалақшы мен елі араға түсіп әрең зорға бітім болып ауылына қайтқан екен.  Көкең соған Таңжарықпен сөйлессем деп Күнеске барудың бір жағы осыған да байланысты еді. Бірақ Таңжарық Дағыты асуында Мақсұтпен бірге жүргендіктен жолыға алмай өкініп қайтты.

Содан арада бірнеше ай өткенде Көкеңе сол Мақсұт ақалақшыдан хат келіпті деп естідік. Көкең осыдан кейін «Жауап хат» деген өлеңін жазып, оны шүйке Әрінбектен Мақсұт пен Таңжарыққа жіберіп береді. Өйткені Әрінбектер Кеңес Одағынан босып Күнеске барғанда Сасан бидің Нүптебек деген баласы Әрінбектің қарындасы Сүйімді алған екен. Әрінбектер Текеске көшіп келген соң да олардан қол үзбеген, үнемі барып-келіп тұрған...», – деді.

«Өзің ойлап көрші, өз елінен қуғын көріп, нағашысынан тиянақ тапқан ақын Таңжарық албан елін қалай ғана дәті барып жамандап өлеңге қосады. Олай болу мүмкін бе?»

Қазіргі Таңжарық  танушылар «Таңжарық албанның әйгілі ақын қызы Қойдыммен айтысып, оны жеңді» деп зерттеп жүр. Бірақ Көдектің «Жауап хат» деген өлеңінде Қойдымды ауыл арасындағы жай өлеңші әйел ретінде суреттейді. Осыған сіздің пікіңіз қалай?

– Бұл сөзіңнің жаны бар. Қойдымның осы айтысынан, басқа керемет дүниелерін көргеміз жоқ. Мүмкін Қойдым тапбермеде сөзді тауып айтатын суырып салма ақын да болған шығар. Негізінен оның атын шығарып, әйгілі ақын жасап жүрген Таңжарық қой.

Қазақстандағы Тілеужан Сақалов деген адам Таңжарықтың өлеңдерін құрастырып бір кітап шығарыпты. Соның ішінде «Таңжарық пен Қойдымның айтысы» бар. Бірақ ол айтыс пен біздегі таралып жүрген айтыс ортасында парық көп. Мұның өзін түп нұсқа деуге әлі ерте. Мұны кім құртты деген де кейінгі кезде бірбөлім Таңжарық өлеңін жинаушылар құртқан көрінеді. Солар айтысқа рушылықты  қосып жіберген секілді. Өзің ойлап көрші, өз елінен қуғын көріп, нағашысынан тиянақ тапқан ақын Таңжарық албан елін қалай ғана дәті барып жамандап өлеңге қосады. Олай болу мүмкін бе? Әрине, мүмкін емес…

Алғаш Шыңжаңда Таңжарық шығармаларын басатын кезде, жинақта осы «Таңжарық пен Қойдымның айтысы» бар болатын. Кітапты талқыға салдық. Сонда мен айттым:

– «Таңжарық пен Қойдымның айтысы» туралы дау тек бүгін ғана туындап отырған жоқ, бұрыннан бар әңгіме. Бұл айтыс егер шын мәнінде болған болса, әсілгі түп нұсқасы күйеу баласы Бұқара Тышқанбаевтің қолында бар. Соны табыңдар, ел ішінде тарап жүрген кейінгі айтысында рушылдық араласып кеткен. Баспаға берсеңдер сол нұсқасын тауып беріңдер. Мынаны кітапқа қосып жіберсеңдер рулардың арасына әлі де ірткі туады, – дедім.

Менің пікірім есепке алынып, Таңжарықтың алғашқы жинақтарына кіреген жоқ. Кейінгі жинақтарына кірді ме, кірмеді ме ол жағын мен білмеймін.

–  Тәліпбай аға, енді Көдектің «Жауап хат» деген толғауына кезек берсек қайтеді?     

Оқырмандарға түсінікті болу үшін және менің жоғарыда айтқандарымды толықтыра түсу үшін «айтыс болды» деген 1925 жылы Нарынқол Тұзкөл болыстық комитетінің төрағасы болып істеген, 1930 жылдары Қытай асып, 1937 жылы Текестің Мыс деген жерінде дүниеден өткен Көдек ақынның «Жауап хат» деген толғауын оқи кеткенім артықтық емес.

«Аман ба, ағайындар, мал-басың-ай,
Көңілді қайғы бұлты шалмасын-ай,
Жаралып жер бетіне келгеннен соң,
Бір нәубет келмей қоймас жанбасыңа-ай
Мысалы, ұшқан құста жүре бермей,
Қанаты талған жерге қонбасын ба-ай.
Жетіліп, кемеліне келгеннен соң,
Ай толып жарық болар онбесінде-ай.

Бір келіп, дүниенің бір кетерін,
Осындай азаматтар болжасын-ай.
Жалғанның жарығы – кең, опасы – тар,
Дүние кімнен өтпей қалғасың-ай.
Дүниенің алды – семіз, арты – артық,
Түйенің қатпа болған солмасындай.
Тұрғандай бір қалыпта көрінбейді,
Іленің егілмелі борбасындай.
Жамандық аяқасты болғанында,
Жақсылық ұзағырақ таубасында-ай.
Дүние кімге жолдас болар дейсің,
Бір күні жерге тиер жамбасың-ай.
Ұстаса құзға қарай лақтырар,
Қол тисе түп етектен жармасып-ай.

*         *          *

Маңызды, өнегелі әңгімеге,
Сусыны естігеннің қанбасын ба-ай.
Қайғырған жас талабын жарамайды,
Боз бала заманында зауласын-ай.
Кезінде әр заманның-тіршілікте
Сыйласып жүрген жақсы қолдасып-ай.
Білімді, зерек болар боз баланың,
Белгісі он беспенен он жасында-ай.
Ақылы терең жігіт мыңнан біреу,
Байлардың астық қойған қоймасындай.
Кең ойлы, миы толық кемеңгердің,
Ақылы өзеннің кең арасындай.
Баяғы Қарқараға келгеніңде,
Бір мақал айтып еді жан досым-ай.

(Бұл арада Таңжарықтың Қарқарада болғанын меңзеп отыр, – Т.Қ)

Онан ары қарай ақын:

Сабырлы, сара туған сабаз еді,
Зауаттың асыл соққан балғасындай.
Қайраты бір кісінің келмес деген,
Оралды жылан менен арбасып-ай.
Таралық өсіп өнген албан, қызай,
Қай жақтан кәдік болса, қатер содан,
Ұстар деп етегінен жармасып-ай.
Тар жолда былай тартсаң өгіз өліп,
Қалмайды былай тартсаң арба сынып.

Астарлы әңгіменің түйіні бар,
Білермен түбін ойлап шарласын-ай.
Мәнісі жұмыр сөздің байқалмайды,
Тарттырған тиірменнің қармасындай.
Кейінгі жас өспірім азаматтар,
Сөзімнің соғар жерін аңласын-ай.
Алыстан арқан созып оралатын,
Малшының лақтыратын шалмасындай.

*          *           *

Таралып өсіп-өнген албан, қызай,
Екпенің күзге піскен алмасындай.
Ұйқылы соны түбек әркімде бар,
Секілді құтпан айғыр жалдасым-ай.

(Мұнда ақын «құтпан айғыр» деп Мақсұтты айтып отыр,  – Т.Қ)

Түріне дүниенің қарағанда,
Шәрінің алып-сатар саудасындай.
Ынтымақ тұрар жерде ырыс тұрар,
Жүріңдер бір-біріңе жалғасып-ай.

Пенденің несібесі шашылғанда,
Әр жерге дәм-тұз қуып бармасын ба-ай.
Күнеске ана жылы барғанымда,
Еркінбек қондырмады алғашында-ай.
Бір жігіт артымыздан шақырған соң,
Сасанның бір күн қондық ордасына-ай.
Біреуі көп жылқының өлген екен,
Науқастың бір ет жедік қалжасындай.
Баяғы Солтанқұлдың үлгісінің,
Емес қой жақтасада пормасындай.
Ақылшы, мампаңына қарағанда,

(Мампаң – мәнсап аты, болыс, ақылақшылардың көмекшісі, – Т.Қ)

Бәрібір мінезде екен ол да осындай.
«Бұл жақта шаруаңыз бар ма еді» деп.
Әуелі сұрамады жол болсын-ай.
Әркімнің атасының үлгісі бар,
Алты күн аш жатса да қарны ашып-ай.
Бұрынғы Ұзақ батыр айтпады ма:
«Әйтеуір алдымызда бар болсын-ай».
Бұл жауап бұныменен тұра тұрсын,
Басқа сөз енді келсін қамдасып-ай», – деп ақын негізгі әңгімеге ойысады.

*       *        *

Үйіне Алпысбайдың айтып едік,
Арынбек сөзің жерде қалмасын-ай.
Қағазын оқып көрсек болар еді,
Күнеске бізден кейін барғасың-ай.
Ауызша әңгімесін айтқаныңда,
Мақсұт бір хат жаздырған молдасына-ай.

(«Молдасы» деп ақын Таңжарықты айтып отыр, – Т.Қ)

Бұған дәлел ретінде Таңжарықтың мына өлеңін оқып көрелік:  

«Жарандар, жалған емес осы сөзім,
Тоймаған тамашаға шіркін кезім.
Өткен жаз, жайлау үсті, алтыншы айда,
Мақсұтқа хатшы болып жүрген кезім.
Бұйрығы Мақсұт бір күн Бөкең жаққа,

(«Бөкең» деп қызайдың бөгенбай руын айтып отыр, – Т.Қ)

Қараңдар душар болған істің тезін,
«Сүлеймен, мампаң Ысқақ тез келсін» деп,
Аудынгерге бардым жалғыз өзім.
Астымда жарап жүрген жирен жорға,
Ас-суын ел ішерде жеттім зорға.
Іс шұғыл, уақыт тығыз, бұйрық солай,
Болмаса қонбас па едім орта жолға.
Айналып бір тұмсыққа шыға келсем,
От шықты жарқылдаған қалың орда.
Қалың ат мама ағашта байлаулы тұр,
Топ етіп түсе қалды хатшы – молда»

(Таңжарық таңдамалы шығармалары» І кітап, 201-202-бет. «Шыңжаң халық баспасы», 1990 жыл, – Т.Қ)

Біз тағы Көдектің өлеңіне кезек берелік:
«Жолықпай маған неге кетеді» деп,
Өкпелеп қалған екен ол басында-ай.
Сөзіне сөз қайтарып жіберейік,
Із қуған сонаршыдай қар басылмай.
Ауылына біз барғанда үйінде жоқ,
Жүр екен Дағытыда жол тосып-ай.
(Мақсұтты айтып отыр , – Т.Қ).
Кісіден барып-келген сұрағанда,
Бір қонып жетеді екен жол басып-ай,
Арасы қашығырақ көрінген соң,
Болды алыс көрісуге жол қашық-ай.

«Қойдыммен айтыстым» деп ел жамандап,
Таңжарық, не қылайын жолдасыңды-ай!
Осы жерден орыс жерге қашып барып,
Содан албан көрмеп пе еді көз жасыңды-ай?!

Озынған Қойдым болса ақын емес,
Жүрген жан бойын түзеп, сән басып-ай.
Кететін ақын бар ед бор қаптырып,
Ізінде жасыратын шаң басып-ай.

(«Кететін ақын бар ед бор қаптырып» деп Албанның сүйіндік руының келіні Әсел ақынды айтып отыр, – Т.Қ)

Бәлки  ол сол сиқты болды ма екен,
Түлкінің ән айтқызған қарғасындай.
Сұрадым кейін келген Сұраншыдан,
«Бар депті айтысқанда сол қасымда-ай».
«Жамандап елді сырттан өзі айтыпты,
Ағайын жалған сөзге нанғансың ба-ай».
Өлеңі бір-екі ауыз бар көрінеді,
Жылқының үш аяқты жорғасындай.
Сарыны серпініне жуықтамай,
Бағдарын кете алмаған дәл басып-ай.
Әдеп пе ауыз екі айтыс етіп,
Басқаны көкімегі алжасып-ай?

«Таңжарық бір ықтасын тапқан екен,
Шіріген қарағайдың қордасындай.

(«Ықтасын» деп Мақсұтты айтып отыр, – Т.Қ).

Өзіне тиер сөзді болжамаған,
Бұқаның ақылың бар дорбасындай.
Салмақтап ақ-қарасын салмақтағанда,
Әуелі тазалап ал өз басыңды-ай.
Қойындай саудагердің борыш ұрған,
Жылқының айыбың бар таңбасындай.
Білермен жақсы жігіт болса егер,
Жамандап рулы елді қорласын ба-ай.
Халықтың түгел бәрін шынағандай,
Қытайдың келіп пе екен олжасын-ай.
Жауабым оған айтар толып жатыр,
Пешеті тұра тұрсын аузы ашылмай».

Таңжарықтың Қытайдан қашып барып, нағашыларын қара тұтып 1922-1925 жылдары Нарынқол, Кеген өңірінде паналағаны бар. Сол кезде ауыл арасындағы тойда сән қуған кербездердің бірі Қойдымға кездесіп, бірер аузыз сөлесіп қалғаны айтылады. Кейін Таңжарық еліне келгенде алдына қағаз жайып, қолына қалам алып жаңағы әңгімені дамытып «Айтыс» жасап 1931 жылы Аудынгер жайлауында қайта жазып жұртқа жайған. Бұл жайлы сол тұстағы көне көздердің бәрі де айтып жүретін. Таңжарықтың ақындығы 1930 жылдан кейін барып белгілі бола бастағын, өте-мөте Үрімжідегі Гоминдаң түрмесіне қамалған тұста оның ақындығы жоғары деңгейге жеткен. Бұл туралы Таңжарық танушылар да осылай зерттеп жазып жүр.

Біздің елдегі кейбір Таңжарық танушылар Таңжарықты «алашшыл» ақын деп зертеп жүр. Тіпті «жекелеген алаш арыстарымен жүздесіп пікірлесті» деп зертегендер де бар. Сіз бұл зерттеудің қаншалықты негізі бар деп ойлайсыз?

– Таңжарық – ақын ғой. Ақын болғанда дарынды, сыншыл реалист ақын.  Қазіргі заман қазақ әдебиетінің көрнекті алға басар демократ өкілдерінің бірі. Ақындығына көз жұмуға келмейді. Алаш арыстарының қандай өкілдерімен кездескені, пікірлескені туралы әлі ешкім білмейді. Алаштың өкілдері Нарынқолда да болған ғой, мүмкін солармен кездескен де шығар. Кейін Мұхтар Әуезов пен Ілияс Жансүгіровтың Нарынқолға барғанын білемін. Бірақ олар Таңжарыққа кездесті дегенді естігенім жоқ. Ал Көдек Маралбаймен кездескен, пікірлескен, идеялас болған. Ілияс Жансүгіров ақын Албан Асанның өлеңдерін жинап, оның алғы сөзін жазып 1920 жылдары шығарған. Бұл кітапқа сол кезде сыйлық та берілген болатын.

Енді өзіңіздің шығармашылығыңыз туралы айтып берсеңіз?

– Менің шығармашылығым деп елді жалт қаратып, тамсандыратындай іштеме істегенім жоқ. Көңілге келген нәрселерді жазып қоямын. Баспасөз, ақпарат саласына көптеген шәкірттер тәрбиелеп бердім. Бір өлеңдер жинағым шықты. «Алтынды тот шалмайды» деген көлемді зерттеу еңбегім үш рет басылды. Бұл кітапта қазақтың 2500 жылдық әдебиет тарихының басын құрап, зертеп, зерделеп жазып шықтым. Қазір жоғары мектептің әдебиет факультеттерінде оқулық ретінде өтілуде. Жалпы оқырманға кітап дүкендері арқылы сатылды. Одан қалса Қазақтың тіл-жазу тарихы туралы және Көдек, Қожеке, Омарғазы Айтанұлы, Құрманәлі Оспанұлы қатарлы тұлғалар туралы зертеу мақалаларым жарық көрді. Соңғы кездерде рулардың шежіресін жазу науқанға айналып кетті ғой, соған ара-тұра қатысып жүрмін. Шежіре жинау, оны жазуға көмектесіп жүрмін. «Албан шежіресінің» ақылшыларының бірімін. Бұл да өзін-өзі тану үшін керек танымдық дүниелер ғой. Кейінгі ұрпақтар өзінің тегін біліп, ұмытпай жүрсе болғаны.

Отбасыңыз туралы айта кетсеңіз?

– Төрт балам бар. Үшеуі – қыз, біреуі – ұл. Үлкен қызым бұрын Шыңжаң жастар баспасында істеген, Қазір Құлжасағы «Іле жастары», «Іле өрендері» редакциясында редактор болып жұмыс жасайды. Екінші қызым банк саласында жұмыс жасайтын қаржыгер, үшіншісі ұл еді ол да қызмет істеп жүр, кенже қызым Жастар баспасында жұмыс істейді. 5 жиен, бір немерем бар.

Балаларымның анасының аты – Гүлинса. Оның ұлты – ұйғыр, тегі –  қашқарлық. Тарымнан қайтып келгеннен кейін Мұңғұлкүреде біраз жыл тұрдым. Сонда танысып үйленген едік. Ұйғырдан үйленгендердің көбінің балалары ұйғыр болып кеті. Құдайға шүкір менің балаларым одан аман. Ұйғырға күйеуге шыққаны да жоқ, ұйғырдан алғаны да жоқ. Өйткені жеңгеңнің өзі қазір қазақ болып кетті. Қазақ тілінде таза сөйлейді, қазақтың салт-санасын жақсы біледі. Осы қалада жүрген қазақ әйелдердің кейбіреуі құда күтетін болса, өлім-жітім жөнелтетін болса: «Қазақтың салты қандай еді, Гүлинса?» – деп осыдан келіп сұрайды. Мен күліп кетем де, – Сендердің әкелерің де қазақ, шешелерің де қазақ, өздерің де қазақсыңдар бұл ұйғыр әйелден келіп ақыл сұрағандарың қалай, – десем. Олар: – Гүлинса бізден жақсы біледі, біз білмейміз емес пе, – деп қарық болып күледі. Гүлинса мектепте мұғалім болып жұмыс жасап, одан қазір демалысқа шықты.

Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбатты жүргізген Әлімжан Әшімұлы

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1475
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3249
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5458