Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3125 0 пікір 15 Мамыр, 2012 сағат 07:32

Өмірзақ Ақжігіт. Әйтеке бидің асы

18-мамырда Нұратада, Өзбекстанның Науайы облысында Әйтеке бидің мұражайы, мешіті ашылуы салтанаты болып, оған арналып ас беріледі. Асқа баруға ниет еткен адамдарға арналып 17-мамырда Шымкент қаласынан таңертеңгі сағат 6-да автобус шығады. Ерте шығу себебі - Ташкент облысының Шыназ кенті жанына кеденнен ертерек өту үшін және Самарқан қаласына ертерек жету үшін. Қонақтар сол күні Самарқанды аралайды, қаланы 40 жылдай билеп, оның көркеюіне әйгііл Әмір-Темірден кем еңбек сіңірмеген Жалаңтөс баһадүр кесенесіне зиярат етеді.

Ертесіне тағы да таңғы намаздан соң 300 шақырым жердегі Нұратаға жолға шығады. Кеш түсе қайтадан Шымкентке шығады.

18-мамырда Нұратада, Өзбекстанның Науайы облысында Әйтеке бидің мұражайы, мешіті ашылуы салтанаты болып, оған арналып ас беріледі. Асқа баруға ниет еткен адамдарға арналып 17-мамырда Шымкент қаласынан таңертеңгі сағат 6-да автобус шығады. Ерте шығу себебі - Ташкент облысының Шыназ кенті жанына кеденнен ертерек өту үшін және Самарқан қаласына ертерек жету үшін. Қонақтар сол күні Самарқанды аралайды, қаланы 40 жылдай билеп, оның көркеюіне әйгііл Әмір-Темірден кем еңбек сіңірмеген Жалаңтөс баһадүр кесенесіне зиярат етеді.

Ертесіне тағы да таңғы намаздан соң 300 шақырым жердегі Нұратаға жолға шығады. Кеш түсе қайтадан Шымкентке шығады.

Әйтеке - қазақтың әйгілі үш биінің, үш тірегінің бірі, Сейітқұл әулиенің немересі, Әмір-Темірдің бас кеңесшісі болған Ораз қажының шөпшегі. Азан шақырылып қойған шын есімі ақын, тарихшы Жарылқасын Боранбайдың айтуынша - Айтмұхаммед. Осы қисынға келеді. Әйтеке туыс атасы Жалаңтөс баһадүрден бала күнінде тәрбие көреді, дәріс алады. 25 жасынан Кіші жүздің бас биі сайланып, Тәуке хан тұсында 1684 жылы «Жеті жарғыны» жазуға қатысады. Қожаберген жырау «Елім-ай» дастанында «Былтырғы жыл Әйтеке өмірден өтті, Боларын осы апаттың айтып кетті» деп, оны 1922 жылы қайтыс болды деген мәлімет қалдырады. «Айтып кетті» демекші, Әйтеке заманның бағытын түсініп, «тұрақты әскер (армия) ұстайық» деп ұсыныс айтады. Оның озық ойын замандастары түсіне алмайды. Сонда «онда ең болмаса бар малымызды сатсақ та мылтық жинайық» дейді. Келесі жылы қазақ Қазыбек бек айтқандай «үйреніскен қалмақ не қыла қояр дейсің деп, көріп-біліп отырып, қамсыздықтан қырылдық».

Әйтекенің артында қалған ғибрат сөздер баршылық. Соның бір-екеуін ғана атайық.

«Елді бай билемеуі керек, елді би билемеуі керек, елді батыр билеуі керек».

«Жігіттің жақсысы өзгенің сөзіне тоқтаған, өзі де өзгені сөзіне тоқтата алған жан».

«Туыспау керек, туысқан соң өкпе қуыспау керек».

Енді қазақ билерінің қара қылды қақ жарған әділдігінің, ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен данышпандығының үлгісі ретінде бір мысал келтірсек артық болмас.

Ел болған соң, Ұлы жүз жағы Кіші жүздің бір жігітін өлтіріп қояды. Және құн төлеуге келіспей, дау аяғы озылып кетеді. Бір күні Кіші ақсақалдары жиылып, «арысымыз осылау сұраусыз кете бере ме» деп, Әйтекеге салмақ салады. Жастардың ішінен жұтынып шығатын біреуі болғанын күтіп жүрген, бірақ, әзір оның аулы алыстау екенін көрген Әйтеке бір топ биімен Төле бидің аулына жолға шығады. Ол заманның «ұзынқұлағы» бүгінгі ұялы телефоннан жаман істемесе керек, Төле би бір көш жерден әріптесін өзі күтіп алады. Сәлемдесіп, құшақтасқан кезде Төле:

-Айыбымыз - мойнымызға, құшағымыз - қойныңызға, - дейді. Әйтеке:

-Би, мойын бұрмас па екенсіз?- дегенде, Төле:

-Жарлық - сізден, жабдық - бізден, - деп жауап береді. Бір сәттік қана бұл диалогты біреуі естіп, біреу естімей де қалады.

Билер Төленің аулында бір аптадай армансыз қонақ болады. Содан бір күні Әйтеке «қайтамыз, жиналыңдар» дейді. Ол уақытта үлкеннің айтқаны, әскердегі секілді, талқыланбайтын, орындалатын заман, «керемет дау болады, Төле мен Әйтекенің теңдессіз айқасын көреміз, көп нәрсені үйренеміз» деп дәмеленіп келген бидің біреуі де «неге?» деп жақ ашпайды. Төле би қонақтарын тағы да қозы көш жерге шығарып салып, қимай қоштасады. Содан былай шыққасын барып, билердің ішіндегі жасы үлкені:

-Не үшін келдік, не үшін қайттық?- демей ме. Сонда Әйтеке жоғарыдағы сөздің мәнін түсіндіріп береді.

-Төленің ол айтқаны: «біздікі - бұрыс, сіздердікі - дұрыс еді, тек сөзін тауып айтатын адамы келмей, созылып жүрген жайы бар еді, дауды айтыспай-ақ шешейік, айыбымызға жасауымен қыз береміз» дегені. Мен «асығыс айтып қалған жоқсыз ба, кейін айнып қалмайсыз ба» деген ишарама «жоқ, менікі түпкілікті, пісіп, ойланып айтылған шешім» деп жауап қайтарды. Артымыздан үш тоғыз айыбымен жасаулы қыз әкеліп береді.

Міне, осындай ел қамын ойлап өткен ерлер бірі Әйтеке бабамыз еді ғой.  Жатқан жері жәннатта болсын! Асқа барамын деген азаматтардың сапары оңынан болғай!

«Абай-ақпарат»

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5502