Сәрсенбі, 20 Қараша 2024
Жаңалықтар 27035 0 пікір 15 Мамыр, 2012 сағат 13:15

Елесің жоқ болған тәтті арман...

Атым Ораз болғанмен,

Отыздан жасым аспаған.

Иегін сақал жаппаған.

Сүйінбаймын, Жамбылмын,

Таңжарықпын, Шарғынмын,

Басынан сөз аспаған.

Көдектен қалған бір ұлмын,

Қаймықпай сөйлер патшадан.

Құлмамбеттен қалған құлынмын,

Халықтың өзі баптаған, - деп азғана ғұмырында артына түйдек-түйдек өлең қалдырып кеткен айтыс өнерінің дүлдүлі Оразалы Досбосынов пен

- Айдынға аққу-қаз оралды,

Сағындым сені.

Жайнады дүние, жаңарды,

Сағындым сені.

Жаз өтті, жапырақ тоналды,

Сағындым сені.

Аққайың ақ мамық оранды,

Сағындым сені, - деп азаматын жоқтап өткен әнші Ажар Түзелбекқызын ел-жұрты жылдар өтсе де жадынан шығармайтыны белгілі. Өнер аспанынан жарқ етіп, қол ұстасып ағып түскен қос жұлдызын халық қалай ұмытсын!

Атым Ораз болғанмен,

Отыздан жасым аспаған.

Иегін сақал жаппаған.

Сүйінбаймын, Жамбылмын,

Таңжарықпын, Шарғынмын,

Басынан сөз аспаған.

Көдектен қалған бір ұлмын,

Қаймықпай сөйлер патшадан.

Құлмамбеттен қалған құлынмын,

Халықтың өзі баптаған, - деп азғана ғұмырында артына түйдек-түйдек өлең қалдырып кеткен айтыс өнерінің дүлдүлі Оразалы Досбосынов пен

- Айдынға аққу-қаз оралды,

Сағындым сені.

Жайнады дүние, жаңарды,

Сағындым сені.

Жаз өтті, жапырақ тоналды,

Сағындым сені.

Аққайың ақ мамық оранды,

Сағындым сені, - деп азаматын жоқтап өткен әнші Ажар Түзелбекқызын ел-жұрты жылдар өтсе де жадынан шығармайтыны белгілі. Өнер аспанынан жарқ етіп, қол ұстасып ағып түскен қос жұлдызын халық қалай ұмытсын!

Отызға қараған шағында көлік апатынан оразада опат болған Оразалы Досбосынов пен ақынның артында қалған мұраларын енді жарыққа шығарамын деп жүріп, арманына жете алмай, күре жолдың бойында көз жұмған белгілі әнші Ажар Түзелбекқызын еске алу мақсатында «Сағындым сені» атты ән-жыр кеші өтпек. Біз концерт алдында Құлмамбеттің құлыны, Көдектің өзі, Сүйінбайдың сөзі Оразалы мен Теріскейдің талантты қызы Ажар жайлы әңгіме қозғасақ дейміз.

Түзелбек Әбжанұлы, Ажардың әкесі: Қызым менің, гүлім менің, аяулым...

- Ажар менің балаларымның кішісі, бетіне жан қаратпай, алақаныма салып өсірген еркетайым еді. Алла тағала оның бойына өнерді туа бітті дарытты. Тілі шыққаннан ән салып, балабақшаға барған сәтінен ел алдында өнер көрсете бастады. Мектепте оқып жүріп, ауданда өтіп тұратын жарыстарға қатысып, мәдени шаралардың ортасында жүрді. Айтыстың аламанында да бақ сынады. Анасы маған қарағанда өнерге бір табан жақын адам еді, ол да қызымыздың бар айтқанын орындап, асты-үстіне түсетін. Сахналық киімдерін тіктіртіп, керегін түгендеп жүретін. Ажар кейде үйге заттай, ақшалай сыйлықтар әкелетін. Сондайда анасы екеуміз «Нарық заманында ақша тауып, әке-шешеңді қарқ қылдың ғой, қызым» деп күліп алатынбыз.

Мектеп бітіргеннен кейін Шымкент қаласына оқуға жіберсек, ол бізге айтпай Алматыға тартып отырыпты. Жолы болып қазіргі Т.Жүргенов атындағы өнер академиясына өз күшімен түсіп, бәрімізді таңғалдырған. Сол оқу ордасында білім алып жүріп, көп ұзамай Оразалымен танысты. Екеуі бірін-бірі ұнатып, шаңырақ көтерді. Нәресте сүйді. Ораздың біздің ауылға әр келгені той-мереке болатын. Баяғының сал-серілерін күткендей, ауыл-аймақ, көрші-қолаң болып, күтіп алатынбыз. Екеуі таңға дейін кезек-кезек ән салып, көңілімізді бір көтеріп тастайтын. Сөйткен қос құлынымнан, қос жанарымнан тағдырдың ісімен ойламаған жерден айырылып қалдым. Ораз қайтыс болған уақытта Ажар қатты қиналды. Екі жыл үйден шықпай, аза тұтты. Өзінің жарына деген жоқтауын, сағынышын, махаббатын, сүйіспеншілігін «Сағындым сені» әнімен, клипімен жеткізе білді деп ойлаймын. Аяулы қызым аз ғұмырында артына өшпестей із қалдырды деп есептеймін. Өз ұлымнан артық көрмесем, кем көрмеген Ораз баламның да ұтқыр ойлары, кесек-кесек айтылған маржан сөздері, сахнадағы жарқын бейнесі ешқашан ұмытылмайды деп сенемін!

Нәзира ТҮЗЕЛБЕКҚЫЗЫ, әпкесі:  Соңымнан ерген балапан едің...

- Ажар «35 жасқа толғанда Орекеңе арнап бір концерт беремін» деп жоспарлап жүрген. Екі-үш клипін түсіріп дайындап қойған болатын. Эфирге беріп үлгермеді. Жаңа әндер жаздырып, ақырындап дайындала бастап еді. Ораздан айырылған жеті жыл ішінде Ажар оны бір күн есінен шығарған жоқ. Үйге келсе де, телефонмен сөйлессек те, «Қайда барасың, не істеп жатырсың?» деп сұрасақ та үнемі «Ораздың басына бара жатырмын, Ораздың басынан келе жатырмын. Оразды түсімде көрдім. Оразға Құран оқыттым. Ораздың туыстарының үйінен келемін. Балаларды апарып қайттым» дейтін. Әйтеуір қашан хабарлассаң да әңгімесі осылай. Қайтыс боларының алдында да композитор, ән әрлеуші Ермек Елгезековтің студиясына барып, Оразға арнап жаңа ән жинақ шығармақшы болып, өзі орындайтын әр әннің алдына өлең жаздырып кетіпті. Тоғыз әннің алдына тоғыз өлең оқыған. Сөздерінің астарына үңілсек, «Жұлдыз боп ағып бара жатырмын» деп, өмірден өтетінін білген сияқты әсер етеді.

Сол қаралы күні Ажармен бірге жолда болған кісілер де «Дүйсенбі жұмысым бар, студияға баруым керек» деп асықтырып, түнделетіп жолға шыққанын айтады.

Екеуміздің арамызда 7 жас айырмашылық болатын. Мен ертерек мектеп бітіріп, тұрмысқа шығып кеттім. Ол сәл кейінірек Алматыға оқуға келді. Содан жұбымыз жазылмап еді. Бір-бірімізді көрмеген күннің өзінде, күн құрғатпай жағдайымызды сұрап, біліп тұратынбыз. Жасының кішілігіне қарамай, ақылшы да, дос та, сырлас та бола алды. Не істесем де ақылдасып, кеңесіп отыратынмын. Сырын айтатын, ойларымен бөлісетін. Бір ән жаздырса, үйге алып-ұшып келетін. Көбіне «үйге кір, шай ішіп отырып, сөйлесейік» дегеніме қарамай, мені көлігіне отырғызып қойып, әуелі әнін тыңдататын. Екеуміз машинаның ішінде ұзақ сөйлесетінбіз. Кішіпейіл, қолы ашық, бауырмал еді. Ешкімнің көңіліне келмейтін. Қимылы өте жылдам, қандай шаруаны болмасын, шапшаң бітіретін. Табан астынан серуен ұйымдастырып, дем арасында тамақ дайындап жіберетін. Ішіміздегі ерекшеміз-тін.

Қазір кейбір кісілер Ораз бен Ажар туралы әртүрлі әңгіме айтатын болыпты. Әкеміз бір ауданның бас дәрігері болды да бәрімізді оқытып-шоқытып, қолынан келгенінше жағдайымызды жасады. Отбасымызда ештеңеден таршылық көргеніміз жоқ. Оқуға түскеннен кейін Ажар бірінші курста-ақ тұрмысқа шығып кетті. Екеуінің біраз қиындық көргені рас. Жалғыз ол екеуі емес, 1994-95 жылдары елдің бәрі тығырыққа тірелді, тоқырауға ұшырады. Өздері студент, өздері жас, бірінен кейін бірі екі баласы дүниеге келді. Енді-енді аяғынан тұрып, ауыздары аққа жетіп келе жатқан уақытта Ораз үзіліп кетті. Ажар соңғы жылдары «Ораз осы жақсы күндерді көрмей кетті ғой. Осы баршылыққа жете алмады. Жақсы отбасы болып кетуші едік қой» деп қатты арманда болатын. Жетіспеушіліктен отбасында түсінбестік орын алған шығар, бірақ оны сан түрлі саққа жүгіртіп, әңгіме қылудың қажеті жоқ. Екеуі өзара тату еді, махаббат болса, сол екеуінікіндей-ақ болсын. Ораз отбасында үнемі Ажарды еркелетіп отыратын. Біздің өзімізді барсақ «менің күн нұрынан жаралған қайын жұртым келді» деп қалжыңдап, бауырына басатын. Ораз қайтыс болған соң Ажарға жан-жақтан жабылып көмектестік, әке-шешем зейнетақысынан беріп тұрды. Өзі тойға барып, балаларын асырады. Сол ақшасына ән жаздырды, клип түсірді. Оразға арналған естеліктің ең үлкені - Ажардың сол клипі болды. Соңғы екі жыл көлемінде Ораздың айтыстарын жинап, кітап шығарамын деп, қолға ала бастап еді. Үн таспалардан тыңдап отырып, қағазға түсіріп, оны компьютерге бастырып қойған.

Сол арманына жете алмай, бәрімізді зар еңіретіп, қабырғамызды қайыстырып кете барды. Талдықорғаннан тойдан қайтып келе жатып, көлік апатына ұшырап демі үзілгеніне 16 мамыр күні тура бір жыл толады.

Таң алдында суыт хабар келгенде жүрегім соққыға шыдамай, құлап түстім. Әлі күнге есімді жия алғаным жоқ.

Нұрайша мен Нұрсұлтан қазір Шымкент қаласында тұратын үлкен ағамның қамқорлығында. Өздерінің төрт баласы бар. «Қарындасымның балаларын ешкімге жаутаңдатпаймын, өзім қараймын» деп оқытып жатыр. Ажар көзі тірісінде «Әкелерінің жоқтығын білдірмеймін. Тірі жүрсем ешкімнен кем қылмаймын» деп бар күш-жігерін салған еді. Енді біз бауырымыздың балаларын жылатпаймыз деп елге уәде береміз. Мектеп бітірген соң Алматыға келсе, қасыма, қолыма алармын. Үйлерін әзірге жауып қойдық. Дүниелері үйінде қаз-қалпында тұр. Ертең балаларына мұра болып қалады. Әке-шешесі өнер адамы болған соң, екеуі де өнердің жолын қуатын сияқты. Нұрайша қобыз тартады. Ән де салады. Сөзге шеберлігі де бар. Нұрсұлтан домбырада ойнап жүр. Кіші ұлы - әкесінде. Біз қолымыздан келгенше бар мейірімізді төгіп, дұрыс тәрбиелеуге тырысамыз. Дегенмен әр балаға әке-шешенің жөні бөлек қой. Орны ерекше. Алдына жылы-жұмсағыңды тосып, сары май жегізіп отырғаныңмен, әке-шешесінің қара су бергеніндей болмайды. Әке-шешесі ұрысса да, ұрса да білінбейді. Біздің салқын қабағымыз таяқтан бетер тиеді.

Мектеп бітіргелі күнделік жазбаушы едім, Ажар қайтыс болғаннан кейін қолыма қалам алып, еске түскен қылықтарын, сағынышымды түртіп қоятын болдым. Жақында достарының, әріптестерінің көмегімен «Қос жұлдыз» атты естелік кітап шығарғанбыз. Бірақ Ажар жайлы, Ораз жайлы естелік жазуға қолым бармады.

Өлді дегенге әлі сенбейміз. Өмір бойы сағынып, өмір бойы іздеп, өмір бойы жоқтап өтетінім анық. Кеше ғана көз алдымызда сап-сау жүрген адамның бүгін жоқ болғанына қалай сенерсің, қалай көнерсің. Қолдан келер шара жоқ, күйінесің, іштей егілесің, сосын бұл дүниенің жалған екеніне сенесің.

Кейде сіңілім «Тағдырыма өкпелімін» дейтін еді. Енді Нұрайша мен Нұрсұлтанның көздеріне қарасам, мұңға толы жанарларынан сол сөзді оқып тұрғандай боламын.

Осы уақытқа дейін Оразға да бір еске алу кешін өткізсек болар еді. Оған әртүрлі жағдайлар мұрша бермеді. Екеуін бірінен-бірін бөлмейік деп, ертең халықпен бірге еске алмақпыз. Екеуінің достары да, замандастары да, шығармашылығын құрметтейтін орта да осында болғандықтан, Ажардың жылдық асын Алматыда берейік деп шештік.

Мамырдың аяғында зиратына барып, Құран оқытамыз. Ажардан алты ай бұрын анамызды жер қойнына тапсырғанбыз. Оразды да өз анасы бауырына алған. Бұл сәйкестік пе, әлде Құдайдың құдіреті ме? Екеуінің де ажалы бірдей жол апатынан болды. Екеуінің де қасында екі адам отырған. Екеуі де аналарының қасында жатыр...

 

Нұрайша Оразалықызы: Сен ботақаным деген соң күмәнсіз ойнағам, Жан Ана!

- Папамды мамамнан да қатты жақсы көрдім. Айтысқа кетіп бара жатса, аяғына оралып, жылап жібермейтінмін. Ол да мені қатты еркелететін. Бес жасымда мектепке бергісі келді. Мамам «Әлі ертерек қой. Бойы да кішкентай, сумка көтере алмайды» деп әзер көндірді. Бірақ келесі жылы бірінші сыныпқа барғанымды көрмей, дүниеден озып кетті. Кейін әріп танып, компьютер үйренгеннен кейін мамама папамның айтыстарын қағазға түсіруге біраз көмектестім.

Ал мамам өмірінің соңына дейін асығыс жүрді. Қайда барса да асығып барып, асығып қайтатын. Барлық тірлігін лезде бітіргісі келген сияқты. Көп уақытын өзінің отбасына арнады. Туған күндерінде достарын шақырып, тойлатып жатпайтын. Тек отбасына лайықтап, шағын дастарқан жасайтын. Сырттағы жұмыстарын тез-тез бітіріп, үйге жеткенше асығатын. Біз Нұрсұлтан екеуміз көбіне мектеп-интернатта болдық. Інім Ерқанатты кішкентай болғандықтан ба, көп еркелетті. Ерқанат алты айлығынан машинада өсті. Жанына отырғызып қойып, әрі-бері тасып, тойға барса да қасынан тастамайтын. Қайтыс болатынынан бір күн бұрын біз үйде болдық. Күн демалыс еді. Бәріміз бірге отырғанда мамам «Менің кетуім керек. Тойға шақырып жатыр» деді. Бірақ өзі жолға шыққысы келген жоқ. «Бармай-ақ қояйын ба, не істесем екен?» деп ойланып отырғанда, алып кететін көлік келіп қалды. Маған «Ерқанат кетіп бара жатқанымды көріп жыламасын, дүкенге апарып, анау-мынау әперіп, алдай тұр» деді. Ерқанат қырсығып, «мамаммен бірге барамын» деп тұрып алды. Сосын «онда арттарыңнан келемін, сендер жүре беріңдер» деп маған ақша ұстатты. Сөйтіп, дүкенге барып, керегімізді алдық. Үйге қайтып барсақ, Ерқанат мамамның жоғын біліп қойып, жылар деп, әпкемді шақырып, әрі қарай саябаққа кетіп қалдық. Біз саябақта жүргенде мамам қайта-қайта телефон шалды. Әрбір бес минут сайын «не істеп жатырсыңдар. Ерқанат жылап жатқан жоқ па, тамақ бердіңдер ме?» деп қадағалаумен болды. Әпкем арасында «маған сенбейсің бе?» деп ренжіді. Кешкісін «таң ата келіп қаламын» деп тағы хабарласты. Таңертең тұрсақ, ешкім жоқ. Кешігіп жатқан болар деп сабаққа кетіп қалдық. Сәлден кейін директорымыз Ақан ағай мен Абзал ағай екеуі бізді үйге алып келді. Не себепті әкеле жатқанын білмедік. Тек «үйлеріңді тексеруге келе жатырмыз» деді. Бірақ біртүрлі күдіктендім. Жүрегім жаманшылық сезгендей болды. «Директор үйді не үшін тексереді? Мұғалімдер балалардың үйін тексеруші ме еді?» деп ойладым. Не де болса, үйге барған соң білетін шығармын деп үндемедім. Әпкем алдымыздан жылап шыққанда бәрін түсіндім. Мамамның қазасынан кейін біз ауылға кеттік. Кейде А.Жұбанов мектебіндегі сыныптастарымды сағынатыным болмаса, қазір жағдайымыздың бәрі жақсы. Біз интернатта екі сыныптың балалары бөлінген емеспіз. Қырықшақты бала таңертең бірге оянамыз, бірге тамақтанамыз, сабаққа да бірге баратынбыз. Соған үйреніп қалыппыз. Бірақ байланысымыз үзілген жоқ, хабарласып тұрамыз. Ұстазым Саян Ақмолда қобыз күйлерінің жинағын берген еді. Сол туындыларды тыңдап, өнерімді әрі қарай жалғастырып жүрмін.

Қазір мен - он үштемін. Нұрсұлтан - 11 де, Ерқанат үш жаста. Бірде түс көрдім. Папам, мамам, бәріміз бірге шай ішіп, сөйлесіп отырмыз. Інілерім көрінбейді. Ата-анамның не айтып жатқандары түсініксіз. Дауыстары еміс-еміс шығады. Сөйтіп, жатып оянып кеттім.

Ертең еске алу кешінде мамам орындаған «Анаға хат» әнін мен айтып шығамын. Өскенде әнші-актриса боламын деген арманым бар.

 

Нұрсұлтан Оразалыұлы: Кетпеші, мама...

- Папам менің төрт жасымда қайтыс болды. Бірақ бейнесі есімде қалды. Мені көп қытықтап, ойнататын еді. Мен күле беретінмін ғой...

Мамам «Бұзық болма» дейтін. «Тыныш жүр, жүгіре берме» деп ескертетін. Көп бұзықтық жасайтынмын, қазір бұзық емеспін. Сабақ үлгерімім жақсы. Динара апай үйреткен күйлерді тартып жүрмін. Мектептегі достарым Нұрмұхамед, Жасұланды көргім келеді.

Мамамды сағындым. Үнемі түсімде көремін. Мамам қасымда ақыл айтып отырады. Бір кезде орнынан тұрып бара жатады. «Мама, кетпеші, қайда барасың?» деп соңынан қуалаймын. Ол аппақ түске айналып, жоқ болып кетеді...

 

Оразалы Досбосынов:

Қаламымды бірге көм...

Қанды ауыз тағдыр қалайсың,

Он екі мүшең аман ба?

Қорқыт боп келсем, өмірге,

Қарсы тұрмас ем ажалға.

Әзірейіл тұрар тегінде,

Алынбай ешбір амалға.

Аш күзендей иіліп,

Аллаға адал сыйынып,

Маңдайы жерге тигенше,

Шынтағың ақты сүйгенше.

Тұрағы жоқ тұл тағдыр,

Одан да жығыл намазға.

Мұқтаж боп өткен Мұхтар да,

Абайдың жырын оқыған,

Он сегіз мың ғаламға.

Мәйітке біржола айналып,

Көрдің есігін қағарда.

Бір шумақ өлең оқышы,

Қабірімді менің қазарда.

Қаламымды орап бірге көм,

Бір жапырақ қағазға.

Ақымға мені саларда,

Дәл солай істе болмаса,

Кебенегімді жамылып,

Асан боп арман айтармын.

Аңызды ажал далаңда.

Түркілер де білген ақырын,

Тағдырын тасқа жазарда.

Бетті дайындаған Қаншайым Байдәулет

«Айқын» газеті

;hl=en_US&rel=0" />;hl=en_US&rel=0" type="application/x-shockwave-flash" allowscriptaccess="always" allowfullscreen="true" height="315" width="420">

;hl=en_US&rel=0" />;hl=en_US&rel=0" type="application/x-shockwave-flash" allowscriptaccess="always" allowfullscreen="true" height="315" width="420">

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1349
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3133
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 4685