Сенбі, 23 Қараша 2024
5665 8 пікір 23 Маусым, 2021 сағат 14:18

Интернетпен қамту. Мәминнің «99 пайызына» Дариға күмәндануда

Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева ауылдық аймақтарды интернетке қосу және оның сапасына көңіл бөлу керектігін айтты. Депутаттың пікірінше интернетке қосылған ауылдардың саны да, сапасы да күмән туындатады. 

«Цифрландыру бойынша мемлекеттік бағдарламаның іске асуы бойынша сөз қозғағым келеді. 2020 жылдың нәтижесіне қарасақ, мемлекет 98,7% Қазақстан халқын интернетпен қамтамасыз еткен. Бұл көрсеткіштің шынайылығы халық тарапынан да, сарапшылар тарапынан да күмән тудырып келеді. 510 ауылдық жерде интернеттің жылдамдығы өте нашар. «Nur Otan» партиясының сайлауалды «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір» атты бағдарламасының 36 тармағында 2021 жылы 80% ауылдық жердің мектептерін жылдам интернетпен қамтамасыз ету, ал 2025 жылы ол көрсеткішті 100%-ға жеткізіп, ауыл мен қала мектептерінің алшақтығын қысқарту айтылған еді», - деді Назарбаева. 

Дариға Назарбаева өзінің депутаттық сауалында бірнеше сұраққа жауап іздейді.

«Осыған байланысты келесі сұрақтарға жауап беруді сұраймын: Ауылдық аймақты интернетке қосуда технологияларды қолдану бойынша шешім қалай қабылданады және ол технологиялардың артықшылығы неде? Ауылдық аймақтарда байланыс операторлары «соңғы миль» атты мәселені қалай шешуде және қай тәсіл жылдам әсер береді? Жаңа технологиялар енгізіліп жатыр ма және оған ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен өзге де мемлекеттік органдар қатыса ма? Ауылдық аймақтағы интернет жылдамдығын тексеру ұдайы жүріп тұр ма, ол мәселе қай құзырлы органның қарамағында?» – дейді Назарбаева ханым.

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ауылдық аймақтағы интернет жылдамдығын арттыру үшін жаңа байланыс қондырғыларын қоюды қажет етеді дейді.

2021 жылдың 5 ақпанында Асқар Мәмин «Digital Almaty» форумында:

«Цифрландыру экономика саласында да, адам өмірінде де өте маңызды мәселе екенін айта кеткен жөн. Барлық жерде жұмыс, білім беру саласы қашықтан жалғасып жатыр. Бұл цифрлық экономиканың айтарлықтай маңызды екенін көрсетеді. Пандемия Қазақстанның экономикасы тұрақты екенін көрсетті. 2020 жылы Қазақстан электронды үкіметті дамыту бойынша 29 орынға тұрақтады. Біз ары қарай да цифрландыруды дамытуды мақсат етіп отырмыз. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, біз қазіргі таңда мемлекеттік органдарды толығымен цифрландыру жұмыстарын жүргізіп отырмыз. Ақпарат жинау және анализ жасау жолында цифрлық инновацияларды қолдана отырып, жаңа жүйелерге жол бастайтын боламыз. Алдағы бес жылда Қазақстанның барлық облыстары мен аймақтары 5G интернетпен қамтамасыз етілетін болады.

Шектеулерге қарамастан, біз цифрлық инфрақұрылымның қол жетімділігі мен сапасын жақсарту бойынша күш-жігерімізді жеделдеттік. 2020 жылы біз 20 мың шақырымдық талшықты-оптикалық байланыс желілерін салудың МЖӘ жобасын аяқтадық. Мыңнан астам ұялы байланыстың базалық станциялары орнатылды, бұл аймақтардағы технологиялық теңсіздік деңгейін айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік берді. Нәтижесінде бүгінде Қазақстан халқын интернетпен қамту 99% құрайды», - деген еді.

Премьер-министрдің бұл сөзі қоғам арасында үлкен дау тудырды. «99 пайыз халық интернетпен қамтылған» деген сөзі әлеуметтік желіде кеңінен талқыланды. Пандемия халықтың шынайы тұрғыдан қанша пайызы интернетпен қамтылғанын көрсетіп берді. Көптеген ауылдық аймақта интернет жоқ, ал интернеті бар ауылдарда оның сапасы сын көтермейді. Салдарынан Қазақстан онлайн оқу форматында емес, көп жағдайда қашықтан оқу жүйесіне көшті. Амалдың жоқтығынан. Көптеген елді-мекенде онлайн оқу порталдары ашылмайды, жүктелмейді. Сондықтан оқу whatsapp желісі арқылы іске асты. Оқушылар тапсырманы сол жерден алып, сол жерге тапсырды. Ондай оқуда әрине ешқандай сапаның болмайтыны айтпаса да түсінікті жайт. Қаладан қырық шақырым шыққан соң, интернет ұстамайтын сәттердің жиі кездесетінін ескерсек, интернет сапасына депутат Дариға Назарбаеваның ғана емес, біздің де күмәніміз бар.

Ка мырза

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3240
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5383