Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2243 0 пікір 17 Мамыр, 2012 сағат 08:23

Қажығұмар Шабданұлы. Қылмыс (жалғасы)

ІІІ

Қуат екеуміз ертеңіне таңертең анкет толтырып бере барып, саяси бөлімге көрген-білгенімізді түгел төктік те, молырақ қағаз көтеріп шықтық. Үрімжіде гоминдаңның барлық аймақ-аудандардағы өзіміз білетін бейуаз сары, көк көз жирен, боз көз күреңдерімізді түрмеге жиғанын, «Шинжаңға басып кірген Совет армиясы» деген жаламен төңкерісімізді қаралап жатқан арсыздықтарын фелиетонға* айналдырдық, газеттерде жариялауға да, байланысты орындарға жолдап беруге де қолайлы етіліп жазылды. Мұнан соңғы жазбағымыз қолбасшылық штапқа жаудың ішкі, нақтылы жағдайынан мәлімет қана еді, Шинжаңдағы гоминдаңның иегі дірілдеп, сирағы қалтырағанын, Үрімжіні қос бүйірден қыса қойсақ, құйрығын қыса зытатынын, рухи жақтан толық күйрегенін дәлелдейміз деп ұзақ шығармаға айналдырып алдық. Әсіресе осыны біле отырып осы өзеннен өтпей бітімге келудің халық алдында зор қылмыс болатыны жөніндегі дәлелдеуіміз бір томға айналды. Езілуші ұлттардың езуші шовнизмшіл үкіметке қарсы төңкерісін буып тастағандық, жеңіп келе жатқанымызда желкемізден баса қойғандық болатындығын көрсету үшін Маркстік философияға екінші күні таңертең сүңгіп кетіп, кешке жақын әрең шығыппыз.

ІІІ

Қуат екеуміз ертеңіне таңертең анкет толтырып бере барып, саяси бөлімге көрген-білгенімізді түгел төктік те, молырақ қағаз көтеріп шықтық. Үрімжіде гоминдаңның барлық аймақ-аудандардағы өзіміз білетін бейуаз сары, көк көз жирен, боз көз күреңдерімізді түрмеге жиғанын, «Шинжаңға басып кірген Совет армиясы» деген жаламен төңкерісімізді қаралап жатқан арсыздықтарын фелиетонға* айналдырдық, газеттерде жариялауға да, байланысты орындарға жолдап беруге де қолайлы етіліп жазылды. Мұнан соңғы жазбағымыз қолбасшылық штапқа жаудың ішкі, нақтылы жағдайынан мәлімет қана еді, Шинжаңдағы гоминдаңның иегі дірілдеп, сирағы қалтырағанын, Үрімжіні қос бүйірден қыса қойсақ, құйрығын қыса зытатынын, рухи жақтан толық күйрегенін дәлелдейміз деп ұзақ шығармаға айналдырып алдық. Әсіресе осыны біле отырып осы өзеннен өтпей бітімге келудің халық алдында зор қылмыс болатыны жөніндегі дәлелдеуіміз бір томға айналды. Езілуші ұлттардың езуші шовнизмшіл үкіметке қарсы төңкерісін буып тастағандық, жеңіп келе жатқанымызда желкемізден баса қойғандық болатындығын көрсету үшін Маркстік философияға екінші күні таңертең сүңгіп кетіп, кешке жақын әрең шығыппыз.

Қорқынышына тәуекел айттық та, қоқилана апарып тапсырдық. Бұл күндердегі жатын орнымыз штап казармасында болатын. Біз бас қолбасшылыққа төңкеріс жөнінен арыз төндіріп жатқанымызда Төлеуғазының төрт шәйі менің төбемнен арыз төндіріп жатыпты. Үңірейген өзбегім оған сөйлеп отыр екен:

- ...Қазір біздің жоғары дәрежелі офицерлерімізге де еңбекақы шықпайды. Офицер-жауынгерлеріміз соғысқа түгел өз еркімен қатынасып отыр. Олардың жеке бастарына ғана тұрмыс қаражаты беріледі. Барлық әскери расхотты қазіргі азат үшін аймақтың байлары, бардам азаматтары ғана үстіне алған. Олар да соманы өз еріктерімен шығарып жатыр. Сіз де Шығыс Түркістан азаматының бірісіз. Қане, төңкеріске сіз не қосасыз? Биғабілмен бірге армия қатарына қосыласыз ба әлде расхоттық сома шығарасыз ба?...

- Жаңа айттым ғой, тақсыр, -деп Төлеуғазы қос қолын кеудесіне қойып, бүктеле иілді, - сіңірі шыққан жалаң аяқта не сома болмақ, тақсыр-ау!

- Олай болса, әскер бол, жалаң аяқ қалдырған гоминдаңға қарсы тұрмаймысың?!

- Денсаулығым жоқ, аурулы адаммын ғой, тақсыр-ау! Әйтпесе кәпірмен соғысудан немді аяйды дейсіз!

- Дәрігер бар, тексертеміз! -деді ақ сұры ұйғыр күліп жіберіп.

- Дін ислам үкіметі болған соң мендей пақырды зарлатпай, алал ақымды алып берер деп кіріп едім. Болмаса, кетейін енді, кетейін! Балаларым жас, қатын да дімкас; үйден шыққаныма көп болған, шулап, шиқылдап отырған шығар. Құдайдан күттім, Биғанның өз адамгершілігіне тапсырдым!...

Есікке беттей берген Төлеуғазыны тұсында отырған Қуат ұстай алды. Қатты ызаланып отыр екен. Білегінен бүре түсті:

- Тоқта, сен! Ат әперу үшін жиырма-отыз шәйынан кешкен қасыңдағы екі қойшы қалай шыдады?! Бір ғана етік үшін Биғабілдің соңынан неге қалмай қойдың осынша?

- Немене, мұның төрт шәй дағуасы бір ғана етіктің мәселесі ме?! -деп ақ сұры орнынан ытып тұрды.

- Биғабіл болмаса қарақшыға екі қоржын шәйың түгіл, жаның да жем болып еді ғой, неткен арсыз бәтшағар едің! -деп тастаған Қуат, болған жайды екі офицерге жайлап түсіндіре бастады...

«Соғыс! -дедім мен ішімнен. - Қанды ауыз қасқырлар жойылса, мұндай қаптесерлер қайтер дейсің?...»

- Шық! -деп Төлеуғазыға үңірейе қалды өзбек. - Етігіңді қазыр апарып береді!

- Олай болса алмадым тақсыр, Құдай алдында кештім, құдай ақын! -деп Төлеуғазы қолын төбесіне қоя жөнелді. - Кештім, Биғабіл, Құдай дескен өз көршім, алмаймын, алмадым!

- Мұндай тауық саңғырығын жабыстырған адам пәлеге қалады, - деді ақ сұры маған қарап, - не десе де етігін қайтарып бер. Екі-үш күн кигенің үшін бар шәйін аман сақтап жеткізіп беріпсің, болмады ма?...

- Бізді сұраған полктардың ешқайсысына бермепті Әділбек; оқыған азаматтарын тізімнен санап көрсетіп қайтарыпты. Қуат екеумізді ондайдан мұқтаждығы көп екі баталионға бөлгенін айтты.

- Ең алдыңғы шепте ме? -деп сұрадым.

- Иә, сары аяқтарыңмен әзілдесіп отыратын жерде, - деп жымиған полковник ресми шырайға келе қалды, - бірақ, азаматтар, соғыс шебінің әрқандай минутында да сақтық керек екенін естеріңнен шығармаңдар!

Әділбектің мені сақтандырамын деп «қапырық тандырға» қамап қою қаупінен сақтану керек екені есіме түсе қалды. Төте қарасты бастығыма телефонда тапсыра салса, қаңтарылғаным ғой.

- Құп, жолдас полковник, сақтық керек екенін естен шығармауға, сақтықсыз жеңістің жоқ екеніне! -деп алдына түсе қойып едім, отырған орнымнан қозғалмай көрсеткен бұл «итағатшылдығыма» күлкім келіп, өзім жымия қалыппын.

- Е, міне, жарайды екенсің! -деп ол жымиды. - Командиріңнің ойлаған ойына да жауап қайтара алады екенсің!... Сөйтсе де балдыз екенің есіңе енді түсті-ау деймін. Шырағым, мен талай қанды шайқастан сенің әпекең үшін де сақтана соғысу жолымен аман келемін. Әке-шешеңді есіңнен шығармасаң, сақтық та сонымен бірге жүреді!

- Әпекемнің шарапаты сізді қорғап келгенде, әке-шешемнің шарапаты мені қорғай алар!

Қуат екеуі қатар күлді сөзіме.

- Жарайды, жете тауып сөйлеспесе, жеңдірмеске кеткен жігіт көрінесің, бала шағыңда «үндемей жүретін үйдей пәле» деп естіп едім, сол рас көрінеді!... Алдыңғы күні үйіңе қайта тұруды айтқанымда жылап едің, бүгін құрал тиерде күліп жібердің-ау, мұның жайын да тұспалдап отырмын... Кек алу жолы кеңінен ойлаумен ғана табылады, -деп қалып кідірген Әділбек сағатына қарады да, сөзін шорт-шорт қайырды. - Жә, сен осы бөлімге кешкі сағат тоғызда бір келіп қайтарсың! Қазір мына қабырғадағы қамдау бөліміне кіріп, мына талонды беріңдер!...

Алдын ала толтырылып, таңба басылып қойған талонды апардық та бір-бір жауынгерлік формалы киімді етігімен көтеріп шыға бердік. Белбеу салпыншақтарына қарағанда тым жай жауынгер емес сияқтымыз...

Саяси бөлімдегілердің қайталап айтуы бойынша, ертеңіне таңертең «Төлеуғазының етігін» апарып едім, онан сайын безектеп, азарда-безер болды:

- Алмаймын деген соң алмаймын, екі дүниеде қарызы жоқ, сенің азаматтығыңа әпергенім болсын!

- Қазір аласың! -деді Қажиякбар зекіп, -қайтып барғанда түп етегінен алмақсың ғой! Біле білсең Биғабіл қарыздар емес, оған сен қарыздарсың! Сетік сарының айдауынан жаныңды құтқарды, далада қалдырғалы тұрғаныңда малыңды құтқарды. Ең кем болғанда сол екі қоржынның бірі осы екеуіңдікі. «Құдай алдында қарызы жоқ» деп сол жардың үстінде де айқайлап едің ғой! Сол айқайыңды Құдай да естімеп пе еді? Мен сені штапқа апарып мойындатып отырып, алып беремін бір қоржын шәйыңды!

Осы кесімді қуаттап қойшылар керіп ала жөнелгенде ғана кеңк-кеңк күлген Төлеуғазы, қарбаңдай келіп, етіктің өкшесінен бүре түсті де ала жөнелді...

Қаптесердің тұяғынан басқа адам саусақтарнының бәрін қысыса тұрып, қош айтыстық. Үй ішімізге жазған хаттарды тапсырып, ауызша сәлемді қоса айттық та, екі атты иелеріне жетектетіп қала бердік. Төлеуғазы екі жүз метрдей жерден ат басын қайта бұрды маған:

- Сені пірім имам ағзамға тапсырдым! «Сауда сақал сипағанша» дейтін «шариғатты» сол кісі шығарыпты ғой, неғұрлым аман қайт, адамгершілігіңнен әлі де үміткермін! -деп желе жөнелді.

- Адамгершіліктен адам ғана үміт күтер, қаптесер мен таскене адамгершіліктен не күтетінін де айта кетсеңші! -деп мен «өтіндім» соңынан...

Майдан қолбасшылық штабында кіші офицерлерге арналған әскери тәрбие курсысына кіріп едік, үш-төрт күн өтісімен-ақ, Қуат екеумізге екі ат әкеліп тағайындалған баталиондарымыз ала жөнелді. Төмен әкетті.

Айсыз қараңғы кеш еді, Манас қаласы әлде қайда жоғары қалған сияқты. Тастақты өзен арнасынан өтіп, сазды-шалғынды бір өңірге ілінісімізбен Қуат қалды. «Сені қабанмен ғана соғыстырмақ екен» деп қынжыла өтіп едім; өз жолым кейіске айнала бастады. Сазда, тастақта қалып, құмға айналды. Жауға жақындау үмітім күншығысқа қарай ойысуымызда ғана еді, оны да өшкіндетіп, солтүстікке қарай қайта бүріп апарып, үш-төрт тораңғының түбіндегі жер үйге кіргізді...

Батальон бастығы отыз жастар шамасындағы дәудей моңғол екен. Салдырлақ мінезімен тез шығысты да, ертеңіне-ақ баталион жағдайын түсіндіріп те, өз жайымды сұрап біліп те болды, мен штап хатшылығына тағайындалып келген екенмін. Көмекші хатшылыққа момын ғана бір қазақ жігітті берді де, маған штап бастығына көмекшілік қызметті қоса тапсырды. Жау шебінен мәлімет топтап, қаритаға түсіріп тұратын болдым.

Бұл тұстағы шеп барлаушыларының бәрі алдымен маған баяндайды. Мен үшін бір түрлі қызықты үйрену басталды. Телефоннан құлақ, қаритадан бас алмай, белгі қоя отырып, жау бекіністерінің әскер саны мен қару-жарақ жағдайларын жазамын. Кей кештерде өзім де ілесе барып, қайта анықтау арқылы қарсы шептің маған белгісіз жұмбақ сырын қалдырмағандай болдым.

Бір жарым апта бойы күндіз-түні зерттеген нәтижемді сәнқой серуенші штап бастығына мәлімдей жүріп, бір күні комбаттың* алдына жайып салдым да, баяндай жөнелдім, жуан басын бірнеше изектетіп алған соң, осы қарсыдағы жауды екі-үш жауынгермен ғана барып, зор қырғынға ұшыратып қайтудың мүмкіндігін айттым.

- Өздері атқылағанда болмаса, оқ шығармау бұйрығы бізге де түсіп отырмай ма? -деп комбатым күрсінді. Өзі де іш құста көрінеді.

- Жолдас комбат, өздерін өздері жаркемдейді, біздің баталион күледі де жатады, бұйрықты біз бұзған болмаймыз!

- Ха... ха... ха... мұндай қулық тіпті... әр жерде болғанын естігенмін! Ал, мұны қайсы барлаушы толық орындай алады дейсің, қане?!

- Жолдас комбат, мен өзім толық орындай аламын.. Міне, мына жырашықтан от тұтатып, мына шұңқырлардан қузаймыз! Бұл жерлерге екі рет барып қайттым.

- Ә! ... мына шептің ту сыртына ма?!... Кімнің бұйрығымен бардың?! -дегенде комбатымның жалпақ беті күреңітіп, қиық көзі шадырлана қалды.

Сызба қаритаға толық анықтап алып түсіруді бұйырғансыз, «толық анықтау» үшін бардым.

- Қате түсінгенсің, тіпті! -деп қолын сілкіп жіберді. - Өзің бар демедім тіпті; барлаушыларды ауыстырып, бірінің барып қайтқан жеріне екіншісін жіберіп анықтату керек!

- Құп, жолдас комбат, қате түсініппін; бірінің кіріп шыққан жеріне, екіншісін тағы кіргізуге! -деп қайталағанымда комбатым күліп жіберді:

- Өзің қызық неме екенсің тіпті! ... Болды, мұнан соң өзің бармайсың!

- Жолдас комбат, дәл осы сойқандау жұмысқа өзімді бұйырыңыз.. тым болмағанда, мына екі ротасын мықтап қырқыстыруды менен басқасы толық орындай алмайды; әдіс керек. Жобалаған өзім ғой!

- Сені Әділбек полковник, тіпті, телефонда маған көп тапсырды; мұнан соң тіпті жау шебіне кірмейсің!... Қазір мен капитан Жүніске, тіпті, ысылған сегіз жауынгер жіберуді тапсырып телефон соғамын. Сен оларға жақсылап үйретіп, қайтып келесің! Бүгін күн бұлтты, тіпті жақсы түн болады, бүгін орындасын!

- Құп, жолдас комбат, сегіз жауынгер бүгін түнде орындауға! Оларға толық үйретіп қайтуға!...

Біреуінен жеңіл батинка сұрап кие жөнелдім де, айтылған капитанның үйшігіне екінтіде еңбектеп кіріп, тіктеле чес бердім:

- Жолдас капитан, барлаушыларыңызға бүгінгі жорық жобасын таныстыруға келдім, подпоручик Биғабіл!

- Жарайды, ең мықты машықтанғандарынан дайындадым. Бастық прапоршик. Таныстыруға ғана емес, «толық үйретуге» келдің, отыр!... Алдымен бізге үйрет, ақылдасып күрейік! Бұл сәтімен орындалса, зор қызмет, сәтсіздікке айналса, өтушілердің өлім жолы!...

Шақырған политругі* кірісімен жасап әкелген жобамды жайып салдым. Алдымен өтетін «қыл көпірлерді», сонан соң жауды састыратын, бірін-бірі оқпен бастыратын тактиканы сөйледім.

- Әй, мынауың тым қатерлі екен! - деп капитан ойланып қалғанда, - алдымен оқ атқан біз екеніміз білініп қалса, жауапкерлік бізге келеді ғой! - деп политрук Ошыр томсарды. Капитан еселей түсті:

- Мына далдаланатын шұңқырларыңды қараңғыда дәл таба алмай қалса, шатақтың басы сол болады!

Онда қатерлердің болмайтынын өзімнің сол жерге қараңғыда екі рет барып көргенім арқылы дәлелдеп едім. Политрук жабыса түсті:

- Олай болса, өзің бастап барсаң болар!

- Болмайды, комбат Биғабілді жорыққа жібермей қайтаруды бұйырды! - деп капитан тойтарды оны. Жол-жөнекей дайындап келген өтінішімді бүлк еткіздім:

- Комбат сұраса, «жорық нәтижесін осы жерден көріп қайтамын деп окопта жатыр» дей салыңыздаршы, өзім-ақ бастап барайын.... аман болсақ түн ортасынан бері қайтып келеміз!

- Жорықта өлсең бірге кеткенің білініп қалмай ма?!

- Олай болғанда, «акопта жатамын деп алдап кетіпті» дей салмайсыздар ма?!...

Осыған келістік. Менің өздігімнен құлшынғаныма қарап, олар қамсызданғандай, тез бекіді. Бауырымызбен жорғалап, барлаушылар жатқан далдаға бардық. Командирлері жорық жайын қысқаша түсіндіріп, талап еткен қаруларымызды әперді де, ұяларына қайтты.

Ымырт үйірілісімен-ақ екіге бөлінетін жерге жетіп алып міндет бөлістік. Қай жерден қандай белгімен ұғысатынымызға келіскен соң прапоршикке төртеуін қосып, сойқандайтын нысанамыздың оң жағынан өтетін өткелекті көрсеттім. Миналанбаған жерін тауып өтіп жүрген прапоршик бұл сапарда да қателеспей тауып өтсе, ол жақ қатерсізірек еді.

Жанды қыл үстінен өткізетін қылы бізге қалды. «Екі шынтақпен ғана сүйретілетін аяқтарға мықты тәртіп қолдансақ, біз де өте шығамыз» деп бір-бірден шұбала еңбектедік. «Нұрияшым, сенің кегің үшін бәріне де шыдаймын» деген сертпен қатты тістеніппін. Түксиген қара сұры бұлтты қараңғы түн. Күздің батыстан соққан қара ызғырығы жалаңдауын күшейте түсті, тым баяу жылжыдық. Бауырымыздағы іркілдеген батпақты шым әрекетке жеңіл жұқа киімімізге жұмсақ тигенімен, қарнымыздан қармап, оуып жіберердей зәрлі. Көмілген минаның қатері бұл зәрді елетер емес; бар зейінмен соны тексеріп, тоқтап-тоқтап өттік. Ені отыз метрдей ғана келетін осы саздың екі жақ қыратындағы екі бекініс те, олардың солтүстік жақ сыртынан сорайған потай да үңіліп тұрғандай көрінгенімен, өліктей тыныш. Мұндай суық түнекте апанына кіріп бүріспей сары аяқ тұрған ба...

Потайдың шығыс-оңтүстік жағындағы жырашыққа өтіп аялдадық, шынтуайтына келгенде, мұнымыз аял емес, тың тыңдау еді. Потайдың шығыс-солтүстік жақ сыртындағы шұқанақтарға екінші бөлімшеміздің жеткен-жетпегенін бақылап жатырмыз. Біреуі үйрекше қырқылдап қалғанда, біздің бір жігіт те үйрекшелеп жіберіп еді, дайын отыр екен, ажал мұнарасының сұры іргесіне жете қарайып, жабыса қалды біреуі. Биіктегі қарауыл көзін маузермен көзеп, шаңқ еткізгенімде, екі бөлімшеден шеп жайып жатқан төрт автомат бірдей от алып, өзді-өз тұстарынан «түшкіріп» жіберді де тына қалды.

«Ту сыртын түгел жайлап болған жындар» шүйдесі мен екі шекесінен бір-ақ соққандай шошынған потай құтыра кетті де, бар пәлесін біздің басымыздан асыра, сыртымыздағы өз акоптарына жаудырды. Акоптар да кезек алып түткілесе жөнелді енді.

Потай іргесіндегі біздің азамат белгі күтіп әлі жатыр. Басқа жауынгерлер өзді-өз міндеттеріне алған нысаналарына оқ шығарғанда, артымызда қалған екі бекіністі мен атқылап ояттым, өздерінің артқы күштеріне «қызыл тілдерін» жалақтатып, олар да сақылдады. Жіберген «жындарымыз» түгел шарпыпты, роталар түгел құтырып, өзді-өз жауын тапқандай, түгел оқ жаудырды.

«Шабуылға шыққан» жауының «аз емес» екенін енді «түсінді» білем, шеп сыртындағы бір топ тоғайдан зеңбірек күмп-күмп ете түсті де, алдыңғы бекіністер мен потай аралығына екі снарят түсіп жарылды.

Потай іргесіндегі тас жүрек азаматтың төбесінен белгі оғым сол сәтте ғана екі ысқырып өтіп еді. Оның қолындағы «бұжыр сойқан*» потайдың төменгі атыс аузынан кіріп, бір-ақ көтерді, күйретіп түсірді, біз жыра-жыраны қуалап, бұға зытттық та, сол ойрандалған потай алдындағы соқпақ жолға түсіп, жүгіре жөнелдік. Бұл жол сары аяқтардың түндерде алдындағы бұлақтан су таситын жолы болатын. Мина көмілмегені белгілі еді.

Уағдалы жерімізге жетіп, құшақтаса-құшақтаса түстік. Түп-түгел аман екенбіз. Жау роталары баптарына түп-түгел жеткендей, өзара шайнасып-қырқысып, сақылдасып жатыр. Сойқан мен лаң біздің өз мөлшерімізден де кеңірек таралып, туанын** қамтыған сияқты.

Сойқаншыларымның бәрін құшақтадым, көз жасым бәрінің бетіне тамды. Әсіресе, потай қопарған жалпақ қара жігітімнің бетінен сүйе беріппін, жылай беріппін. Өзімнен жасы көп үлкен прапоршик сөйлегенде бір-ақ түсіндім:

- Жолдас подпоручик, айыпқа бұйырмаңыз, долы екенсіз!... Жеңісіңіз - жеңіс, мықтылығыңыз - мықтылық-ақ, ал мына жылауыңыз не? -деп күлді.

- Айыпқа сіз де бұйырмаңыз, ағай! -деп басымды көтеріп алғанымда, жауынгерлер мырс-мырс күлді. Өзімнен дәрежесі кіші офицерге «ағай» деп тік тұра қалуым әскери тәртіптен сырт, тың мінез болып көрініпті. Мен кіші офицерге рапорт берген жауынгер ініше тіктеле жауап қайырдым. - Долылық қана емес, жаудың жауыздығы маған доңыздық мінез де сіңірген шығар. Жеңісіміз - кектің жемісі, мықтылығымыз - кектің тасқыны, ал жылауым - сол кек уының басытқысы ғана. Әлі талай тасырмын, әлі талай басармын. Рахымет сендерге, аға-бауырлар, қайрат сендердікі! -деп тынғанымда, әскери дәстүр бойынша сегізі бірдей ізетке келіп, жау жақын болғандықтан бәсең дауыспен ғана «урра» көтерді. - Сапқа тұрыңдар, қайттық! -деп алдына түсе жөнелдім.

Жау шебі жүн сабаған тулақтай сатырлап-сақылдап жатқанда, біз ротаның сол жақ бүйірінен ілініп едік. Окоптағы жауынгерлердің шаттық күлкілері мен қысқаша құттықтау сөздері, шатырлаған қол шапалақтары естілді. Біз де қол сермеп, күлісіп келе жатыр едік, қарсы алдымнан комбаттың өзі шыға келді. Сегізі кілт тоқтап, қатар тіктеле қалды да, мен ілгерілеп шығып, рапорт бердім:

- Сәлем, жолдас комбат, «ит таластыруға» кеткен сегіз жауынгер түгел аман қайтты, бұйрығыңыз толық орындалды, рапорт берген Биғабіл!

Комбат оң қолын шекесінен түсірмей, сегіз жауынгердің алдына барып тоқтады:

- Табыстарыңды баталион атынан құттықтаймын, таластыру емес, бүкіл бір полк жаудың қарнын жарып қайттыңдар! -деп күліп жіберді. «Ура!» дестік біз. Комбат маған қарамай, прапоршиктен бастап бәрінің қолын алып құттықтады. - Қайтып тамақтаныңдар!... Айырым тамақ берілсін! -деп арт жағындағы капитанға бұрылды. Мені жазаға қалдыруы еді бұл. Ізеттегі қалпыммен жанай қарап тұра бердім. Серіктерім де орындарынан қозғала қоймады; тәртіп бойынша жорықтағы өз командирінің бұйрығын естіп тарамақ. Біраз үнсіз қарап тұрған комбат, сұрақ қойды маған:

- Сен тіпті бұйрықты қалай орындадың?!

- Жолдас комбат, бұйрығыңыз бойынша «толық» үйреттім!

- Кімге толық үйреттің, тіпті?!

- Орындаушы жауынгерлерге!... Барып үйретпесем, миналанған алаптан өтуді үйрене алмайтын болды, бастап өткізіп, бер жағына қайта келіп, бақылап жаттым.

Арт жағында тұрған капитан мен политрук бастарын изей жымиысты. Жауабымның түтіні шарпусыз дұрыс шыққанын байқап, мен жымидым. Жау шебіндегі толассыз шайқасты тыңдап тұрған комбат та жымиып, капитанға қарады. Политрук Ошыр күбірлей сөйледі:

- Жолдас Шолымбаты, Биғабілдің барып үйретуіне себеп болған менмін!

- Өзіңіз де «толық үйретуді» тапсырған екенсіз! - дегенді капитан Жүніс күмілжіткенде ғана шықты комбат кешірімі:

- Аман қайтқан соң болыпты, тіпті, күнәңды бір рет кештім!... Тамақтаныңдар!... Екінші бұлай жүрсең болмайды!

- Құп, жолдас комбат, болмауға!... Тараңдар, батырлар!... тамақтаныңдар!

Сойқандастарым менің жауабыма күлісе тарқады. Комбаттың құттықтау қолы олар асханаға кеткен соң жетті маған. Рота басшылары кезектесе құшақтады.

- Бұл өзі, тіпті, қабілетті жігіт көрінеді. Бірақ, тіпті, тәртіпсіз! - деп күлімсіреді комбат. Жау шебінен, енді гранат лақтырысқандай қопарылыстар естілді.

- Міне, енді тіпті қырылысты, - деп күлді Жүніс капитан, - Биғабілдің осы тәртіпсіздігін өзі барып орындасып келсе де кешіріңізші комбат! «Толық үйрету» бұйрығыңыз толықтан да толық орындалған соң болмады ма? Жау жақ бүгін бізге шабуыл жасай алмайды, әйтсе де, сақтық үшін мен қала тұрайын, сіздер тамақтаныңыздар!

- Зеңбіректері, тіпті, алғашқы бір реттен соң атылмай қалды ғой, -деп комбат күбірледі, - тегі, тіпті, бірдеңе естіген болар, алдыңғы шебіне телефон жеткізе алмай жатыр. Тоқтату бұйрығы жете қалса, мыналар ызамен бізді атқылауы мүмкін. Онда біз қарсы шара қолданамыз.

Политрук басқа жорамал айтты:

- «Қоян-қолтық араласып кеткен жауға» зеңбірек жұмсай ала ма, олар солай түсінгендіктен оқ ата алмай қалған шығар, келсе, запас полкі келер... Неде болса, осындайда тамақтанып алғанымыз дұрыс!

- Жүріңдер, олай болса, Жүніс қана қала тұрсын...

Жер астындағы тамақханаға үшеуіміз ғана кіріп едік, комбат бір бұрышта май шам жарығымен тамақтанып отырған сойқандастарымнан прапоршикті шақырып, төртеу болдық. Политрук бір бөтелке арақ әкеліп, төрт шыныға бөліп құйып жатқанда, үстелге қойылған бөлкеден екі тілімін екі қолыма алып, асай бердім. Нұрия өлімін естігелі тамаққа зауқым соққаны осы-ақ шығар, лезде бір шыны сорпа ішіп, жарты бөлке жеп жіберіппін.

- Бүгінгі еңбектеріңді құттықтау үшін комбат арақ алдырды, - деп Ошыр көзін қулана қысып қойды маған, - комбат жолдас, енді сөз сіздікі!

Комбат «қашан мен алдырдым» деген аңтарылысын сездіргісі келмегендей, политрукке бір қарап қана қойып сөйледі:

- Болды, шаршадыңдар, тіпті, балшыққа батып, іштеріңе суық тигіздіңдер, ең қатерлі жерге барып, қарсыдағы жауымызға қатты ойран салдыңдар, тіпті, ішіп қойыңдар!

Арақ шынысын мен де қолыма алып, шайнаңдай түрегеліп, қағыстырдым да, үшеуі ішіп болған соң, потай қопарушы жалпақ қараны шақырдым.

- Шеуікжан, бері кел! - жауынгер сарт-сұрт басып кеп оң қолын құндыздыққа қоя тұра қалғанда, комбатқа қарап сөйледім. - Жолдас комбат, мен мүлде ішпейтінмін әрі жау арасына кірген мен емеспін, анау сойқандастардың өкілі, дюдай потайдың күлін көкке ұшырған батыр жауынгеріңізді мен құттықтаймын!... Ал, қалдырмай ішіп жібер, батырым!

Қағып салған Шеуік:

- Рахмет, жолдас подпоручик! -деп, шыныны қос қолымен қайтарып бере сала честь берді де, «рұқсат» ишарамды көрген соң кілт бұрылып, орнына қайтты. Аузындағы бөлкені асыға жұтып, күлімдей сөйледі комбат:

- Сен, тіпті асқан қу неме екенсің, бұйрық бұзғаныңды жасыру үшін, тіпті, мен ұсынған арақты да басқаға бердің! Жау шебіне кіргендігіңе, тіпті, мына Ошыр ахұн куә!.. Айтшы политрук, «қазақ сығаламасын, сығаласа кіріп кетеді» дейтін сөз, тіпті, сендерден шыққан ғой. Сығалау емес, тіпті, миналы есігінен кіріп алған қазақ төріне шықпай қоя ма? Бәрі бір өтірік, мойындауың керек! Мойындамасаң Әділбек полковникке мәлімдеймін!

- Жолдас комбат, мына отырған бәрінен сұраңыз, мен «толық үйретіп» қана қайттым.... Полковникке олай айтсаңыз, мені артқы шепке айдап жібереді. Ал сіз бұйынтақ хатшыңыздан айрыласыз, одан не пайда?

- Рұқсат па, баяндауға? - деп бір жауынгер кіріп келгенде бәріміз жалт-жалт қарастық. «Жау шабуыл жасай қалды ма» деп сезіктенген едік. Келген жауынгердің рапорты басқаша шықты. - Төменгі құм жиекпен өтіп бара жатқан жаудың қарулы бір адамы ауыр жараланып қолға түсті, мына аласапыран атыс тұсында өтіп кетпек шпион болар деп едік, қазақ екен! Өз атына өңгеріп әкеле жатқанымызда өліп кетіпті.

Біз қопарыла жүгірдік сыртқа, күншығыс жақ сәл бозарып, таң белгі беріпті. Жау бір-бірімен әлі атысып жатыр. Өлікке алдымен мен жүгіріп жетіп едім, үңіле қарадым да «аһ!» дедім жалғыз-ақ, дауысым қатты шығып кентіпті.

- Кім екен? -деп комбат та жетіп кеп, үңіле түсті, - дос адам ба екен?

Шалқасынан жатқан өлікті сілкіп-сілкіп қалдым да:

- Өліпті! -деп зекіріп жібердім. «Бір аяулы адамынан айрылған екен» дегендей, маңайдағылар маған үңіле қарасып қалыпты. Мен өлік көкірегін табаныммен басып тұрып сөйледім. - Жау... жау болғанда да нағыз қара жүрек жау!... Қастандықтың талайын істеген қарақшы шпион, аты - Кәмен... талай сыр кетті мына арам көкірегінде! -деп теуіп-теуіп жібердім. - тергесек талай тілсім шешілетін еді ғой! Неге тірі ұстамадыңдар?!

- Бірнеше жауынгер, тіпті жалғыз адамды тірі ұстай алмағаны ма? -деп комбат ширықты, - мұндай адамды қаншалық қатерлі болғанда да тірі ұстаңдар дегенім қайда, тіпті?!

- Жолдас комбат, - деп шолғыншылардың бірі тіктеле қойды, - қолындағы құралын көріңіз, міне автоматы... Ат үстінен жан-жағына жалтақтап, ақырын келе жатыр екен. Біз тұс-тұсынан шыға келіп, қол көтеруге бұйырдық. Құралын кезеп тұрып, «мен өз адамдарыңмын, тоспа жолды» деп ақырды. Біз парол* сұрадық. «Штаптарың қайда, сонда баяндаймын» деп желе жөнелді. Басынан асыра оқ шығарып едік, тоқтамады. Оң иығынан көзеп едік, бір оқ жауырын астынан тиіпті...

- Бізді жаппай шайқас әурешілігінде деп түсініп, осы орайда өтіп алмақ болған ғой, дәмесін қара сасықтың! - деп күлді капитан. - «Шпион екен десек, қазақ екен» деп шошыпты атушы батыр. Қазақ екен десек, шпион екен ғой, болды енді азаланбай-ақ қоялық, арам сырын біреуінен суырып алармыз әлі-ақ!

Кәменнің көкірегін бір табаныммен басқан күйі мең-зең болып тұрып қалыппын.

- Биғабіл! - деп комбат шақырғанда, жалт қайрылып тіктелдім. Кәменнің атына әр жағынан қарап, үңіліп тұр екен өзі.

- Бар, Биғабіл! -деп жауап қаттым.

- Өлген шпионда ерекше кегің бар көрінеді, күйзеліп кеттің тіпті. Мін мына атына, басымен сенікі, қағаз жазып бекітіп беремін!... Мұндай атпен қашсаң құтыласың, қусаң жетесің, болып тұр тіпті!

Жау шебіндегі соғыс таң атқанда тоқтады. Бірін-бірі әбден танып, ішегін тарта тоқтағандай, демсіз-қыбырсыз жым-жырттық орнай қалды. «Өлгені мен әскери соғысқа тірі тартылатындарын санасып-тергесіп жатқан болар» деп күбірлестік. Телефонға шақырылған комбат жер үйден тез шықты. Капитанмен жеке сөйлесіп, бір жәйітті қатты тапсырғандай болды да, мені шақырып ерте жөнелді. Далдаға қойылған аттарды міне шаптық.

Бұрынғы жылқышы Шолымбаты капитан сынаған ат айтқанындай көрінді. «Жауды өзара мықтап қырқыстырып қайттым. Тісімді шақырлатып жүрген Кәмен де өлтірілді. Мініп келген мына кері аты маған тиді. Бірақ кегім осымен ғана тарқар ма, есіл Нұрияшым!... Қайран арман, орны толмас қайран жар, орны бітпес жүрек жарасына айналып қала бермек пе! Қаскөйдің өз аузынан анығына жетіп, өз қолыммен өлтіре алмай қалдым-ау!... Осы атпен дауылдатып кірсем Үрімжіге, қырсам сақшыларын! Кек кернеген көкірегім сонда кеңіп, дертім сонда кемір еді ғой! Тапқызсам асыл денесін, тым болмағанда бір тәулік құшақтап жатып, өз қолыммен жерлесем!...»

Әскери тәртіп бойынша алдымда келе жатқан комбат, жалт қайрылды маған:

- Өй, не болған саған,  тіпті? Жылап келе жатыпсың. Жеке басыңның қаншалық кегі болса да, тіпті, қайтпады ма бүгін?... Штапқа Әділбек полковник келіп отыр. Жауға түндегі салған шатақ жайын тергемек. Генерал Палиновтың өзі жіберіпті. Байқауымша, сен де тергелесің тіпті, соған дайындал! Мен, «ит таластыру» жайын телефонда мәлімдегенімде, сенің атың да шығып кеткен тіпті, жасаған жобаңды мақұлдап, рұқсат еткенімді айтқанмын. Енді сенің мина арасынан бастап өткеніңді айтпаймын, болды ма?! Бірақ, мұнан соң менің рұқсатымсыз әрекет қылмайсың!

- Құп, рахымет жолдас комбат! -деп чес бердім, - басқа жауаптан мені әкете алмайды...

Штапқа Шолымбаты жалғыз жөнелді де, мені асханаға жіберді. Жарым сағаттан соң шақыртты. Кіріп барып, полковникке чес бердім. Шолымбаты маған көзін қысып қойып, күлімсірей шықты. Әділбек көз алмай қарап отырып, бір аздан соң отыруыма рұқсат етті:

- Әбден шаршаған екенсің, отыр! Жауған оқ арасынан жараланбай шықтың ба?

- Полковник жолдас, мен оқ тиетін жерге кіргенім жоқ, бер жақта жаттым!

- Бекер жатқан кісімнің түрі бұлай болмас! -деп мырс ете түсті Әділбек. - Сұрланып, қайрақтай қатып алған шырайың да айтып тұр-ау!

- Өзіңізге бір айтқан Кәмен шпионның өлігі ғана қолға түскеніне қатты ызаландым, өзім тергесем, қайрақтай емес, шарықтай қажап тауысар едім!... Нұрияны ұрлатудағы құпиясын да анықтай алмай қалдым ғой?

- Сөйтіп, жау шебіне өзім кірмедім дейсің бе? Етігің әнеу көйкінің астында тұр, өткен суық түнге киген мына батинкаңнан, анау тізелерің мен кеуделеріңдегі батпақтан қалай жалтарар екенсің! Қаншалық тырналасаң да кетпепті ғой!

- Алдыңғы шепке тез жету үшін жеңіл батинка кигенім рас, ол жерде бауырымен жорғаламай адам жүре ала ма?

- Олай болса, мынаған кел! - деп полковник үстел үстіндегі сызба қаритаға шақырды.

- Айтуларыңша, сенің жүрген жерің мынау ғана. Мұның қай жерінде батпақ бар! Киіміңдегі майса нілі мен қара батпақ дақтары сенің дәл мына батпақтан, миналардың арасынан өткеніңді ыспаттайды!

- Сол миналардың шетіне қана барып, өтушілерге көрсетіп қайтқанмын, мына жерде кішкене ғана саздауыт бар екен, содан бері еңбектеп өтіп, жатып бақылағанмын!

- Жаның шықсын балдызтай, бұл жерлерде батпақ жоқ... Бұған мойындасаң, жақсы көретін әпекең «үйдей пәле» атар ма еді! -деп қарқылдап күлді Әділбек. - Комбатың менің алдымда қаншалық аңқаулық көрсетіп қойғанын да білмейсің ғой. Толарсағыңнан қан кешпесең, ат жанды капитан соншалық жақсы атты меншіктеп берер ме саған! Жә, бұл тақырыпты енді қоя тұралық. Әйтеуір жоба-ұсынысың да, бұл сапарың да тым сәтті болған. Өзің айтқан «сабақтас қыздың» да, достарыңның да, өз көрген азабыңның да кегін неше еселеп қайтардың, арманың орындалыпты. Енді үйіңе қайтасың, мен рұқсат алып беремін!

- Жездетай, айта көрмеңіз мұны! Үрімжіге соғысып кірмей тоқтай алмаспыз!

- Бауыр, енді бұлай сөйлемегейсің! Мен ғана естідім, басқа ешкімге қойма бұл талапты... Осы талапты қоямын деп қазір қанша жауынгердің жазаланып жатқанын естімепсің. Енді бұдан да қатал қарайды, гоминдаңмен келіссөз жүргізіліп жатыр. Ендігі жорық, саяси қылмысқа айналмақ!

- Төңкерісті жол ортада буып тастамақ па? Өліспей беріспейтін жауға теңдесе алатын жерге жетпей, бітімге келмек пе халық? Қайнаған халық кегі осымен ғана тарқамақпа!

- Теңдесе алатын бітімге келтірмек. Коммунистік партиялардың біртұтас басшылығына бағынбаған әрқандай әрекетке қатал тиым салу бұйрығы бар... Кектің ғана тілін алсақ, кімде кек жоқ дейсің, мына генерал Палинов та кегі қайнап тұрған Ілелік орыс. Дивизиясының барлық күшін оңтүстік Шинжаңға жұмылдырып отырған генерал Ысқақбекке де, Үрімжіге Алтай жақтан төніп тұрған Дәлелқан дивизиясына да сол бұйрық түсіп, тиып отыр. Соғыс талабын қоюшыларға қосылмай, ап-аман қайтып кет онан да!... Бұл жерде бекер жатқанша ата-анаңа барып, көріне тұр, соғыс жүргізуге рұқсат етілсе, өзіңді мен-ақ шақыртып алайын!

 

*  *  *

 

Әділетті тергеушім, соғысқұмардың қылмыс жолын осылай бумаса, арам нәпсісінде шек бар ма? Әрине, бұл тараудағы тың қылмысыма ғана үңілерсіз. Шатқаяқты айырса, көтенішектің бос қалатынын қасапшы біледі. Нақтылы «жын-шайтан» екендігімді ашып тастамадым ба? Жын болмасам, гоминдаң жендеттерінің құжынаған ортасынан соғып, бәрін құтырта алар ма едім, шайтан болмасам, өздері мен өздерін қырылыстыра салар ма едім? Міне факт деген!

Гоминдаң болса да қалай да өз адамдарыңыз ғой, «адамзатты мұншалық қорлап басынарма!» деген құпия ашуға булығарсыз да, «ит басыңды жаншып тастаймын» деп шақылдарсыз-ақ!

(Жалғасы бар)

«Абай-ақпарат»


* Фелиетон - шымшымалы, сықақты қысқа әңгіме.

* Комбат (орысша) - баталион командирі.

* Политрук - әскери бөлімшелердің саяси жұмысын басқаратын адам.

* Сырты шақпақ бұжыр, домалақ гранат. Тез от алғыштығы мен қуаттылығынан «бұжыр сойқан» аталған.

** Туан (ханзуша) - полк.

* Парол - өз адамы екенін білуге қолданылатын жасырын сөз, шартты белгі.

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5512