Қажығұмар Шабданұлы. Қылмыс (жалғасы)
IV
Екі-үш күн өтісімен майдан штабына қайтарылдым. Жолдағы баталионнан жолыққан Қуат Үрімжіге жорықты әлі де күтетінін, қайтпайтынын айтты. Бұл баталионда жорық талабы тым күшті екен. «Кегіңді қайтарып, атын мінген соң төңкерістік жігеріңнің де қайтқаны ма?» деп кінәлады мені. Әділбектен естіген-білгенімді қаншалық толықтап түсіндіргеніммен, оны ойына дарытпады.
- Бұл бұйрыққа халық талабы мен бүкіл офицер-жауынгерлердің екпіні тойтарыла қоймас, - деп қолын сілкіп жіберді Қуат, - өз тағдырына байланысты мәселені халықтың өзі шешуге тиісті ғой! «Шешу шартың болса да, қанішер жаңгүдейіңді мойныңнан жұлып тастамай тұра тұр» дейтін Марксизм көрмеппін де, естімеппін!
- Коммунистік партиялардың біртұтас басшылығы коммунизм жеңісінің шарты болатынын естіген шығармыз? - деп күбірледім мен. - Бар тілеуіміз компартия жағында емес пе еді, оның басшылығын қалай қабылдамассың?!
- Осы төңкерісте ту басынан-ақ компартия басшылығы бар екенін, шырағым өзің де айтушы едің ғой. Бостандық жолын көрсетіп беріп, сол жолдан жауды сыпыра қуалап келе жатқанымызда алдымыздан тоса қалып, қоя тұр, құл бола тұр дейтін «біртұтас басшылық» бола ма?!... Халық төңкерісін бұлай қол жаулық ету Маркстік-Лениндік басшылыққа да қона қоймайды. Шырағым, кеткің келсе, өзің кете тұр, бірақ, бұлай күмілжіп, біздің отымызға су құймай үнсіз кет!
IV
Екі-үш күн өтісімен майдан штабына қайтарылдым. Жолдағы баталионнан жолыққан Қуат Үрімжіге жорықты әлі де күтетінін, қайтпайтынын айтты. Бұл баталионда жорық талабы тым күшті екен. «Кегіңді қайтарып, атын мінген соң төңкерістік жігеріңнің де қайтқаны ма?» деп кінәлады мені. Әділбектен естіген-білгенімді қаншалық толықтап түсіндіргеніммен, оны ойына дарытпады.
- Бұл бұйрыққа халық талабы мен бүкіл офицер-жауынгерлердің екпіні тойтарыла қоймас, - деп қолын сілкіп жіберді Қуат, - өз тағдырына байланысты мәселені халықтың өзі шешуге тиісті ғой! «Шешу шартың болса да, қанішер жаңгүдейіңді мойныңнан жұлып тастамай тұра тұр» дейтін Марксизм көрмеппін де, естімеппін!
- Коммунистік партиялардың біртұтас басшылығы коммунизм жеңісінің шарты болатынын естіген шығармыз? - деп күбірледім мен. - Бар тілеуіміз компартия жағында емес пе еді, оның басшылығын қалай қабылдамассың?!
- Осы төңкерісте ту басынан-ақ компартия басшылығы бар екенін, шырағым өзің де айтушы едің ғой. Бостандық жолын көрсетіп беріп, сол жолдан жауды сыпыра қуалап келе жатқанымызда алдымыздан тоса қалып, қоя тұр, құл бола тұр дейтін «біртұтас басшылық» бола ма?!... Халық төңкерісін бұлай қол жаулық ету Маркстік-Лениндік басшылыққа да қона қоймайды. Шырағым, кеткің келсе, өзің кете тұр, бірақ, бұлай күмілжіп, біздің отымызға су құймай үнсіз кет!
Мен күліп жібердім де, құшақтай қоштастым.
- Менің пікірім сендерден қашан ала бөтен болған еді, талаптарыңа қайтып су құяйын... әке-шешеге көрініп қана қайтып келгім бар, жорыққа жол берілсе, маған дереу хат жаза көр!
Қуаттан осы уағдамен айрылыстым.
Майдан штабының қақпасына қарауылшы екі есе көбейтіліп қойылыпты. Атымды ат қораға қоя сала кіріп барсам, аула іші, қайшалыс сенделіп жүрген офицерлер екен, екіден-үштен оңашаланып, күбірлесіп тұрғандар едәуір молаң көрінді. Штап залының есігіне дәудей екі офицер қарауылға тұрыпты. Алдына барып, Әділбек полковник шақырғанын айтып едім, бірі атымды жазып алды да, күте тұруға бұйырды.
- Ей бұзық, бері кел! -деді арт жағымнан біреу. Ауланың бір бұрышында дуалға сүйеніп тұрған Өмірбек екен. Қолбасшыны көргендей жүгіре жетіп әскери салтпен сәлем бердім.
- «Господин» поручик, келді бұзық Биғабіл!
- Сен немене, біз өте алмай тұрған есіктен тағы да бұзып-жарып өте шықпақ па едің? Түсір қолыңды, армиядан шығарып жіберемін! -деп Өмірбек жорта зықынап алып, құшақтады, - құттықтаймын бұзықтығыңды! «Господин» капитанымнан естідім, аса сүйкімді лаң тудырыпсың!
- Господиның қайда, аман ба?
- Осында, штапқа рота жауынгерлерінің талабы мен менің өтінішімді көтеріп кірді.
- Не талап?
- «Шабуылға шығамыз» деп жауынгерлеріміз түгел қылшылдап кетті. Осы келіп тұрғандардың бәрі сол талаппен саяси бөлімге келген рота офицерлері. Менің өтінішім соғысқа тез кіру немесе тез үйлену болып тұр.
- «Тез үйленуің» не?
- Бұл жерде тіземді құшақтап бекер жата бермекпін бе? Жалғызбын ғой мен, әке өлген, енді кемпірі өлсе, шындап сопиғаным емес пе!
- Қалыңдық дайындап па едің?
- Дайын болғанда қандай. Бірақ, таласушылар көп еді, тез қайтпасам екі ортадан біреу қайырып әкетер ме екен деп қорқамын. Өзі де күн сайын түсіме кіріп, мазамды алып, жазамды тартқызып барады.
Мен күрсініп кеткенімді сезбей қалыппын.
- Ыһы бәлем, сенің жыныңды да қоздырайын деді ме?
- Менің жыным қозғанды қойып, тозып біткен!
- Е, әнеу күні айтқан қалыңдығыңды есіңе түсіріп қойыппын-ау, қой енді оған қайғыруды, кегін алып болыпсың... Жә, дәл мына жағдайда сендей лаңды ұстап тұрмас бұл жерге. Үрімжіден жаңа өткендіктен әке-шешеңді көру сылтауың да бар, жездең қайтарар-ақ. Егер өзім қайта алмасам, қалыңдығымды басқаларға қайыртып қоймай, сен қайыра тұр! Мойнын мен жаққа қаратып бұрай бер, сенің көкірегіңде бықсып жатқан бірдемеңді жандырып жіберерлік бірдеме тауып бере алады ол саған. Қиын сайқал!
- Енді қалыңдық іздей қоймаспын!
- Көрермін, іздететінің іздетер!
Бұрынғы жатып атар Өмірбектің іші пысқандықтан тым қу сөзді болып алғанына қызығып тұрғанымда, есік тосқан офицер шақырып Әділбек полковниктің қабылдайтынын айтты. Сонда да есік қағып, рұқсат сұрай кірдім. Бексапамен сөйлесіп отырған Әділбек қол ұсынып, мені бір жағына отырғызды.
- Енді сен шаснисың* бәлекетім, былай шығып отыра бер! Мына белбеуің мен құралыңды соғыс жорығы басталатын күні қайтып келіп тағынатын боласың!
- Мақұл жездетай, осы уағдаңда тұрсаң болғаны! - деп барып, өз жағымдағы бір орындыққа отыра кеттім де, белбеуді ағытып, бұрыштағы үстел үстіне қоя салдым. - Қайта келіп жауынгерің болғанша айтыса тұруыма рұқсат етерсің.
- Сендей еріккен ауыл жігітімен айтысуға мұрсам жоқ, армиядан уақытша босағаныңа саяси бөлім қағаз береді, соны ал да тайып тұр.
- Сүйікті жауыңа «бұжыр сойқанның» біреуін лақтыра кетейін бе бәлем, қосыла бақырар ма екенсің?
- Ей, гранат бар ма сенде, тапсыр!... Капитан, тінт мына пәлені!
Бексапа күле түрегеліп, ресми тінтіп шықты.
- Енді ештеңе қалған жоқ, - деп жымия күрсініп отыра кеттім, - полковник жолдас, менімен бірге келген Қуатты қайтарасыз ба?
- Оның үй тұрмысы сендердікінен жақсы сияқты. Өзі талап етсе, үйін көріп қайтуы мүмкін. Бірақ, «тоса тұрамын» деп жүрген көрінеді.
- Үй тұрмысы десеңіз, мына Бексапаның Өмірбек атты поручигінің халі біздікінен де қиын. Толық білемін, үйінде жалғыз шешесі ғана қалыпты. Қалыңдығы қатты асықтырып, хат жаудырып жатыпты. Менімен бірге қайтып, шешесіне тым болмағанда келін түсіріп беріп қайтса болмай ма?!
- Полковник жолдас, қайталап өтінейін, -дегенде Бексапаның шегір көзі жарқырап кетті, - арызына растап қана қол қойып беріңізші, генералға өзім-ақ, кіргізейін!
- Жоқ, шырақтарым, мен мұны қанша айтқаныммен генерал рұқсат етпейді, маған да бұйырып қойған. Мұндайдың біріне рұқсат етілсе, бәрі қаптағалы тұр. Әскери күшіміз мықты тұрмаса, жау есе-теңдік береді екен деме... Келіссөз қазірдің өзінде де неше бұзылып, неше түзеліп тұр. Бітім болған күнде де бұл жердегі күшіміз оның орындалуын қадағалап күзетіп тұруы қажет. Гоминдаңға сенім бар ма, алдап тұрып бассалмақ ойы жоқ емес...
- Әттең-ай, мына қорлыққа шыдап отырғандарыңыз-ай, -деп азуымды баса күбірледім, - олай керги қалған күні Үрімжіні бассалсақ жөніне келе қалмас па еді?!
Бексапа ашық күлді де, полковник сығалай қарап жымиып, өзінің әлгі жауап сөзін жалғастырды:
- ... Сондықтан, Өмірбек сияқтыларға генерал қазірше рұқсат етілмейтінін қадағалап тапсырған...
Саяси бөлімнен жолхат алдым да, сол күні Бексапа, Өмірбектермен бірге болдым. Соғыс жорығының сәні келетіні естілсе-ақ маған дереу хат жазып, хабарландыруын қайта-қайта тапсыра беріппін, қан жоса болып жатқан Нұрияшым елестеген сайын сол өтініш айтыла берді...
Таңертеңіне почта арбасына ілесіп кері атпен жорта жөнеліп едім, Шихаңзының қара ағашты тоғайынан алаңқыға шыға келгенімде атым оқыс жалт берді. Ертоқым үстіне оң жақ балтырым жабыса қалмағанда, жалп етіп ұшып түседі екенмін. Ат жалынан шап беріп, тез түзелсем де, тізгінге бой бермей, қиғаштай алып қашқан кері қарсы алдына тағы да жалт беріп, почта арбасына қарай қайта ыршыды. Алғашқы үріккені де, кейінгі үріккені де сары аяқтардың өліктері екен.
- Мына иттің балаларының өлгенде де үркітіп жатқанын қарашы! - дегенімде почташы қарқылдай күлді. Оның аттары бұл қанды жолмен көп жүргендіктен үйреніп қалыпты, құлағын тіге осқырып қойып қана өте береді.
- Байқа, қарағым, мына үйренбеген ат тым қатерлі болады! -деді почташы.
Тағы бір үйменің жанынан мұрнын баса өтті. Керат тағы ырши жөнелгенде, мойнын бар күшпен қайыра шаужайлап тежедім. Сәскеге көтеріліп қалған күн, жылы нұр шашып, жер бетін түнгі суықтан жадырата бастағанда «сары аяқ» өліктерінің сасыған иісі тіпті бүріп, мұрнымызды қусыра түсті. Почташы үзіп-үзіп сөйлеп алып тұмшаланады. - Бұл маңдағысын жолды ашу үшін ғана жиыстырып, үйіп тастап едік, сол шатақ болды! Ал, далада шашылып қалғаны тез семіп бітті... Төғызыншы айдың орта шенінде қырылған ғой, міне екі айдан асып қалды...
Қанша шаужайласам да кер ат енді ыршып-ыршып түсетінді шығарды. Екі үш қадам сайын арсиып жатқан бір өліктен аяқ басып жүре алар емес.
- Енді тас жолға шығып алайық, мина қопарып кеткен жерлерінен өттік! -деп арбакеш қиялай өрледі. Менің атым үрке шапшып, көтерме тас жолға бір-ақ ыршыды. Тас жол үстінде өлік жоқ екен; көпір астыларына жөнелтіліпті. Семіп қалған аяқ-қолдар ғана көрініп қалып жатыр. Көтеріңкі жолда иіс те жоқ, күнбатыстан лүпіген таза самалдан еркін дем ала жүрдік. Ат шорши үріккенін қойып, екі жағына кезек елеңдеумен лыпылдай берді. Мен де екі жағыма кезек үңіліп келемін. Сол жақ тастақты, тақтайдай тегіс дала, Еренқабырға бөктеріне дейін самаладай көрінетін өр жақ. Шашылып жатқан өліктен «сары аяқ» қаны шашылмаған тоқымдай жер табылмайтындай. Ал, оң жағымдағы ылдида, сонау қара ағаш ормандарына дейін самаладай көрініп, өліктен сау жер мүлде жоқ екенін айқындай берді.
«Бұл сүйектерде енді күлдей шашылып, топыраққа айналмақ. Сонда сары аяқтардың күлі шашылмаған Еренқабырға бөктері қалмағаны ғой! Шовснизммен арамдалмаған сары аяқтың күлі бұл өңірге шашылар ма! Арамданбаған болса қол көтеріп, құралын тапсыра қоюдан қорқарма! Әне, әне жатыстарына қарағанда оқ бәрінің де артынан тиген: құлап түскенге дейін қашқан кілең арам!...» деген оймен:
- По-по-по! -деп таңдана беріппін.
- Қарағым, өліктің көптігіне таңданып келесің бе?! -деді, қатар келе жатқан кексе арбакеш. - Жоқ, бұл көргенің оншалық көп емес, қырғынның үлкені Шиху маңында болды. Сары аяқ соншалық көп болған соң, аз қырылмақ па!
- Не себепті қыра берген?
- Себеп деген көп қой, қайсы бірін санап бере аларсың?... Мәселен, кеште қалыңдығын іздеп бара жатқанда шеріктер атып тастаған жігіттің ағасына автомат табылды, нағашысынан келе жатқанда атылған жігіттің інісіне пулимет кездесе кетті, түнде ауру қинаған әкесіне әлде шешесіне дәрігер іздеп шыққан жігітке де потайдың оғы тиеді. Олардың туыстары кек алмас па!?... Осы сұлап жатқандардың кейбіреуін өз құралдары өлтірген, қаша-қаша әбден шаршағанда, жеп-жеңіл автоматтарын да жолға тастай зытты бұлар. Әлгіндей кектілер жолда жатқан қаруды ала салып, оқ боратты да жамсата берді, пулеметті әйелдердің де ұзақ қуалап соққандары бар. Ал, кекті әскерлер не оңдырмақ! Ұлттық армия арасында мұндай қыруға қарсы болғандар да бар. Бірақ, халықтың қайнаған кегін ешкім тоқтата алмады.
Өзіміздің бір жақсы азаматтың қазасына мен қатты қайғырдым... Әңгіме тыңдағың келе ме, қарақ? -деп почташы көбіктенген езуін сүртті де, селдір мұртын сипап қойды.
- Тыңдағым келеді, - деп мен ат үстінен еңкейе бердім.
- Тізгінге сақ бол, көпір астынан қасқыр шығарып тастаған өліктер бар. Байқаусызда атың мерт қып кетпесін, ал бастадым! - Осы күздің басында бізге Ақылбай атты жігіт келді...
- Аһ! Ақылбай?!... Қайдан келіпті?! -деп кескініне тіксіне үңілдім де, зорланып жайбырақатси қойдым, тым жақын біреуі екен деп ойлады білем, «аһ» дегенімде-ақ аңырая қарап қалды.
- Кім біледі, әйтеуір Текестен келіпті дейді. Өзі көп оқыған, тым ақылды жігіт көрінді. Қолға түскен шеріктермен сөйлескенде аузын буып, мойындатып тастайтын, қытайшаға өте жетік екен. Мен онымен жарым ай ғана бірге болдым: партизан едік, Ақылбай партизан отриядына анда-санда мені де жұмсап тұрды. «Қолға түскен шеріктердің бәрін қыра бермесін» деп тапсыратын, «бәрі бірдей қылмысты емес, тексеріп, анықтап көруіміз керек» дейтін. Сол сабаз, қан түртті ме екен... бір қателік өткізді... Осы қытайға жақсылық істеудің түкке де керегі жоқ деймін мен! Марқұмның өзінің де ажалы сол адамгершілігінен келді ғой... Шиху жақтан бір полктай сары аяқ жаяулай қашып шыққанда... аттылары оларға қарамай зытып жоғалған.. Біздің партизандар сыпыра атты еді, сол қалың жаяуды Майтау жақты қорғай, бөктерлей қуаладық. Соңынан қуғандар да, бүйірінен тиіскендер де онан-мұнан құралып, көбейе берді. Олар түре сыпырып, оқ жаудырып келеді екен. Ақылбай мені және оқыған екі жігітті іркес-тіркес жіберді қуғыншыларға; «қырмасын, алдынан шығып қоршаймыз да құралдарын тастатамыз, қолға түсіріп жол жасатамыз, тексеріп, анықтап, қылмыстыларын ғана жазалаймыз, бұл қолбасшылықтың бұйрығы деп ұқтырыңдар» деп тапсырды бізге. Барып айтып едік, қуғыншылар өзімізді зекіріп, қорқытып қайтарды...
- Не деп қорқытты?!
- Не деуші еді, «жауға бүйрегін бұрушылар шықсын бері, айт қазір барып» деп ақырады. «Жауға бауыры езіліп бара жатса, араға түссін қане» деп тұс-тұсымыздан күркіреген соң қайта шаптық. Көздері қызарып, түтігіп алыпты. Олардың аужайын баяндауға енді өз қосынымыз жеткізер емес. Ақылбай қашқындардың алдынан орай шауып, Күйтіңнен недәуір алыстап барып, шеп құрды да, бір төмпешіктен ақ ту көтере айқайлады...
- Не деп?!
- Қытайша не дегенін толық ұғам ба, әйтеуір «құралдарыңды тастаңдар, жаяу қашып құтыла алмайсыңдар, бағынсаңдар ғана тірі қаласыңдар» деп айқайлағандай болып еді, қашқындардың алдыңғы легінен... бастықтары болар деймін... шекірейген біреу өз тобынан Ақылбай жаққа шыға бере... қолындағы маузерін... шақылдатып кеп жібергені... Ақылбай атынан жеңіл секіріп түсті де, бүйірін бір қолымен баса құлады....
- Өлді ме содан?...
- Тұра тұр, аяғын айтайын.. Біз де оқ жаудырдық сонан соң, енді айтатын не қалды?! Тұс-тұсынан от алған төкпелі құралдар жусатты да тастады. Бастықтары құрал тастау туралы бұйрық бермесе де әскерлері қуғынға түскеннен-ақ ауырлаған құралдарын тастай беріпті жолға. Маңайдағы малшы, егіншілер соңына түсіп, теріп ала беріпті. Сөйтіп, қаруын тастамай қашқан сары аяқтарды қуа жамсата бердік; Шиху жақтан қашқан жаудың тағы бір легі жақындап қалған екен. Қуушыларымыз да, тосқауылшыларымыз да жолынан тайқап шықтық та, өте бергенде соңынан түре соқтық-ай келіп... қайрылып қарсы тұра қалмай, қаша берді, біз оқ бората бердік. «Тосқауылға біз қалайық, сендер құтылыңдар» дейтін бір тобы болсашы, гоминдаң деген бір қорықса қорқылдай қашатын жұрт екен... Осы қырылғандардың бәрі де лек-легімен қашып, осылай қырылған. «Не себепті қырдыңдар» дегеніңді енді өзің ойлап көр!
- Ақылбай өлді ме, сөйтіп?! -деп қалғанымда көзімнен жас шығып кетті. Теріс қарап сүрттім.
- Е, қарағым-ай, өлмей қала ма, «жауды аяған жаралы» деген сол да. Ол даладан дәрігер табыла ма?... Оның өліміне біз де күйзелгенбіз, тым мінезді, жібектей жігіт еді өзі, амал не... Күйтіңге жетпей қаза болды! Мына итшошқалардың осы қырылысына іш те жимаймыз біз!
- Қайда жерленді?
- Күйтің қалашығының төменгі жағына, Қарасу маңындағы бір қыратқа қойдық. Үзілерінде өзінің бір досына сыбырлап жатыр еді, Іледегі әке-шешесіне, Үрімжідегі бір қызға сәлем айтыпты: «Менің өліміме қайғырмасын, қателік өзімнен өтті» депті.
Сыршыл почташымен осылай әңгімелесе ара қонып, ұзын көшелі, Күйтің қалашығына ертеңіне түс ауа жеттік. Шиху гарнизонына тиесілі бір деңге түстік те, Ақылбайдың зиратына жаяулап бардық. Кәдімгі бір жүдеу ғана сұры төмпешік «бақсының моласындай» жапа-жалғыз томпиып жатыр. Топтасып ауыл үйдей қоныстанған басқа төмпешіктерден аулақ боранда адасып кетіп, елсіз иенде үсіктен әлде аштан өлген жас жетімдей бүрісіп жатқан, кішкене ғана сұп-сұры төмпешік... Мұның астында абзал пікірлі ақыл иесі, ұстаз Ақылбай жатыр... Білімді, сезімтал Күләштің бар шынын айта сүйгені, сағынып аңсап, сарыла күтіп отырған жары - Ақылбай жатыр! Бас жағына баласыз - қорғансыз жесір кемпірдің оқтауындай ғана қазық қағылып, қызыл бояулы қарындашпен аты жазылыпты. Бір досының асығыс жаза кеткен белгісі екен.
- Не қылмысы үшін бұлай... жалғыз...? -деп, соңын айта алмай еңіреп жіберіппін. Почташы дымдана қалған көзін сүртті де, маған бағдарлай қарап сөйледі:
- Сәлделілер осылай, оқшау көмуге бұйырыпты... Молда - дамолда дегендер күшейіп алды ғой, лаж не, шариғат үкімі осылай болған соң!...
- Не үшін оқшаулатады?
- «Кәпірге іш тартқанның бәрі кәпір», «пайғамбардың ақ туын қытайға иіп, елдікке шақырамын деп барып атылыпты. Мұнысы - қытайша оқып, қытайға шоқынып кеткендігі. Дін исламның хақ жолымен өлген шаһиттердің қасына дәпін қылуға болмайды» десіпті. Қарағым, сен өзің бұл марқұмның несі едің, сұрамаппын-ау, сабыр етші?
- Досым, - дей салдым.
- Е, жазған-ай, солай де!... Молдалар тіпті жаназа шығартпауға да бұйырып еді. Өз қосынымыздағы бір оқыған жігітті имам сайлап, арулап, ақыреттеп, өзіміз жаназалап көмдік... Жүр, қарағым, енді тамақтанып тынығалық , ертең тағы да ерте жүреміз.
- Артыңыздан барайын, қайта беріңіз....
Почташы кетісімен сол сұры төмпешікке етпеттеп құлай кеттім: «қайран Ақыл аға, ол жақ сені «мұсылманшыл» деп сөксе, бұл жақ «кәпіршіл» деп көміпті-ау, соңымыздан қалмайтын неткен көп қылмыс еді, -деп күңірендім. - адам аулайтын жыртқышпен шеңбектесіп жүріп, ақбас құмайға жем болғанымыз ба? Қара жүректен қашып шығып, қара түнекке қамалғанымыз ба? Жоқ, олай болмайды, болмайды, болдырмаймыз! -деп айқайлап жіберіп, басымды көтеріп алдым. - жарытамыз жұрттың көгін, арылтамыз бар түнекті, күн бар бізде, күн!... Нұрияш пен сіздің басыңызға нұрлы мұнара орнатамыз!
- Не деп отырсың? -деп саңғырлаған кемпір үніне жалт қайрылдым, - Сен кім едің, балам? Мына марқұмның туысымысың? - деп қатпар бетті қара кемпір жарты қап тезегін жерге қоя үңілді.
- Шәкіртімін!
- Қайдан келдің?
- Үрімжіден, оқудан қайттым.
- Үйің қайда?
- Дөрбілжінде.
- Е, онда бұл жерден тез тұрып кет, балам, пәле келеді!
- Қандай пәле?
- Бұл аса бір жақсы азамат сияқты еді, молдалар «қытайға сатылған» деп, шаһиттерден бөлек көмдірді. Сен енді «шәкіртімін» деме! Әне, келе жатыр, тез кетіп қал! -деп кемпір тезегін иығына салып, жүре сөйледі. - Әнеу тымақты тіміскі құшнаш дүмше еді, енді осы елге имам болу үшін дін қормалы бола қалыпты. Осы марқұмның басына құран оқытпай, қазыға шақпылап жүр...
Қолын артына қайыра теңселген, ұзын қара шапанды Күйтің көшесінен шығып, жақындап қалған екен. Мен жүгінген қалпыммен қасақана мақамдап, құран оқи жөнелдім.
- Сен кімсің, ей?! - деді ол қасыма тұра қалып, қарамадым. Сүрені соза, нақышына келтіре оқып болғанымша, артына қайрылған «кісілік» қолын түсірмей тұра берді. Қол жайдым да, жария үнмен дұға қылдым:
- Жау қолынан қаза тауып, кәпір қауымындағы молда сымақтардан рақымсыздық көрген үшбу қаһарман шаһит ұстазым, марқұм Ақылбай Мұхаммет қазірет баласына Алланың рахыметі, пайғамбардың шапағаты тисін! Бирахматика иә архам әррахимин, Аллаху акбар!
Бұйра қара сақалды, қалың қабақты әлгі кісі сүзе қарап тұр екен маған.
- Сен кімсің деп тұрмын, естімедің бе? Мына кәпірдің неменесісің, қайдан келдің, сөйле, қане?
- Мына шаһиттің шәкіртімін деп отырмын, естімедің бе? Үрімжіден келдім, қайтпек едің?!
- Шариғат бұл өлікке құран оқуды мәних қылған, кәпір қауымында кеткен, сен білмей...
- Бұл ең кемінде жүз жау өлтірген халық қаһарманы! «Кәпір қауымында» деп мен сендерді Құдай алдында пәш етіп отырмын, естімедің бе! Кәпір болмасаң, қане, өзің дәлелдеші, неше «кәпір» өлтірдің?!
- Тарт, тіліңді, кіммен сөйлесіп отырғаныңды біліп ал, кәпірлер еншалла, біздің дұғамызбен қырылып жатыр!
- Сол дұғаңмен алдыңдағы мені өлтірші қане! Қане деп отырмын естімедің бе, қане! -деп зекіріп орнымнан ыршып тұрдым. Дүмше шегіне берді. - Өлтіре алмайтыныңды білсең, жоғал, жыннан жаралған бақсы!... Жоғал көзімнен, жоғал!
«Әулиеге» де жан керек екен, менің шырайыма қарай-қарай шегініп барып, артына кілт бұрылды. Күйтіңнің жатаған балшық тамдары жаққа қол бұлғап, аттанға басты-ай келіп:
- Аттан, аттан!... Қытай, қытай! ... Қытай!... Үрімжіден келіпті, қытайдың тәйниі, қытай!.. Халайық, қытай келіпті, қытайдың тәйниі!...
«Имамның» инабаты қаншалық екені тез ұғылды, бажалақтаған жарықшақ дауысына үйлерінен үдере шыққан «халайығы» аттандап қол бұлғауына қозғалар емес. Еңкейіп қалған кекселерінен үшеу-төртеуі ғана еріне басып келе жатты. Мен қарсы жүріп едім, «әулие» менен үріккендей үдірейе жетті оларға.
- Ой, бейітке құран оқыған қайдағы қытайды көрдің? -деп дабыстады бір қарт.
- Сүбхан Алла, сүбхан алла! -деді дүмше.
- Ібліс ғалаһи-әлхананың кәлам тіліне жүйрік болатынын білмейсіздер ме? Қытайдың тәйниі екені көрініп тұр; анау жатқан күнәкардың шәкірті екен өзі, Үрімжіден келіпті. Аллаға да, Алла уағызшысы молдаларға да заһарын шашып отырған үстінен түстім! Дін ислам хұкүматының дұшманы болған мұндай мұнапиқты ұстауды махкама шарғия маған көп мәслихат еткен! Мұһмен уа мұсылман халайық, байлатыңдар мынаны!...
Дүмше осылай жыпылықтатып тұрғанда:
- Асслаумағалайкум! - деп мен жеттім. - Мына құзғынды ел-жұрт құрбандарының үстінен құңқылдатпау үшін, алдарыңызда мойнын бұрып тастауға келдім. Жайды тыңдаңыздар, баяндайын!
Тыңдап тұрған төрт шалдың мығым денелі, қара барқыт мешпет-сымды көсе сарысы үңіле түсті маған:
- Қарағым, өз жөніңді айтшы алдымен, кімнің баласысың? -деген әлуетті, таныс үнінен шырамытып, мен де үңіле түстім аз үнсіздіктен соң:
- Баянбай аға! -деп қалып едім.
- О, жарығым-ау! -деп құшақтай алды Баянбай. Жуан мұрны мен қалың ерінді үлкен аузының бас мүшемде тимеген жері қалмады. 1932-ші жылы Егінсуда орыс әскердің құла жорғасын сойып беріп, бізді ашаршылық апатынан құтқара қашқан Баянбай еді бұл. - Міне он төрт жыл болып қалды! -деп маңдайымнан тағы бір сүйді де, малақайымды алып, басымнан сылай берді. - Жігіт болған екенсің... Ірі қараны жарып кеткен қасқырды тірідей соятын Жәкеңнің мінезімен «құзғындарыңның мойнын бұрап тастауға келдім» деуіңнен-ақ ұқсаттым, ха... ха... ха!... Жазда Биғазы келіп қайтқан. Үрімжіде екеніңді содан естігенмін.. жә, -деді қарап тұрған шалдарға, бұл - менің інім, мына молда «тәйни» десе, тәуекел, мені де ұстатсын!
Шалдар ұмтылысып, менімен қол алысып жатқанда, қара сақал дүмше де қипақтап, маған қолын созды:
- Қане, «білмеген у ішеді» дейді, Алла Тағала да кешірген мұндайды!
- Жоқ, біле жүріп-ақ істеген қылмысың бұл, -деп қолымды артыма айқастырдым, - анау жалғыз сұры төмпешіктің астында жатқан азаматты тірі кезінде өзің де көргенсің, жұрт та біледі. Манастан осы маңға дейінгі партизандық қозғалысты дұрыс жолға салуға жоғарғы жақ жіберген ең алал азаматтардың бірі, халықтың қалаулы саяси қайраткері. Мехраптағы күшігендерің оны «кәпірлікке» білмей шығарыпты. Сен көріп-біліп жүріп-ақ «кәпір» атап, басына құран оқуды тиып жүріпсің. Мақсатың дінге аса берік көрініп, имам сайлану ғана.... Жұрттастарыңды сорып, бақсылығыңнан әлдеқайда жоғары пайдаға кенелу ғана!... Сөйтіп, халықтың ардақты алал азаматын өзіңнің арам нәпсіңнің құрбандығы етіп жүріпсің! Ал, ағайлар, мұны кім кешірмек? - дегенімде шалдардың сақал-мұрты жыбырлап, жымыңдай қалысып еді. Қара сақал дүмше сырт айналып жүре берді. Қалған сөзімді естірте сөйлеп қалдым. - Мына құшынаш құзғынды имам сайласаңыздар өздеріңіздің төл имандарыңызды да жеп қоятыны хақ!
Дүмшенің зиратқа келе жатқандағы мамырлаған «маңғаздығы» қалып, енді құнжыңдай қайтқанда, шалдар ашық күлді:
- Көзеп-ақ соқтың-ау, балам, дәл тиіпті!
- Осындағы тұрғындарды «қазыға арыз жазып, мені имамдыққа талап етіңдер» деп тақымдап жүр еді, мына шоқпар танауына мықтап-ақ тиген шығар!?
- Құйрығын қыса шойнаңдауын қарашы!...
Үй ішінің жайын Баянбай үйіне бастап бара жатып сөйледі: Тәби шешей Шихуға келісімен қаза болыпты да, әйелі қырқыншы жылы баладан кетіпті. Менен сәл қалқыңқы інісі армияға қатынасып, он екі жастағы жалғыз ұлымен ғана қалған екен. Күйтің шетіндегі аласа балшық тамның бірінің есігін ашты. Сәкімен тіпті аласарып кеткен төрге мен еңкейіп шықтым да, Бәкең еңбектеп шықты. Үйінің барлық сәні кең жайылған қара текемет пен бір бұрыштағы жәшік үстіне жиылған екі ескі, екі жаңа көрпе ғана екен.
- Шекарадан өткелі басыма жалшылық дейтін қамыт киілген. Анау төменгі «бесқоржа» жақта болдым, - деп күрсінді Баянбай. Әжім түсіп солыңқыраған толық жүзін сылағанда, қатпарланған маңдай терісі сәл жазылып, сай-сайынан аппақ-аппақ жолақтар айқындала түсті, - содан осы жаздың соңғы айында ғана құтылдым. Жаз бойы көл болып жататын күріш тақтасы мықты белімді мықшитып шығарды. Әйтеуір кететіндерді кергілеп, «еншімізді» алып қалдық. Өзіммен бірге «еншіге» ие болған бір «малай қыз» екеуміз тұрмыстануға енді ғана келісіп отырмыз...
Осы тұста ауыз үйден сыбдыр естіліп еді, Баянбай сөзін тоқтатып, есік жаққа жымия қарады. Өзі де сол «қалыңдығын» таныстырмақшы болып отыр екен, ақ бурыл басына қоңыр төл сәлі жамылған қара кемпір дастарқан ала кіріп, менімен амандасып еді:
- Мінеки, ендігі жеңешең осы бойжеткен болмақшы, - дей салып, мойнын «қалыңдығына» қайта бұрды, - өй, қыз қалпыңмен-ақ кіре салмай, мына желегің не? Енді біткенің ғой, өз үйіңе не бетіңмен қайтасың енді?
- Қойшы! - деп күліп жіберген жеңешемнің аузы үңірейе қалды. Азуынан нешеу барын кім білсін, астыңғы иегінен тіс атаулы ештеңе көріне қоймады.
- Тым үңірейтпей, сау азуларыңды көрсетсеңші! -деген Баянбайдың сөзіне мен күліп жіберіп едім, жеңешем де күлді. Бәкең күрсіне жымиды. - Төлеу өлгеннен кейінгі көрейін деп отырған қызығым осы ғана. Мұны да азаттықтың арқасында көргелі отырмын.
- Шырағым, мына ағаң біреу келсе-ақ менің тісіме тиіседі, -деп жеңешем сөйлегенде ғана, «есік көру тойы» өткенін сездім. Шәй құя отырып, ашыла сөйледі, - бұл тістер осы құралпы күйеудің жұдырығынан түскен. «Таз ашуын тырнадан алады» деп, қожайындарынан жапа көргенде бұл байлар өшін қатынынан алатын! Әйтпесе, осы ағаңнан мен бес жас кішімін. Қыңқылдай берген соң ғана көніп отырғаным ғой!
- Осы сиқыңмен мені кәріге шығармақсың-ау, сен үш бала тудың, мен бір бала туыппын, сен бір бай өлтірдің, мен бір «бай» өлтірдім... рас қой, ал енді, «малайлықтан бүкірейіп шыққан екі абысын бірге бүкшеңдейік» дегенім қыңқылдау ма?
Үшеуіміз қатар қарқылдай күлдік.
- Қойшы енді, баланың алдында қыртысатын сияқтымыз!... Күн кеш болып қалды, әкел тәуірінен, - деп күбірледі жеңешем, - ішек-қарнын аршып, дайындап беріп, қайтайын сауынға!...
Семіз серкеш әкеліп алып соққан Баянбай, «бұл - жеңешесінің қайнына сойдырған қонағасысы» екенін, «ажалдан аман қайтқан інісіне ағасының жасайтын тойы да, қонақасысы да ертең» болатынын айтып түсіндіргенше терісін сыпырып та үлгірді....
Баянбай бір-екі күн тұруымды қанша өтінсе де, қарамай таңертең деңдегі атыма ертерек жеттім. Баянбай наразылығын айта бірге жүріп еді, көшеде табынға сиыр қосқалы бара жатқан кешегі шалдардың бірімен сөйлесіп тұрып қалды. Мен ат ерттеп мініп, қақпадан шыға келсем, ол қара сақал дүмшені қолтығына қысып, ерттеулі ат жетектеп келеді екен. Маған тіл қатпай, артымдағы почта арбасының алдын тоса қалды:
- Ей, азамат, мына кісіні арбаңыздың артына байлай салыңыз, сақалынан басқасы жүк емес... Атына мен мінемін, ауырмын.. өзінің шариғат мекемесіне апарып сөйлеспекпіз!... Ислам үкіметінің пайдасы үшін шаһит болған Ақылбай марқұмға қорқауша төніп алды. Құран оқығаны үшін енді мына менің інімді көрсетуге Шихуға жүргелі жатыр екен...
Маған қарап жымиған почташының селдір мұрты секіріп-секіріп түсті:
- Олай болса, шықсын арбаға, мұсылманшылық жолын енді тауыпсыздар.
- Мына жолдасыңның түн бойы түсіндіруімен таптық, шырағым, басына зират тұрғызу өтініші де сиымды болды. Жалғыз-ақ, мына бақсыны түзетіп алуымыз керек!
- Барсақ-бардық, - деді дүмше, Баянбайдың қолтығынан түсе салып, арбаға шықты, - Еншалла, бұл ислам үкіметі...
Еңкең қағып екі шал жетті, Баянбаймен бірге бармақ болған екен.
- «Ислам үкіметі», - деп дүмшеге жиренішпен бір көзімді сығырайта қарадым, - осы үкіметті құру жолында жанын қиғандарды қорғар ма екен, арамтамақ сендерді қорғар ма екен?... Генерал штабының саяси бөлімі мен әскери сот біледі бұл істі. Мен сонда апарып, сенген дамолдаңмен сол жерде сөйлесемін! Ал жүрдік!... Сіздер барып әуре болмай-ақ қойыңыздар, -дедім шалдарға қарап, - не болғанын Баянбай ағадан ұғасыздар.
- Әскери сот?! - деп ышқынып қалды құшынаш. Арба жылжи жөнелді. Жанаса жүре қайырдым жауабын:
- Иә, төңкерістік соғыс құрбанына қылған жауыздығыңды әскери сот шешеді. Дамолдаңды құйрығымен жорғалатқанда, өзіңнің қалай жіберіп қойғаныңды да көресің бүгін!
Баянбай жұдырығын білеп-білеп жіберді:
- Сенің ісіңді сол жерде мен шешемін.
- Ей қарағым, тоқтат арбаңды, тоқта! - деп қалбалақтаған дүмше божыдан ұстай алды да, арбадан домалай түсіп, артта қалған екі шалға айқай салды, - ей халайық, бері-бері, бері келіңдер... сенбесеңдер, мен осындағы барлық мұсылман жамағаты алдында хасам берейін, Ақылбай марқұмның хақ алдында пәк мұсылман екенін махкама шарғияға өзім айтып, тақлел қылайын... зират дедіңіз ғой, сол зиратқа жетерлік керпішті өзім тауып берейін!
- Сен арамтамақтың алдап тапқан керпішің де, тақлелік де керексіз бізге! Керпішті өзіміз-ақ құямыз, кесіріңді құртсақ болғаны, жүр, қоя бер божыны! -деп Баянбай ақырды.
- Кешір, халайық, кешір! Хасам етіп, хат берейін қолымнан... Махкама шарғияға өзім айтып, марқұмды өзім ақтатайын.. Білмей істегенмін, зиратқа өз күнәйім үшін қызмат қыламын!
- Солай болса болсын деп, артын көрсек қалай? - деді почташы бізге қарап, - керпіш пен іргесіне қоятын тасты марқұмның өз партизандары, мына біз жеткізіп береміз. Зираттың қалану ахуалын, жол-жөнекей өзім көре жүремін, ұқтың ба? - деп дүмшеге түйілді. - Осы қаза жөніндегі арам пәтуаның сенен өрбіген қырсық екені өз аузыңмен толық анықталды. Зират туралы мына балуанның айтқанын істемесең, енді саған неше жүз партизан төнеді, біліп қой!...
Осыны айта сала почташы кешірім етуді менен өтінді. Құшынашқа қол хат жаздырып, Баянбайға ұстатты. Барымен қош айтысып, атқа міндім де, сұры төмпешікке қарап, оң қолымды кеудеме бастым:
- Бақыл бол, разы бол, Ақыл аға, ақ ниетті, батыр аға!...
Күйтің қарттары көз жастарын менімен бірге сүртті. Аттарды қысай жөнелдік. Батыстан қара сұры бұлт айдаған қара жел, ысқыра түсті.
Көреген тергеушім, «тәңірі асыраған қозысын бөрі жемейді» дейді ғой, жесе де бұзылмай түседі екен. Қасқыр қауып, қорқау қорлаған Ақылбайдың рухын тәңірі халық сол зиратпен бірге тік тұрғыза қойғанын артынан естідім.
Ал, қайсы қоғамға, қайсы үкіметке өтсем белсендісімен айқасып, әпербақанымен шайқасып келе жатқан менің күнім «ислам» үкіметі тұсында да қылмыссыз өтпейтінін өзіңіз байқап отырсыз. Қашан да «ақ жүректерінен» ала түсетін сойқанның, тірі қалса, сізді де тыныш қоймайтындығын білген соң ойланатын не қалды, тырп еткізбей орайластыра салу жөн шығар!
(Жалғасы бар)
«Абай-ақпарат»
* Шасни (орысша) - жәй бұқара.