Сенбі, 23 Қараша 2024
9436 34 пікір 5 Шілде, 2021 сағат 10:25

Кешікпей шекараны бекіту қажет...

Біздің елімізде өзіміздің түбегейлі ұлтымыз қазақ халқына жағдай жасағаннан гөрі сырттан келетін келімсектерге жайылып төсек бола кететін «әлеуеттік әдеттер» бар екені жасырын емес. Сол әдетімізге салып, шекараны бекітпей, еңбек заңнамаларын жетілдірмей, ұлт мүддесін алдыңғы қатарға қоймай, жағамыз жайлауда болып жайбарақат отыра береміз бе деп қорқамын.  Жемқорлық жайлаған елімізде елдің мүддесін бір-екі артық тиынға сатып жіберетін мемлекеттік қызметкерлер еңбек саласын саналы түрде реттей алар ма екен?! «Мемлекеттік аппарат салданып қалмасын» деген сылтаумен жемқорларды жазасыз қалдыратынды ескеріп, шұғыл кесімді әрекетке көшіп, шекараны тарс етіп бекітіп алғанымыз дұрыс шығар. Шекараны қатаң талаптармен бекітуді халық талап етуге тиісті. Бұл өткір мәселе – ұлт мүддесі үшін керек.

Әлем алпауыт қадамдармен өзгеріп келеді. Қазіргі уақытта ел ішінде не болып жатыр деп зерделеумен қатар сырттағы саясатты да жіті қадағалап отыру - аса маңызды.

Дүниені қақ жарып қараған, әлем назарын аударған Женевадағы үлкен жетіліктің G7 бас қосуының артында үлкен сыр жатқаны даусыз. Үлкен жетіліктің жиынына империя болып саналатын Ресей Федерациясының басшысы тікелей қатыстырылмағаны біраз нәрсені аңдатса керек. Ресей басшысы В. Путинмен АҚШ президенті Д.Байден үлкен жетіліктен тыс жолығысып, жабық форматта сөйлесті. Үлкен жетіліктің жиынынан кейін берілген баспасөз конференциясында Ресей басшысы В.Путинге  нақты талаптар қойылғаны жеткізілді. Яғни, әлемдік саяси аренада Ресейдің келісімдерге келе алатын ашық позицияда болуын, сонымен қатар өзге елдердің территориясына көз сүзушілікті доғаруын талап етті. Соның ішінде Украинаның шығысындағы және Қырым аумағындағы әскери күштерін алып кетуін сұрады. Үлкен жетіліктің жиынына Ресей және басқа елдердің басшылары тек бақылаушы ретінде қатыстырылған кездері болған. Алайда олар саяси ойынның қай бағытқа қарай бұрылатынын аңдап отырудан арыға аса алмаушы еді.

Бұдан қазіргі ақпараттық соғыс алаңында қаншалықты ірі ойыншылар тұрғанын байқау қиын емес. Бейресми қалыптасқан халықаралық топтың құрамына Ұлыбритания, Германия, Италия, Канада, Франция, Жапония және АҚШ кіреді. Бұл елдер - жер шарындағы анағұрлым алдыңғы қатарда дамыған мемлекеттер болып табылады. Сонымен осы дамыған елдердің басшылары қандай келісімдерге келіп, ымыраластықтар білдірді екен?

Әрине, жабық форматта өткен жиынның бүге-шігесін түгел танып білу қиын болар. Дегенмен, халықаралық саяси және экономикалық сарапшылардың айтқандарына құлақ түрсек, әлемнің қай бағытқа қарай дамитынын аңғаруға болады және алдын ала сақтық шараларына көшуге мүмкіндік те болар еді.

Дамыған елдерде алпауыт қадамдармен технология дамып келеді. Робототехникаға алға шығып, адамның араласуын қажет ептейтін қызмет көрсету сервистері жетілген. Бұл ең алдымен қызмет көрсету саласындағы адам-жұмысшыларды роботтармен алмастыру үдерісін тудырады. Бұрындары дамыған елдерге қарай еңбек мигранттары ағылып, олар көбінесе жолаушылар тасымалдау, көше тазалау, ауыл шаруашылығында, мейрамханаларда жұмыстарға тұрып, жап-жақсы нәпақа тауып жүрген болатын. Жұмыс қолына зәру болған себепті дамыған мемлекеттер еңбек мигранттарына қандай да бір талаптар қойғанымен, олардың келуін шектеген жоқ еді. Үлкен жетіліктің жиынынан кейін дамыған елдерге мигранттардың келуіне шектеу қойыла бастады. Яғни оларға шеттегі жұмыс күшінің қажеттілігі жоқ. Бұдан өзге, Америка басшылығы Ауған жерінен НАТО әскерін қыркүйекке дейін түгел алып кететінін тағы мәлімдеді. Яғни, Америка Ауғанстан сияқты өзгергісі келмейтін елдерге қол ұшын беруді тияды, бұдан былай мұндай артта қалған мемлекеттерге көмек қолын соза беруге ниеті жоқ екенін білдірді. Еуропа басшылары өз сұхбаттарында «Біз өз құндылықтарымызды басқа елдерге уағыздап, байлап беруден аулақпыз» деген пікірді жиі білдіруде. Осыдан дамыған елдердің әлем саясатында алған бағытын басқаша өзгерткенін аңғару қиын емес.

Ендеше болшаққа бір сәт болжам жасап көрейікші!

Қазіргі ақпараттық және биологиялық соғыстардан кейін не болады? Короновирус жағдайы жәй ғана әлемдік пандемия емес, экономикалық дағдарыстар тудырған саяси сипатқа айналғаны көрер көзге көрініп ақ тұр. Дамыған елдер еңбек миграттарын өз елдеріне мәдениетті түрде шығарып салды да, шекараларын бекітіп алды. Түркия Президенті Ердоған жаңа Тұран империясын құруға құлшынып отыр. «Тұран империясын құра қалсақ, керемет боламыз» деп жан-жақты жарнамалаудан аузын құрғатар емес. Бұл Батыстағы нәпақасынан айрылған көптеген Орта Азия және ТМД елдерінің азаматтарының басынан сипап, жұбатқанына көбірек ұқсайды.

Еңбек мигранттарының жұмыссыз қалуы Қазақстанға несімен қауіпті деген мәселеге баса назар аударған дұрыс.

Екінші мәселе, Тұран империясы құрыла қалса, қазаққа не береді дерсіз?..

Ердоған бұл империяны өзі басшылыққа алып, оның жүрегін Түркия деп бекітпекші. Оны сүйкімді көрсету мақсатында Әзірбайжанға, Қырғызстанға, Тәжікстанға әлеуметтік-саяси-қорғаныс көмектерін беріп жатыр. Барша мұсылман елдерін бауырына басып, басынан сипап, жұбатып отыр. Соңыра айтатын үндеуі «бірігіп, Тұран империясын құрайық, ислам мемлекеті боламыз» дейді.

Осы жерде осыдан аз уақыт бұрын құрылған Ислам мемлекетінің тағдырын еске түсіруді ұмытпайық, ағайын...

Тұранды құрғысы келіп отырған Ердоғанның көздегені әсте басқа нәрсе. Меніңше, оны территориясы аз, жер байлығы кем Қырғыз, Тәжік, Өзбек, Ауған елдері емес, халық саны аз, территориясы үлкен, жері байлыққа толы, ал мемлекет басшылары стратегиялық ойлаудан қалған, жемқорлық жайлаған Қазақ елі қызықтырып тұрған сияқты. Егер құрғалы отырған Тұран империясын қазақ жерінсіз елестететін болсақ, аумағы кішкентай ғана мемлекеттер болмақ. Егер қазақ жерін қосып қарасаңыз, бірден ауқымды аумағы бар орасан үлкен империя болып шыға келмек. Осы жерде көкейге қауіпті ой келеді: «Ислам ағымдарын талқылап, тақуалық пен пендешілік туралы пікірталастар қарқын алып, ал экономикалық даму, ұлттық мүдде мен ілім-білімді жетілдіру адыра қалады ау. Империя басшысына да керегі осы емес пе. Халық дүмшелене берсе, ал жер байлығын жайлап қана өзі жалмап жей берсе».

Тарих парақтарын ақтарсақ, аңдау қиын емес. Бодан елдер ешқашан басын көтеріп дами алмайды. Нағыз тәуелсіздік – сана тәуелсіздігі. Еркін ой, еркін әрекет керек. Жер байлығы мүлде жоқ, бірақ ұлттық санасы еркін Жапондарды мысалға алсақ болар.

Әлдебір алпауыттардың қайсысына бодан боламыз деп таңдауды доғарып, қазіргі тәуелсіздігіміздің қадірін біліп, болашаққа болжам жасап, сенімді, нық, еркін қадамдар жасауға тиіспіз.

Гүлжан Ізтай

Abai.kz

34 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1466
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3240
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5383