Сенбі, 23 Қараша 2024
3441 24 пікір 7 Шілде, 2021 сағат 14:49

Астана форматы: Сирия сойқанын тоқтатудың басым бағыты

Сириядағы соғысқа биыл 10 жыл уақыт толды. Қираған қалалар, қаңырап қалған елді мекендер, талқандалған тағдырлар мен тарихи ескерткіштер, миллиондап босқан халық, жүз мыңдап ажал құшқан пенделер. Бұл тозақты тоқтату үшін түрлі келіссөздер мен басқосулар өткізіліп жатыр. Соның бірі "Астана форматы". 

7-8 шілде күндері Нұр-Сұлтан қаласында аталмыш формат аясында Сирия сойқанына тікелей һәм жанама қатысы бар тараптар бас қосады. Келіседі, кеңеседі. Бұл туралы алдын-ала Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі хабарлаған болатын.

Сирия бойынша БҰҰ-ның арнайы тағайындаған өкілі Гейр Педерсеннің ұшағы қазақтың астанасына келіп қонды. Cирия тарапынан Сыртқы істер министрінің орынбасары Айман Сусан қатысса, сириялық билікке қарсы тарапты, яғни ресми оппозицияның мүддесін бүгінгі кездесуде Ахмад Тома қорғамақ.

Астана форматында Сирия мәселесін талқылау 16-мәрте ұйымдастырылып жатыр. Оған Ресей, Иран, Түркия сынды үш ел гарант елдер ретінде қатысып келсе, Сирия билігі мен оппозициясы басты рөлде. Яғни өзара екі тарап келісе алса, ол келісімнің орындалуына аталмыш үш аймақтық держава кепілдік беретін болады. Бақылаушы ретінде Ливан, Ирак, Иордания және БҰҰ отыр. Әрине батыстық күштердің, АҚШ пен Ұлыбритания, Германия және Францияның аталмыш форматтық келісімде толыққанды мүше болмаса да, бақылаушы ретінде қатысып, қызығушылық білдіріп келеді.

16-мәрте бас қосқан келіссөз алаңында тұтқындарды алмасу, пандемия жағдайын бірлесе реттеуге уағдаласу, Сирияға гуманитарлық көмекті көрсетуге бағыт-бағдарларды қарастыру, экономиканы жандандыру, жоғалғандарды іздестіру мәселелері талқыланатын болады.

2016 жылы президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Сирия мәселесін талқылауға Астана қаласында алаң беруге дайын екенін мәлімдеген еді. Көп ұзамай 2017 жылы 23-24 қаңтарында Астанада Шам еліндегі шайқасқа қатысушы тараптар басқосты. Иран, Түркия, Ресей өзара келісе отырып, алғаш рет ұрыс қимылдарын тоқтатуға өздері ықпал ететін күштерді көндіре білді. Алайда ешбір мемлекет пен саяси акторға көнбейтін, халықаралық ұйымдардың талап-тілектерін мойындамайтын террорлық ұйымдар да табылды. Оларға бірлесе күресу үшін Астана қаласында келіссөздер жүргізіп тұруға келісті. Алғашқы басқосуда тараптар ДАИШ (ИГИЛ) лаңкестеріне қарсы күресуге келісе алды.

2017 жылы 15-16 ақпанында тағы бір келіссөз өтті. Бұл жолғы басқосуда тараптар тыныштық режимін сақтау бойынша БҰҰ-ға арнайы есеп беретін мониторингтік топ құруға уағдаласты. Араға тура бір ай салып, Астана әуежайына қырқысып жүрген қас жаулардың ұшақтары тағы қонды. 14-15 наурызда "Астана форматында" үш гарант ел үшінші мәрте жолықты. Үшінші кездесуде террорлық топтар басып алған аймаөтардың нақты картасы жасалып, ЮНЕСКО қорғауына алынған тарихи аймақтарды минадан тазарту бойынша мәселелер талқыланды. Жалпы жиынтығы 2017 жылы 8 кездесу өтті. 2018 жылы 3 кездесу өтіп, формат аясындағы белсенділік азайды. 2019 жылдан бастап осы уақытқа дейін 4 кездесу ұйымдастырылды. Яғни жыл өткен сайын бұл процесстің төмендеп келе жатқанын байқау қиын емес.

Астана форматы Сирия соғысының үдерісін төмендетіп, толыққанды тоқтатпаса да, үш ықпал етуші күштің қызуын басып қойғаны анық. Алайда гарант елдер арасында келісім болса да, ол үнемі сақтала бермейді. Мысалы 2020 жылдың ақпан-наурызында Асад әскеріне қарсы Түркия жауынгерлері мен Анкара қолдайтын сириялық күштер соғысып, Асадтың 9 жылда жиған біраз еңбегін еш етті. Кей дерек бойынша тіпті Башар 3 мың жауынгерінің басын жоғалтқан деседі. Осыған қарап-ақ, тараптар жағында келісім болса да, ол сақталады дегенді аңғартпайтынын анық түсінсек болады. Ақпан-наурыз сойқанын тіпті Ресей де тоқтата алмады. Кей сарапшылар Ердоған мен Путин арасындағы қайшылық осы сәтте айқын білінді деп те топшылайды.

Сирия сойқанына Трамп билігі айтарлықтай араласпады. Тиіп-қашып әрекет етті. Алайда антиресейлік позиция ұстанатын Байден әкімшілігінің қадамы қандай боларын болжау қиын. Ол бұған дейін жасалған келісімдерді жоққа шығаратын жаңа бір ойын бастамасына кепіл жоқ. Себебі "Вашингтон Сирияда жеңілді" деген сөзді Байден түбегейлі өзгертуді қалайды. Түбегейлі. Ондай жағдай орын алса, онда "Астана форматының" маңызы да арта түспек. Себебі тараптардлың басқосар өзге сенімді платформасы да қалмады.

Abai.kz

 

 

24 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3239
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5379