Жексенбі, 24 Қазан 2021
Әне, көрдің бе? 2291 3 пікір 9 Шілде, 2021 сағат 14:09

Мәскеу - Ақаевты, Минскі - Бакиевті елге қайтара ма?

Қырғызстанның бұрынғы президенттері Асқар Ақаев пен Құрманбек Бакиевке Халықаралық іздеу жарияланды. Олар «Құмтөр» алтын кенішін игерудегі сыбайлас жемқорлық ісіне қатысы бар деп айыпталып отыр. Бұл туралы Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Қамчыбек Ташиев мәлімдеді.

Ресми ақпараттарға сүйенсек, «Құмтөр ісі» бойынша арнайы құрылған тергеу тобы бұл істі бірнеше кезеңге бөліп тексеруде. Олардың әрқайсысы бойынша Қырғызстанның экс-президенттерінің қатысы бар болғандықтан, бұрынғы ел басқарған тұлғалардың әрқайсысын жауапкершілікке тарту көзделген.

Мысалы, істің бірінші эпизоды – канадалық «Комеко» компаниясымен келісім жасасқан 1992-1994 жылдардағы заң бұзушылықтарды қамтыған.

«Қызметтік мансабын асыра пайдаланды» деген айыппен экс-президент Асқар Ақаев пен Қырғыз Республикасы Экономиканы дамыту комитетінің экс-төрағасы Борис Бирштейнге Халықаралық іздеу жарияланған. Ал бұрынғы премьер-министрлер - Турсынбек Чынгышев пен Апас Жумагулов және «Қырғызалтынның» бұрынғы президенті Дастан Сарыгүлов істің мерзімі өтуіне байланысты қысқартуға келісім берген.

«Істің қысқартылуы деген не? Бұл лауазымды тұлғалар біз келтірген дәлелдерден соң, өздерінің тиімсіз келісімшарт жасағандарын толық мойындады. Алайда, бұл істің мерзімі өтіп кеткендіктен, бұл іс қысқартылады. Бірақ, олар өз айыптарын мойындады», - деп түсіндіріпті қамшыбек Ташиев.

Істің екінші эпизоды – 2003 жылғы оқиғаларға байланысты екен. Ташиевтың айтуынша, «Комеко» компаниясымен арадағы келісімдерді қайта құру кезінде, ондағы Қырғызстанның үлесі 25,7 пайызға немесе 7,3 миллиард сомға дейін азайтылған. Сол себепті де, экс-президент Асқар Ақаевқа жемқорлық жасады деген күдік тағылып, іздеу жарияланған.

Істің үшінші эпизоды – 2009 жылды қамтыған. Ол кезде «Құмтөр» кен орны бойынша жаңа келісімшарт жасалған. «Жемқорлық ісі» бойынша экс-президент Құрманбек Бакиев пен оның ұлы Максим Бакиевке, Мемгеологияның экс-директоры Қапар Курманалиевке, «Қырғызалтынның» директорлар кеңесінің бұрығны төрағасы Алексей Елисеев пен Канадалық компания өкілі Андрей Сазановқа Халықаралық іздеу жарияланған.

Ал бұрынғы премьер-министр Игорь Чудинов пен «Қырғызалтынның» бұрынғы төрағасы Алмаз Жақыпов келісім беріп, айыптарын мойындаған. Олардың ісі мерзімнің өтуіне байланысты қысқартылған.

Айта кетейік, Қырғызстаның бұрынғы президенттері – Асқар Ақаев пен Құрманбек Бакиев 2005 және 2010 жылдарғы революциядан кейін отбасымен бірге шетелге қашып кеткен. Асқар Ақаев қазір Мәскеуде, ал Құрманбек Бакиев Минскіде тұрады. Екеуі де Қырғызстанда сырттай сотталған.

Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Қамшыбек Ташиевтың айтуынша, «Құмтөр ісі» бойынша фигуранттар қатырында экс-премьер-министр Өмірбек Бабанов, экс-президент Сооронбай Жээнбековтың бауыры, Қырғыз парламентінің экс-спикері Асылбек Жээнбеков, Жоғарғы Кеңестің депутаты Торобай Зулпыкаров, экс-депутаттар - Исхак Пирматов, Таланбек Узакбаев, Алмазбек Баатырбеков және экс-президент Алмазбек Атамбаевтың Жоғарғы Кеңестегі құзыретті өкілі Данияр Нарымбетов т.б., лауазымды шенділер бар.

Айта кетейік, «Құмтөр» – Қырғызстанның Ыстық көл аймағында орналасқан ең ірі алтын кен орны. Оны қазір канадалық Centerra Gold Inc. компаниясы игеріп жатыр. Қырғызстанның қазіргі билігі Құмтөр бойынша 1992, 2003, 2009 және 2017 жылдары жасалған келісімдер елдің ұлттық мүддесіне сәйкес келмеген деп санайды.

Abai.kz

3 пікір