Бұл күнге де жеттік
Астанамызда Алаш көсемдеріне ескерткіш орнатылғаны -саяси әділеттілік!!!
Өйткені, биыл парламентте біз, о бастан Алаш деп келе жатқан “Ақ жол” партиясы фракциясының депутаттық сауалын жасағанда: “Алаш қайраткерлерін ұмыт қалдыру -саяси әділетсіздік” деп жариялаған едік.
Иә, Тәуелсіздігіміздің 30 жылында елордамызда Алаш көсемдеріне ескерткіш орнатылды! Алаш арыстары өздері армандаған Тәуелсіз елдің астанасының төріне жайғасты! Бұл күнге де жеттік!
Кезінде “Алаш ескерткіші түгілі атын да ататпаймыз” деген, кеңестік идея сүйегіне дейін қатып қалса да, Тәуелсіз ел идеологиясын басқарған басшылар енді қайтты екен?!. Іштей болса да, Алаш арыстарының әруақтарынан кешірім сұрай алды ма екен?!. Әй, қайдам…
Алаш көсемдері Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы және Міржақып Дулатұлы секілді ұлтымыздың ұлы тұлғаларына арналған ескерткішті ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ашты.
Салтанатты шараға қатысушылар алдында сөз сөйлеген Президент
Алаш арыстарына арналған ескерткіштің Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы мен Елорда күніне орай ашылуының символдық мәні зор екенін атап өтті.
«Әлихан – Алашорда үкіметін басқарған мемлекет қайраткері. Ахмет – халқымызды білім мен ғылымға жетелеп, рухани ұстаз болған әйгілі ағартушы. Міржақып – ұлт бірлігі ұранына айналған «Оян қазақ» пен тұңғыш қазақ романының авторы, көрнекті қаламгер. Үш қайраткер де – бірегей тарихи тұлғалар. Бұл ескерткіш – барша Алаш ардақтыларына деген құрметіміздің көрінісі», – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев қаншама жыл халық жауы атанып, қуғын-сүргінге ұшыраған Алаш арыстарының еңбектері Тәуелсіздіктің арқасында лайықты бағасын алып, олардың есімдері қайта жаңғырып жатқанын атап айтты. “Менің Жарлығыммен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды» , – деді.
Еске сала кетейік, “Алаш идеясы -ұлттық идеямыз” болуы керек” деп мәлімдеген “Ақ жол” партиясы Алаш ұстанымын саяси бағдарламасына енгізген жалғыз партия. 2007 жылдан бері Тәуелсіз еліміздің Парламенті тарихында тұңғыш рет Алаш арыстарын ұлықтауды ұсынып, 2012 жылы “Ақ жол” фракциясы құрылғалы бері “ХХІ ғасырдағы Алаштың Ақ жолы” жалпыұлттық байқауын және жүйелі түрде арнаулы іс-шаралар өткізіп келеді.
Тек 2012 жылдан -2020 жылға дейін Алашқа байланысты 30 шақты депутаттық сауал жасадық. Ол әр сауалды жасау, жасаған соңғы оның іске асуындағы шекесі тар шенеуніктермен тартыстың өзі бір кітапқа жүк болады.
Тек биыл 2021 жылғы Мәжілістің жаңа құрамының өзінде ұмыт қалған Алаш арыстарына ескерткіш орнатып, есімдерін ұлықтау туралы “Ақ жол” фракциясы үш рет депутаттық сауал жасаған болатынбыз.
Оның бірі жоғарыда атап кеткендей: ““Алаш қайраткерлерін ұмыт қалдыру -саяси әділетсіздік” деп аталса, екіншісі Әлихан Бөкейханның 155 жылдығына арналып, “ЕЛІМІЗДЕ АЛАШ КӨСЕМІНЕ ЛАЙЫҚ БІР КӨШЕ ДЕ БОЛМАУЫ – АРУАҚҚА ҚИЯНАТ!”-деп аталды.
Үшіншісі Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөнінде мемлекеттік комиссия жұмысы туралы депутаттық сауал.
Бірақ, бір түсініксізі парламентте Алаш арыстары есімдерін ұлықтап, ескерткіштерін ашу туралы он бес жылдай уақыттан бері депутаттық сауал жасап келе жатқан, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөнінде бірнеше рет көтерген, Алаш идеясын ұстанған “Ақ жол” партиясы өкілдері Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияда да жоқ, кешегі Алаш арыстарының ескерткіштері ашылуы салтанатына да шақырылмады…
Ең бастысы, Тәуелсіз Қазақ Елін армандап, сол ұлы күрес жолында құрбан болған Алаш арыстарының астанаға алшаң басып кіруі!
Алла жар болсын Алашқа!
Қазыбек Иса
Abai.kz