Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3241 0 пікір 28 Мамыр, 2012 сағат 05:48

Қажығұмар Шабданұлы. Қылмыс (жалғасы)

 

IV

 

Жаңа жылдан бастап Үрімжідегі Жанымхан тобына қарсы ереуіл мен үгіт үдей түсті. Гоминдаң үкіметі Жанымханды қазна меңгермесінің бастықтығына, Қадуаңды Үрімжі аймағының уәлилігіне сайлаған екен.  Оспанды шырғалауға міндеттелген бұл арнаулы қуыршақтардың қаңқасы у екенін әшкерелеуге біз де міндеттелдік. (Оспан батырдың әйтеуір өз басына ылайық емес (бізге жұмбақ) бір түрлі өзгеріске ұшырап қалғандығы сезілді. Қаншалық кербағып бара жатқаны, осы үгіттің үдеуінен көрініп отырды.) Жұмалық демалысымыздың барлығын солар жұтып жатты. Көшеде төңкерістік күрес жолымен оларды гоминдаңға қосақтап біз соқсақ, мешіттерде исламдық күрес жолымен «кәпірге» қосақтап молдалар соқты. «Сатқындарды сасытып, ит жемес жемтікке айналдырдық» дегендей ентігіп біз қайтсақ, «мұнапиқтардың орнын жаһаннамнан көрсеттік» дегендей, мешіттерден алқынып молдалар шығады.

 

IV

 

Жаңа жылдан бастап Үрімжідегі Жанымхан тобына қарсы ереуіл мен үгіт үдей түсті. Гоминдаң үкіметі Жанымханды қазна меңгермесінің бастықтығына, Қадуаңды Үрімжі аймағының уәлилігіне сайлаған екен.  Оспанды шырғалауға міндеттелген бұл арнаулы қуыршақтардың қаңқасы у екенін әшкерелеуге біз де міндеттелдік. (Оспан батырдың әйтеуір өз басына ылайық емес (бізге жұмбақ) бір түрлі өзгеріске ұшырап қалғандығы сезілді. Қаншалық кербағып бара жатқаны, осы үгіттің үдеуінен көрініп отырды.) Жұмалық демалысымыздың барлығын солар жұтып жатты. Көшеде төңкерістік күрес жолымен оларды гоминдаңға қосақтап біз соқсақ, мешіттерде исламдық күрес жолымен «кәпірге» қосақтап молдалар соқты. «Сатқындарды сасытып, ит жемес жемтікке айналдырдық» дегендей ентігіп біз қайтсақ, «мұнапиқтардың орнын жаһаннамнан көрсеттік» дегендей, мешіттерден алқынып молдалар шығады.

Төңкерісшіл жастар ұйымы атынан сахнаға атақты драмалардан дайындап, театр қоямыз. Жай халыққа белет сатылады. Байларды «құрметті белетпен» шақыртып, алдыңғы орынмен сыйлаймыз, гоминдаң мен Жанымхандарды осы «жұрт беделділерінің» күшімен соғатындығымызды сөйлей сыйлаймыз. «Еңбекші жауынгерлер қаны мен жанын қиып жүргенде, «бар сенген құрметті адамдарымыз» малын аяп отырмақ па», капиталдық көмектерін олар да жарыса атайды, Башпай уәлиден екі-үш есе үлкен байлар он-жиырма есе кем атса да алқына шығады.

Сөйтіп, жауды соқтық деп бәріміз де алқынып жүрдік. Алқына-алқына байлар алшаңдай түсті де, молдалар аспандай түсті. Ербол айтқан «жағдай» еселеп қайта жуандады. Осы «жағдай» қолдап, Кәкімбайдан Нұрасыл құнын қуғызбады да, Құрышбектер қоймайтын болғандықтан, семьясының тұрмысына аздап «үкімет көмегі» шықты. Оспан молданың дауын да осы «жағдай» қолдағандықтан, халық бөлімі лажысызданып, бізге он бес ірі қара төлеуді кесіпті. Бұған Биғазы реніш білдіріп қайтты да, семья кеңесінде шешем екеуміз кеніш білдірдік.

- «Оспан молданың өз қолындағы күйлі малы да қырылғанда, бізге қулықпен қырғызған арық-тұрағы құнды болмақ па» деген сөзбен қанша тірессем де осылай кесті, - деп наразылығын Биғазы еселеді.

- Әйтеуір жарымға түсіруі мен уақыт кеспегені біздің де күй-жайымызға қарағандығы ғой, балам, - деп, шешем басу айтты, - «шығасына иесі басшы» деген. Осалдық өзімізден өткен соң болды. Енді бас аман болса, бір өтелер!

- Біздің үйдің ең зор қырсығы көңілшектікте болатын, - дедім мен, - осы төлеуіміз - мықты сабақ. Еккен азықтық астығыңнан сен төлеме, шәйлық сүттік жалғыз сиырынан шешем айрылмасын! Байлығымен бастырып, қарындасыңды әкетпек еді ғой, жеңіс осы. Енді мен де жоқшылығыммен бастырып, айлығымнан асырып жүріп, бірнеше жылда өтеп боламын.

Үстіндегі ауыр жүкті жұлып алғандай бұл сөзіме серги күлді Биғазы. Күліп жіберді де күрсінді.

- Осы үкіметтің қит етсе «жағдай» дейтіні қиын екен. Қия бастырмайтын болып барады ғой, қайдан шыққан қырсық бұл?!

- «Жағдай» дегеніміз - Оспандардың жанама аты емес пе. «Батыр Оспан», «молда Оспан», «бай Оспан» дарды «Жақаң», «Жақай», «Жақаш» дей тұрмасақ, гоминдаң - Жанымхандар тартып әкетеді дейді. Дәл қазір «Жақайды» он бес қана қара алуға көндіруінің өзі біз үшін үлкен қамқорлық!

Жағдай тұманын қаптатқан «қара күштерді» осылай теңеулермен ғана атап күліп жүре бердім. Күлмесем миымды күйдіретіндей, жан-сезімімнен күйгелектік арылар емес.

«Жағдайға» қарсы осындай сезіммен тым қатты «күлген» Бақайды сақшы қамап қойғанын естідім бір күні. «Ақ сайтан» Мұқанды кешкі қайтар жолынан тостым. Келешекте қандай күйге түсерін білмесе «ақ сайтан» атала ма, төңкерісшіл жастар ұйымына кіруді талап етіп жүргенін білетінмін, жастардың ашты қалжыңынан мойып, тым «ақ жарқын» бейнеге енген де жарқылдай түскен болатын, мен қайтып келгелі сол бір алдап апарып қолға алуынан болған наразылығымды жуып-шайып кетіру үшін кешірім сұрағыштап жүретін. Мен соның ақысына Бақайды шығартпақпын.

- Ей, ақ сайтан, Бақайды неге қамадыңдар?

- Биға, ақ сайтан деп атамаңдаршы мұнан соң, Құдай біледі, не сұрасаң берейін.. арақ ішемісің?!

- Бақайды ертеңнен қалдырмай шығарып бер!

- Құдай біледі, мен мың ышқынсам да шығатын жерде емес ол, қолымнан келмейді, Биға!

- Асқазаныңнан бойыңа тарап кетіп пе еді?! -дегенімізде қарқылдай күлді. Аса ықыласты көрінетін түп-тұнық, «шынайы», «ыстық» күлкісінен тым қабілетті артист екенін байқатты. Доғал мұрны мен қою түктілігінен көп қырылып көк аязданып тұратын иегі, қалың қасы, дөңгелек сұры көзі күлкіге түгел бейімделіп, қандай кейіпте, не десе де нандыратындай. «Алдар көсе мен Қожанасыр рөлін орындатар ма еді» деп ойладым. Бақайдың қамалуына өзінің қатыссыз екенін айтты ол:

- Қолға алдырған бөлім бастығының өзі, тым қатты қателесіпті.

- Не қыпты?!

- Байларды сыпыра боқтап, көшеде айқайлапты. «Жоғалсын бетсіз жағдай» деп ұрандаған кездері де болған.

- Міне, мұны естіген өзің екенсің ғой, сол ұранын анықтаған болып түзей салмаймысың!

- Астағыпыралла, естіген көп адам тұрса, мен қайтып түзетпекпін? - деп тағы да қарқылдады.

- Солай ұрандаған себебін дұрыста! Өзің келешекке сенемісің, осы жағдайға сенемісің?!... Бақайдың келешегі нұрлы деп сенемісің, байдың келешегі нұрлы деп сенемісің?!

Шын ықыласпен қарқылдап тағы күлген «ақ сайтан» күлкісін шорт тия сөйледі:

- Биға, дәл қазір осы философияның өзі Бақайдың ұранынан да қатерлі. Құдай біледі. Мен - өзің ғой... сөзіңнің дұрыстығын толық түсінемін. Бірақ, осы жерде қалсын, басқа ешкімге бұлай сөйлеуші болма!

- Біздің жүрегіміз қорқа-қорқа пысып, шыныққан жүрек. Келешегіміз нұрлы екенін ешкімнен жасырмаймыз, осы сөзімді материал етіп, тағы бір қаматсын деп айтып тұрмын саған. Негізінде сенің қорыққаның жөн! Ол - нағыз пролетар жұмысшы. Тізесі батқан боқ қарын байды боқтаудың несі шам?!

«Ақ сайтан» аса жағымды күлкісімен тағы бір күлді де, нағыз шыншыл шырайға келе қалды:

- Былай болсын, Биға, ол көп сор кешіп өскен жігіт қой, Құдай біледі, жаным қатты ашиды. Сондықтан айтамын, жастар ұйымы жағынан талап қойылса мен қылмыс жағынан жеңілдетейін.

- Ол мүше болған жоқ. Жастар ұйымы сондықтан талап ете алмай отыр.

- Олай болса, бірсыпыра жастың бірлесіп, ақтай жазған талап арызын әкел, бастыққа мен кіргізіп сөйлесейін...

Осыған келіскен соң үйге бара салып көп адам атынан арыз жаздым. Сөз бірлестіру үшін Бақайға бір хат жеткізіп қоюға тура келді: «Көп адам атынан сені ақтап, сақшыға арыз жаздық, сен өз жауабыңда «сол кезде мас едім, пәлен байдың ұрып, ақымды бермей, жұмыстан қуалап жібергені есіме түсе кеткен де, соны боқтағамын» дей бер», деп ұп-ұсақ жазылған осы хатты кампит қағазына орап шиыршықтап, нан арасына салып пысырттым. Таңертеңіне Биғазы бір шәйнек шәйімен түрмеге кіргізіп қайтты. Атақты Бақайды ақтауға көп қол қойылды. Ақ сайтанға өз қолыммен тапсырдым.

Түстен кейін мектептен қайтып келе жатқанымда үлкен мешіт алдынан Ербол кезігіп, сөйлесе кетті. Феврал соңының жылымық ашық күні еді. Темекі орадық. Қайда тұрғанымызды да сезбей қалыппыз.

- Петр біріншінің сақалға неліктен өштескенін енді түсіндім, - деді ол, - әр талынан бір пәле өреді екен ғой!

- Пәле ғана емес, пәтуә да өреді. Сөз таба алмай қалғаныңда етектей сақалың болса соны сыйлай берсең болғаны, жеңілгеніңді сездірмейді. Ондай қысылшаңда көседен сорлы ешкім жоқ. Қолы қайда тиянақтарын білмей, танауына кіріп те кетеді. Сақалың болса текеше сүзе де білесің ғой шіркін!

- Меніңше, ондай сүзісер шақта сақал таяқ жеудің ғана тұтқасы. Пәлесін өргізіп үлгіргенше сап ете түссең...

- Һойт, мұнапиқлар! - деп сыртымыздан зірк ете қалған дауыстан селк ете түстік, сақал туралы сөйлесіп тұрғанымызда күйектей ақ бурыл атышулысының өзі жетіп келіпті, «қазы әжім» шығып, қарап тұрғанын көрмеппіз. - Кір мұнда деп имек таяғымен нұсқай бұйырды.

- «Тұтқасынан» ұстағыш болсаң, енді ұста, - деп Ерболға күле күбірлеп, мешітке кірдім. Қазы көрінісімен темекімді қаратон жеңінің ішінде өшіріп тастай салып едім, Ербол саусағының арасына шошита қыстырып кірді. Қазы ләм демей алшаңдап барып, мехрап алдына малдас құра қарағанда, мол сақал құйын соққандай ұйтқи сілкінді. Біз еденге жайылған кілем үстінде түрегеп тұрмыз. Мен қолымды жан қалтадан шығармай, бір аяғымды қасақана алдыға соза тастап селкілдеттім де, Ербол темекісін шошайтқан күйі тұра берді. Қазы әжі жараған бураша ақшиып, үнсіз қадалды. Көбіктей шашыла шұбалған сақалы дірілдеп сілкіне түсті.

- Бура қай уақытта жараушы еді? - деп жымидым Ерболға қарап.

- Үштің айында.

- Наурызға дейін қайтпайды екен-ау!

- Не деп тұрсыңдар? - деп зекіді қазы.

- Сіздің не дейтініңізді күтіп тұрмыз, - дедім мен.

- Рузы айында темекі тартатын қайдан келген мұнапиқсыңдар?!

Ербол мырс ете түсіп, іле қайырды жауабын:

- Мұнапиқ емес, мупиқпыз тақсыр, рузыны біз білмейміз.

- Сен қай мелләт?!

- Сібемін.

- Сенші?!

- Моңғолмын.

- Бар, бар, кет малғұндар, кет! - деп имек таяғын сермеп, қалтақтай түрегелді қазы имам. - Кет, кет, дереу шығыңдар!

- Өзіңіз шақырып кіргіздіңіз ғой тақсыр, жылынып алып шығайықшы! - деп Ербол мешке қарай күле жылжығанда қазының таяғы құйрығына сарт ете түсті;

- Кәпір жылынатын үй емес бұл, тез жоғал бәдбахит!

- Мына таяғыңыз мұсылманның ғана құйрығына арналған таяқ. Кәпірдің құйрығына ұрсаңыз сынып қалады, - деп қарқылдап күле шықты Ербол...

Тағы да жетіп келген жұма күнгі «гоминдаң - Жанымхандарға қарсы» көше үгітіне «жағдайлардың» осындай асқақтауларын да қосып жібердік, халық ең көп жиналған төрт көшеде бұл кезекте мен сөйледім, гоминдаң - Жанымхандар сияқты ашық жаудың озбырлығын шектеуге армиямыздың құдіреті толық жететіндігін қанша төпелей дәріптесек те жол ашық қой. Бірақ өз ішіміздегі «Жақаңдардың» озбырлығын шектеу жөнінде дәл қазыр ашық сөйлеу қатерлі еді. Тілеуі қабыл болғыр шынайы демократиялық заңымызға мықтап жабыстым, заңды үгіттеу жөнімен ғана бүре түсудің ыңғайы келе кетті. Ұлттар теңдігін, дін - сенім еркіндігін, әйелдердің ерік-теңдігін, таптар арасындағы қанамау-қаналмау заңдарын бір-бірлеп талдай түсіндірдім де, мысал қосып «Жақаңдарды» бір-бірден нығытып, мыти өттім: «белгілі бір имам» деп қана атап, «сібе» мен «Моңғолды» ислам тергеуіне алуын мысалдап масқаралағанымда күлкіден төрт көше жаңғырықты. Кей қыздардың өз еркінен тыс зорлыққа ұшырап қыспаққа алынуы, «қалыңмал» мен «әменгерлікке» маталуы да, парақорлықтан кедейлердің қаналуы да, өзін ұрған қожайынын боқтағаны үшін жұмысшының қамалуы да күлкі толқытарлық айшықты мысалдармен безелді. Қатуларына тұжырдым соңында:

- Бұлардың бәрі де демократия заңына қайшылық, бұлардың бәрін де сөзсіз шектеуіміз қажет! Кейбір ақ сәлденің астына қара бауыр бүйі паналайтыны бар. Шаққызбау үшін де, шапқызбау үшін де, шағылмау үшін де, шақпау үшін де жаңа заман заңына, заңдылыққа ұмтылайық! - деп сәкіден түсе жөнелгенімде қалың қол көтеріле сермеліп, шапалақтар шатырлап ала жөнелді....

Кертартпа «Жақаң» мен «Жақаштардың» өктемдігін осылай ептей жіктеп жүргенімде, кластарда оқытып жүрген сабақтарымды Набиолла молда өктей шектеп жүріпті. Әр класқа күніне бір сағат дін сабағын өтетін молдалардың не сөйлеп, нені өсиеттейтініне келгелі зер салмаған екенмін. Мектеп қызметін басқаруға кезекші болған бір күні түстен кейінгі бірінші сағатта клас араладым. Кезекшіде оқытушылардың келген-келмегенін, сабақ өтеген-өтемегенін де бақылайтын міндет бар болатын, қарама-қарсы екі бөлмедегі бесінші клас пен төртінші А кластың ауыз бөлмесіне кіріп тұра қалдым. Төртінші А кластың есігі шала жабулы, ешкім жоқ екен. Бесіншіден Набиолланың қазымыр үні естілді. Екі кластың да «дін» сабағы сағаты болғандықтан, қос молда «табындарын» қосып жіберіпті. Үлкені - Набиолла сөйлеп тұр. Сөзі құлағымды ыңғуырлағандай, тыжырына тыңдадым.

«...Сіздерге бұл турасында аз сөйлемеп едім ғой, құлақтарыңыздан ағып кеткен тақілетті. О дүниеде күнәларың маған артылмасын, тағы айтайын, пән сабағы - осы жалған дүниеде нан тауып жеудің ғана сөзі. Оның алды бар, арты жоқ. Ал дін - Алла сөзі. Пәни дүниеге де, бақи дүниеге де зәру ғылым, бұл дүниеде нан, о дүниеде иман!... Қайсысын оқу қажет екенін қане, ойланып көріңдер!... Мұғалымдеріңнің сөзі де, өзі де әдемі болған соң, соның аузына қарап отырып, біздей алқа-салқа молда сөзін ұмытып қалмаңдар! Алла Тағала уатабәрәкә  пәндәларын азғындықтан сақтау үшін илаһи хақ ғылымын үйретуге махсұс жіберген расулолла сөзіне иланыңыздар! Иман деген осы. Уасуаси әзәзіл Әлхананың сөзі қашан да, қаншалық әдемі болғанымен де адамзатты аздырушы заһар ғана!...»

Ауыз бөлмеде бұдан артық тыңдай беруге шыдамым жетпеді. Жайбарақатсып қана күлімсірей кірдім. Оқушылар клас бастығының сәлем командасымен тік түрегелді де, менің бас изей көрсеткен жедел ишараммен отыра қалысты. Тез барып, терезе алдына өзім де отыра кеттім. Жым-жырт; молда да жым бола қалды. Сиысу үшін тығыз отырған екі клас оқушыларының арасынан ірі мұрттыларым жымың-жымың күліп, маған қарай берді. «Молданың әлгі сөзін естіді ме екен» дегендей. Түпкі терезе алдында отырған кіші молда оларға көзінің астымен ғана қарап қойып, дуал шертті. Екі түрлі ұстаздың пікірлері қайшыкез екенін естияр, зерек оқушылар толық түсінетін. Набиолла бүгежектеп кідіріп қалған соң-ақ күлкіден қыстығып, бұғып алысты.

- Молдеке, «сабағыңызды» жалғастыра беріңіз! -дегенімде көбі шиқылдады.

- Әпіндім бір қызметпен кірген шығар деп күтіп тұрмын. Сөзіңіз бар ма еді? - деуінен «сөзің болмаса шығып кетерсің» дегендей нысай барын түсіне жауап қаттым:

- «Әпәндіңіз» де өз шәкіртіңіз еді ғой, сізден сабақ тыңдамағаныма көп болды. Сағыныштымын. Бос уақытымда ести отырайын деп кірдім, сөйлей беріңіз.

Бұл сөзіме оқушылар ду күлді де, шорт тынды. Набиолланың ақ құба жүзі қызғылт тарта қалған екен.

- Бізде сіз тыңдарлық не сабақ қалды дейсіз, әпәндім, осы кластардың бас мұғалімі сіз болған соң бірер пікірі бар ма екен деп жалтақтап қалдық.

- Сабағыңызға қазірше пікірім жоқ, дегенмен, қызу жұмыс үстіне келген адамның «іске сәт» дейтіні бар ғой, кәде үшін «қасиетті» өсиетіңізге бір ауыз сөз қыстыра кетейін,  күлмеңдер, азаматтар, күлмеңдер!... Мына ұстаздарың менің де алғашқы ұстазым болатын. Ақылға «қонымды» өсиеттерімен менің де ақылымды арттырып шығарған, демек, ұстаздарыңның да ұстазы, айрықша құрметтеңдер! Бұл кісінің әрқандай сөзін жақсы тыңдап, ақылға салыңдар! Ең аз болғанда пікір жүргізу қабілеттеріңді артылтады. Ал заңымызда діни сенім еркіндігі бар. Мектеп деген медіресе емес, пән ғылымының орны болса да, үкіметіміз дін сабағын да қосымша оқытуды тапсырып отыр. Екеуіне де оқытушы беріп, оларға еңбекақы төлеп зор расхот шығарып оқытып отыр. Демек, қазіргі ауқым талабына екеуі де қажет. Сондықтан, ешқайсысын ала-құла демей, тең оқуға, тең игеруге міндеттісіңдер, сөзім осы ғана, - дей сала кілт бұрылып, арт жағымда тұрған молдаға күбірледім, - осыным әзәзілдік емес шығар, Молдеке?

Есікке беттегенімде тағы да ізетпен түрегелген оқушыларға қол сермей шығысыммен оқушылар дуылдай күлді. Ұстаз үстелі шарт ете түсті:

- Сонша неге күлесіңдер, өңшең дөрт аяқ?! - дегеніне күліп жіберіп, артқы сөзін тыңдамай кете бердім.

Набиолланың өзімді әзәзілге теңеуіне күлкім келсе де, оқушыларды менің өтеп жатқан сабақтарымнан суыту пиғылымен бүкіл ғылымға, материализмге қарсы шабуыл жасағаны ызамды келтірді. «Бұл аса мешеу, көкірегі қараңғы молданың өзінің ғана кербағуы емес, бүкіл жаңа халықты - келешек қоғам иесін кербақтыруға тырысқан, дамып өркендеу жолымызға кесе-көлденең жата қалған кері төңкерістік әрекет қой. Солай болса да, тасқынды өзенге шіріген томар бөгет бола алар ма, қарымды толқын өзін де қағып әкете бермеуші ме еді? Өзіне осыны оңашада ескертіп қана қоя салайын» - осы оймен Набиолланың кластан шығуын тостым.

Жазғытұрымның жайлы шуақты күні болғандықтан сағат аралық демалыста оқытушылар далада жүрген, бөлме оңаша еді. Молданы шақырып кіргіздім де, орындыққа отырғыздым.

- Молдеке, жаңағы екі клас оқушыларына сөйлеген сөзіңізді естіп кіргенмін. Сол сөзіңіздің қателігін өзіңізге ғана айтып қоймақпын. Басқалардың алдында айтып, бетіңізден алғым да, ешкімге мәлімдегім де келмеді. Алғашқы ұстазымсыз, аяймын сізді. Туған еліңізді, келешек ұрпақтарыңызды сіз де аяңыз... «Пәннің алды бар, арты жоқ, жалған дүниенің, нан тауып жеудің ғана сөзі. Оны оқыма, дінді ғана оқы» деуіңіз, ең жұмсақ сөзбен айтқанда, ешкіміңізді де аямағандық. «Қараңғылыққа қала бер, керең, мылқау, көзді соқыр өгіз бол» деген сөз. Білім - өнерді керексізге шығарудың осыдан басқа ешқандай мағынасы жоқ. Көп өмір көріп келе жатырсыз ғой, мұны түсінесіз.

- Поһ, өзің жетіліп алған соң мені балаңша тарбиялағың келді-ау енді... сонда не демексің, қысқартып айтшы, әпәндім!

- Қысқартып айтсам, бір-ақ сөз. Қатты тиер деп сипалап отыр едім, анықтап айтуды сұрадыңыз ба?... Ғылыммен айтыспаңыз демекшімін, «айғырмен ойнаған ат арқасын алдырады» деуші едіңіз ғой?

Миығынан жымия мырс ете түсті Молдекем, көзі қызара шатынап, шоқ сақалы маған қарай жапырыла төнді:

- Тағы не айтпақсың?!

- Бұдан басқа айтарым жоқ. Ғылым сабағын өтеуші мұғалімдерді әзәзілге теңеуіңізге көптеген шәкірттеріңіз күлді ғой, шынында кімнің әзәзіл екенін түсінгені. Бұл сөзіңізге мен тойтарыс айтпасам да жеткілікті болды.

- «Менімен айтыспа, арқаңды алдырасың» дедің бе, айғырым кім сонда!?

- Ғылым! Сізше, пән!... Оның тарпыған жауы көмілмей қалған емес!

- Естідіңдер ғой, әпенділер? - дегенде ғана қараппын, молданың алғашқы қитұрқы дауысымен-ақ оқытушылар жиналып, есіктен қарап тұр екен. Соларға бажырая қарап сөйледі. - Менімен айтысқаныңды бір-ақ тарпып, көміп тастаймын, айғырың - мен демеді ме!?

- Бұл не сөз өзі. Талқыларлық мәселе сияқты ғой?! - деп мектеп меңгерушісі Арысбек қасымызға келіп, екеумізге кезек қарады. Кәдімгі қара мұрты ішкі күлкіден ойнақтай түсті. Молда айтып болған әлгі шалдуарын қайталай алмай қалған соң, мен қысқаша талап қойдым:

- Қазір сөйлеуге демалыс уақыты бітті. Оқушылар сабақтан түскен соң, мұғалімдер жиынын ашыңыздар, толық сөйлеп берейін. Бұл - оқу-ағарту қызметіміздің бір үлкен мәселесі!

Мектеп меңгерушісі бас изеп қалып еді, оқу бөлімінің меңгерушісі Сәрсен кіжие қарады маған:

- Қит етсе жиын шақыратын не тұр, - дегенде сарғыш көк көзі жарқ ете түсті, - оңаша сөйлесіп, екеу ара ғана түсінісе салса болмады ма?!

Арысбек бұл ақылға да қосылғандай оқыс бас изеп қалып, Сәрсен мен маған кезек қарады.

- Бұл мектеп - мектеп болуы керек пе, медіресе болуы керек пе?! - деп екі меңгерушіге мен де кезек қарадым. - Мұнда дін сабағы ғана керек пе, пән сабағы да керек пе?!... Бұл Молдекеуміздің арамыздағы ғана мәселе ме?... Сәке, бұл ең алдымен, сіздің - мектептің ғылыми меңгерушісінің іздеп жүріп тексеретін ісіңіз болуға тиіс! Жиын сіздің басшылығыңызда ашылсын!

- Түстен кейін жұмысым бар, келе алмаймын және бүгін еден жуылады, бөлме босамайды! - деп шығып жүре берген ғылыми, меңгерушіге басқа оқытушылар үдірейе қарады.

- Жоқ, Сәрсен тоқташы, - деп қалды Арысбек, - осындай сөзді мен де еміс-еміс естіп жүр едім, жиынды бүгін-ақ ашалық!

Оқушылар тарасымен мектеп қызметкерлері түгел қалып, ғылыми меңгерушіні жарым сағат тосып едік келмеді.

- Шортти*, - деді мектеп меңгерушісі, - сөйлесе берейік, алдымен сен сөйле, Биғабіл!

- Жиынды талап еткен мен едім, - деп соза күрсіндім, - Молдекемді сөзбен тоқпақтап алу үшін емес, оқушы тәрбиелеу - оқыту жұмысымыз үшін лайықты бір методқа келісіп алу үмітімен ғана талап еттім....

Сөзді осылай жаймашуақтай бастадым да, екі клас оқушылары алдында Набиолланың сөйлеген сөзі мен өз сөзімнің қалпын бұзбай сөйлеп бердім.

- Осылай ғой, Молдеке?! Тәлім-тәрбие жұмысына қайсынымыз кесе-көлденең, әзәзіл болып жүрміз, қайсынымыз айғырлық көрсеттік; енді қалай тілдесеңіз де осы оқытушы - қызметтес көпшіліктің алдында тілдеңізші, қане, сөз сіздікі!

- Маған сөз қалған жоқ, - деп сырт бұрыла күбірледі молда, - не десеңдер де сендердікі жөн болып тұр ғой, ауыз өздеріңдікі, сөйлей беріңдер!

- Не деген сөзіңіз бұл? - деп Арысбек тікірейе қалды оған, - класта сөйлеген сөзіңізді Биғабіл бұзып жеткізіп отырса, айтсаңызшы, сөз енді сізге берілді!

- Сөйлей беріңдер дедім ғой! - деп тағы күбірлей салған молдаға мұғалімдер дүрсе қоя берді.

- Болмапты, болмапты, - деп алдымен Дәулет басын шайқап-шайқап жіберіп божбия қалды.

- Одан төменгі кластарға да молданың осылай сөйлеп тұрғанын мен де бір естіп қалғанмын, - деп қана қойды Қиялзат.

- «Менің оқытқанымды ғана оқыңдар, басқасы керексіз» деген сөз болды ғой бұл? -деп Қайсен тынды.

Ауыз үйден аяқ тықырын естіп, Сәрсен келген болар деп күттім де, кірмей қойған соң, есіктен қарадым. Сыртқы есікке сүйене қойған Сәрсен сыртқа қараған болып тұра берді. Баспалап тыңдайтын тыңшылық әдетін әлі тастамағанына ызалана келіп қайта отырдым, әнші Мәулен мен және бір-екі мұғалім де қысқаша сөйлеп, сықақты наразылық көрсетті:

- Жоқ, ол ғана емес... Осы мектепті медіресеге айналдырсақ қайтеді?!

- Олай болса дәретің жоқ деп бізді есігінен де қаратпас, тайып тұрғанымыз жөн шығар?

- Ең көне ұстазынан, «мен ғана періште, басқа оқытушыларыңның бәрі әзәзіл» деген түсінік алған шәкірттері енді бізді таспен атқылайтын болар?!

- Молдеке, сөйлеңіз, - деп қайталады Арысбек, - молдаға сөз бергенбіз... «әзәзіл» дегеніңіз рас па, соны айтыңызшы тым болмаса!

Набиолла жаратпаған шыраймен ернін жымқырып қойып, миығынан суық күлімсіреді:

- Әзәзіл деген мен айтпасам да көрініп отырмай ма, бәріңді маған лезде шұқшита қойғанын көрмеймісіз?

- Шорт, басы жоқ, аяғы жоқ бұл не дегеніңіз! -деп Арысбек шытына қалғанда сыздана кірген Сәрсен есік жақтағы орындыққа қисая кетті. Оған бір қарап қойған Арысбек, мұртын жыбырлатып қайта күлімсірей жалғастырды сөзін, - әзәзілдігі болса сіз де ашық дәлелімен сөйлеп, көпшілікке түсіндірмейсіз бе!

Набиолла ернін тағы да жымқыра, суық күлімсіреді. Сәрсенге «көрдің бе пәлені» деген бейнемен басын бір изеп қалғанда, шоқ сақалы дір ете түсті:

- Осы қазір-ақ бәрімізді қырылыстырады. Кім екенін сонда түсінесіз мүдір әпәнді!

- Молдеке, - дедім мен бәсең үнмен, нервімнің қатты ширағанын сездірмегім келіп ішімнен тығыла сөйледім, - мен сізді күні бүгінге дейін сыйлап келдім. Үлкендігіңізді, ұстаздығыңызды сыйлап едім, олай болмағанда, сол сөзіңіздегі өз әзәзілдігіңізді сол оқушыларыңыздың алдында-ақ көрсетіп, аузыңызды ашырмайтын дәлелмен буып тастар едім. Егер мен сізше теріс үгіттесем, сіздің сабағыңызды оқушыларға мүлде оқытпай тастата алар едім, өзіңіздің не істеп қойғаныңызға қарамай, құрметтеушіңізге шүйліге бермеңіз... менің әзәзілдігім болса да, айғырлығым-асқақтығым болса да, сіздің сабағыңызға бөгеттік қылған сөзім болса да айтыңызшы қане осы жерде! Мен болған істі болған күйінде ғана ашық сөйлеп, әзәзілдіктің қарсы жағында отырғанымда сізді кім бөгеп отыр!?

Молда орнынан атып тұрып тақия астындағы жалтыр басын сипады да, қолындағы тымағын сілке сөйледі:

- Бағана көміп тастаймын деген сөзін естідіңдер ғой, құлақтарың бар, міне енді «буып тастаймын» демеді ме, бұдан артық не керек сендерге, ал, қайтсе өйтсін, -деп жөнеле берді, - Алланың жазғанын көрдім мен де!

- Молда тоқтаңыз, отырыңыз! - деп артынан күлімсірей қараған Арысбек Сәрсенге ымдады, - ғылыми меңгеруші, сіз қайтарып әкеліңіз ананы!... «Дін сабағын шектеді» деп қазір қазыға жетеді ол, дін мен пән арасындағы қарсылыққа айналдырады!

- Менің не қатысым бар? - деді Сәрсен, сарғыш көк көзі күлімдеп біздің арамыздағы айтыспен «ойнағысы» келгені байқалады, - түрткілеп тулатқан өздерің, құлақтап жуасытып аларсыңдар!

Бұл сөзге шамданудың орнына тағы да күлімдей қарады Арысбек:

- Шорти, бұл қалай сөз? Мұндай мәселеге ғылыми меңгерушінің қатысы болмаса, енді кімнің қатысы болмақ?!

- Қандай іс өзі, алдымен ұқтырыңдаршы? -деп Сәрсен мені өзіне арнайы қайта сөйлетіп, қайта жүгіндірмекші болды. Мұғалімдер енді оған тігіле қарап қалды да, мен шалқая түстім. Болған мәселені Мәулен сөйлеп берді.

- Енді толық ұққан шығарсыз? - дедім Сәрсенге, қайсынымызды жақтасаңыз да өз еркіңіз. Молда шағымын қайда барып айтса да жауапкер өзім, оны тоқтатып, келістіріп қой деп жалынбаймын, бірақ, қырқыншы жылдары оқушыңыз Ораз, Ғазірейіл мен Гитлерді теңестіріп, «қанішер» деп атағанда Бексапа үшеуімізді екі-үш сағат қысап тергеп едіңіз, есіңізге түскен шығар, сондай қаймана бір сөзді саяси мәселеге айналдырып, жабыса кететін сіз едіңіз, бүгін ғылыми меңгеруші бола тұрып, мектептің ғылыми сабақтарына шабуыл жасалып жатқанда «қатысым жоқ» деп оқшаулануыңызға таңданамын!...

- Шорти, - деп Арысбек бұл сөзіме иығын селкілдете, құйқылжи күлді. Ол жайды Қиялзат оған күбірлей түсіндіріп жатқанда, Сәрсенге басқа бір негізгі талаптың шетін шығардым:

- Мектебіміздегі оқу жағдайынан сізге қоятын тағы бір талабымыз бар. Бұл - Қайсен екеуміздің басымызға көбірек түсіп жүрген қиыншылық, - дей сала Қайсенге иек қақтым. Сен сөйле дегенім еді.

Тартысты, даулы сөзден шалғай жасағысы келетін тұйық Қайсен суға қой тоғытқандай итермелемесе сөйлемейтін. Алдыңғы күні мұңдаса қалғанымызда осы талапты алдымен сол көтермекші болған. Менің иегімді көре сала сөйлеп қалды:

- Осыны мен сөйлейінші! - деп ақ құба жүзі қызғылт тарта кідірді. Сөйлер алдында істейтін бір «жұмысы» қалып, сол үшін кідіргеніне күліп жібердім. Мұрнын сұқ саусағымен жапыра сүйкеп алды да, сонан соң саусағын екінші қолының алақанына сүртті, вазелен жағынатын адамша енді қос алақанымен сылап «ерітіп», сіңіре отырып сөйлемек. Осылай сөйлесе сөзінің де сіңімді болатынын білетін сияқты. Майланған арбадай сықырсыз сырғытып сөйлей жөнелді, - өздеріңіз білесіздер, біздің жоғары клас оқушыларының қайта пысықтайтын бұрынғы сабағы көп, гоминдаңның қырсығынан оқи алмай, ұмытып кеткен. Жаңа сабақтарын игеруге сол әлі бөгет болып жатыр. Бос уақыттарында өз үйлерінде жеке-жеке пысықтатайық десек, клас сыпырылатын, тазаланатын уақыт деп, оқушыларды қуып шығаратындар бар...

Мектепке құла жорғасымен ғана келіп-қайтып, ыңғай ат үстінде басқаратын Арысбек бұл сөзге елең ете түсті:

- Шортый, қуып шығаратын кім?!

Қайсен мұрнын тағы бір сүйкеп алып, алақанына сылай берді, ендігі сөзді жағымды болмайтынын түсіне бөгелгенін білдім де, жауабын мен қайырдым:

- Қуып шығарып жүрген оқу меңгерушісі. Өткенде екеуіңізге айтып едік. Ұмытып қалыпсыз, қиыншылығымыз асып барады. Енді Сәкеңе талап ретінде айтуымызға тура келді. Мына сторжыңыз - өзіңіздің үй жұмысшыңыз болып қалған; үйдегі жұмысыңызға үлгіре алмай қалатын болған соң кластарды ерте жуғызып құлыптап тастау керек болыпты. Мектептегі сабақ пысықтау уақыты солай жоғалды!

- Енді күн ұзарып қалды, - деп Қайсен қайта сабақтады сөзін, - түстен кейінгі уақыт кеңейді. Кластарды күн батар алдында жуса да үлгіреді. Жоғары кластарға күніне екі сағаттан пысықтау уақытын беріңіздер, менің пікірім осы ғана, - деп тоқтаған Қайсеннің сөзін мен толықтадым.

- Коллектив пысықтау уақытын шығарып, оған қузаушылық ету - ғылыми меңгерушінің міндеті. Осы себепті, мектеп қызметкерлерінің күздегі қарарында Сәкеңнің өтеуіне сабақ аз бөлініп еді ғой. Кенже қалған бұл кластардың негізгі сабақтары түгел бізге бөлінгендіктен Сәкеңнің мұндай қузаушылық міндеті де бізді басып қалды. Сонда да бұдан шаршадық демейік, пысықтау уақытын шығарып берсеңіздер болғаны.

Менің қосымша сөзім аяқтала бергенде Сәрсен шыға жөнеліп еді. Оған тағы да ымдап тоқтата алмаған Арысбек, бізге бас изеп күлміңдей берді:

- Талаптарың дұрыс, - деп түрегелді де, шкап тартпаларынан қамшысын іздей жүріп, «қаулы» шығарды, - мен оған ақырындап түсіндірейін, орындалатын талап....

Данышпан тергеушім, бір жиыннан екі қиынды қуып шыққанымнан сіздің мен туралы қазіргі кездегі күдігіңіздің дұрыстығы жарқ етіп көріне қалмады ма? Бұл екеуі қиын болғанда қандай, сол дәуірдің мықтылары қорқатын «Жақаң» мен «Жақаштардың» дәл өзі ғой. Мендей қылмыскерлер жиында сөйлеуін қоймаса, Жақаң атаулының құйрықтары бүлкілдеуін қоярма. Сіздің мүддеңізге лайық жаратылған Жақаңдардың бейғамдығы үшін де мен жиынға қатынаса алмастай етіп байлап қана қылмысымды сауып ала беру, сіздерге ғана тән Данышпандық.

(Жалғасы бар)

«Абай-ақпарат»


* Шортти (орысша) - албасты деген мағынадағы жеңіл тілдеу.

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5343